Былтыр мамыр айында Баянауылға жолымыз түсті. Құдай бұйыртып, Баянауылдың ой-шұқырын тура бір апта араладық. Ондағы мақсатымыз – экспедиция, атты сапар. Бір апта бойы Баянауылдың ел ағаларымен бірге осы өңірде туған, есімі елге белгілі тұлғаларға зиярат қылдық. Зират-кесенелерде болдық. Жолай әр ауылға соғып, мектеп оқушыларымен кездестік. Олар да үлкен дайындықпен кездесу кештерін өткізді, ұлттық ойындар ойналды, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізді. Жан сүйсінтетін ғажайып сапар болып еді. Сондағы әсер бойымызда әлі жүр, ауық-ауық еске алып, дос-жарандарға әдемі әңгіме қыламыз.

Қош, сол сапардың естелігі көп. Павлодар облысының аумағындағы Баянауыл ауданы жеке өзі бір әлем секілді. Неге десеңіз, Баянауылдың аудандық шекарасына кіре бере, алдыңыздан ғажайып табиғат шыға келеді. Жазық дала, қоңыр бел артта қалады да, жап-жасыл қырқа-қырат көзіңіздің жауын алады. Көз ұшынан Ақбеттей тау мұнартады. Одан ары барсаңыз, Әулиелі Қызылтау шақырады. Баянауылдың орталығын Сабындыкөл мен Жасыбай көлдері орап жатыр.

Әр ауылдың арасы аттылыға 4-5 сағаттық жол. Ат үстінде әңгімеден басқа қандай ермек болсын, әңгіме бір үзілмеді. Баянауылдықтардың әңгіме айтысы да қызық. Бір ғажабы, олар баянауылдық болғанына екі дүниеде риза. Өз ауылдарынан шыққан атақты адамдар жайлы айтқанда тіптен арқаланып кетеді. Бірінен бірі асырғысы келеді. «Бір Баянауылдың өзінен бәленбей академик шыққан» деді бірі. «Бір Сәтбаевтың өзі неге тұрады!» деді енді бірі. Кейін білгеніміздей, Баянауылдың бір өзінен бақандай 14 академик шығыпты.

«БАЯНАУЫЛДАН ШЫҚТЫ ДЕГЕН АТЫ БОЛМАСА…»

Мұның сыры неде? Ауылда ғылым жолына даярлайтын арнайы мектеп болды ма? Әлде кездейсоқ жетістікке жеткендер ме? Әрі-беріден соң, олар шынында сол атаққа лайықты ма? Әрине, мұндай сұрақтардың болуы заңды. Сол үшін-дағы баянауылдық академиктерге аз-кем зерттеу жасап көрдік.

Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағының мемлекеттік инспекторы, өлкетанушы Алтынбек Құрманов ағамызды қайта тауып алдық.

– Қазақстандағы ғылымның негізін қалағандардың дені Баянауылда дүниеге келді, – деп риза кейіппен әңгімесін бастады ағамыз. – Аты аңызға айналған Қаныш Сәтбаев археология ғылымының атасы Әлкей Марғұлан, қазақ химиясының негізін қалаған Әбікен Бектұров, қазақ энергетикасының атасы Шапық Шокин, қазақ медицинасының негізін қалаушылардың бірі Хамза Жұматовтарды айтсақ болады. Алғашқы режиссерлер де бізден шықты. Театрда Жұмат Шанин болса, кинода Шәкен Айманов бар. Ғасырға жетер-жетпес уақытта сондай буын шығып тұрған. Олардың ұстаздары, өздерінің шырағданы болған – ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ол кісінің өзі де қазақ жазба әдебиетінің негізін қалағандардың бірі. Баянауылда әулиелі жерлер көп. Қоңыр әулие, әулиелі Қызылтау деген жерлер бар. Менің жақсы білетінім – академик Әлкей Марғұлан, әжемнің бауыры еді. «Мені әкем Хакан мен анам Нұрилә құрбан шалып, Қоңыр әулиенің басына барып тілеп алды» деп айтатын. Қаныш Сәтбаев геология-минералогия жағында болды, сондықтан осылардың бәрі соның шәкірті десек қисынға келмейді, себебі әрқайсысы әр саладан.

Әлкей Марғұлан сегіз ғылымды қатар алып жүрді. Мұқаңнан бұрын алғаш Абайды жазған да сол кісі. Ұлытаудағы Едігені жазған кезде Кеңес өкіметі ол кісінің соңына түсті. Қаныштың да соңына түсті. Содан бұл кісі филологиядан кетіп, әлі беті ашылмаған археология ғылымына ауысты. Филология саласында да көп дүние жазды. Археологияда үлкен мектеп қалыптастырды. Музыка өнерінен айтсақ та, Баянауыл әнші-жыршыдан кенде емес. Дала Паганиниі атанған Жаяу Мұса бар. Айдауда жүргенде

Еуропада болып, сол жақтан скрипка үйреніп келген. Қазақ әндерін скрипкаға салған, ең алғаш нота білген адам. Міне, осының бәрі Баянауылдың үлкен жұмбақ сыры. Баянауыл өзі үлкен жер де емес, он екі ауылдан тұратын шағын аудан. Бәрі соны айнала жағалай өскен. Ғылымда екі бірдей «Халық қаһарманы» шықты – Шапық Шокин менАхат Күленов. Алаштың ардақтылары Жүсіпбек Аймауытыв, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар бар. Ермахан Бекмаханов – Қазақстандағы салалы тарих ғылымының алғашқы докторы. Міне, осындай кісілер бар. Бірақ бұл кісілер Баянауылдан шықты деген аты болмаса, ауылға бір шеге қаққан жоқ. Отанға қызмет етті. Бізге айтатыны сол, «сенің ауылың ешқайда қашып кетпейді, білген дүниеңді халыққа жеткіз» дейді. Әрқайсысы бір-бір қазына. Әрқайсысы бір-бір зерттеу. Әлкей ағамыз «үлкендерді үлгі тұту керек, мақтаудың керегі жоқ» деп айтатын. Аллаға шүкір, қазір де ғалымдарымыз шығып жатыр.

Жыл сайын Баянауылда бір тұлғамыздың мүшел тойын атап өтіп жатамыз. Құрманғазы ұлт аспаптар оркестрін қолмен жасап шыққан Қамар Қасымов болды. Кәукен Кенжетаев атамыздың өзі неге тұрады! Бірақ бұлар жастарды жетектеген жоқ. Асылбек Сапарбек деген әнші інім бар, соны Кәукен ағамыз елге келгенде жетектетіп жібереміз деп, қолқа салып едік. Ол кісі басын шайқады. «Өзінің санасында, жүрегінде тектілік болса, өзі-ақ жарыққа шығады» деді. Баянауылды Сарыарқаның алтын алқасы деуге болады. Әншілердің үлкен мектебі болған. Ұстаздардың ұстазы болған Әбікей Сәтбаев бүгінде айтылмай жүр. Әлихан Бөкейхановтардың ақылшысы болған адам.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті. КСРО Ғылым академиясының академигі және Тәжік ғылым академиясының құрметті мүшесі. Геология және минеарология ғылымдарының докторы. Дүние жүзіне танымал ғұлама ғалым, қоғам қайраткері.

Әлкей Хақанұлы Марғұлан – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы. Бүкілодақтың география қоғамының толық мүшесі. Қазақстан Ғылым академиясының академигі. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Шокин Шапық Шоқыұлы – көрнекті қазақ энергетигі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО-ның құрметті энергетигі. Халық қаһарманы.

Хамза Жұматов – ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор. Қазақстан ғылым академиясының академигі. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Бектұров Әбікен Бектұрұлы – химик, техника ғылымдарының докторы, профессор. Алғышқы химик. Қазақ КСР ғылым академиясының академигі. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

«…ОҒАН СӘТБАЕВТЫҢ ЕШҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ ЖОҚ»

Әуелгіде бұл академиктердің бәрі де Сәтбаевтың «мафиялары» шығар деген ой болғанын жасырмаймын. Өлкетанушы ағамыз мұны жоққа шығарды. Ізденіс барысында академик, Халық қаһарманы Шапық Шоқыұлының «Өмірдің төрт мезгілі» деген кітабын ақтарып шықтым. Тамаша кітап, ішінде көп-көп естелік бар екен. Әуелгі ойымызға кітапта былай жауап береді:

«Қаныш Имантайұлының жерлестеріне айрықша қамқорлық жасайтыны, баянауылдықтарды академияға итермелеп өткізетіні жөніндегі өсек-аяң оның жанын жаралайтын. Бұған не дейсің? Ол жерлестеріне жоламаушы еді десек өтірік болып шығады. Жерлестеріне оның есігі күні-түні ашық еді. Ал баянауылдықтардың табысына қуанып, оның өсуін қызыға бақылап отыратыны рас па? Рас, бұл – табиғи қасиет. Ол ата-тегін білмейтін бұралқылардан емес-ті. Оны қоршаған ғылыми ортаның ең жарқын тұлғалары Баянауылдан шыққан деген сөздің де жаны бар. Бірақ бұл толық шындық емес. Ал нағыз шыны – олар жасанды академиктер болмайтын, олар Қазақстан ғылымының мақтанышы болып саналатын ғалымдар еді. Олардың есімдерінің өзі неге тұрады! Марғұлан, Бектұров, тағы басқалары. Өткен ғасырдың бас кезінде Баянауылдан көптеген жастар ірі-ірі мәдени орталықтарға оқуға аттанса оған Сәтбаевтың ешқандай қатысы жоқ. Ол заманда Баянауылда Мұса Шорманов болыс басқарушысы болған. Білімі терең, көзқарасы тап сондай кең кісілер о жылдары сирек кездесетін. Малшы шаруаларды ол білімді қастерлеуге үйретті, өзінің биік мәдениетімен жергілікті жастарға үлгі берді».

Сәтбаева Шәмшиябану Қанышқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ҰҒА академигі. Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озаты. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бәкенов Мұхтар Мұқашұлы – геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ҰҒА академигі.

Шүлембаев Қатыршат Шапағатұлы – тарихшы-филолог, философия ғылымдарының кандитаты, профессор. ҚР ЖМ ҒА академигі. Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

Дүйсенбеков Зайролла Дүйсенбекұлы – ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ҰҒА академигі. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Оңаев Ибрагим Әбілғазыұлы – техника ғылымдарының докторы. ҚР ҰҒА академигі. Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері.

МАҒЖАННЫҢ ӨСИЕТІ

Сәтбаевты жалғыз баянауылдықтар ғана емес, республиканың әр түкпірінен келген жас ғалымдар жағалайтынын, Сәтбаевты үлгі тұтатынын Шапық атамыз сүйсіне әңгімелейді. Әлкей Марғұланның да бауырмалдығын жеке тарау етіпті. Әрине, қазақты ағарту жұмыстары басталған тұста мұндай бауырмалдық, мұндай жанкештіліктің болуы тарихи заңдылық. Осы кітапта Әлкей Марғұлан мен автордың Мағжан Жұмабаевпен абақтыда кездескендерін еске алады. «Қаладан кетерде ол (Марғұлан – ред) Мағжанға баруымды сұрады. «Мен оған сен туралы айттым, жоғары білім алуы үшін, тірліктің тікенекті тар жолынан өту үшін біздің қанша қиындық көріп, сергелдеңге түсетінімізді білдірдім», – деді ол.

Бір аптадан кейін мен ол кісіге бардым. Басы үлкен, жазық маңдайлы, тығыз денелі, орта бойлы дембелше екен, өз жасынан үлкенірек көрінеді (ол кезде 42 жаста болатын). Осы уақытқа дейін ол менің көзіме тап сол қалпында елестейді. Мені жылы жүзбен жақсы қарсы алды, өзімен салыстырғанда әлдеқайда жас екеніме ( айырмашылығы 19 жас), жай-күйіміздің өзгеше екеніне қарамастан, менімен тең адамша сөйлесті, маған кәдімгідей ықыласын білдіріп, сөзге шақырып, ашылып емен-жарқын ынта қойды. Тірлік жолында кездескен қатерлі кездер мен шұғыл бұрылыстарды көбірек сұрады. Мен бәрін тәптіштеп айтып бердім, бірақ имандай шыным, мұндай үлкен кісімен байсалды әңгімеге әзір емес едім, сол себепті біраз қысылып та қалдым. Ол маған сәт-сапар тілеп, көп жақсы сөздер айтты, әсіресе білім қоймасы – көркем әдебиетті көбірек оқуымды баса айтты, ол кісінің шын мәдениетті, ізгі парасат иесі болуына көмектеседі дегенді есіме салды. Қоштасарда маған өзінің кітабын жылы сөздер жазып сыйлады, онда ақынның «Батыр Баян» атақты поэмасы бар еді. Бір өкінішті, қынжыларлық жайт (енді тіпті айтуға ұят деуге болады) мен оны 1937 жылы Абайдың, Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбектің, қазақтың басқа да ұлы жазушыларының туындыларымен бірге жойып жібердім, сонда ол кітаптардың менде болуы – менің «онша сенімді еместігіме, советке қарсы іс-әрекетке бейім екендігіме» айқын дәлел болады деп қорықтым». Міне, Шапық атамыз осылай ағынан жарылыпты. Жоғарыда айтқандай, бұл кісілердің Алаш ардақтыларымен ақылдас болуының да болашақ үлкен тұлғаға айналуына үлкен септігі болыпты. Қаныш Имантайұлының да олармен байланысы болғанын өлкетанушы ағамыз растайды. Тіпті, Қаныштың біз білмейтін қырын айтып берді.

«Ғалымдардың бір-біріне қатынастары өте тамаша болды. Өзім шет жағасын көріп өстім. Әрқайсысы өз саласының мамандары болса да, араласып-құраласып тұрды. Бір-біріне зияны болған жоқ. Әрбірі жаңа ғылымның бетін ашуға ұмтылды. Қаныш Сәтбаев пен Әбікен Бектұров атамыз болмағанда Маңғыстау түбегі не болар еді, мәселен? Бүкіл керекті құжаттарды жинап, Мәскеуде жоғары жақты жағалап жүріп, химия институтын ашып, лабораториялар жүргізді. Сәтбаевты геолог деп қана білеміз. 1920 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ автономиясының халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Ол кісі келісімен айналасына талантты жастарды жинай бастады. Мағжан Жұмабаевқа «Педагогиканы», Жүсіпбек Аймауытовқа «Психологияны» жазғызды. Қошке Кемеңгеров пен Мұхамеджан Тынышбаевқа қазақтың тарихын жазуға тапсырма берді. Міржақып Дулатовқа бастауыштың есебін жаздырды. Ал Қаныш Сәтбаев алгебраны жазды. Кейін Кеңес үкіметі бәрін де тойтарып тастады. Мен Сәтбаев мұражайында қор сақтаушы болып істедім. Сонда Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қаныштың алгебрасын қайта жасап шықты. Бүгін де бар ол дүние. Қарап отырсаңыз, сол алгебра қазіргі еңбектермен пара-пар екен. Міне, осындай дүниелер көп».

Бейсембаев Серікбай Бейсембайұлы – тарих ғылымдарының докторы. Қазақ КСР ҒА академигі. Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазақ КСР-інің Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Соғыс ардагері.

Сағынов Әбілқас Сағынұлы – техника ғылымдарының докторы. Қазақ КСР ҒА академигі. Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының иегері. Социалистік Еңбек Ері. ҚР ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер.

Қайыпов Арықтай Қайыпұлы – геолог, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ КСР ҒА академигі.

Ержанов Жақан Сүлейменұлы – техника ғылымдарының докторы. Қазақстан Ғылым Академиясының және Қазақстан Инженерия Академиясының академигі. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Академик Серікбай Бейсембаевпен біз бес жастан бері дос болдық. Бір ауылданбыз. Жұмат Досқараев мектебінде бірге оқыдық. Ол республика тарихы жөніндегі көптеген елеулі зерттеудің авторы. Жоғары мәдениеттің адамы, шынайы зиялы. Онымен өмір бойы қатынасты үзбедім деп шын көңілден айта аламын.

Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева әдебиеттің тарихы мен теориясын зерттеп, дамыту ісіне үлкен үлес қосқан ірі ғалым. Ол қазақ әдебиетінің Еуропа елдері мен шығыс елдері әдебиеттерімен байланысы саласының ел-жұрт таныған білікті маманы. Шәмшия – ой-өрісі кең, адамгершілігі мол, бауырмал, қарапайым кісі» деп жазыпты Шапық Шоқыұлы естелік кітабында.

Біз бұл мақаламызды тақырыпқа орай күдік-күмән болған соң жазған жоқпыз. Бірақ осындай әңгімелердің алдымыздан шығып тұратыны жасырын емес. Бір ауданнан шыққан көл-көсір ғалымдарды ел біле жүрсін дедік.  Ұлттық кітапханадан тапқан осы кітапта Шапық Шокиннің қолтаңбасы бар екен. «Құрметті, Мәке! Бастан өткен талай өмірдің көбірек есте қалғандары еді, құрметпен ұсынамын, қабылдаңыз» депті.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз