Бəріміз «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуды армандаймыз. «Болашақпен» оқығандардың өмірі керемет, жұмысы да жақсы деген пікір қалыптасқан. Алайда, олардың да өз қиындығы бар.

Елден жырақта болу, тілі мен мəдениеті бөлек жандарға бауыр басу, кейін қайта елге оралу, шетелден алған білімі мен тəжірибесін халыққа жеткізу, Қазақстандағы басқаша бағыт пен өзі үйренген жүйені ұштастыра білу, осының бəрі «болашақтықтардың» басынан өтеді.

«Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған «Bolashak Stories: сəтсіздіктен жетістікке дейін» тренингінде «Болашақтың» түлектері өмірдегі сəтсіздіктерді қалай жеңгендерін, табысқа қалай қол жеткізгендерін айтып берді.

«Болашақ» шəкіртақысын тек қана ғылым мен мемлекеттік басқару саласындағы студенттер ғана емес, өнер мен мəдениет саласындағылар да жеңіп ала алады. Өз басым Bolashak Stories тренингіне бармай тұрып дизайнер мамандығы бойынша шетелде, оның ішінде Италияда оқыған адам бар десе, сенбейтін едім. Алайда, спикер Айнұр Ерімбетпен танысқан соң, армандау арқылы барлық нəрсеге қол жеткізуге болатынын түсіндім. «Bolashak Stories: сəтсіздіктен жетістікке дейін» тренингіндегі оқиғасы ең əсерлі спикер, киім дизайнері, Primo Studio мата үйінің негізін қалаушы Айнұр Ерімбеттің əңгімесін назарларыңа ұсынамыз.

Дизайн – ең қажетті төрт мамандықтың бірі

Ұлан: Айнұр, дизайн мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен білім алу мүмкіндігі қалай туындады?

Айнұр Ерімбет: Мен «Болашақ» шəкіртақысының стипендиаты атанғанда осы сауалды қойғандар көп болды. Жауабым біреу ғана. Қазір мүмкін емес нəрсе жоқ. Арманымды орындау үшін көп іздендім. Құжаттарды да ешкімнің көмегінсіз өз бетімше жинадым. Нəтижесінде еңбек ақталды. Біздің елімізде экономика мен саясат саласына білім гранттары көп бөлінеді. Ал сəн индустриясы, дизайнға көп көңіл бөлінбейді. Алайда, əлемдік тəжірибе көрсеткендей, ешқашан өлмейтін төрт мамандық бар. Бірінші – дəрігерлер. Адам өмірі, адамның денсаулығы – ең басты құндылық. Демек, ақ халатты абзал жандарға деген сұраныс төмендемейді. Екінші – тамақ өндірісі. Мейлі, соғыс болсын, бейбітшілік болсын, адамдар тамақтан бас тарта алмайды. Ал саясат пен экономиканың аш адамға қажеті шамалы. Үшінші – құрылыс саласы. Адамдар, тіпті, жабайы өмір сүрген күннің өзінде баспананы басты назарда ұстаған. Жайлы өмір сүру үшін тамақтанып, жұмыс істеп, баспаналы болуы керек. Демек, құрылысшыларға деген сұраныс та кемімейді. Төртінші – киім. Сəн индустриясын былай қойғанда, киім өндірісінің тұтынушылары ешқашан азайған емес. Жұмысқа да, тұрмысқа да, тіпті, соғысқа да киім керек. Сондықтан, дизайн мен тігін саласына мемлекет көп көңіл бөлуі тиіс. Аталған төрт саласы дамымаған елдің саясаты да, экономикасы да алға баспайды. Демек, дизайн мамандығы – керек нəрсе.

Елге оралғанда күйзеліске тап болдым

Ұлан: Білуімізше, Италиядағы Polimoda Халықаралық дизайн жəне сəн институтында білім алдыңыз. Италияда алған біліміңіз бен Қазақстандағы сəн индустриясында қандай айырмашылық бар?

Айнұр Ерімбет: Айырмашылық жер мен көктей. Италиядағы жоғары оқу орнының үшінші курсында білім алып жүргенде Fashion Writing, яғни сəн журналистикасы мамандығы бойынша шеберлік курсынан өту грантын жеңіп алдым. Осылайша, қосымша «Шебер» дипломын алдым. 2012 жылы Флоренцияда өткен PITTI UOMO халықаралық сəн көрмесі кезінде CALVIN KLEIN жəне HARDY AMIES коллекцияларының сəн көрсетіліміне институт атынан куратор болып тағайындалдым.

Мен Италияда төрт жыл бойы оқыдым. Оқуым, достарым, қызығушылықтарым, сүйікті жерлерім, сүйікті тағамым бəрі Италиямен байланысты болды. Бір жылдың бір айында ғана Қазақстанда болатынмын. Кейін оқуды аяқтаған соң Қазақстанға оралып, еңбек етуім керек болды. Сенесіз бе, осы уақытта менде күйзеліс пайда болды. Төрт жыл деген аз уақыт емес. Қазақстанға келгенде менің қолымда дипломнан басқа ешнəрсе болмады. Достарым, шығармашылығым, бəрі-бəрі Италияда қалып қойғандай болды. Тіпті, тамаққа зауқым соқпады. 22 жасымда елге оралғанда менің салмағым небəрі 37 келі болды. Ата-анам мен туысқандарым ауырып қалды деп ойлады. Күнде етпен, қуырдақпен тамақтандырды. Алайда, менің ішкі күйзелісім мен шығармашылық тоқырауымды жеңуге бұл көмектесе алмады.

Ұлан: Сонда Қазақстандағы қандай жағдайға көңіліңіз толмады?

Айнұр Ерімбет: Елге келгенде қатты қиналғанымды айттым ғой. Бірақ, бұл Қазақстанды жек көріп, Италияны жақсы көргеннен емес. Мен де патриотпын. Алайда, адамдарда адаптация деген болады, яғни ортаға бейімделу. Осы процесс менде тым баяу жүрді. Мысалы, Италияда адамдардың бəрінің жүзі жылы, көшеде көріп қалсаң күлімдеп жүреді. Ал біздің қоғамда шешімін таппаған мəселелер көп. Адамдардың көпшілігі түнеріп жүреді. Маған Италия тұрғындарының жылылығы жетіспеді. Қазақстанда достарым да, араласатын ортам да болмады. Сондықтан, менің алдымда тек бір ғана жол болды. Ол – өзіме ұнайтын іспен айналысу.

Ұлан: Елге оралған соң немен айналыстыңыз? Кімдермен жұмыс істедіңіз?

Айнұр Ерімбет: Оқуымды аяқтап Қазақстанға келген соң Құралай Нұрқаділовамен, AB Restaurants жəне басқа да компаниялармен жұмыс істедім. «Астана Операға» арналған киім үлгілерін жасағанда ғана мені қуаныш сезімі биледі. Бірақ, біреудің қоластында жұмыс істей алмадым. Себебі, олар сенің идеяңды, сенің ойыңды өзгертуге тырысады. Сондықтан, жұмыс мансабым үнемі сəтсіз аяқталып отырды. Ата-анам мен туыстарым да менің болашағыма алаңдаушылық таныта бастады. Болашақтықтардың шəкіртақысы жақсы болады. Маған Италиядағы маталардың сапасы ұнайтын. Шəкіртақыма өзіме ұнаған маталарды сатып алып, Қазақстандағы үйіме жібере беріппін. Кейін елге оралған соң соны сатып, ақшасын айналымға салдым. Primo Studio мата үйі осылайша дүниеге келді. Қазір отызға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын. Менің бизнесімнің жақсы жүруіне Instagram əлеуметтік желісі көп көмектесті. Қазір тұрақты клиенттерім бар.

Ұлан: Сіздің дизайнерлік киімдеріңіздің бағасы қымбат екен. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Неліктен?

Айнұр Ерімбет: Мен ақшаға емес, сапаға жұмыс істеймін. Маталарды Италиядан əкелетінімді айттым ғой. Қызметкерлерім көз майын тауысып өнер туындысын жасайды. Шынымды айтсам, тіпті, мен өз-өзіме көйлек тігіп кие алмаймын. Себебі, əр тапсырысты тігуге бір аптадай уақытым кетеді. Оның əрбір элементіне назар аударып, əдемі, мінсіз дүние жасағым келеді. Мектеп бітіру кешіне арналған бір көйлектің бағасы – 600 мың теңге. Бір айтарым, Қазақстанда осындай киім кие алатын адамдар бар. Өзімнің киімдерімді сатып алуға өзімнің де қаражатым жетпейді. Нағыз маман болғандықтан, ақша үшін көп киім өндірмеймін. Сапаға жұмыс істеп, тапсырысты ғана орындаймын.

Ұлан: Əңгімеңізге рахмет!

P.S: 1 тамыз күні ғана ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Əбдіқалықованың төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы барысында 171 адамға «Болашақ» шəкіртақысы тағайындалған болатын. Иегерлерді іріктеу 27 тармақ бойынша жүргізіледі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша кез келген мамандықта білім алуға болады.

Әңгімелескен
Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №32
08.08.2017

4 ПІКІРЛЕР

  1. Осы өзіміздің дизайнерлердің көйлектері неге тым қымбат болып келеді. Алып киейін десең бағасы удай.

  2. Олар да шығармашылық адамдары ғой. Туындыларына жанының бір бөлшегін салып жасаған соң бағасы да солай шығады-ау…

  3. Болашақтықтар! Сендерден енді елің үміт күтеміз! Елім маған не береді деп емес, мен еліме не жақсылық жасай алам деп келсеңдер қанекей! Елге келгенде күйзеліске түстім депті бұл қыз. Əрқайсысымыз осы қоғамның мүшесі болған соң сол дамыған елдердің деңгейіне жету үшін бірге еңбек етейік.

  4. Мемлекет болашақтықтарды оқу кезінде қаржылай көмек көрсетіп, қадағалап отырады. Ал елге келгенде стипендиаттардың республикамызға қызмет етуі парыз емей немене?! Сол үшін осы жастардың еңбегі жанып, еліміз өркендей берсін!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз