Әлеуметтік желіні тұрақты қолданушылардың бірімін. Қазақтілді сайттардан тұшымды мақалаларды іздеп жүріп оқимын. Сүйікті авторларым да бар. Солардың бірі – Мадияр Арыстанбаев. Бірер күн бұрын Мадияр ағамның дүбірлі додада оза шауып, жүлде алғанын көріп қуандым. Оның үстіне, жүлдеге іліккен мемлекеттік тіл туралы жазбасы екен. Жеңісі жөнінде аз-кем әңгіме өрбіттік.

– Мәдениет және спорт министрлігі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқауды жылда өткізеді. Онда телевидение, радио, газет және сайттағы мемлекеттік тіл туралы үздік жұмыс сынға түседі. Үш айға созылған бәсекеге 80 журналист қатысыпты, жалпы саны 200-ге тарта материал түсіпті. Қазылар алқасы менің жұмысымды «Сайттағы үздік мақала» деп танып, қуантып тастады. Негізінен спорт журналисі болсам да, тіл мәселесін жиі қозғайтынмын. Бұл сол еңбегімнің бағасы деп білемін, – дейді М.Арыстанбаев.

–  Спорт журналисінің тіл мәселесін көтеруіне не түрткі болды?

– Көптеген федерациялар, спорт сайттары қазақ тіліне немқұрайды қарайды. Ақпарат алу мақсатында спорт федерацияларының сайтына кірсең, қазақ бөлімінде ақпарат аз, жаңартылмай тұрады. Кейбірінде мұндай бөлім жоқ, болмаған да. Осы мәселелерді көтеріп, «Спорттағы қазақ тілі, халің қалай?» деген мақала жаздым. Шешуін таппаған сұрақтарды барынша көтеріп, басшылыққа құлаққағыс етуге тырыстым. Араға бірер уақыт салып, «Спорттағы қазақ тілінің жай-күйі» деген тақырыппен жалғасы жарық көрді.

Айтылған сынды ескеріп, қорытынды шығарған ұйымдар болды ма?

– Аз да болса, ондай ұйымдар бар. Мысалы, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы мен «Астана» кәсіпқой президенттік клубы сыннан қорытынды шығарып, қазақ бөлімін қолға алды. Ал волейбол, теннис, баскетбол, хоккей федерацияларына бәрібір секілді, екеуінің сайтында қазақ бөлімі жоқ.

Ал журналистикаға қалай келдіңіз?

–Әкем нағыз спорт жанкүйері болатын. Тұла бойы тұнған архив дерсіз. Үйде үлкен шабадан бар еді. Бізге оның іші толған байлық секілді көрінетін. Әкем газет қиындыларын, футбол жайлы жазғандарын соның ішіне жинайтын. 1998 жылғы футболдан әлем чемпионатын әкеммен бірге тамашаладым. Содан бері аяқдоп әлеміне аңсарып ауды. Мектеп бітіріп, Семейде биология және химия пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Оқуды бітіріп, ауылға келіп мұғалім болдым. Осы аралықта «Уақыт», «Ертіс өңір», «Дидар» секілді аймақтық, республикалық газеттердің меншікті тілшісі болып жұмыс істедім. Спорт журналистикасына бетбұрыс жасауыма Серік Ноян мен Рауан Оқас себепкер болды. Алматы қаласында ұйымдастырылған «Спорт журналистері мен комментаторлар» мектебін тәмамдап, порт журналистикасына бет бұрдым.

Алғашқы түлектерінің бірі ретінде осы мектеп жайлы айтып өтсеңіз.

– Елімізде спорт саласында жүрген журналистер, соның ішінде комментаторлар өте аз. Солардың өзін түгін қоймай сынап жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында екі азамат бас болып, мектеп ашты. Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Жандос Айтбайұлы секілді білікті мамандардан сабақ алдық. Мұндай мектеп керек. Ресейде комментаторлар жекелеген спорт түрлеріне машықтанған. Бізде оған кадр жетпейді.

Комментаторлар мектебін бітірген жиырмаға жуық түлек қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтың құрметіне alzhan.kz сайтын ашқанбыз. Бастапқыда мықты қарқынмен бастадық. Командамыздың ынта-жігері мықты болды. Уақыт өте келе қатарымыз сирей бастады. Соңында бес адам қалдық. Басты мәселе – қаржы тапшылығы. Қазақ тіліндегі спорт сайттарына мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Сондықтан сайт жұмысын тоқтаттық. Бірақ біз үшін мол тәжірибе болды.

–Әңгімеңізге рақмет!

Ілияс СӘРСЕНБАЙ

«Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз