Басынан бастайық. «Оскар» негізінен коммерциялық фильмдерге арналған шоқтығы биік мега фестиваль. Бүкіл әлем көрерменінің назары басқа ешбір кинофестивальге «Оскарға» ауғандай ауған емес, ешқашан. «Голливудтың балаларын» бәрінің танитыны да содан.

Дегенмен, кинофестивальдің өзіндік міндеттері, қағидаттары болады емес пе?! Ұсынылған картиналарға баға беретін кино мамандары да бар. Америкада білікті кино сыншысы жоқ деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Америка киносының тарихы терең. Бір ғасырға жуық тарихында небір дүлдүл режиссерлерді, операторларды, актерлерді, қала берді кино сыншыларын тудырды. Басқасы мейлі, бағалаушылар тобында кино сыншыларының бар екені айдан анық. Сонда олардың таңдауы «Форма водыға» түсті ме? Талғамдары сол «Форма водының» төңірегінде болғаны ма?

Америка кино академиясы алжиын деген, не саяси астары бар.

Кешірім өтінем, қамшының сабындай ғана ғұмырыңыздың екі сағаттан астам уақытын түкке тұрғысыз бірдемені тамашалауға сарп еткеніңізге өкініш білдіремін.

Мен де сөйттім. Фильмді тамашалау барысында дүркін-дүркін құлазып кетеді екенсіз. Бұл не деген сұмдық!

АҚШ пен Мексика арасындағы саяси ойындарға байланысты «Оскар» әдейі мексикалық режиссерге берілді деген жазбаларды да көзіміз шалды. Мүмкін, рас шығар. Ертегі сарындас картинадан кино сыншылар балалық тәтті естеліктерін кезіктірген болар. Мақұлық пен әйелдің махаббатынан романтика көрген шығар, бәлкім.

Шынын айтқанда, бұған жауап іздеуге де, фильмді талдауға да құлықты емеспіз. Бір байқағанымыз, сирек кездесетін нашар кино түсіру үшін де анша-мұнша талант керек екен.

Осы орайда, бұл айтылғандар жазба авторының жеке көзқарасы екенін ескерткіміз келеді. Сіз қалай бағалайсыз, еркіңіз. Бірақ, неге Америка кино академиясы мутант мақұлықтардан қаһарман жасағысы келетіні белгісіз. Бірінші рет емес, бұрыннан «суперқаһармандарымен» аты шыққан Голливуд бұл жолы мақұлықты, анығы ихтиандр-мутантты әлемнің құтқарушысы етіп көрсеткісі бар. Гильермо дель Торо мексикалық режиссер болғанымен, фильм американдық «20th Century Fox» кинокомпаниясының жанынан құрылған «Fox Searchlight Pictures» студиясында түсірілген.

Ізгілікті мылқау қыздың мейірімінің арқасында адамзатқа деген махаббаты оянған мақұлықты надан тобыр бәрібір шеттете береді екен. Сөйтіп ол өзінің теңізіне аласталады. Бұл баяғыда айтылып болған ертек.

Тағы бір қызық жайт, мәртебелі Венеция кинофестивалінде «Алтын арыстан»,  беделді «Алтын глобус» премиясында «Үздік режиссерлік жұмыс», әйгілі BAFTA премиясында «Үздік режиссерлік жұмыс» номинацияларын «Форма воды» фильмі жеңіп алған. Түсініксіз…

Сюжеттік желісінде ерекше жаңалық жоқ, бұл бір. Екіншіден, режиссерлік шешім дейтіндей тың идея айтылмайды. Үшіншіден, логикалық ауытқу бар.

Осы үшінші дәйекке тоқталайық. Адамға мүлде ұқсамайтын, шортан тектес жасыл мақұлыққа мылқау қыз ғашық боп қалады. Тиісінше, мақұлық та қызға құлай берілген. Екеуінің арасында «махаббат хикаясы» орын алады. Жұқалап айтқанда, экраннан оғаш еместей көрінетін «тәтті» зоофилияны көреміз. «Тәтті» дейтініміз, осы көрініс ирониялық, романтикалық стильде боямалап берілген. Көрерменнің жымиып қана қабылдауы көзделген болса керек.

«Оскардың» қорытындысы шығады дегенде,  «Өзге тілдегі үздік фильм» номинациясына көбірек елеңдеп отыратынымыз рас. Себебі, шын киноның бағасы әділ берілетін номинация осы. «Оскардың» «Өзге тілдегі үздік фильм» сыйлығын кинематографияға тың серпіліс әкелген режиссерлердің біразы иемденген.

Биыл Андрей Звягинцев алар ма екен деп тілеулестік танытып едік. Шорт листке ресейлік А.Звягинцевтің «Нелюбовь» картинасымен қатар, Рубен Эстлундтың (Швеция) «Квадрат », Себастьян Лелионың (Чили) «Фастастическая женщина», Зиад Дуэридің (Ливан) «Оскорбление», Ильдико Эньедидің (Венгрия) «О теле и душе» фильмдері өткен болатын. Содан жеңіс Себастьян Лелионың «Фантастическая женщинасына» бұйырыпты.

Оны да көрдік. Жақсы фильм. Дегенмен…

Мұнда да шикіліктер бар. Елуден асқан Орландо есімді кісі қанша жыл отасқан әйелін, есейіп қалған балаларын тастап, Марина есімді қызбен кетеді. Бір күні түнде жүрегі сыр берген Орландо Маринаның қолында қайтыс болады. Ал, Маринаның шын есімі Даниэль.

Көріп тұрғаныңыздай, транссексуалдық құқықты қорғау мәселесін көтерген фильм «Оскарға» ие болды. «Форма воды» мен «Фантастическая женщинаның» негізгі идеясы не деген сауал бізді алаңдатады. Лелионың фильмі қазіргі адам құқығын қорғауға бағытталған дерсіз. Шындығы бар шығар, әйтсе де транссексуалдарды қорғау қаншалықты қажет? Ол өз фильмінде осы сауалды көтеріп отыр дерсіз. Онда, өнер деңгейінде көтере алмаған.

Біздің «Үздік музыка», «Үздік монтаж», «Үздік костюм» деген сынды өзге номинацияларға тоқталмауымыздың бір себебі, жеңімпаз фильмдердің идеясына қатысты ғана әңгіме өрбіткіміз келген.

Онсыз да ұят, иба деген құндылықтар ең күрделі мәселеге айналып отырған мына заманда жалаңаштана беру қаншалықты қажет? Біз қазір ашық қоғамбыз. Жұрт айта беретіндей расымен, жақсы да, жаман да көз алдымызда. Иммунитеті қалыптасып үлгермеген дәстүрлі қоғамға бұл жалаңаштану абырой әпермейді.

Интернет еркін болғасын бүкіл әлем көз тіккен «Оскарды» қазақ жастарының да көбі көреді. Сонда олар не ойлайды? Дүниетанымы, көзқарасы толық қалыптаспаған жастардың «мықты деген осы екен» деп ілесіп кетпесіне кім кепіл?

Өз киномызды дамытуға күш салуымыз ләзім. Өз брендтерімізді жасап шығуға тиіспіз. Өзімізге өзіміз мақтанышпен қарай алатын мәдени өнімдер беруіміз қажет.

Сонда ғана, өзгенің былығына батпай, өзімізде бардың қадіріне жете алар ма едік…

Биылғы «Оскарды» тамашалағанда түйген ойларымыз осы болды.

Ү.ҚАЗЫБЕК

«Ақ желкен» (№3, 2018)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз