Футболшыларымыз жеңілген сайын «қазақтан футболшы шықпайды» деген пікір айтылады. Бұлай кесіп-пішіп айтуға болмайды. Спорт ұлт талғамайды. Қазақтан да біраз футболшы шықты. Марқұм Тимур Сегізбаевты «король» деп жүрміз, Самат Смақов пен Бауыржан Исламханның да мақтауын келістірдік. Əрқайсысының қазақ футболына қосқан үлесі көп. Бір өкініштісі, əлі күнге еңболмаса армениялық Генрих Мхитарян секілді Еуропаның үздік чемпионаттарында доп тепкен бір футболшымыз жоқ. Сондықтан жылт еткен талант көрсек, елең ете қаламыз. Бүгінгі күні жанкүйерлер жас талант Еркебұлан Сейдахметтен үлкен үміт күтіп отыр.

Таразда туған Еркебұлан осы жолдағы алғашқы қадамын бастап кетті. 4 ақпан күні 18 жасқа толған жерлесіміз Ресейдің «Уфа» командасымен келісімшартқа отырды.

Əзірге Еркебұланның болашағына қатысты болжам жасау дұрыс болмас. Ресейдің ақпарат құралдары оны «Қазақтың Мессиі» деп жарнамасын келістіріп жатыр. Вундеркиндтердің көбін ертеректе Марадонамен салыстыратын болса, қазір Мессиге теңейді. Біздің Еркебұланның карьерасы аргентиналық мегажұлдызға ұқсас болып жатса, қуанатынымыз анық.

БАШҚҰРТТАР ПИАР ЖАСАУДЫ ЖАҚСЫ МЕҢГЕРІПТІ

Аузымыз əбден күйгендіктен бе, қазақ халқы мұндай жас таланттардың атын шығарып, жарнамалаудан да қорқып қалған сияқты. Əйтпесе, Еркебұланның есімі өткен жылы танымал болған еді. Бір жылдың ішінде ол туралы азды-кем ақпарат тарағанымен, дəл «Уфаның» баспасөз қызметі секілді жарнама жасай алған жоқпыз. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан көршілерімізден үйренеріміз əлі де көп деп түйдік.

Сейдахмет «Уфаның» оқу-жаттығу жиынына қаңтар айында қосылды. Содан бері Башқұрт клубының баспасөз қызметі екі күннің бірінде Еркебұланды бейнероликке түсіреді. Жаттығу кезінде пікірін алып, соққан голдары мен нəтижелі пастарынан ролик жасап, интернетке жүктей қояды. Оны əлеуметтік желіде отандастарымыз бөлісіп жатады.

Қысқасы, өз істерін шыр айналдырып, тараздық жас өреннің атын шығарып, танымалдығын арттыра түсті. Біздің отандық футбол жанкүйерлері «Уфаның» ресми сайты мен əлеуметтік желідегі жаңалықтарын жиі қарайтын болды.

Былтыр «Тараз» бұл мүмкіндікті пайдалана алған жоқ. Соған қарап, Əулиеата клубы мен «Уфаның» баспасөз қызметінің деңгейі қандай екенін білуге болады.

Нарықта тауарды жақсы жарнамалай алсаң ғана қымбат бағаға сата аласың. Футбол – нарық. Осыдан 2 жыл бұрын «Манчестер Ситиге» Александр Зинченконы өткізіп жіберген «Уфа» ақша жасаудың жолын біледі.

РОЙС ПЕН ИСЛАМХАНДЫ ҮЛГІ ТҰТАМЫН

Еркебұлан сұқбаттарының барлығында екі футболшыны үлгі тұтатынын айтып жүреді.

«Еуропада мен үшін бірінші орында неміс футболшысы Марко Ройс тұр. Қазіргі кезде «Боруссия» сапында өнер көрсетеді. Ал Қазақстанда – менің ағам, «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан».

Ройстан – Германия, Исламханнан Қазақстан үлкен үміт күткен. Алғашқысының өзін толық дəлелдеуіне жарақаты көп мүмкіндік бере бермейді. Марко – жиі жарақат алатын əлемдегі танымал футболшылардың бірі. Бір ай алаңда доп тепсе, үш айын аурухана төсегінде өткізеді. Сондықтан жанкүйерлер арасында «хрустальный ойыншы» деген лақап аты бар. Ал біздің Бауыржан Исламханның жағдайы мүлдем бөлек. Исламхан – психологиялық тұрғыдан əлсіз ойыншы. Алаңда жиі жүйкесі сыр береді, ойыны жүрмей жатса, қызыл қағаз алып қуылып кетуі таңсық емес. Оның үстіне «Қайратта» төленетін көп жалақысы оның шетел аспауына кедергі келтіріп отыр дейтін сарапшылар жетерлік.

Сондықтан Еркебұланның карьерасы өзі кумир тұтқан ойыншыларға ұқсас болмаса екен тілегіміз бар.

«АНГЛИЯ МЕН ИСПАНИЯДА ОЙНАҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ!»

Мұндай пікірді айтатын да, армандайтын да қазақ футболшысы көп. Əзірге жүзеге аспай жатқаны рас. Сейдахметтің де тілегі осы екен.

«Ресей премьер-лигасы – деңгейі өте жоғары чемпионат. Испания мен Англияға ауысу үшін көп тер төгіп, жаттығып, шеберлігімді шыңдай түскім келеді. Қазақстан жанкүйерлері маған ылғи хат жазып, қолдау білдіріп отырады. Білемін, мен Қазақстанның үмітімін. Өкінішке қарай, бізде əзірше шет елде ойнайтын бірде-бір жоғары деңгейлі футболшы жоқ. Ал мен АПЛ мен Испанияда ойнаған ең бірінші қазақ болғым келеді», – дейді Еркебұлан. «Уфадан» Англияға да жол бар екенін бұған дейін украиналық Александр Зинченко дəлелдеген. Бірақ əлемдегі ең үздік чемпионатта ойнау үшін тек талантты болу жеткіліксіз. Бізде кейбір жанкүйерлер əр ойында топырлатып гол соғып жүрсең, сені елдің бəрі өзіне шақырады деп ойлайды. Негізі олай емес. Ендеше, Зинченконың негізінде осының себептерін жазып көрсек.

  1. Футболшының жасы, қарым-қабілеті

Əрине, ең басты фактор футболшының қарым-қабілеті.  Одан кейін жасына да көп нəрсе бай- ланысты. 18-20 жастағы  футболшының шеберлігін əрі қарай шыңдап, ойнап кету ықтималдығы жоғары. Зинченко «Манчестер Ситиге» 19 жасында ауысты. Еркебұлан қазір 18 жаста.

  1. Халықаралық ойындар

2017 жылы «Гранаткин» мемориалында үздік шабуылшы атанбағанда, Еркебұланды да ешкім білмес еді. Сондықтан халықаралық, жұрт көретін ойындардың маңызы зор. Мұндай матчтарға ТОП-клубтардың скауттары қатысады. Зинченко, мысалы, 2013 жəне 2015 жылы Украина құрамасы сапында жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатына қатысқан. Одан кейін 2016 жылы ересектер арасындағы құрлық біріншілігінде өнер көрсетті.

  1. Агент

Заманауи футболды агенттерсіз елестету мүмкін емес. Жорже Мендеш, Мино Райола секілді агенттердің танымалдығы бүгінгі таңда алысқа кеткен. Мысалы, Мендеш Криштиану Роналду, Анхель Ди Мария, Хамес Родригес, Диего Коста сияқты ойыншылармен жұмыс істейді. Райоланың клиенттерінің арасында Златан Ибрагимович, Ромелу Лукаку, Поль Погба бастаған жұлдыздар бар. Зинченконың да «Уфадан» Англияның «Манчестер Сити» клубына ауысуы үшін агенті аянып қалған жоқ. Алғашында əртүрлі қауесет таратады. Мұны нарықта «маркетингтік əрекет» деп атайды. Егер ертең Еркебұланға «Боруссия», «Милан» қызығушылық танытып жатыр екен деген ақпарат тарап жатса таңғалмаңыз. Онда футболшының агенті жақсы жұмыс істеп жатқанының белгісі.

  1. Тіл білуі

Қазақ футболшыларының көбі ағылшын тілін білмейді. Сондықтан көп қиналады. Александр Зинченконы теледидардан көре қалсаңыз, ағылшын тілінде еркін сұқбат беріп тұрғанын байқайсыз.

«Қайраттың» жартылай қорғаушысы Георгий Жуков бір сұқбатында: «Қазақ футболшылары ағылшын тілін білмегендіктен Еуропада сұранысқа ие емес», – деген пікір білдірген болатын. Ендеше, Еркебұлан ертеңін ойласа, орыс тілін емес, ағылшын тіліндегі сөздік қорын жақсарта бергені дұрыс болар. Бұдан да басқа факторлар жетерлік. Негізгілері деп тапқанымыз осы.

ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУЛЕРДЕГІ НӘТИЖЕСІ

Қазақ футболшысы «Уфамен» алғашқы оқу-жаттығу жиынына қаңтар айында Кипрге барған болатын. Ол жақта жергілікті «Алки» командасымен өткен жолдастық матчта бір гол соқты (7:0). Одан кейін Чехияның «Слован» клубына қарсы мачта əріптестері Слаю мен Фатайға екі нəтижелі пас шығарып берді. Футболшының ойынын жолдастық кездесулер арқылы бағалау дұрыс емес. Мұндай пікірді башқұрт футболының ардагері, Уфадағы МФК «БГАУ СШ-31» командасының бас бапкері Юрий Подбельский де айтты. «Сейдахметке сəттілік тілеймін. Оның өнерін чемпионатта бақылаймыз. Өйткені жолдастық кездесуге қарап, баға беру əсте дұрыс емес. Семак баланың мүмкіндігін жақсы біледі деп ойлаймын», – дейді Подбельский.

ЖАНКҮЙЕР ТАРТУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Англияның «Манчестер Юнайтед», «Арсенал» секілді клубтарында үнемі Шығыс Азияның футболшылары жүреді. Олардан Германия клубтары да қалысар емес. «Манчестер Юнайтед» сапында қытайлық Дун Фанчжо деген ойыншы болды. Ол кезінде «қызыл сойқандар» сапына ауысқан алғашқы қытай ойыншысы атанды. Бірақ Алекс Фергюсон Дунды

алаңға сирек шығаратын. Бұл жердегі «Манчестер Юнайтедтің» мақсаты Дун арқылы клубтың Қытайдағы жанкүйерлер санын көбейту болды. Өйткені əлемдегі халықтың  25 пайызы осы елде тұрады. Сондай-ақ жыл сайын МЮ Қытайға барып, коммерциялық турнирлерге қатысады, көп ақша табады. Дунды сондай ойындарда алаңға шығарып қоятын. Оның гол соғуы үшін əріптестері де аянып қалмайтын. «Манчестер Юнайтед» пен «Арсенал» бұл технологияны жақсы меңгеріп алған. «Уфа» да осыны ойлап жатса керек. Еркебұланнан жиі-жиі сұқбат алып, телеканалдарына телміртіп қояды. Енді бір тілшісі «Уфаның» алдағы ойынына Қазақстаннан қанша жанкүйер келетінін сұрапты.

4 наурызда «Уфа» өз алаңында Мəскеудің «Динамо» клубын қабылдайды. «Бұл ойынға Қазақстаннан кемі 300-400 жанкүйер келеді деп ойлаймын. Қазақстан мен Башқұртстанның арасы соншалықты қашық емес. Бізде адамдар кеңпейіл, ақкөңіл, жерлестерін үнемі қолдап жүреді. Сондықтан менің отанымнан көп жанкүйер келеді деп сенемін». Бұл – Еркебұлан Сейдахметтің пікірі. Жанкүйер жинауды осындай клубтардан үйренуіміз керек.

P.S: Біз Еркебұланға тілекшіміз. Оның əрбір ойынын қадағалап, оқырманға жедел ақпарат таратуға тырысамыз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз