Алты жасар Әмина әжесінің әшекей заттарын қызықтағанды ұнатады.

Бірде ол әдетінше көне қобдишаны ақтарып, ондағы білезік, жүзіктермен ойнап отыр еді, қасына өзінен үш жас кіші інісі Мирас келді.

– Мынау не, білесің бе? – деп Әмина саусағына ілген жүзікті інісіне көрсетті.

– Зүзүк, – деді Мирас ойланбастан.

– Дұрыс! Ал мынау не?

Әмина әдемі оюмен бедерленген күміс білезікті нұсқады.

– Зүзүк, – деді Мирас тағы да.

– Жүзік емес! Ол – білезік! – деді Әмина.

– Зоқ. Зүзүк! – деп Мирас айтқанынан қайтпады.

–Білезік деймін. Білезік! – деп Әмина да бой бермеді.

– Зүзүк!

– Жоқ! Білезік! Білезік!

Әмина қабағын түйіп, дауысын қаттырақ шығарды.

Осы кезде бөлмеге кірген әжесі:

– Әй, не болып жатыр мұнда? Неге таласып жатырсыңдар? – деп сұрады.

– Әже, мынау – білезік қой! Мирас жүзік деп жатыр. Айтыңызшы оған, – деді Әмина аузын бұртитып.

– Ботақандарым менің! Таласпаңдар! Екеуіңдікі де дұрыс. Мирас сен біліп ал, мұны білезік дейді. Бірақ бұл сөз «білек және жүзік» деген сөздерден құралған. Яғни, білезік – білекке тағатын жүзік, – деді әжесі оларға.

Содан соң жұмсақ орындыққа жайғасты да:

– Ал енді мына жүзік, білезікті қолыма тағып беріңдерші, – деп немерелеріне күлімдей қарады.

Лезде татуласқан Әмина мен Мирас әжелерін сәндеуге қызу кірісіп кетті.

Бағдат Мәжитов

Суретін салған Елана Лысенко

«Балдырған» (Наурыз 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз