Бүгін жасөспірімдер мен жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың неше түрі пайда болды. Өзін-өзі өртеп, одан қалса биіктен лақтырып, адам миына кірмейтін сұмдықтарды істеп жатыр. Осындай оқыс оқиғаларды көрген сайын, олардың жар сүйсем, отбасын құрсам, оқу оқысам, жұмыс істесем деген қарапайым армандары да жоқ па сонда деп түсінбей дал боламыз. Олар елдің, ұлттың демей-ақ қоялық, бірақ əрқайсысы бір-бір үйдің үміт артып отырған ұл-қыздары емес пе?! Оларға өмірдің қымбаттығын, арманның асқақтығын қалай түсіндіреміз? Ұлттың арманын арқалап жүріп, өмірден ерте кеткен боздақтардың қасында бүгінгілердің жүріс-тұрысына қарап, Абылайдың түсіндегідей «бақа-шаян» болып кеткен бе дейсің еріксіз. Ұлттың арманы деген сөзді де бекер айтып отырған жоқпыз. Бəлкім, алдымызға үлкен мақсаттар қойып үйренуіміз керек шығар. Қара басының емес, қазақтың мұңын мұңым деп түсінген асыл ағаларымыз қандай еді расында?! Аға дейміз-ау, аға боларлық жасқа да бірі жетіп, бірі жетпей кетті емес пе! Бірақ жас болса да бас болды, бар қазаққа үлгі болып аты қалды, заты қалды, сөзі қалды. Жап-жас күндерінде-ақ олардың алдында қандай үлкен армандар тұрды десеңізші!

Алғашқы өлеңі «Секілді өмір қысқа, жарты тұтам» деп аталады екен Сұлтанмахмұттың. Бəріміз бала кезімізде жаттаған «Шəкірт ойы» өлеңінде: Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам? – деген Сұлтанмахмұттың өмірін оймен шолсаңыз, мына сөз қандай көкіректен шыққан деп еріксіз таңғаласыз. Енді қанаттанып, оқуға шындап кіріскенде көз ауруына шалдығып, одан қалса жөтел пайда болып, медреседен шығып қалады. Бұл кезде Сұлтанмахмұттың жасы небəрі он жетіде екен. Емделген соң Троицк маңындағы ауылдарға барып, балаларға сабақ береді. «Айқап» журналында біраз жұмыс істеген соң, қайтып ауылында бала оқытады. Білімін толықтырып, Семейге оқуға түскісі келеді. Бірақ, оқуға түсе алмай қалады. Қайтып бала оқытуға кіріседі. Өз ақшасына орыс тілінен мұғалім жалдап, орысша үйренеді де, Томскіде курс оқиды. 1917 жылы Уақытша өкімет орнап, ел іші астаң-кестең болып жатқанда Семейге келеді. Қазақтың оқыған-тоқығандарына жақтасып, солар құрған комитетте кішігірім қызмет атқарады. Көп оқиды, шетел əдебиетімен танысады, тынысы ашылып, айналасына басқаша көзқараспен қарай бастайды. Өмі- рінің соңында Шідертіде болымсыз бір қызмет істеп жүргенде қатты ауырып, төсектен тұра алмай қалады. 1920 жылы 21 мамыр күні дүниеден өтіпті. Ол кезде Сұлтанмахмұттың жасы жиырма жетіде еді…

Сөйткен Сұлтанмахмұт бір сəтке де мойымай, керісінше:

Тұрмыста үмітім көп жеңем деген,

Жеңуге жігеріме сенем деген…

Менде жоқ қажу деген, ашу деген,

Тарығып, болымсызға сасу деген, – дейді. Қанша қиындық көрсе де өмірді сүйді, ең бастысы қазаққа күн болам, қазақтың көзін ашамын деп армандап өтті.

Ал Шоқан Уəлиханов əлеуметтік тегі жағынан Сұлтанмахмұтқа қарама-қарсы тұлға. Байдың баласы, мұқтаждық та, таршылық та көрмеген. Кейін үлкен ғалым болған кезінде де шалқып өмір сүруге мүмкіншілігі болды. Оның Санкт-Петербордағы тұрмыс-тіршілігіне қарап, «күлшелі бала сүймекке жақсы» дегенді меңзейтіндер де табылып қалар. Бірақ ол сол кездегі асыл достарын əкесінің дүниесімен емес, үлкен мақсаттар жолындағы асқақ арманымен тапты. Жүрген жерінде сыйлы, ортасында қадірлі адам болды. Байлыққа да, барлыққа да мастанған жоқ. Оның жандүниесі Сұлтанмахмұттікіне ұқсас еді. Екеуі де білімді, оқыған-тоқыған, көзі ашық, көкірегі ояу. Екеуі де өз заманында қазақ деген ұлттың жұтылып, аяусыз жаншылып жатқанын, болашағы бұлыңғыр екенін көрді. Сондықтан да өздері өмір сүріп отырған қоғамға іштей қарсылықта болды. Сол қарсылық олардың жан жарасына айналды. «Аққан жұлдыз» атанған Шоқан небəрі 30 жыл ғана ғұмыр кешті.

Қазақтың тарихында Сұлтанмахмұттан да, Шоқаннан да қысқа өмір сүрген бір тұлға бар. Ол – Ғани Мұратбаев. Қазалыда туып, Мəскеуде 23-ақ жасында дүниеден өтіпті. 18 жасында оқу бітіріп, ағартушылық бағытында белсене қызмет еткен. Жетісу облысында мұғалімдер даярлайтын курс ашқан. Жетім балаларға интернат ашып, оның жұмысын да өзі жүргізген. 19 жасында қазіргі «Жас Алаш» газетінің бірінші нөмірін шығарып, бас редакторлық қызмет атқарған. Жастарға жалынды жетекші болған. Қоғамдық-саяси мəселелерге белсене араласып, өз заманына адал қызмет еткен қазақтың асыл ұлдарының бірі. Ал Саттар Ерубаев болса, бар-жоғы 23 жыл ғана өмір сүріпті. Бала кезінде молдаға бағынбай қашып кетіп, Түркістанда оқыған дейді дерек көздері. Үздік оқып, зеректігімен көзге түседі. Сөйтіп, Қазақстанның оқу комиссариаты берген жолдамамен Ленинградтағы Тарих, философия жəне лингвистика институтына түсіп, 1933 жылы оны үздік бітіріп шығады. Ұстаздарының ұсынысымен аспирантураға да қалып көреді. Бірақ, неге екені белгісіз, Қазақстаннан шақырту келіп, оқуын тастап кетуге мəжбүр болады. Сонда Саттардың жасы небəрі 19-да екен. Əрі жас, əрі білімді Саттар Алматыға келіп «Ленинская смена» газетінде əдебиет жəне өнер бөлімінің меңгерушісі, «Лениншіл жас» газетінде редактор, аз уақыт музыка театрында директор болып, Жоғары ауыл шаруашылық мектебінде философия кафедрасында ұстаздық етеді. Содан кейін «Қарағанды пролетариаты» газетінде бас редактордың орынбасары болады. 19 жасында қолы жетіп тұрып, оқи алмай кеткен Ленинградтағы институттың аспирантурасына 21 жасында түседі. Онда бір жыл оқығаннан кейін, өкпе ауруы меңдеп, Алматыға қайтуына тура келеді. Жастығы болар, өлер шағына дейін аяғынан тік жүріп, Қазақ педагогика институтында қазақ əдебиетінің тарихы мен теориясынан лекция оқып жүріпті. 1937 жылы 2 маусымда ауруханада жатып көз жұмады. 23 жыл ғана өмір сүріп, артында қаншама құнды мұра қалдырып кетті. Новелла, баллада, эпиграмма, пародия жанрлары бойынша жазған еңбектерін былай қойғанда, «Менің құрдастарым» атты романы классикалық шығармалардың қатарынан əлі түсе қойған жоқ. Ол қысқа ғұмырында Ю.Березиннің, А.Суриковтың, К.Чуковскийдің, И.Эренбургтің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударыпты. 1966 жылы Саттарға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы беріледі. Бірақ, көзі тірісінде алмаған, үлгермеген.

Рамазан Елебаев 33 жыл ғана ғұмыр кешкен. Жастық шағы аумалы-төкпелі кезеңге дөп келген Рамазанның өмірі ит тартқан тулақтай болыпты. Ақмола облысына қарасты Еңбекшілдер ауданындағы Құдықағаш деген жерде 1910 жылы дүниеге келіпті. Ресми дерек осылай дейді. Ал бейресми дерек бойынша, Рамазанның əкесі Ержан башқұрттардың арасына жұмыс іздеп барып, сол жерде Сəлима атты қызға үйленеді. Арада біраз жыл өткен соң Рамазанды ертіп əкесі Қазақстанға келеді, анасы сол жақта қалады. Əкесі қазақ қызына үйленіп, қызды болады. Ал өзі 18 жасында Орынбордағы жұмысшы факультетінде оқиды, Алматыда əскери борышын өтейді. 1931 жылы Қазақ драма театрында əртіс болады. Онда екі жылдай уақыт істейді де, қайтадан əскери салаға кетеді. Қысқа мерзімді сақшылар курсын бітіріп, Лепсі шекара қызметіне барған екен. Онда бір жыл жүргеннен кейін Алматы медицина институтына оқуға түсіпті. Екі жылдан кейін жолдама арқылы Мəскеу консерваториясына оқуға жіберілген. Консерваторияда оқып жүрген жерінен 1942 жылы майданға аттанып, Панфилов дивизиясының атқыштар полкінде ұрысқа қатысқан. Майдандас достарының арасындағы əнге, биге икемі барлардан бригада ұйымдастырып, от пен оқтың ортасында айналасындағыларға рух беріп жүріп, оққа ұшыпты. 33 жыл өмір сүрген уақытында Рамазан көпшіліктің есінде «Жас қазақ» əнімен қалды. Бұл əнді майдандас досы Төлеген Тоқтаровқа арнап жазыпты. Өлеңдерінің дені патриоттық тақырыпта жазылыпты. «Жолдастар» əні атты əскер полкі айтатын əнұран іспеттес болыпты. Рамазан Елебаевтың маңдайына тағы 30 жыл тірі жүруді жазса, қазақ өнерінің алтын қорын қалай байытатын еді, мысалы.

37 жас жасаған Айқын Нұрқатовты да осы қатарға қосқанымыз жөн. 1954 жылы «Қазақ əдебиетіндегі Маяковский дəстүрі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Одан кейін «Əдебиет жəне искусство» журналында бөлім меңгерушісі, сосын М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтында аға ғылыми қызметкер болған. Осы уақыт аралығында батыстың, шығыстың, орыстың классикалық шығармаларын тауыса оқып, «Абайдың ақындық дəстүрі», «Идея жəне образ», «Мұхтар Əуезов творчествосы», «Жалғасқан дəстүр» атты зерттеулер, 210 ғылыми-сын мақала жəне рецензия жазған. Сонда 9-10 сыныптарға арнап «Қазақ əдебиеті» оқулықтарын жазған Қирабаевтың да, Қабдоловтың да, Нұрқатовтың да жастары 30-ға да толмаған екен. Ол туралы ғалым Серік Негимов: «Айқын Нұрқатов пен Нығмет Ғабдуллин 1946 жылы Шұбаркөл орта мектебін бітірерде ұстаздары «мұндай зерделі, ұшқыр ойлы оқушылардан емтихан алуға шамамыз жетпейді» деп, Сырымбет мектебіне жіберіпті. Сол кезде Абай атындағы ҚазПИ-ден келген белгілі педагог, қаламгер Бекмұхамед Серкебаев шəкірт жинап жүрген екен. Бұлардың шығармаларын оқып, қызығып, сендер қанаттанған ақын-жазушы екенсіңдер деп, оқуға орналастырды», – деп жазады «Əуезовтің əйгілі шəкірті» деген мақаласында. Серік Негимовтің айтуынша, 37 жас жасаған Айқын Нұрқатовтың жиырма бестей кітабы шығыпты.

Айқын Нұрқатовтың замандасы деуге болатын, халықтың жүрегінен орын алған, алайда 30 жасында о дүниелік болып кеткен Төлеген Айбергеновті бүгінгі жас ұрпақ қана емес, алдыңғы буын ағалар да үлгі тұтады. Айбергеновше жазып, Айбергеновше жырлауға құмар көп ақын. Педагогикалық университетті бітірген соң мұғалім, 25 жасында мектеп директоры болады. Қысқа ғұмырында көп қызмет істеп те үлгермеген. Білуімізше, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы əдебиетті насихаттау бюросында бір-ақ жыл қызмет істеп, мəңгілік мекеніне кеткен. Студент кезінде талантымен жарқырап көрініп, көзінің тірісінде «Арман сапары», «Өмірге саяхат» деген кітаптары жарық көрген. Бірнеше кітапқа арқау болатындай өлеңдері өзі өмірден өткеннен кейін жарыққа шықты. Төлеген де қазақтың кер маңдайына сыймай кеткен ұлдарының бірі. Суретші Бексейіт Түлкиевтің өмірі де қысқа болды, қазасы жұмбақ күйінде қалды. 43 жасында кісі қолынан кетті. «Əке», «Əже» «Əкені майданға шығарып салу» секілді туындыларымен танылыпты. Мəскеудегі əйгілі Строганов училищесінде кескіндемеші мамандығын оқып шыққан. Кең тынысты суретші еді дейді Бексейітті білетіндер. Қазір көп қолданыста жүрген «Ұлы көш» картинасында 89 тарихи тұлғаны бейнелепті. Осындай асқақ идеясы бар адам спорт саласына да көп еңбек сіңіріпті. Таэквондодан «қара белбеу» дəрежесі болған. 1991 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасының таэквондо федерациясының президенті қызметін атқарған.

«Ол тірі болғанда қазіргі режиссерлар сияқты дəлдүріш кино түсірмейтін еді» дейді Аяған Шəжімбайды қадірлейтіндер. «Алжир» атты екі бөлімді деректі фильм мен «Жансебіл» атты көркем фильм түсіріп, кино өнеріне өшпестей із қалдырды. Ерте кетсе де қырығында қамал алған азамат еді. Ол өзін талантты режиссермін деп ойлап жүргендердің ешқайсысы да түсіре алмаған киноны түсіріп кетті десек те болады. «Жансебілдей» кино түсіру үшін қазақ кино өнеріне тағы бір Аяған керек шығар, бəлкім. Ол тірі болғанда қазақ киноөнерін біраз жерге сүйрейтін еді, сөз жоқ. Ең бастысы, «таза ұлттық кино жасаймын» деген арман қандай еді десеңізші?!

Қоғамда белгілі бір оқиғалар бола қалған жағдайда, «академик не айтар екен?» деп көпшілік Мұрат Айтқожиннің аузына қарайтын. Ол Қазақстанда молекулалық биология мен биотехнологияның негізін қалаған ғалымдардың бірі. 37 жасында Лениндік сыйлық алған, 38 жасында биология ғылымдарының докторы, 40 жасында профессор атанып, 44 жасында академик болған. Ол туралы осыдан екі жыл бұрын журналымызға «Əлем таныған академикті қазақ танымайды» деген мақала шыққан болатын. Иə, қазақ ғылымын бір көш алға сүйреген академик Мұрат Айтқожинді білетіндер қазір сирек. Осындай ерек те керек азамат 48 жасында о дүниелік болыпты. Ол тірі болғанда биыл 77 жасқа толатын еді. Өмірден ерте кеткен таланттар жайлы көзкөргендерден сұрап көрдік. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаевқа хабарласқанымызда, қазақтар өмірі іздемеген, ал орыстар «Непризнанный гений» деп атаған, КСРО бойынша бірінші хакер болған Мұрат Өртеңбаев деген азаматтың болғанын айтты. Расында да, мойындалмай кеткен талант екен. Хакер деген атау тұрмақ, ондай түсінік жоқ кезде өмір сүрген Мұрат ағамыз білім-білігін ғылымға жұмсағанда, ұлтына ұшан-теңіз пайда келтіргендей екен. Мəскеу мемлекеттік университетінде математиканы оқығаннан кейін, қолынан келіп тұрған ғылым жолын таңдамай, Ресейде ВАЗ маркалы көлік шығаратын зауытқа программист болып жұмысқа тұрыпты. Сол жерде еңбегін елемей қойғандықтан, конвейер бағдарламасын өзгертіп тастайды. Сөйтіп, білдей бір зауыттың жұмысы үш тəулікке тоқтап қалады. Жұмыс тоқтаған үш күннің ішінде екі жүз көлік ВАЗ-дың конвейерінен шықпай қалады. Миллиондаған рубль шығынға батады. Əрине, сол кезде тексеру жұмыстары да басталып кеткен. Əлде қорыққаны ма, əлде ары жібермеді ме, Мұрат Өртеңбаев «кінəлі менмін» деп өз аяғымен келіп мойындаған екен. Екі жыл жазасын өтеп, екі «Жигулидің» құнындай айыппұл төлеп, Қазақ- станға оралыпты. Келгеннен кейін кəсіппен айналысып, ел қатарына қосылып кетіпті. «Мəскеуде бірге оқып жүргенде бір суретін сыйлап еді, шашы ұзын болатын. Елге келгеннен кейін жолымыз екіге бөлініп кетті. Содан бері хабарсыз кеттік. Кезінде бір мақала жазбақ болып едім, баласы суретін берем деді де бере алмады, сонымен ол мақала да жазылмай қалды. Оны қазақтар көп іздемейді, орыстар көп жазды», – дейді Асқар Жұмаділдаев. Мұрат Өртеңбаев 50 жасқа келмей өмірден озған екен. Асқар Жұмаділдаев ерте кеткен Əділет Иманбеков деген де бір талантты физиктің өмір сүргенін айтты. Мəскеуде физиканы оқып, АҚШ-та білім алған, сол жақта марапатталған мықты маман болыпты. «Оны да қазақтар аса жақсы білмейді» дейді Асқар Жұмаділдаев. Біз Шоқанның типіндегі ағартушы ғалымдарды іздеп едік. Тарихшылар «ХХ ғасырдың Шоқаны» деп атаған Сапар Ибрагимов деген ғалымның болғанын айтты. «Қазақ хандығы бойынша XV-XVIII ғасырдағы материалдар» деген кітап шығарыпты. Бірақ ғұмыры сондай қысқа болыпты. Өмірден ерте кеткен əдебиет- шілерді санай берсең, əдеби ортаның ортасы ойылып түскендей көрінеді. Елуге жақындап өмірден өткен Оралхан Бөкейдің өзін «ерте кетті ғой» деп жатады. Соғыс біткен жылы туып, тəуелсіздік алардан бір жыл бұрын өмірден өткен Жұматай Жақыпбаевтың ақындық жолы да жатқан бір аңыз. Олардың жанында Қайрат Əлімбектер баланың ғұмырын ғана кешкендей көрінеді. Мысалы, өмірлері аңыз секілді айтылатын Марат Отаралиев 36 жас, Тобық Жармағамбетов 39 жас, Танабай Нарманов 22 жас, Артығали Ыбыраев 21 жас, Меңдекеш Сатыбалдиев 36 жас, Бауыржан Үсенов 30 жас, белгілі айтыскер ақын Оразалы Досбосынов 29 жас ғұмыр кешіпті. Қарап отырсақ, əдебиеттің бір дəуірін жасаған, жасайтын буын өмірмен осылай ерте қоштасыпты.

P.S. Иə, өмір мағыналы болған сайын қымбат та ыстық көрінеді екен. Біреуге уақыт жетпейді, біреуге уақыт өтпейді, қарап тұрсаңыз. Біз сенеміз, «Бекзаттай боламын» деген балалар Қазақ- станның түкпір-түкпірінде ұлт- тың арманын арқалап жүрген шығар, бəлкім. Балалар, Шоқан- дай болам десеңдер, Мұрат Айтқожиннің жолын қуамын десеңдер, мүмкіндік көп. Сол мүмкіндіктеріңді арзан арман мен болмайтын қиялдың құрбаны жасамаңдаршы дегіміз келеді.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

“Ақ желкен” №2, 2016 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз