Алматыда Туризм жəне қонақжайлылық индустриясы колледжі бар. Оқу орны Қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсетуді ұйымдастыру, Тамақтануды ұйымдастыру, Туризм, Технология жəне тамақ кəсіпорны өнімдерін өндіруді ұйымдастыру  мамандықтары бойынша білім береді. Студенттер тек тағам əзірлеуді үйреніп қана қоймай, тағамды түрлендіріп ұсынуды да үйренуде. Мəселен, карвинг үйірмесін айтсақ болады.

Жақында оқу орнына барып, үйірме жетекшісі Лəззат Солташқызымен танысқан едік. Карвинг дегеніміз не? Оны қалай үйренуге болады? Осы сауалдарға жауап алдық. Əрі қарайғы əңгімені Лəззат апай айтсын.

ЖАПОН ҚЫЗЫНЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

Карвинг «ойып жасау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жемістер мен көкөністерден мүсін жасау. Бұл да өнердің бір түрі. Шеберлікті, шыдамдылықты, қырағылықты қажет етеді. Карвингтің шығу тарихын шығыс өнерімен байланыстырады. Ертеде жапон халқы тағамды қыш ыдысқа салып, жасыл желектермен ұсынады екен. Аспаздар ыдысқа көкөністі сəндеп қойса, тағам одан əрі тартымды, тəбет ашатындай болатынын біліпті. Бірде мереке кезінде жапон қызы патшаға жеміс-жидектен гүл мен құс жасап, сыйға ұсыныпты. Əлгі қыздың өнері патшаға қатты ұнағаны соншалық, бүкіл əйел осы өнерді игерсін деген бұйрық шығарыпты. Карвингтің қысқаша тарихы осылай басталған.

Туризм жəне қонақжайлылық индустриясы колледжінде қызмет істегеніме отыз жылдан асты. «Тамақ дайындаудың технологиясы» пəнін оқытамын. Асты дайындағанда жемістерді сəндеп кесіп қою əдетіме айналды. Карвингке қызығушылық осылай басталды. Жыл сайын күрделі формаларды жасай бастадым. Ол уақытта аспаздық туралы оқулық аз болатын. Өз-өзімді жетілдірдім. Ең алғаш қызылшадан раушан гүлін жасадым. Гүл бір сəтте шықты дей алмаймын. Ұзақ дайындалдым. Бірнеше көрмеге қатысып, жеңімпаз болдым. Ерен еңбектің нəтижесінде оқу ордасында «Карвинг» үйірмесін аштық.

Балалардың қызығушылығы өте күшті. Талантты балалар өте көп. Кристина деген талабы таудай оқушым болды. Қазір тəтті жасайтын жеке орталығы бар. Үйірмеде 20-дан аса студент бар. Кейбір балалар тапсырманы үйінде орындайды. Бұрын үйірмеге мектеп оқушылары мен үлкен кісілер де қатысатын. Қазір қысқартып тастадық. Себебі, аспаздарға арналған байқауларға қатысамын. Уақыт тапшы болды. Қажетті заттарды оқу орны қамтамасыз етеді. Мүсінді кез келген пышақпен жасай алмаймыз. Арнайы пышақтар бар. Соларды қолданған жөн.

Кейде адамдар: «Карвингтің қандай пайдасы бар? Көкөністің қалдығын қайда тастайды?» – деп сұрайды. «Əдемілік» деп жауап беремін. Қазір сəндегі соңғы əуестіктің бірі. Жиынға, тойға барғанда, карвингтің бір кескіні болса да кездеседі. Бұл өнердің елімізде енді дамып келе жатқанының белгісі. Көкөністің қалдығын қоқысқа тастамаймыз. Асқабақтан езбе жасаймыз Сəбізді тартылған етке қосамыз. Қытай қырыққабатынан салат жасаймыз.

Тəжірибе сабағы кезінде асқабақтан балық пен құстың түр-түрін жасаймыз. Сабақ біткен соң буға пісіріп аламыз. Суретті жақсы салатын адам мүсінді елестете отырып жасайды. Ал суретке қыры жоқ болса, ұзақ уақыт жаттығуға тура келеді. Қарбызды кескенде есепке жүйріктігі сынға түседі. Яғни, гүлдің жапырақтары əдемі əрі тең шығу үшін жан-жақты есептейді. Оқу орнында ер балалар өте көп. Өйткені, аспаз шыдамды, еңбекқор болуы керек. Жемістен мүсін шықпай қалса, ойындағыдай болмаса, тастап кететіндер де болады. Ал айтқанынан қайтпайтын, қайсар балалар дегеніне жетеді.

Айдар ЖҰМАТОВ, аспаз:

Жұмыссыз қалмайсың

– Аспаз болудың артықшылығы көп. Алдымен қарның тоқ, таза жерде жұмыс істейсің. Адам баласы ас ішпей өмір сүре алмайды. Шебер аспаз болсаң, жұмыссыз қалмайсың. Бұл мамандыққа өзімнің қалауыммен түстім. Таңдауыма өкінбеймін. Оқу орнында жас аспаздарға арналған байқаулар жиі өтеді. Өткен жылы «Алтын дастархан» байқауына қатысып, жеңімпаз атандым. Қазақтың ұлттық тағамы «Балбауырды» дайындадым. Сиырдың бауырын арнайы қалтаға орап пісірдім. Қатты толқыдым. Өзім ұлттық тағамдарды, əсіресе, қуырдақты жақсы көремін.

Жалпы карвингтің ұғымы кең. Қонаққа аз адам келетін болса, оларға жеміс-жидекті сəндеп ұсынуды айтады. Өзім асқабақтан əртүрлі мүсін жасағым келеді. Карвингтің түрлері өте көп. Біз енді оқып, үйреніп жатырмыз.

Кейбір балалар аспаз болуға намыстанады. Меніңше, өзіңді қинаудың қажеті жоқ. Жүрегіңді тыңда. Мамандық таңдауда қателесуге болмайды. Аспаздар əрдайым ыстық жерде жұмыс істейді, ол денсаулыққа зиян дейді. Бұл пікір де қате. Қазір асханада арнайы желдеткіштер бар. Қауіпсіздік шарасы жақсы сақталған. Тек оқу орнында берген білімді түсініп оқысаң болды.

ҮЗДІКТЕРДІҢ ҚАТАРЫНДАМЫЗ

Аспаздар арасында «Алтын дастархан», «ДеЛаРук» сынды байқаулар жиі өтеді. Жақында Əбу-Дабиде аспаздар арасында үлкен жарыс өтеді. Қазақстан үшінші жыл қатарынан қатысады. Былтыр Сергей деген оқушым Бразилияның Сан-Паулу қаласында халықаралық сайысқа қатысты. Десерт, тіскебасар, еттен ыстық тағам дайындады. 80 елден келген жас аспаздар сынға түсті. Біз үздік 30 елдің қатарына кірдік. Бұл да үлкен жетістік. Алматыда бас азпаздар мен жас аспаздар арасында «Карвинг элементтерін пайдалана отырып, əлем асханасынан тағам дайындау» деп аталатын халықаралық конкурс өтті. Сонда біздің студенттер алтын, күміс, қола медаль алып қуантты. Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Өзімді жақсы сезінемін. Өткен жылы басшылық қызмет те ұсынды. Бірақ, бас тарттым. Жинаған тəжірибемді жастарға үйретсем деймін. Карвинг біздің елімізде енді дамып келеді. Алматыда Қытай, Тайланд елінен келген аспаздар карвингтің түр-түрін жасайды. Жақында қытай аспазы Вилсон мырзаны шақырдық, тəжірибелі маман арнайы сабақ өтті.

Тайландта карвингті 2-сыныптан бастап арнайы пəн ретінде оқытады. Олар бала əдемілікті сəби күнінен сезінуі керек деп түсінеді. Баланы сабырлы, шыдамды болуға тəрбиелейді дейді. Бір қызығы, өнердің бұл түрі жас талғамайды. Жас та, кəрі де ықыласы болса, үйреніп кетеді. Тамақты сəндеудің күнделікті өмірде де пайдасы көп қой. Ер балалар мереке кезінде анасы мен қарындасына сəбіз бен қиярдан гүл жасап қуантса, əдемі емес пе?!.

Карвингті жақсы көретін балалар ең алдымен қорықпау керек. Қиярды жапырақ секілді сəндеп кесу өте оңай. Дастарханға дөңгелектеп емес, гүл пішіндес етіп тураса, қандай əдемі! Сəбіз жемейтін балалар бар. Тамақтың арасынан ысырып тастайды. Əрине, бұл дұрыс емес. Сəбіздің тұнып тұрған дəрумен екенін жақсы білеміз. Сəбізден бүршік, гүл жасауға болады. Гүл сəбізді суда қайнатып, қант сепсе, өте дəмді болады.  Мен бала күнімде-ақ кімболатынымды анық білгендеймін. Анам қамырды жайып қоймаса екен деп, сабақтан киімімді шешпей, ас үйге жүгіріп келеді екенмін.

Дайындаған Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан», №12

21 наурыз, 2017

 

1 ПІКІР

  1. Гулфврида апай, сіздерде қалай шыға аламын? мен жас тілшілеріңіз Сатыбай Перизат.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз