Жуырда қазақ киносы жаңа туындымен толықты. Бүгін Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Талан» көркем фильмінің БАҚ өкілдеріне арналған көрсетілімі және картинаның түсіру тобының қатысуымен баспасөз отырысы өтті. 

Кинотуындының режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалымбетов, тең сценарий авторы Ғазиз Насыров, актерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Оңдасын Бесікбасов және Асан Мәжітов, Ержан Нұрымбет. «Талан» жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» повесінің желісімен түсірілген. Осыған дейін біз қаламгерлерге «Не жазып жүрсіз?» деп сауал тастағанбыз. Енді осы сауалды отандық режиссерлерге де қойып көрдік. Фильм туралы режиссердің өзі былай деп жауап берді:

– «Талан» деген фильм түсірдім. Жуырда еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсетіледі. 1932 жылғы ашаршылықта қазақтардың Қытайға қашуы туралы фильм. Қазақты құрту үшін әдейі жасалған дүние екен ғой. Шекарада көбін қырып тастайды. Психологиялық драма деуге болады. Авторлық фильм. Бүгінгі кино тілімен түсірілген. Фильм Астанада өткен кинофестивальде алғаш рет көрсетілді. Журналист Айгүл Аханбайқызының «Тұманды сейілткен «Талан» деген тамаша мақаласы «Егемен Қазақстанда» жарияланды. Сонда фильм туралы көп нәрсе айтылған.

Қиын кезеңді адамдар қалай жеңді, сол сәттегі адамдардың ішкі жан дүниесі қалай болды – бәрін метафора, детальдар арқылы беруге тырыстық. Түсіру тәсілі де заманға сай. Астанадағы көрсетілімге бара алмадым. Сонда барған актерлар «халық жақсы қабылдады, тік тұрып қол соқты» деп келді.

Бұл фильмді түсіреміз дегенімізге 12 жылдай болды. «Сардардан» кейінгі түсірген фильмім. Себебі маған бермеді. Көрерменнің де талғамы, көзқарасы тез өзгереді. Соны да ескеру керек. Фильмді қыста Шарын, Көлсай секілді табиғаты әдемі жерлерде түсірдік.

«Талан» сөзі «тағдыр» деген мағынаны береді. Фильмге осындай терең мағыналы сөзді қойғымыз келді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз