Бір құрбым мектепте жұмыс істейді. «Ми дамуы тежелген» деген диагнозы бар балаларды оқытатын. Бір күні үйіне барсам, көрнекіліктері шашылып жатыр. Сабаққа дайындалып отыр екен. Шашылып жатқан қағаздардың арасынан, әлдебір  ерекше суреттерге көзім түсті. Сұрағанымда: «Ми дамуы тежелген балалардың салғаны ғой, осындай қорқынышты суреттер салады», – деп жауап берді. Ол баланың психикасында өзгешелік бар екені көрініп тұр. «Суретшінің» жасы бар болғаны 8-де. Өртеніп жатқан машина мен суға батып бара жатқан кеме, адамның үстіне құлаған терек. Осындай суреттерді тізе берсең көп… Осы нәрсе есімнен шықпай жүрді. Бұл бір ғана жағдай емес. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында әртүрлі дертке шалдыққан балалар және олардың ата-аналарымен жұмыс жасайтын психология кабинеті бар. Психолог Гүлжәмила Кәдірбекқызымен әңгімелескенде есімнен кетпей жүрген «ерекше» диагнозы бар балалардың жағдайымен бастадық.

– Ол бала өзгеше диагнозбен туғандықтан, психикасында үрей бар. Алдымен  мектеп психологы ой дамуын тексеріп алуы керек. Психикалық дамуы тежелген балаларға тән белсенділік – ынта қызметінің бұзылуы. Ұмытшақтық, тапсырманы ұмытып кету психикалық жағынан түскен салмақты білдіреді. Назар мен зейіннің төмен болуы қабылдауына зиянын тигізеді. Психикалық дамудың кешеуілдеуінің негізгі ерекшелігі – баланың психикалық әрекетінің қалыптасуының бірқалыпты болмауы. Жетілмеген балалар өзінің құрдастарынан кейін қалады, олардың ойлары да тұрақсыз болады. Ми қабілеті де тәулік бойына өзгереді. Ол өзгеріс сабақтың аяғына таман немесе шаршаған уақыттарда болады. Бұл балаларға тән ерекшелік – зейіні мен жұмыс қабілетінің төмен болуы.

Психикалық дамудың кешеуілдеуінің негізгі ерекшелігі – баланың психикалық әрекетінің қалыптасуының бірқалыпты болмауы. Кейбір балаларда іс-әрекеттің басында зейіндері жоғары болады да, ал кейін төмендей бастайды. Ұзақ мерзімді есте сақтауы мен қысқа мерзімді есте сақтауының төмендеуі, есте сақтау қабілетінің жетіспеуі, сондай-ақ интеллектуалдық белсенділігінің төмендеуі осы категориялардағы балаларда байқалады.

Балалардың танымдық белсенділігі жеткіліксіз. Ол баланың тез шаршауынан байқалады. Психикалық дамуы кешеуілдеген балалар есептің шартын, диктантқа арналған сөздерді және сөйлемдерді есінде сақтамайды. Олар зейінін тапсырмаға шоғырландыра алмайды, кей кездері мектептің тәртібіне бағынбайды. Мұндай балалар көңіл  бөлгенді қажет етеді. Өзіңіз айтып отырғандай, ол баланың бойында қорқыныш бар. Мұғалімі машина сал десе, өртеніп жатқан машинаны бейнелеп, табиғатты бейнеле десе, құлап жатқан терек салған болуы мүмкін. Дүниедегі болып жатқан құбылыстың барлығын бала қорқынышпен қабылдайды. Балаға жарық дүниелерді көрсету керек. Адамның көңіл-күйіне әсер ететін көрнекіліктермен жұмыс жасаған тиімді.

Психикалық дамудың кешеуілдеуі әртүрлі дәрежеде сипатталады. Жеңіл түрде көрініс берген жағдайда бұл балаларға көмекті жалпы білім беретін мекемелерде ұйымдастыруға болады. Ауыр жағдайларда балаларды арнайы білім беретін мектептерде немесе мекемелерде оқытады. Балалар қандай да бір тапсырманы орындауда үлкендердің көмегін қажет етеді. Мұндай балалардың басым көпшілігі дене шынықтыру пәні мен спорт ойындарын жақсы көреді. Олардың психикалық дамуындағы жоғарғы мүмкіншіліктің бар екенін түзету жұмыстарын ұйымдастыру барысында ескерген жөн, – деді Гүлжәмила Кәдірбекқызы.

Алдымен дәрігер болып, кейін психология саласына ауысқан маманның біраз жайтты көргені байқалады. Орталыққа ақ қан ауруына шалдыққан, қатерлі ісікпен күресіп жатқан балалар ем қабылдайды. Гүлжәмила апай сол науқас балалардың екінші анасындай. Бір күн жұмысқа келмей қалса, сағынып көріседі екен. «Бұл жерде түрлі сырқатқа шалдыққан балалар жатады. Дәл қазір сізбен онкология орталығында кездесіп отырмыз. Түстен кейін хирургия бөлімінде ем қабылдап жатқан балалармен ойын өткіземін, одан шығып алып онкогематологиялық орталыққа кіруім керек. Олармен ойын өткізіп, әңгімелесу тренингтерін жүргіземін. Орталыққа дүние есігін жаңа ашқан сәбилерден бастап, он жеті жасқа дейінгі жасөспірімдер  қабылданады. Сараптама қорытындысынан кейін баланың диагнозы белгілі болады. Сол уақытта менің көмегім керек екенін біліп, ата-аналардың жанынан табыламын. Баласының сырқатын естігенде-ақ көп ата-ана өздерін тастап жібереді. Ол балаға өте қатты соққы болады. Осы кезден-ақ менің жұмысым басталады. Менің мақсатым – науқас балаларға жайдары көңіл-күй сыйлап, өмірге деген құлшынысын арттыру. Көп жағдайда аналарды балаларымен бірге қабылдаймын. Кейбір балалар менімен оңаша сөйлескісі келеді. Ондай жағдайда анасының рұқсатын аламын. Баланың үлкені сырқатқа шалдыққан, бірақ анасы кенжесіне көп көңіл бөледі. Осының барлығы балаға әсер етеді. Ем қабылдап жатқан балалардың  психикасында «Алсам екен, бере берсе екен. «Мен әлсізбін, қолымнан түк келмейді» деген ой тұрады. Мен сонда: «Сенің қолыңнан бәрі келеді. Күнделік бастап, осы өміріңді қағазға түсірші», – деймін. Қазір күнделік жазатын балалардың қатары көбейді. Анда-санда жазып, «оқыңызшы» деп әкеліп береді. Тіпті, олардың ата-аналары да бұл жағдайдан хабарсыз. «Өз арамыздағы әңгімелер» деп балалармен әзілдесемін. Қолөнермен айналысатын балалар бар. Техника құрастырғысы келетіндер де аз емес. Олардың жазған шығармаларын балалар басылымдарына жариялауды қолға алып жатырмын. Қазір сізді ойын бөлмесіне алып барайын, сол жерде балалардың жасаған бұйымдарын көресіз», – деді.

«Келістік» дегендей ишарат білдіріп,  ата-аналармен тренинг кезінде қолданатын әдіс-тәсілдері туралы сұрадық. «Барлығы әңгімелесуден басталады. Сұрақ-жауап түрінде өткіземін. Көбі балалармен сырласпайтын болып шығады. Соңғы рет қашан әңгімелесіп, қыдырғандарын ұмытып қалған ата-аналар да кездеседі. Жұмыстан қолы босамайды. Бала тәрбиесі – қызығы мен қиындығы қатар жүретін күрделі процесс. Отбасында барлық балаға бірдей көңіл бөліну керек. Тіпті, ата-анасынан гөрі, бізге жақын болып кеткендері де бар. Анасына: «Бір ғана жылы сөзіңіз оның жанынемдейді», – дейміз. Дәрігер дәрісімен, анасы жылы сөзімен, психолог жақсы көңіл-күймен жұмыс жасап, баланың аурудан айығуына себепкер боламыз.  Біздің тренингтен кейін өзгеріп келген аналар жетерлік. Кездесетін уақыт жақындағанда, Гүлжәмила апай барлық ойын терапиясында қолданатын көрнекіліктерін дайындап қойыпты. Тренингте үлестіретін парақшалар мен суреттердің арасында күйзеліске қарсы ойыншықтары да көзге түседі. «Ондай ойыншықтар балаларға зиян» дейтіндерге не айтатынын білгіміз келді.

«Психолог мамандардың дені мұны зиян деп айтады. Бірақ, біздің орталықтың атмосферасы сәл басқашалау болғандықтан, балалар өздері сұрап алып жатады. Сырқаты жанына батқанда немесе жүйкесі сыр бергенде, күйзеліске қарсы ойыншықтарды қолдануға рұқсат етеміз. Сол арқылы ол ішіндегі қорқынышын шығарып, жеңілдейді. Бірақ, адам антистресс бұйымдарға сене бермей, өзін-өзі жеңе білуі керек».

P.S. Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығында туа біткен даму ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, тыныс алу және ас қорыту органдарының ауруларын, тұқым қуалайтын синдромдарды, алғашқы иммунтапшылығын емдейтін он алты бөлім бар. Әңгімені аяқтаған соң балалардың ойын бөлмесіне қарай аяңдадық. Балалардың қолдан жасаған бұйымдары мен салған суреттерінен бөлме іші тарылып қалған. Біз барғанда екі-үш бала ойнап отыр екен. Бәрі медициналық маска киген. Бірі күн салса, енді бірі табиғат құбылыстарын бейнелепті. Аспанға қарап жата беретін баланың қиялы шексіз болады екен-ау деп қаласың. Шемішкеден кірпі жасап, жаңғақтан аққудың бейнесін салыпты. Көздің жауын алады. Олар «ата-анаң сен үшін бәрін жасап жатыр, ал сен олар үшін осы дертті жеңуің керек» дегенді күніне қанша адамнан естиді екен…

Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз