Ойымды кішкене болса да өзгертуге септігін тигізген оқыған дүниемді айтып бергім келді.

Екі құрбы әдеттегідей біз сияқты кофе ішіп, шер тарқату үшін кафеде отыр. Бірі үйіне кітапқұмарлар клубындағы қыз-келіншектердің келетінін, кезек өзіне келгенін, ол үшін қанша дайындық жасайтынын айтып мұң шақты.Екіншісі Алғыс айту күнінде туыстарының келетініне, тұяғы артық қимылдап қоятынына көңіл-күйі болмай отыр. Әйтеуір бітпейтін шағым. Бір кезде кафеге күтімі жоқ, үстіне не болса соны іле салған, тіпті кроссовкиінен башпайы жымыңдап тұрған әйел кіріп келді. Жандарынан өте бергенде жағымсыз иісті сезді. Көптен жуынбағаны көрініп тұр. Екеуі де аяп кетті. «Кофе алатын да ақшасы жоқ шығар» деп бірі кассаға барып кофе мен тіскебасар әперді. Екеуі де өздерін әлгі әйелдің алдында кінәлі сезінді. Неге? Өйткені оларда бәрі бар, бірақ өмірге ылғи өкпелейді де жүреді. Басы қосылса, әйтеуір проблема тауып алып Асан қайғы болып отырады. Екі құрбы сол сәтте күн сайын шағымдарын, артынан шүкірліктерін жазып отыруға келіседі. Бала кездегідей бір-біріне серт береді.

Ертесі құрбысының бастамасын іске асырайын деп ұйқыдан оянса, тағы да күн сәтсіз басталады: Тоңазытқышты ашса, сүтпен жейтін үлпілдегі таусылып қалыпты. «Сүтсіз қалай жеймін? Таңғы асқа не ішем? Бір күнді дұрыс бастай алмаймын», – деп мысығына мұң шағады. Шағымын жазайын деп дәптер іздесе, оны да таппайды. Сосын құрбысына қоңыраулатады. Шағымын айта бастайды. Құрбысы да күйеуінің кофемашинаны қоспай кеткеніне ренжулі екен. 10 минутқа кофені кешігіп ішіп отырғанын айтады. Не керек, екі құрбының есіне кешегі уәделері түседі.

Дәптерлеріне шағымын да, шүкірін жазып қояды. Бірте-бірте олардың дәптерінде шағымнан гөрі шүкір басым болғаны байқалады. Жақсылық туралы жаза-жаза өмірдегі кез келген проблемаға күле қарап, шағым айтпайтын болады.

Бұл оқиға әркімге әрқалай әсер етуі мүмкін. Журналистика бойынша №8 оқушылар үйінде балаларға сабақ беріп жүргем. Солармен осындай эксперимент жасап көруге тәуекел еттік. «Бір апта шүкір айтамыз…».

Өткен апта кім не жазды екен? Бірінші өзімнен бастадым. Кейде балаларға үйге тапсырма берсең, түрлі сылтау айтып орындамай келеді. «Мен тапсырманы өзім орындасам, олар да маған қарап орындайды». Осы шешімге келдім. WatsApp-тағы тобымызға кешкісін өзімнің жазғанымды салып жібердім. Балалар апайларын ұятқа қалдырмапты. Бір аптадан соң сабаққа барсам, тапсырмаларын дайындап қойыпты. Ішінде құпиялары да көп екен. «Апай, ішіңізден оқыңызшы» дегендерінен-ақ маған деген сенімдеріне риза болдым. Сөйтіп, газетке өздерінің келісімімен кейбір күндерін жариялайтын болдық. Қазіргі балалар күнделік жазып отырып, көңіл-күйлерін түрлі смайликтермен білдіреді. Бірі суретін салса, енді бірі көңіл-күйді білдіретін жапсырмалар жабыстырып кетеді. Бірінің жазғанына күлсең, екіншісінің жазғанына ойланып қаласың. Өйткені онда отбасылық, алғашқы сезім құпиялары жатыр еді.

Сонымен күнделікке не жазыппыз? Әуелі уәде бойынша өзімнен бастайын.

Жадыра апай:

13.06.2018

Бүгін журналистикада оқитын балалармен эксперимент жасауға келістік. «Бір апта шүкір айтамыз…». Күн сайын қағазға шүкіршілік, жақсылық жайлы ғана жазатын болдық. Олай болса, кеттік! Осы сөйлемдерді жазып, бүгінгі шүкірімді ойладым. Өмірге риза адам сияқты көріндім бір сәтке… Кеше ұйқым қанбады. Таңертең қалада өмір сүруді жақсартуға арналған идеялар форумына жазылып қойғам. Тіркеу 8.00 мен 9.00 арасында. Не деген ерте! 10-дағы жұмысқа 11-де әрең барып жүргем. Басшымыз ораза ұстағандарға сондай жеңілдік жасаған болатын. Жиналып, үйден шығамын дегенше сағат 8.17-ні көрсетті. Такси әрең тоқтады. Тоқтағанын қайтейін, жолай қол көтергеннің бәрінің баратын мекенжайын сұрап шықтық. Жыным кеп отыр. Ұрысқым келді. Әншейінде мен мінгеннен кейін таксиге адам отырмай қалса, таксистің жайын уайымдап отыратынмын. «Таксидегі артық орынға тағы бір адам алса… менен 500 теңге алса, тағы біреу 500 теңге берсе, жанармайдың ақшасы шығушы еді» деуші ем. Ниетім бұл жолы тарылды да қалды. Бірақ: «Үндеме. Қазір бір ауыз сөйлесең, ол он ауыз жауап қайтарады. Бекерге өзіңнің жүйкеңді құртасың», – деп өзімді сабырға шақырдым. Дұрыс болыпты. «Кешігіп келем, басталып қойды» дегенім бекер екен. Өйткені форумды тура бір сағат кешіктіріп бастады. Өзіме қажетті ақпараттарды алдым. Сабырға дер кезінде келгенімнің қайыры шығар дедім мұны.

Балаларға сабақ беруге бара жатқан жолда Алтынсарин көшесіндегі су құбырының жарылып кеткенін байқадым. Көше Венеция болып жатыр. Бағдаршамнан өткенімде аяқ киімім малмандай болды. Осы сәтке ренжиін бе, қуанайын ба? Ой таразылап үлгергенімше, әлгі Венеция боп жатқан көше жиегінде шөл басып жатқан кептерлерді көрдім. Ыстықтан аузым кеуіп келе жатқан. Кептерлердің су ішкеніне қарап өзім су ішкендей болдым. Қайбір жылы ақын Есенғали Раушанов: «Жақсы дүние. Журналдарыңа берсеңдер қатып кетер еді», – деп бір әңгіме ұсынған. Ұйғыр жазушысы Нұрмұхаммет Ясын Өркешидің «Жабайы кептер» деген әңгімесі. Расында, ой салатын дүние екен. Жабайы кептерлердің мінезі өр келеді екен. Адамдардың қолына түссе, жем жемей, өз тілдерін өздері үзіп жібереді… Өйткені олар еркіндіктің құсы. Сол әңгіме есіме түсіп, адамдардың дәл жанында су ішіп жүрген, еркіндігінен айырылған кептерлерге аяй әрі аялай қарадым. Сәл жүрген соң су болған тәпішкем салқындап, дүние кеңіп сала берді.

Әр күнімнен, әр сәтімнен ләззат алғым келеді. Сол кезде «Болашағым беймәлім. Күшті өмір сүру үшін не істеймін?» деп бас қатырмаймын. Өйткені бүгінгі күн де менің өмірім! Оны уайыммен өткізгім келмейді.

Жадыра Әділханқызы, 7-сынып оқушысы:

17.06.2018

Бүгін туыстардың үйіне қонаққа бардық. Ол үйде мектепті «Алтын белгіге» бітірген екі әпкем бар. Олардың қандай қиындықпен алыстағы университетке баратынын естігенде таңғалдым. Басқалар үшін бұл таңсық емес шығар. Бірақ баратын жеріне ылғи кешігіп жүретін мен үшін қиын боп көрінді. Олар университетке бару үшін үйінен таңғы сағат 5.30-да шығады екен. Шынын айтсам, менің 8-де болатын сабаққа 7.50-де шығатын кезім көп. Мектебімнің үйіме жақын болғанына шүкір дедім.

Малика Жеткерген, 5-сынып оқушысы:

13.06.2018

Ұйықтап қалыппын. Тез-тез тұрып, төсегімді жинап, жолға шықтым. Жақсысы 5 минутта такси тоқтатып, журналистика сабағына үлгердім.

Кешке анам ауызашарға мен жақсы көретін кекс әкелді. Тойып жеп алдым. Артынан балмұздақ… М-м-м… мен жақсы көретіндей. Сол уақытта істемей қалған шаңсорғышты жөндейтін адамдар келді. Мә, шаңсорғышсыз қалай қиналдым десеңші! Енді шаршамайтын болдым. Шаңсорғыш бар!

Күнделік бастағаным дұрыс болыпты. Шүкір айтып үйрендім.

14.06.2018

Бүгін оразаның соңғы күні. Күн өте керемет өтті. Өйткені жақсы көретін үйірмем – «Актерлік шеберлікке» бардым. Бүгін тағы да балмұздақ жедім. Онда артық не қуантады?!

18.06.2018

Бүгін Оразадан қалған қарыздарымды ұстай бастадым. Мені отбасымызбен шетелге саяхаттайтынымыз қуантып жүр. Виза жасатудың әуресімен біраз жүрдік. Шаршасам да, шетелге қыдыратынымды ойлап төбем көкке бір елі жетпей тұр. Осындай жағдай жасап жатқан ата-анама мың алғыс! Олар біздің болашағымызды жоспарламаса, балмұздақ та жемес ем, шетелге де бармас ем ғой.

Жұлдыз Жеңісхан, 4-сынып оқушысы:

13.06.2018

Бүгін керемет күн болды! Анам екеуміз Family саябағына бардық. Балмұздақ әперді. Мен бұған шүкір деймін. Өйткені анам екеуміз келе жатсақ, тобығынан төмен аяғы жоқ кісі қайыр сұрап отыр екен. Аяп кеттім. 100 теңгем бар еді, соны бердім. Бере алғаныма қуандым. Біреуге жақсылық жасасаң, жеңілдеп, керемет сезімде болады екенсің.

Жерде нан қоқымы шашылып жатыр екен. Нанға обал болды-ау! Бірақ кептерлер сол қоқымды шоқып жеп жатыр. Қарындары ашқан сияқты. Тамақ табу оңай ма? Бұл көріністі анам екеуміз нан алуға келгенде көрдім. Кептерлерге тіпті өзіміз сатып алайын деп тұрған нанды бере салғым кеп тұр. Олар да тірі жан ғой. Кейбіреулерінің іші томпайып кетіпті. Сол кезде күліп жібере жаздадым. Кейде тамақты тойып ішкенде менің де ішім сондай шар тәріздес болып кетеді.

Адина Серікова, 2-сынып оқушысы:

20.06.2018

Мен бүгін анамның жұмысына бардым. Сосын домбыра үйірмесіне қатыстым. Анам мен тәтеммен бірге тамақ іштік. Анам маған бар жағдайды жасайды. Осындай анасы бар бақыттымын ғой мен! Журналистика сабағына барам. Басқа балалар жетпеген жетістікке жетіп жатқаным үшін шүкір айтам. Қазір сабақтан шыққан соң анамның жанына барып рақмет айтам…

Біз балалармен күнделікті ары қарай жалғастыра беруге келістік. Бәлкім, біздің де шағымнан гөрі шүкіріміз көбейер… Оқырманға да осы эксперментті жасап көруді ұсынамыз. Жақсылық жайлы көп жазсаңыздар, сіздердің өмірлеріңіз жақсылыққа толы болатынына біз сенеміз. Жақсылық жақындарыңа риза болудан, оларды қалай бар, солай қабылдаудан басталатын сияқты. Сабақтың соңында бір-біріміздің күнделігімізді оқып сондай ойға тоқтадық.

Бетті дайындаған

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №26
26 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз