«Көршілер, көшеде мынадай ашқұрсақ ит жүр екен. Мен ет, нан жемеуші едім. Сіздерде тамақтың қалдықтары болса, осы итке беріп тұрыңыздаршы. Өзі бүрсеңдеп жаурап жүр». Көршілердің уотсаптағы тобына осындай хатпен иттің суреті келгенде ойланып қалдық. «Ет жемейді. Жыбырлаған тіршілік иесіне жаны ашиды. Ешкімді ренжітпей, бəріне көмектесіп жүреді. Қалай ондай болуға болады? Біз неге бəріміз солай ойламаймыз?» – деп көршілермен өзара талқылап, санамыздың түкпірінде өліп бара жатқан жақсылық жасау жайлы талшықтарды тірілтіп, кішкене өмірге басқаша қарай бастадық. Мүмкін өмірді өзгертетін осындай елеусіз жүрген адамдар шығар.

Бұл қыздың аты-жөні – Жанар Рақымғалиева. Үш жыл Кипрде, екі жыл Англияда оқып келген қазақ қыздарының бірі. Ағылшын тілінің маманы, аудармашы. Ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде жазбаша да, ілеспе аударма да жасайды.

Əдетте ағылшын тілін білетін адамдардан бірінші кезекте «Қалай ағылшын тілін тез үйренуге болады?» деп сұрап жатамыз. «Қазір көп курстар екі айдың ішінде ағылшын тілін үйретіп шығарамыз дейді. Менің ағылшын тілін оқып жүргеніме он жыл болды. Оның бес жылын шетелде өткіздім. Əлі ағылшын тілін үйреніп келемін», – дейді Жанардың өзі.

Жанар жаратылысынан педагог. Оның сабақты жақсы беретінін бір-екі дəрісіне қатысқандықтан жақсы білемін. Бірақ, Жанармен ағылшын тілін қалай үйрену жайлы емес, шетел көрген, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген маман ретінде сөйлесіп көргім келді. «Болашақтықтар» біздің қазіргі өмірімізді өзгерте ала ма?» деген сауал көбіміздің көкейімізде жүр. Жанардың жанайқайын естігенде, «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне деген кейбір қалыптасқан қағидалар өзгеріп сала берді. Ендеше, əуелі балалық шағынан бастап əңгіме өрбіткен Жанардың не айтқанын оқып көріңіз.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев ұрпағының мектебінен өттім…

Жеті жасқа дейін ата-əженің қолында өстім. Балабақшаға да бармадым. Шешем жалғызбасты ана болды. Дəрігер болып істеді. Анамды сенбі-жексенбі күндері ғана көретінмін. Ауылым Павлодар қаласынан 10 шақырым жерде. Жеті жасымда қаладағы мектепте оқи бастадым. Баспаналы болу қиын еді. Қалалық тіркеу керек. Үйіне тіркеуге тұрғызу үшін атам ұлты шешен кісіге жыл сайын бір тана беріп тұрыпты. Кеңес үкіметі кезінде қазақтарды қалаға емес, негізінен ауылды жерлерде қоныстандырған ғой. Үй беретін бөлімде Қазыбек деген бір ғана қазақ кісі болыпты. Сол кісі атама жаны ашып, үй беруге уəде еткен екен. Ол кісі ауырып, қал үстінде жатқанда жұмысындағыларға атама үй беруді аманаттап кетіпті. Атам соның арқасында алты баласына 3 бөлмеліден екі пəтер алыпты.

Жанар Рақымғалиева, "Болашақтың" түлегі, аудармашы

1990 жылға дейін Павлодарда бір ғана қазақ мектебі болды. 90-жылдардан бастап орыс мектептерінде алғашқы қазақ сыныптарын аша бастады. Мен алғаш ашылған қазақ сыныбына бардым. Мектеп бітіретін кезде сынақ тест тапсырдық. 40 балл ғана жинадым. Шошып кеттім. Дереу дайындық курсына жазылдым. Алғашқы қазақ тілінде оқыған балалардың білімді, қабілетті екенін дəлелдегім келді. Нəтижесінде 102 балл жинадым. Сол кезде Павлодардағы университетте қазақ тілі, əдебиеті жəне ағылшын тілінің маманы деген жаңа мамандық ашылды. Соны таңдадым. Кафедра меңгерушісі Мəшһүр Жүсіп Көпеевтің немересі болды. Өте қатал кісі еді. Ол кісінің талабына шыдай алмай, талай студент оқудан шығып кетті. Сол кісіден қорыққаннан ауырсам да сабақтан қалмайтынмын. 1-курсқа келгенде бəрімізге «Абай жолын» оқытып, дипломдық жұмысымыздың тақырыбын бекітіп берді. Мысалы, ғылыми жұмыс жазғанда біреумізге «Абай жолындағы» көздің сипатын, біреумізге мұрынды, біреумізге қасты, біреумізге күлкінің картотекасын жасауды бөліп берді. Университетті бітірген соң, сонда сабақ беруге алып қалды. Сөйтіп, бір жыл ағылшын тілінен сабақ бердім.

Кипрге туризм саласын үйрену үшін баруға болады…

Жазғы демалыста Кипрге бардым. Курс оқыдым. Бірақ, онда магистратурада оқимын деп ойламадым. Қазақстандағы білім жүйесін жақсы білген соң мемлекеттік оқу орындарында оқығым келмеді. KIMEP-те жақсы білім алуға болатын шығар деп ойладым. Онда оқу қымбатқа түседі екен. Сондықтан шетелге оқуға тапсырғым келді. Кипрде жазғы курсты америкалық жоғары оқу орнында оқыдым. Америкалық жүйенің бір жақсы жері – ректорға дейін студентпен жақсы сөйлеседі. Қызмет көрсету сапасын жақсы меңгерген. Олар саған бизнестегі инвестиция ретінде қарайды. Қалайда оқуға алып қалуға бар жағдайды жасайды. Құрбыма айтып едім, ол «барайық» деп білек сыбана кетті. Ол кезде бізге университетте істеуді жалғастыру үшін ғылыми дəреже керек деп талап етті. Оның үстіне айлығымыз да азғантай, 17 мың теңге ғана аламыз. Тіл маманы болғандықтан, шетелге барып оқып келу керек деп шештік.

Жанар Рақымғалиева, "Болашақтың" түлегі, аудармашы

Солай Кипрге кеттік. Қылмыс аз болатын, қыздардың оқуына қауіпсіз жер екен. Бізді таңғалдырғаны – онда мұғалімнің мəртебесі жоғары екен. Оларда мұғалімдер АҚШ-та, Еуропада оқиды. Еуропа мемлекеттеріне визасыз бара алады. Егер Еуроодаққа кіретін мемлекеттің азаматы болсаң, онда оқу ақысы арзан болады. Мысалы, олардың жылдық оқу ақысы 4-5 мың еуро. Ал біздің қазақстандықтар оқитын болса, жылына 12 мың еуродай төлеуге тура келеді. Қарапайым отбасынан болсаң, мұндай ақша төлеп оқи алмайтының анық. Пəтерақың, жүріп-тұруыңа тағы сондай ақша кетеді. Біз Қазақстанда 100 доллар көлемінде айлық алып жүргенде, Кипрдің мектепте істейтін мұғалімдері 2000 доллардан аса жалақы алатын. Түске дейін мұғалім болса, түстен кейін жеке бизнестерімен айналысады. Бастапқы кезде бір кипрлықтың құрылыс фирмасында жұмыс істедім. Оның фирмасы үй салып, шетелден келген туристерге сататын. Ал мен сол үйлерді шетелдіктерге көрсететінмін. Онда ағылшындар көп. Демалыстарын Кипрде өткізеді екен. Міне, онда нағыз бизнесмендер мұғалім болып жүр. Кім қандай болса, сондай бала тəрбиелеп шығарады. Мұғалім жалтақ, мектепке барып-келуден аспайтын жан болса, оның оқушылары əйтеуір барып-келіп жүретін бір жұмыс болса болды деген психологиямен өседі. Бизнесмен мұғалімдер балалардың санасын да бизнес идеяларға тəрбиелейді. Сол мұғалім-бизнесмен үйді сатқанда бір шабадан ақша алады да, банкке жаяу, қорықпай кете береді. Бізде ондай ақшаны көшеде еркін ұстап жүруге қандай жүрек керек екенін білмеймін (күліп).

Бірақ, жастарға Кипрде оқуға кеңес бермес едім. Өйткені, ол білім алатын емес, бизнес жасайтын, туристік қызмет көрсетуді үйренетін жер.

Кипрде үш жыл тұрып, оқу оқып, жұмыс істедім. Магистратураны басқа мамандықта (қаржы менеджері) оқуыма байланысты үш жыл жүруіме тура келді.

Əр ел өздерінің жергілікті халқына, ұлтына ерекше мəртебе береді. «Шетелде өмір керемет екен» дейді. Бірақ, онда саған артықшылық берілмейді. Бар болғаны турист қанасың. Əлемнің ешбір елі шетелдікке артық жағдай жасамайды. Қалай болғанда сен шетелде екінші сортты адам боласың. Шетелдіктерге бай адам келген ұнайды. Бай болсаң, виза аштыру да оп-оңай. Өйткені, банктегі есепшоттағы ақшаңды көрсетесің. «Ə, мынау бай екен, біздің елімізге келіп ақшасын шашып кетеді», – деп оңай виза ашып береді. «Болашақ» бағдарламасымен оқитындарға виза аштыруда проблема болмайды. Өйткені, біздің мемлекет оларға жақсы ақша төлеп отыр. Англияда оқу үшін бір «болашақтыққа» жылына 25 мың доллар бөледі.

“Болашаққа” қалай түстім?

«Болашаққа» үш рет құжат тапсырдым. Тілдің тестінен өтіп тұрсаң да, психологиялық тесттен өту оңай емес. «Болашақтықтар» ата-анасының немесе туыстарының үйін кепілдікке қояды. Оқуға үлгере алмай жатсаң немесе шетелде қалып қойсаң, сол жақта отбасын құрсаң, кепілдікке қойған дүние «күйіп» кетеді. Англияда оқығанда, иненің үстінде жалаңаяқ жүргендей болдым. Қалайда жақсы білім алып, елге қайтуым керек дедім. Өйткені, кепілдікке əжемнің үйін қойған едік. Менде жауапкершілік болмай, ол үйді ертең алып қойса, қанша адамның обалына қалар едім. Ираннан келген курстасым болды. Бірде сол қыз: «Мен қазір жоғары қабаттан секіргім келіп тұр», – деді. Психологиялық қысым ғой. Бөтен ел, бөтен мəдениет. Оның үстіне «бестік» баға алу мүмкін емес. Ол қыздың əкесі де біз оқыған университетте оқыпты. Ол əкесіндей болғысы келген шығар. Үнемі өзің білетін ортада бірінші болып жүріп, шетке шыққанда сені жоғары бағаламай қойса, психологияға кəдімгідей ауыр тиеді. Болашақта шетелде оқығысы келетін үздіктеріміз осыған да дайын болып барса деймін.

Мені елге тылсым күш қайта әкелді…

Бастапқы кезде мен де шетелде қалғым келді. Бірақ, жақындарымды ойладым. Олардың сенімін ақтау керек. Шетелде жайлы өмір сүру үшін баспанаң болу керек. Ал баспана болу үшін шетелдікке тұрмысқа шығуым керек. Мен олай жасай алмаймын. Өйткені, мен қазақпын. Бүкіл туысым осында. Мен оларсыз қалай өмір сүрем? Тағдырдың жазуымен қазақ болып тудым. Қанымда сол қазақтың қаны бар. Əйтеуір бір тылсым күш мені Қазақстанға алып келді. Қаншама құрбым сонда қалып, тұрмысқа шығып кетті.

Жанар Рақымғалиева, "Болашақтың" түлегі, аудармашыЕлге келгенде маған қиын болды. Дайын тұрған жұмыс та, баспана да болған жоқ. Кейде «Болашақпен» оқытты, бірақ біз мемлекетке керек маманбыз ба?» деген сұрақ мазалайды. Өйткені, «Болашақпен» оқып келген қаншама жастар елде жұмыссыз жүр. Мемлекет қанша ақша салды ғой, олар неге жұмыссыз жүру керек? Мен де бастапқыда мемлекеттік қызметте істегім келді. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін құжат тапсырғанда, «болашақтықтарды» бірден резервке алады. Онда түрлі заң нормалары мен этикеттен тест тапсырасың. Мысалы, жемқорлық жасасаң, мынадай баппен жауап бересің деген сияқты дүниелерді жаттап бару керек. Меніңше, «Болашақпен» оқығандарға мұндай емтихандардың керегі де жоқ. Өйткені, шетелге барғанда ненің не екенін көрді, білді, санасын өзгертіп келді. Олар шетелдің жақсы дүниесін елге əкеліп, жүзеге асыру керек қой. Неге сол бұрынғы жүйеге қайта келіп түсуі керек? Қазір күн сайын мемле- кеттік қызметте істеген адамдардың парамен ұсталғанын естиміз. Солардың орнына автоматты түрде бір «болашақтықты» жіберсін. Сонда жаңаша ойлайтын жастар жаңаша жұмыс бастар еді. Мысалы, мені ауылды жерге жауапты қызметке жіберсе барар едім. Ең бірінші халықты тыңдаушы едім. «Сіздерге не керек? Қолдарыңыздан не келеді? Қалай істесек болады? Сол іспен айналысайық» деп бастар едім. Халықпен санасып істесе, олар өздеріне не керек екенін айтады ғой. Базардағы сыпыртқының өзін басқа елден алып келеді екен. Оны өткенде бір депутат «осыны да істей алмаймыз, ұят» деп Мəжілісте айтып отыр. Сыпыртқы шығара алмайтын болсақ, онда ол мемлекеттік қызметкерлердің кінəсі ғой. Сол сыпыртқыны ауылда отырған адам да істей алады. Мемлекеттің түрлі бағдарламалары шығып жатыр. Соны түсіндіріп, дұрыс жұмыс ұйымдастырмайды. Қарапайым ауыл тұрғындарының қаржылық сауаты жоқ. Оларға оны мемлекеттік қызметкерлер түсіндіруі керек.

Өткенде Алматы қаласы əкімінің алдында бір «болашақтық» жігіт сөйлеп тұр. Тазалық жұмыстарын жүргізетін компания ашыпты. Ол АҚШ-та мемлекеттің ақшасын жұмсап оқыды. Сонда елге келіп істейтіні пəтердің тазалығымен айналысу ма? Оны мектепті жаңа бітірген бала да ашып, айналыса береді ғой. Ол үшін шетелде оқып келудің қажеті жоқ. «Болашақтықтардың» бəрін үкіметке жұмыс істету керек. Сонда дамуымыз алға қарай жылжиды. Мемлекет ақшасын шығарып оқытты ма, енді соның пайдасын көру керек. Мысалы, мен он жылымды білім алуға жұмсадым. 5 жыл Қазақстанда, 5 жыл шетелде оқыдым. Бірақ, сол алған білімімді керемет ақтап жатырмын, елге пайдам тиіп жатыр деп ойламаймын. Жеке тіл оқыту орталығым бар. Бірде тендер алам, бірде ала алмаймын. Жаздыгүні еліміздегі үлкен компанияның тендерін ұтып алдым. Ең төменгі баға ұсынғасын ба, байқаусызда өтіп кетіппін. Сөйтсем, ол жерге тек өз адамдарының ғана фирмаларын өткізеді екен. Таныссыз барғаныма бəрі аң-таң. Сонда қазаққа ағылшын тілі арқылы қазақ тілін үйреттім. Бірақ, мен ол жерде ұзақ істемедім. Неге? Өйткені, жұмыс істеуіңе мүмкіндік бермейді. «Сабағыңа қанша адам қатысса, сонша адамға төлейміз. Ақшасын жылдың соңына бір-ақ аударамыз», – деп тықылдап қоймады кадр бөлімінің басшысы. Сабақ жұмыс уақытында болады. Қанша адам қатысқанын тексеріп отырады. Ал жұмыс кезінде көбі сабаққа келе алмайды. Сосын келісімшартта тіл оқыту курсы біткен соң, қызметкерлерге фуршет жасап, концерт қою керек деген бар екен. Мен мұғалім басыммен дастарқан жайып, солардың алдында би билеп, көңілдерін көтеріп жүрем бе? Қызық жүйе. Одан да сорақысы – менің ондағы «тəртіпті» ұнатпағанымды байқаған бір пысықайлау ағамыз: «Сен осы əйел менен пара сұрады деп айт, құртайық», – деген ұсыныс айтты. Мен қалай біреудің көз жасына қалам? Ондай жерде жұмыс істеу мүмкін емес қой. Сондықтан, кетуіме тура келді…

P.S. Жанардың осындай ойларынан кейін «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамту бойынша жаңаша тəртіп енгізу керек екен деген ойға қалдық. Иə, мемлекеттің салған ақшасы көкке ұшып кетпеуі керек. Əрбір «болашақтық» мемлекет үшін жұмыс істеуі тиіс. Елбасымыздың əу бастағы ойы да сол еді ғой.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №46

14.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз