Ол – əуесқой шахматшы. Ақтөбе қаласындағы М.Құсайынов атындағы  облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының биылғы түлегі. Облыстың бірнеше дүркін, Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Оқушылар арасында Əлем чемпионатының екінші  орын иегері, халықаралық байқаулардың бірнеше мəрте жеңімпазы. Шахматтан спорт шебері. Оқушы кезінен-ақ көп жетістікке жеткен Болатбекпен кезекті жарысының алдында жолығып, əңгімелескен едік.

– Шахматты  ойынның төресіне теңеп жатады, оның берері не?

– Шахмат адамды тəрбиелейді деген сөз рас. Себебі шахмат əрдайым шыдамдылықты, ақылды болуды, тұрақтылықты қажет етеді. Кейде ойын 5-6 сағатқа дейін созылатын кездер болады. Ал осы сəтте адамның сабыры сынға түседі. Сондықтан да мұны үстірт қарайтын ойын емес деп айтқым келеді. Осыншама төзімділікті қажет ететін шахматтың адамға берер пайдасы да зор. Ол адамның сана-сезімін жетілдіріп, ойлау қабілетін арттырады, адам боп қалыптасуына зор əсерін тигізеді. Менің де шахматтан үйренген өмірлік сабағым жетерлік. Соның бірі – адамгершілік. Ұтсаң да, ұтылсаң да,  адамгершілігіңді сақтауың қажет.

– Шахматты кімнен үйрендің?

– Жеті жасымнан бастап шахмат үйірмесіне қатыстым. Бала күнімізде үйге əпкем мен көкем қонаққа келетін. Солар міндетті түрде шахмат ойнайтын. Көп нəрсені білмесем де, шахмат фигураларына қарап, жүрісін тез ұғып алатынмын. Əкем осы қабілетімді байқап, шахмат үйірмесіне берді. Ең алғашқы ұстазым В.С.Семченков деген кісі болды. Менің шахматқа деген қызығушылығымды арттырып, бар білгенін үйретті. Ұстазымның берген білімінің арқасында бірінші разрядқа дейін көтеріліп, облыс бойынша үш дүркін чемпион атандым.

– Отбасыңда əкең екеуің ғана шахмат ойнайсыңдар ма?

– Үш ағайындымыз. Ағам мен інім бар. Анамның есімі – Айгүл. Ата-анам бізді үнемі қолдап, жігерлендіріп отырады. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнің барлығына себепкер болған солар. Əкем шахмат тақтасында ғана қатал. Ел аралап, жер көруімнің өзі отбасымның арқасы. Əкем – ең үлкен сыншым, барлық жарыстарымды көріп, қате кеткен жерлерімді айтып отырады. Үйде əкем екеуміз ғана шахматтың «соңына түскенбіз» (күліп).

– Алғашқы жеңіске қанша жасыңда жеттің?

– Алғашқы жеңіске тоғыз жасымда қол жеткіздім. 2008 жылдың жазында облыс бойынша турнир өтті. Сол жарыста екінші орын алдым. Ал халықаралық жарыстарға он жасымда шықтым. Ең алғаш көрген шетелім – Ресейдің Орск қаласы. Ол жақтан үшінші орынмен қайттым. Осы Ресейдегі жеңісімнен кейін əлемдік жарыстарға жолым ашылды.

– Халықаралық жарыстарға, шетелге көп барасың. Оқу үлгерімің қалай болып жатыр?

– Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқимын. Бұл мектеп алпыс жылдық тарихы бар білім ошағы. Жарыстармен шетелге көп шығамын. Сондай кезде сабағыма кері əсерін тигізетіні рас. Математика, физика секілді пəндерден бағдарламадан қалып қоя беремін. Соның салдарынан үлгерімім төмендеп кететін жағдайлар болады.

– Сүйікті пəнің қандай?

– Шахматшылардың барлығы математика пəніне жақын болатыны белгілі. Бірақ мен шахматшы болсам да, математика пəніне əлсіздеу екенімді жасырмаймын. «Сен шахматтан қалай чемпион болып жүрсің?» – деп апайымның ренжитіні рас. Кейінгі кезде шахматқа көңіл  қойып жүргендіктен, сабақтарымды жіберіпалдым. Көп уақытым дайындыққа кетеді. Сүйікті пəнім – география.

Танымдық деңгейіңді арттыратын сабақ болғандықтан, бар ықыласыммен оқимын. География пəнінен беретін апайым Мейрамгүл Қыдырбайқызы сабақты: «Бүгін əлемде жəне елімізде қандай саяси жағдайлар болды?» – деген сұрағымен бастайды. Бұл оқушының ой-өрісінің, танымының жоғарылауына ықпал етеді. Апай жаңалықтарды сұрайды деп үнемі ізденіп, материалдарды оқып барамыз. Таңдап отырған мамандығым да осы география пəнімен байланысты. Таңдау пəнім бойынша дайындығымды күшейтіп жатырмын. Болашақта бизнес-құрастырушы мамандығын игергім келеді.

– Шетелде білім алғың келмей ме?

– Əкем мен ағамның жолын қуып, бизнес саласында қызмет еткім келеді. Чехия еліндегі жоғары экономика мектебі ұйымдастырған білім жарысына қатысып, грантын ұтып алған болатынмын. Қазір ағамның кеңесімен сол жаққа құжат дайындап жатырмын. Чех тілін білмесем де, ағылшын тілін жетік білемін. Ол жақта бірінші жылы тіл үйренемін, екінші жылдан бастап мамандығым бойынша оқимын. Бұл университетті таңдаған себебім, жаңа технологияның соңғы үлгілерімен оқытады. Экономика саласын игерем деушілерге таптырмайтын білім ордасы екені анық. Білімімді əрі қарай Америкада жалғастыруды ойлаймын.

Жансая Әбдімәлікпен араласқым келеді

– Елімізге белгілі шахматшылардан кімдерді танисың?

– Əрине, барлығын танимын. Бірақ, олармен шахмат тақтасында кездеспедім. Шахматшы Дəрмен Сəдуақасов оқушыларға демеушілік жасап, жанашыр болып жүр. Жыл сайын Д.Сəдуақасов атындағы шахмат турнирлері өтеді. Жыл сайын қатысамын. 2013 жылы екінші орын, одан кейінгі жылы бірінші орын алдым. Жансая Əбдімəлікпен араласқым келеді. Шахмат əлемінде тоғыз мəрте əлем чемпионы болған халықаралық гроссмейстер Борис Спасскиймен Сатка қаласында болғанымда қол алысып кездестім. Бұл мендей жас спортшы үшін зор мəртебе. Кездесу барысында тəжірибе алмасып, жақсы əсерде қалдым. Осы жақында Македонияда өткен сайысымда қарсыластарымның арасындағы ең жоғары дəрежеде ойын ойнаған Ресей гроссмейстері Владислав Артемьев болды. Ол өзі небəрі 19 жаста болса да, маған ерекше бір əсер қалдырған жан болды. Ол кісінің сөйлегені, бізбен амандасқаны – бəрі өте сыпайы. Шахмат əлемінде осындай жандармен кездескеніме, дос болып араласатыныма қуанамын. Əлі күнге дейін байланысты үзбей, əлеуметтік желі арқылы сөйлесіп тұрамыз.

– Қандай мемлекеттерде болдың?

– Тайвань, Тайланд, Үндістан, Бразилия, Македония, Англия, Қытай, Ресей мемлекеттерінде болдым. Барлығы шахматтың арқасы.

– Соңғы рет қандай кітап оқыдың?

– Маған детектив жанрындағы кітаптар ұнайды. С.Мұқановтың «Адасқандар», «Ботагөз», «Балуан Шолақ» секілді романдарын жəне басқа да шығармаларын оқыдым.

– Сапар барысында болған қандай қызықты оқиғалар есіңде қалды?

– Македонияда өткен бір жайт есіме түсіп тұр. Ол кезде турнир алаңында дайындықта отырмыз. Əрбір қатысушының үстелінің жанында есімі, елі, рейтингі жəне туы тұратын.  Сол кезде менің жаныма жасы 50-ге таяп қалған ер адам жақындап: «You are my best friend», – деп қолымнан қысты. Мен не дерімді білмей таңырқап, «Why?»  деп сұрадым. Ол маған «Because I love you Kazakhstan» деп жауап қайтарды. Ол ағылшын тілін нашарлау біледі екен, бірақсөз арасына «Қазақстан», «Назарбаев», «Астана» деп қосып жатты. Өзге мемлекет азаматының біздің еліміз жайында білуі мені қуантты. Тайваньның Тайчук қаласында болған қызықты оқиға есіме түсіп тұр. Жарыс болатын күн менің туған күніммен сəйкес келіп тұр еді. Жарыс аяқтала салысымен еш нəрсеге назар аудармай, қонақүйге кетіп қалған болатынмын. Ал менің əкем сол күні тортқа тапсырыс беріп, құттықтауды ұйымдастырып қойыпты. Сол күні, не керек, барлық ұйымдастырушылар болып мені іздеп, кешкісін алаңда барлығы тұрып құттықтады. Бұл менің өзге елде тойлаған алғашқы туған күнім.

 – Сұхбатыңа рахмет!

Алтынай ТӨРЕ,
М.Құсайынов атындағы
мектеп-интернаттың
11-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз