Әлеуметтік желілер уақытымның көп бөлігін ұрлайтыны рас. Жақында Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жүзеге асырған жобадан кейін Facebook, Instagram, VK, Telegram, WhatsApp, Youtube-тың ішінде текке өткен күндерім үшін өкіндім. Әрі ұялдым. Өйткені бұл білім ордасының оқушылары ағылшын тілін жетілдіріп, білімін арттырып қана қоймай, әлемдік мәселелерге үн қатып, шешілуіне септігін тигізіп жүр. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайын.

Belouga.org деп аталатын білім платформасы бар екен. Ағылшын тілінде. Оқушылар сынып болып тіркеледі. Сосын берілген тапсырмаларға жауап іздейді, табады, жазады, видео, фото түсіреді. Бір ұпай бірАҚШ долларына бағаланады. Ақшаға бағалану себебі бар. Әлемнің әр түкпірінде өте қиын жағдайда, ас-сусыз, киімсіз, оқулықсыз, жарықсыз қалса да, білімге құштар балалар бар. Мұқтаждығы көп мектептер бар. Міне, осындай мектептерге өзге оқушылар «Белуга» жобасы арқылы білім алып, ұпай жинап, қолұшын созады. Былайша айтқанда, білім алудан жарысып, асарлатып, мәселені жабылып шешеді.

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына барлық жағдай жасалған. Дәмді ас, жылдың төрт мезгіліне арналған мектеп және спорттық форма беріледі. Қағаз-қаламы, кітабы түгел, сыныптар соңғы техникамен жарақтандырылған. Қырықтан астам үйірме жұмыс істейді. Сондықтан мектеп оқушылары өз мектептеріне емес, Түлкібас ауданының Машат ауылындағы Нұрмахан Тұрсынбеков мектебіне көмектесуді жөн деп шешіпті. Бұл білім ордасында бар-жоғы 80-ге жуық бала білім алады. Бір қабатты, ескі мектеп. Алдымен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ауыл мектебінің жай-күйімен танысады. Ағылшын тілінде мәтін жазады, фото, видео дайындайды. Сосын «Бұл мектептің шәкірттеріне интернетке кіріп, пайдалы дүние алу үшін үш планшет керек» деп хат жазып, «Белуга» жобасының ұйымдастырушыларына жолдайды.

Ұйымдастырушылар бұл ұсынысты үш айға жуық қарады. Тексеруден өткен соң сайт бетіне жарияланды. Олар үш планшетке қол жеткізу үшін 90 мың ұпай жинау керек деп белгілепті. Тапсырмаларды жапа-тармағай орындауға кіріскен НЗМ-нің ұл-қыздары 1 айдың ішінде 90 мың ұпайды қоржынға салды. Енді ауыл мектебіне АҚШ-тан үш планшет келеді.

«Белуга» жобасына әлемнің 79 елінен 2000-нан астам сынып тіркелген.  Тіркелген оқушылардың күшімен осы айда Кенияның бір мектебіне таза ауызсу жеткізілді, тағы бір мектебіне бір жылдық тегін интернет орнатылды. Ал құрғақшылық жайлаған, жасыл желегі аз Танзалия елінің алыс ауылдарына екі мың түп көшет отырғызылды. Оқушылар Африка елдерінің бұл мектептеріне барған жоқ, қолдарына күрек алып, арық қазған жоқ, көшет те еккен жоқ. Бар болғаны өз мемлекетінде, өз мектебінде, өз үйінде отырып-ақ, сайттағы тапсырмаларды орындап, түрлі сауалдарға жауап беріп, білім алмасты. Ұпай жинады. Бары сол.

«Белуганы» кездейсоқ таптым

Оқушыларды осындай пайдалы жобамен таныстырып, олардың белсенді қатысуын қадағалап жүрген ұстаз – Бегайым Әділханова. Ол Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі мұғалімі. АҚШ-та білім алған. Бегайым жоба туралы әңгімелеп берді:

– Осыдан біраз уақыт бұрын маған шетелдік мектептердің арасынан серіктес мектеп тауып, олармен халықаралық деңгейде байланыс орнату тапсырмасы жүктелді. Көптеген сайттарды шолып шықтым. «Ағылшын тілін үйренемін, жетілдіремін, уақытымды пайдалы іске арнаймын» деген адам үшін мүмкіндік өте көп. Білім қорын молайтуға арналған көптеген сайт бар. «Белугаға» солай кез болдым. Алдымен оқушылар сайтқа тіркеліп, тіл дағдыларын дамытты. Бір күні жобаның негізін қалаушы Эвин Шварц  «түсінбеген сұрақтарыңыз болса, бізге хат жазыңыз, біз онлайн-конференция ұйымдастырамыз» деп хат жолдады. Осы онлайн-конференцияда «Impact Campaign» бөлімінде оқушылар танымдық сұрақтарға жауап бере отырып, жинаған ұпайын мектепке аудара алатынын, ол ұпайға мектепке қажетті заттар алуға болатынын түсіндірді. Осылайша біз еліміздің мектептері арасында алғаш болып тіркеліп, 90 мың ұпай жинап, нәтижеге қол жеткіздік.  Бұл жобаға Қазақстан бойынша бар-жоғы үш мектеп қана тіркелген. Сондықтан басқалардың бұл тамаша жоба жайлы білгенін, ұстаздар мен оқушылардың белсенділік танытып, мектептердің көбірек тіркелгенін және атсалысқанын қалаймыз. Бұл жоба оқушылар мен мұғалімдердің ағылшын тілін ғана дамытумен шектелмейді. Әр елдің мәдениетімен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Түрлі тапсырмалар арқылы таным көкжиегін кеңейтеді. Өте қиын жағдайда білім алып жатқан оқушыларды көріп, қолда барды қадірлеуге үйретеді.

Жақында олар жоба аясында «Ұсақ заттардың күші» деген акция өткізді. Бір халықаралық ұйымның зерттеуінше, әлемде 300 миллионға жуық адам аяқ киімсіз жүр екен. Олардың 1,5 миллионы тері ауруларына ұшыраған. Осы акция аясында 90 мемлекетте өмір сүріп жатқан адамдарға 100 мың жұп аяқ киім тегін тарқатылды.  Осы ақпаратты естіп, ақпараттың астында әр елдің оқушылары жазған пікірлерді оқып, тебіренбеу мүмкін емес. Әлемді өзгерту осындай кішкентай жақсылықтардан басталады. Және оны оқушылар жақсы түсінеді.

Маған тағы қатты әсер еткен мектеп – Малавидегі қыздарға арналған мектеп. Бұл жердегі көп оқушылар өздерінің әлеуметтік жағдайына байланысты дұрыс білім ала алмайды. Бастауыш сыныптан кейін оқуларын тастап кетеді. Өйткені ары қарай ақылы. Халықтың 50 пайызынан астамы өте кедей тұрады. 80 пайызынан астамы ауылдық жерде өмір сүреді. Ал 90 пайызынан астамы тек ғана ауыл шаруашылығымен айналысады. Зорлық-зомбылық көп. Қыздар құрдастарынан және мұғалімдерінен зорлық көреді. Бұл орта мектепте 7 сынып қана бітірген. Мектеп бітірген оқушылардың кейбірі Солтүстік Америкаға барып оқуын жалғастырады. Кейбірі жұмыс істейді. Осы мектептің оқушыларға үш оқулық керек депті. Олар бұл оқулыққа қол жеткізу үшін 125 мың ұпай жинаған. Осындай қиын жағдайға қарамастан білім алып жатқан оқушылар басқаларға үлгі болады, ойларын өзгертеді деп ойлаймын.

«Бір айда 3500 ұпай жинадым»

11-сынып оқушысы Диана Абдрахманова – «Белуга» жобасының тапсырмаларын белсене орындайтын оқушылардың бірі.

«Әрине, бізде сабақ қиын, уақытымыз аз. Десе де «Белуганың»  тапсырмаларын орындауға барынша уақыт бөлуге тырысамын. Өйткені жинаған ұпайым арқылы әлемнің бір түкпірінде оқулықсыз, дәптер-қаламсыз, интернетсіз, жарықсыз, сусыз білім алып жатқан бір оқушыға көмектесе алатынымды білемін. «Белуганың» сұрақтары қызық. Жалықтырмайды. Мысалы, «Түскі ас кезінде қандай пайдалы тағам жейсің?» «Мектепке дейін күнде қанша қадам жүріп келесің?», «Ең кішкентай гүл қай елде өседі?», «Бойы ең ұзын адам қай мемлекетте тұрады?», «Сендердің ел болып қалыптасу кезеңдеріңде қандай елеулі оқиғалар болды?», «Ұлттық тағамдарың қалай аталады?» деген оңай сұрақтардан бастап, қиындай береді. Сыни ойлауды дамытады. Британдық, америкалық, ирландық акценттерге мән бере бастайсың. Жақында үш минуттық бір видеоны көріп, жауап бердім. Ол видеода Қытайда жасалған «София» роботы туралы айтылған. Оның түр-әлпеті адам секілді. 60-тан астам эмоцияны көрсете алады. Қалжыңдайды, күледі, сұрақтарға еркін жауап береді. Бірнеше тілді біледі. Соңында: «Болашаққа деген қиялыңыз қандай? 2217 жылы айналаңызда болып жатқан құбылыстарды сипаттаңыз», – депті. Немесе: «Әлем пайда болғалы бері жер бетінде 98 пайыз жан-жануарлар мен өсімдіктер жойылып кетіп, тек екі пайызы ғана қалған. Ал 2 ғасырдан кейін адамдардың да жойылып кетуіне сенесіз бе?» деп сұрайды. Осылайша ойландырады. «Белуга» жобасында тағам, отбасы, қызығушылық, мектеп, технология деген сынды он бөлім бар. Мен осы айда 3500 ұпай жинадым.

Гүлжан Ермаханова, ағылшын тілі мұғалімі:

– «Белуга» жобасына біздің мектептен бөлек, Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен №4 жалпы орта мектептің оқушылары мен ұстаздары тіркелген. Бірақ олар әлі белсенді емес. Ал біздің мектептен 20-дан астам сыныптың оқушылары атсалысады. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, оқушылар жинаған ұпайын, басқа елдің мектептеріне берсе болады. Бұл әлемнің әр еліндегі оқушылардың бір-біріне сыйластығын, қамқорлығын арттырады. Мысалы, бізге 90 мың ұпайды толық жинауға АҚШ, Румыния, Колумбия мектептерінің оқушылары көмектесті. Ұпай жинау оңай емес. Біз де өз ұпайларымызды өзге мектептерге үлестіріп тұрамыз.

79 мемлекеттің оқушылары ізгілікке қызмет етіп жатыр

Жобаға қызыққаным сонша «Белуганың» негізін қалаушы Эвин Шварцпен де ойлайн тілдестік.

«Шетелдік досыммен әңгіме-дүкен құрып отырғанда бір идея келді. Біз әлемдегі адамдардың жай-күйі, өмір сүру салты, мәдениеті, болып жатқан оқиғалар туралы тек ақпарат құралдары арқылы ғана білеміз. Оқушылар мен олардың ұстаздарына арнап тегін білім платформасын құрып,  пайдалы ақпарат, білім беріп, жаңа технология арқылы олардың таным-түсініктерін қалыптастырғымыз келді. Цифрлы сыныптарды жасай отырып, бір-бірімен ақпаратты алмастыруды көздедік. Осылайша, 1,5 жыл бұрын «Белуга» жобасы өмірге келді. Қазіргі таңда «Белугада» 79 мемлекеттің оқушылары тіркелген. Біздің ойымызша, жаһандық білім беру барлығына бірдей қолжетімді болу керек.

«Белуганың» ең көп қолданушысы Америка Құрама Штаттарында. Ал басты кеңсеміз Нью-Йорк қаласында орналасқан. Біз көп штаттарда семинарлар, конференциялар өткіземіз. Болашақта осы іс-тәжірибемізді басқа да аймақтарға таратқымыз келеді. Соңғы кездері Латын және Оңтүстік Америка, Мексика, Колумбияның оқушылары белсенді қатысып жатыр. Сонымен қатар біз Қазақстанда өте белсенді қатысып жатқан Шымкенттегі химия-биология бағытындағы  Назарбаев зияткерлік мектебін де атап айтқымыз келеді.

Әр мемлекеттің, әр мектептің алдына қойған мақсаттары бар, өзінің мұқтаждықтары бар, өзінің талаптары бар. Егер кез келген адамның интернетке шығу мүмкіндігі болса, ол интернеттің өзі білім алуға, оқу  процесінің үдерісіне айтулы күш бере алады. Егер біз мұқтаж елдерге тегін wi-fi, гаджеттер, компьютер, планшет, ұялы телефон жеткізе алсақ, өзінің ауылынан, мемлекетінен шықпай-ақ әлемді тануына үлкен септігімізді тигізе алатын едік.

«Белуганың» іске қосылғанына 1,5 жыл болды. Осы уақытқа дейін оқушылар мен ұстаздардың белсенділігінің арқасында 5 миллионнан астам ұпай жиналды. Әлемнің әр еліндегі ұстаздардан құралған педагогтар кеңесі жұмыс істейді.

«Белуга» платформасы жүзден астам тілге аударылған. Платформаның контентін жасайтын арнайы тобымыз бар. Ол топ  әрбір сала бойынша өз ісінің үздік мамандары атанған. Берілетін тапсырмалар оқушылардың қызығушылығын арттыруы керек. Және ешбір жерде кездеспейтін ақпараттар легімен таныстыру керек.

«Белугадағы» жобаларды жүзеге асыру үшін 95 пайызын өзіміз қаржыландырамыз. Біз ең көп көмектескен мектеп – Гаитидағы мектеп. Бұл мектепке күн сәулесінен жарық алатын 300 шам орнатып бердік.

Хат жазған, жай-күйін баян еткен  барша мектепке, оқушыларға көмектескіміз келеді. Өйткені әлемдегі барлық мектеп оқушыларды барынша ресурстармен, мұғалімдермен қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті күнделікті оқу процесінде пайдаланатын дүниелер, кітаптар, технологиялық құрал-жабдықтар  ұсынамыз. Бұл ұсынылған заттар, ресурстар мектепке, қоғамға қаншалықты ұзақ немесе қысқа мерзімде әсер ете алатынын талқылаймыз. Ұпай белгілейміз. Әртүрлі тапсырмаларды жүктейміз. Осы арқылы әлемнің екі нүктесінде отырған адам бір-бірімен білім алмасса, маңызды ақпаратқа қанықса, сол арқылы өзгелерге көмектессе, жаңалық ашса деп армандаймыз. Осы арман аясында жоспарлы жұмыс істейміз», – дейді Эвин.

***

Біз біраз күннен бері әлеуметтік желіде Канн кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын иеленген Самал Еслямова сахнада тұрып «үлкен рақмет» деп айтқанын талқыладық. Бөркімізді аспанға атып, қуанудың орнына болмашы нәрсені дау қылдық. Уақыт құртып, пікір жазып жатқанда оқушылар әлемдік мәселеге бас қатырып, оны шешуге көмектесу үшін білім қорын молайтуға тырысып жатты. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, өздеріңіз таразылап көріңіздер!

Әйгерім Бегімбет

Шымкент қаласы

«Ұлан» газеті, №22
29 мамыр 2018 жыл

1 ПІКІР

  1. Мақала авторына үлкен рақмет! Осы газет арқылы көптеген шалғай ауылдағы мектептерге көмектескіміз келеді және Wi-Fi мен қамтамасыз етілген мектептердің ағылшын тілі мұғалімдерін жобаға ат салысуға шақырамыз. Жеке сұрақтарды badilkha@gmail.com жолдасаңыздар болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз