Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, кез келген нəрсеге қатысты қоғамның пікірі екіге жарылатыны белгілі. Тіпті Қазақстанның əр аймағы мен қаласында қалыптасқан түсінік те сан түрлі. Аңыз бен ақиқаттың ара-жігін тек оқиғаны басынан кешірген адам ғана ажырата алады. Адамдар арасындағы алыпқашпа əңгімелердің ақ-қарасын ажыратып беру үшін «Ұланның» Астанадағы тілшісі Ақмарал Ағзамқызы мен Алматыдағы тілшісі Дана Маратова «Екеудің эксперименті» айдарын жүргізбек. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық». Тілшілеріміз қоғамдағы түрлі мəселелер мен туындаған тақырыптарды қозғап, сендерді алаңдататын сауалдарға күнделікті өмірден, өз қаласынан жəне тұрғындар арасынан шынайы жауап іздейтін болады. Екеуінің алғашқы эксперименті ораза ұстаудың пайдасы мен зияны, қиындықтары мен сауабы туралы болмақ.

Қасиетті Рамазан айында ораза тұту тек рухани жағынан ғана емес, медициналық
тұрғыдан да, уақытты тиімді пайдалануды үйрену жағынан да тиімді. Əлеуметтанушылар
биыл Қазақстанда ораза ұстаушылардың көбейгенін айтады. Əсіресе жастар арасында мұсылманның бес парызының бірін орындауға ниеттілер саны көбейген. Алғаш ауыз бекіткен адамдар күні бойы аш жүрудің қиындығын, байқамай ішіп-жеп қойғанын, оразаның кесірінен ауырып қалғанын айтып, шағымданып жатады. Кейбір адамдар керісінше, қасиетті Рамазан айында ашығудың еш қиындығы жоқ екенін, керісінше адам өзін жеңіл сезінетінін алға тартады. Шындығында Рамазан айында ауыз бекіту қаншалықты қиын? «Ұланның» тілшілері оразаның алғашқы аптасының күнделігін назарларыңа ұсынады. Олар қалай ораза ұстады? Ауыз бекіткен бір аптада қандай өзгерістер болды екен? Бірге білейік. Ақмарал – Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде, Дана – Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде оқиды. Екеуі де биыл үшінші курсты аяқтады. Ақмарал да, Дана да ораза ұстауға университетке түсіп, студент атанғалы ниет еткен. Демек, биыл үшінші рет ауыз бекітіп отыр. «Студенттер қауымы қарапайым күндері де тамақтануға уақыт пен мүмкіндік таба бермейді. Сондықтан ораза уақыты бізге аса қиындық туғызған жоқ», – дейді екеуі.

Алғашқы күн
Бейсенбі, 17 мамыр
Қасиетті Рамазан айындағы əр кештің өзіндік қасиеті мен ерекшеліктері болады. Оразаның алғашқы күнінде ауыз бекіткен адамның анадан туғандай пəк етіп күнəлары кешіріледі делінген.
Дана: Биыл қасиетті Рамазан айының алғашқы күні біздің жыл санауымыз бойынша 2018 жылдың 17 мамырына сəйкес келді. Алдын ала материалдық жəне рухани жағынан дайындық жасағандықтан, оразаның алғашқы күні маған аса қиынға соқпады. Ертең
емтихан тапсыратындықтан университетке кеңес беру дəрісіне бардым. Кез келген нəрсені қалай бастасаң, солай жалғасын табады дейді ғой. Алғашқы күнді барынша
пайдалы өткізуге тырыстым. Жатақханада бірге тұратын құрбым да ауыз бекіткендіктен,
екеуміз бірге фильм көріп, кітап оқыдық. Талдамалы журналистикадан болатын
емтиханға дайындалдық. Күні бойы көп сөйлемеуге, ұйықтамауға, тамақ туралы ойламауға тырыстық. Оразаның алғашқы күнінде Алматыда жаңбыр жауып, күн салқын болды. Ауаның тазаруы, күннің салқындауы шөлдемеуге көп септігін тигізді. Ауызашарға екі сағат
қалғанда құрбым екеуміз тамақ дайындап, жатақханадағы көршілерімізді қонаққа шақырдық. Бəріміз тамақты бірге ішіп, оразаның алғашқы күні қалай өткенін əңгімеледік.
Ақмарал: Оразаның бірінші күні бейсенбіге түсті. Əдетте бейсенбі мен үшін қарбаласқа толы күн. Бүгін де таңғы 9-да үйден шығып, кешкі 21:00-де бірақ келдім. Бейсенбі күні тобымыздағы ер балалар əскери кафедраға баратындықтан, бізге сабақ болмайды. Бейсенбі жұмыс күні болғандықтан, маңызды шаруаларымды бітіріп алуға берілетін мүмкіндік сияқты қараймын. Кітапханаға жиі барам. Үйде немесе университетте
отырсам ойым шашырап кетеді. Ал кітапхана тыныш əрі жайлы. Іші де салқын. Сабақ
оқуға да, кітап оқуға да, рухани демалуға да ыңғайлы. American Corner орталығында ағылшын үйреніп жүрмін. Кітапханада отырып ағылшын тілінен үй тапсырмаларын
орындап тастадым.
Түстен кейін футбол стадионында жұмыс істейтін құрбыма бардым. Құрбымның да аузы берік екен. Екеуміз қасиетті айда қандай жақсы əдет қалыптастыру керектігі туралы сөйлестік. Кешке ағылшын тілі курсына бардым. Ағылшын тілін үйреніп отырып екі сағаттың қалай жылдам өтіп кеткенін байқамай да қалыппын. Курстан шыға салып, үйге
асықтым. Ауызашарға жарты сағаттай ғана уақыт қалыпты. Үйге дəл уақытында жетіп,
ауызашарға үлгердім.

Екінші күн
Жұма, 18 мамыр
Оразаның екінші күнінде өткен ата-баба əруақтарының күнəсі кешіріледі делінген. Алла тағала қасиетті жұма күні мына əлемді жаратқан.
Дана: Жатақхананың тынымсыз тіршілігімен таңды ұйқысыз атыратын əдетіміз бар. Сəресін ішіп болып, сағат 4-те бірақ ұйқыға жаттық. Таңертең емтихан тапсырдық. Шаруаларымды кейінге ысыра беретін жаман əдетім бар. Бүгін – жұма, газетті баспаға жіберетін күн. Аптаның басында алған сұқбатымды теріп, дайындаған инфографикамды өткіздім.
Ораза кезінде маңызды іспен айналыссаң тамақ туралы ойлауға мүмкіндігің болмайды екен. Газетті баспаға жібергенше кеш болып кеткенін байқамай да қалыппын. Осылайша,
оразаның екінші күні жылдам əрі жеңіл өтіп кетті.
Ақмарал: Былтыр ораза ұстаған кезде Шымкентте болған едім. 30С ыстықта, күннің астында қиын шаруа істеп жүретін адамдардың да ораза ұстап жүргені есіңе түскенде, сабырлық танытады екенсің. Астанада күн салқын. Жыл бойы осындай. Нағыз ораза ұстауға ыңғайлы мекен. Кейде артық тамақ та адамды шаршатады екен. Сондықтан физикалық тұрғыда аш кезіңде рухани жағынан тойып алуыңа мүмкіндік көп.
Қазақ – қонақжай халық. Ал біздің үйдің тұрғындары осы қонақжайлықтың боямасыз
дəлелі. Оразаның екінші күнінде үйде ауызашар беріп, туған-туыс, жақындарымызбен
бас қостық. Қалалықтар жайшылықта бір-біріне қонақтап бара бермейді. Рамазан айы –
көптен бері көріспеген дос-жарандар мен ағайын-туысты бір дастарқан басына жинауға
жақсы себепші.

Үшінші күн
Сенбі, 19 мамыр
Оразаның үшінші күнінде бір періште арғы да бұрынғы күнəларды кешіріп, кез келген
тілегің қабыл болады делінген.
Дана: Əдетте демалыс күндері ерте тұру үшін əдейі қиын жоспар құрып қоямын. Себебі мойнымда жауапкершілік болмаса, түске дейін ұйықтап қалатын əдетім бар. Түске дейін ұйықтаған күні мең-зең болып, шаршап жүресің. Сондықтан бүгін əріптесім Таңшолпан екеуміз 31-арнаға видеомонтаж үйренуге барамыз деп шештік. Кешке дейін осы шаруамен айналыстық. Нағашыларым ауызашарға шақырған еді. Нағашыларымда қонақта
болып, бəріміз бірге ауыз аштық.
Ақмарал: Астананың ауа райы да, адамдары да суық деп жатады көпшілік. Келіспеске шара жоқ. Салқын ауа райында, мамыражай болуға тиіс мамырда пальтомен жүргеніме қарамастан көңіл-күйімді түсірмеуге тырыстым. Ораза ұстаған адам тамақтан ғана емес, көп сөйлеуден де, ашуланып, ренжуден де тыйылады екен. Автобуста да, бағдаршамда да, дүкенге кіргенде де жымиып, адамдармен ренжіспеуге тырысып жүрдім.

Төртінші күн
Жексенбі, 20 мамыр
Оразаның төртінші күнінде ауыз бекіткен адамды Алла тағала қиямет күні əртүрлі қорқыныш, жамандықтан қорғайды делінген.
Дана: Аптаның демалыс күндерін үй жинауға, азық-түлік əкелуге арнаймыз. Рамазан айына дайындықты тазалықтан бастау керек деген сөз бекер айтылмаса керек. Құрбым екеуміз түске дейін бөлмемізді тазалап, түстен кейін азық-түлік əкелуге бардық. Күні бойы үйде болсаң байқамай ішіп-жеп қоя жаздайды екенсің. Оның үстіне, жатақханада ас бөлме, қонақ бөлме деген жоқ. Жалғыз бөлменің ішінде дастарқан да, үстел де, төсек те қатар тұрады. Ораза ұстаған адамдар суға шомылуға бола ма, болмай ма деген сұраққа жиі бас қатырады. Егер су жұтып қоймасаң, суға шомылып, тазалануға болады делінген «Ислам ғылымхалы» кітабында. Сондықтан демалыс күні біз де суға шомылып алдық.
Алматыда əртүрлі университеттерді бітірген жас журналистер NewJourneration дейтін
бейресми ұйым құрып алған. Олардың қатарында Аян Қалмұрат, Баубек Сағындық,
Əсел Сарқыт, Ақжарқын Қыдырханова, Думан Смақов, Айзада Жайыққызы, Жадыра
Аққайыр, өзіміздің «Ұланның» Таңшолпан Төлегені мен Гүлдана Нұрлыхановасы да бар. Айына бір рет бас қосып тұратын бейресми ұйым мүшелері бүгін ауызашарға
жиналдық.
Ақмарал: Əдетте демалыс күнді үйден шықпай, бауырларымның жанында болғым келеді. Өзімнің аузым берік болса да, үйдегі ораза ұстамаған жандарға тамақ істеуге тура келді. Демалыс күні үйдің бəрін тазалап, артық заттарды қоқысқа тастадым. Тек үйді ғана емес, миымды да артық ойлардан тазарттым. Адам басына келетін арам ойларды бақшадағы гүлге кедергі келтіретін арам шөппен салыстыратын болсақ, арам ойдың зардабын білеміз. Жағымды əсер еткен оқиғаларды еске түсіріп, жақсы ойларымды қағазға түсірдім. Ауызашарға дəмді тағам дайындап, ауызашар сəтті асыға күттік. Үйдегілер дайындаған тамағыңды сүйсіне жеп, алғысын айтса, көңіл-күйің көтеріліп қалады екен.

P.S. Оразаның алғашқы жексенбісін осылайша аяқтадық. Ауыз бекітудің алғашқы аптасы біз үшін аса қиындық туғызбады. Медицина мамандарының айтуынша, дені сау адам тамақсыз екі ай бойы өмір сүре алады. Ал сусыз өмір 5-7 күнге созылуы мүмкін. Сондықтан күніне 15 сағат ашығудың адам өміріне ешқандай қаупі жоқ. Астана мен Алматы қалаларында ауыз бекіту жəне ауызашар уақыттары бойынша айтарлықтай айырма бар екен. Елордалықтарда таң намазының уақыты 3:16-да кірсе, ауызашар уақыты 21:06-ға сəйкес келеді. Ал алматылықтар 3:49-да ауыз бекітіп, 20:14-те ауыз ашады. Демек, елордалықтар бір жарым сағатқа жуық уақыт ұзағырақ ораза ұстайды екен.

Дана МАРАТОВА,
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №23
5 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз