Ақша – әлемді алға жылжытып, тарамыс тамырларын тоқтаусыз тепкілеп ағып жатқан бүгінгі қоғамның қаны. Тіпті, бүгінгі өркениетті қалыптастырған негізгі фактор. Иә, әлемнің дамуына арқау болған негізгі элемент – бүгін біздің қалтамызда жүр. Бұл сөзімізді дәлелдей түсу үшін 5000 жыл артқа шегінуге тура келеді.

Иә, адамзаттың ең бірінші жазуы махаббат хаттары емес, жай ғана сауда есебі болатын. Диқанның егіні жылына бір-ақ рет жиналады. Ол өзіне керекті дүниені тек егіні піскен кезде ғана ала алады. Шеберлер де өзінің жұмысын бітірмей айырбасқа шығара алмайды. Осылай шумерлер арасында өзіне керекті затты алғаннан соң, орнына беретін затын қыш тақтайшаларға жазып отыру дәстүрі пайда болды. Бұл базардағы сауданы біршама жеңілдеткенімен, толықтай шешіп бере алған жоқ.Осылай саудаға ыңғайлы ақша жасау мақсаты – ең алғашқы жазудың шығуына себеп болды.

Ақшаның келесі даму сатысы әр халықтың менталитетіне байланысты әртүрлі болды. Мысалы, Қытай, Үнді, Шығыс Африка елдерінде сауда-саттық үшін жіпке тізілген ұлу қабыршақтары қолданылса, Бразилия халқы үшін фламингоның қауырсындары бүгінгі ақшаның қызметін атқарды. Бірақ, бұлар әр халықтың өз ішінде ғана жүретін бағалық белгілер болатын. Басқа халықтармен сауда-саттық жүргізу қиын. Сондықтан, әлемдік экономиканың сахнасына бағалы металдар көтерілді. Алғашында, адамдар дәл сол металдың өзімен сауда жасады. Бірақ, әрбір металдың салмағын өлшеп, оны кесіп отыру да қиынға соқты. Міне, осы тұста ең алғашқы монеталар соғылды. Ең алғашқы монеталар б.з.д. 685 жылы Кіші Азиядағы Лидия елінде алтын мен күмістің балқытылған қоспасынан соғылған еді. Оның бір бетінде сынамасы, екінші бетінде Ассирия арыстанының басы бейнеленген.

Ең алғашқы грек монеталарында Құдайлардың суреттері бар. Ал, тарихта өз атынан тиын соқтырып, өз есімімен қатар бейнесін әлемге паш еткен патша – Ескендір Зұлқарнайын, одан кейін Римнің алғашқы диктаторы Юлий Цезарь еді. Міне, әлемге алғашқы болып өздері туралы тиын бетінде жаңалық таратқандар – осы екі патша болатын. Кейіннен бұлайша жаңалық тарату әрі тарихта өз атын қалдыру тақтағылардың дәстүріне айналды.

Естеріңізде болса осыдан бір жыл бұрын «Ақ желкен» журналының №9 санына «Тарихты тиыннан оқығанда» атты мақала жарияланған болатын. Онда тарихтың көмекші салаларының бірі саналатын нумизматика ғылымы жөнінде Дархан Ересеновпен сұхбат құрған едік. Араға жыл салып, телефон экранынан сол кісінің номері қайта жарқ етті.

– Алло! Досхан, аманбысың? Дархан ағаң ғой.

– Иә, аға. Танып тұрмын.

– Мен қаладағы №4 гимназияға тарих пәнінің мұғалімі болып орналасқан едім. 29 қыркүйек күні біздің оқу орынның жөндеу жұмыстарына байланысты, №64 гимназияда шығыс нумизматикасының маманы Павел Николайұлы Петров атты ғалыммен кездесу ұйымдастырмақшымын. Бұл кісі – Қазақстан территориясынан табылған тиындардың ең мықты зерттеушісі. Өз тарихымызға байланысты, еліміздегі сауда қарым-қатынастарының дамуы туралы мол мағлұмат алып қала аламыз. Егер қызықсаң, келсең болады.

– Жарайды, аға! Келемін.

– Жақсы! Сау бол!

Тарихқа тиынның тасасынан қарау – шынында да өте қызық дүние. Бұл нәрсеге көзім алдыңғы кездесуде-ақ жеткен болатын. 29 қыркүйек күні Көктөбені бөктерлей, Алматының күзгі жауынына күжірейтіп жон арқамызды тосып, келісілген жердегі кездесудің алдыңғы қатарында отырдық. Сахнада алпыстардан асып қалған ақ сақалды кісі отыр. Зал оқушыларға лық толы. Павел Николайұлы лекциясын ресми сөзсіз, бірден бастады.

– Қазақстан территориясында өте ежелден халықтар мекендегенімен, бұл жерге ақша айналымы кештеу келді. Осы сөз менің қытығыма тиіп кетті. Біздің территориямыздағы әрбір мемлекет сырттан басқа халықтарды әкеліп, территориядағы халықты қырып өз биліктерін орнатқан жоқ қой. Мемлекеттер қанша ауысса да халық сол болатын… Жә. Ары қарай.

– Қазақстан территориясында экономикалық екі орталық болды. Бірі – Оңтүстік, екіншісі – Оңтүстік Шығыс. Неге? Өйткені, бұл аудандар отырықшылыққа жақын болатын. Осы облыстардан табылған ең ескі тиындар – қытай тиындары. Одан кейін Кушан мемлекетінің монеталары Қазақстан территориясында алғашқы қолданылған тиындар болып саналады. Бұл біздің заманымыздың 128 жылдары. Хронология бойынша Сасанидтердің драхмалары ІІІ ғасырларда қолданыла бастады. Бірақ, бұл тиындар өте аз кездеседі. Қазақстаннан табылған тиындарға қарап отырып, қытай тиындарын негізінен толықтай соғды тиындары ысырып шығарғаны байқалады. Соғды тиындары алғашында қытай тиындарының дәлме-дәл көшірмесі болғанымен, кейіннен бұл тиындарда соғды жазулары пайда бола бастаған.

                  Александр Македонский тиыны

Қазақ даласында соғылған алғашқы тиын Жуантөбе қалашығынан табылды. Бірақ, қай қалада соғылғаны белгісіз. Араб шапқыншылығы өтіп, халық ислам дінін қабылдай бастаған кезеңде соғылған тиын екенін әйгілейтін арабша жазуы бар. Мен сөз етіп отырған тиындардың барлығы дерлік Оңтүстік Қазақстан территориясынан табылған. Ал, экономикалық тұрғыдан дамыған екі ауданда да кездесетін алғашқы тиын – Түргеш қағанатының тиыны. VIII ғасырдың басында соғылған бұл тиындарда соғды жазуы қолданылып, келесі бетінде Түргештердің таңбасы бейнеленген. Бұл тиындардың тағы бір ерекшелігі – құю әдісі арқылы жасалған. Тиындардың бір бөлігі Қырғызстанда, екінші бөлігі Тараз қаласында құйылған. Түргеш қағанатының тиындарынан соң Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің билігі жүрді. Еуропадағы сияқты күміс тиындарды басқа металдармен араластырып тиын соғу осы Қарахан мемлекеті тұсында пайда болды. Өйткені, Шығыста Х-ХІ ғасырларда күміс дағдарысы басталды.

Қазақстан территориясында өмір сүрген халықтардың тұрмысы мен экономикасында үлкен із қалдырған екі оқиға бар. Бірінші – арабтардың дін жалауының астында келуі, екінші – Шыңғыс ханның шапқыншылығы. Осы екі оқиға Шығыс тарихына мүлдем өзгеше өң берді. Бұл тиындарға, ақша айналымына да қатысты. Мысалы, арабтардың келуімен тиындарда араб жазулары қолданыла бастаса, моңғолдардың келуі өз тиындарын айналымға енгізді.

Қарахан мемлекетінің тиындары мен Моңғол тиындары арасында Қазақстан территориясында Хорезм шахтың күмістелген тиындары мен алтыннан жасалған тиындары өте кең көлемде қолданыста болды. Одан кейінгі оқиға тарихтан хабары бар барша адамдарға таныс. Шыңғыс ханның саудагерлерін өлтіріп өз күшіне сенген Хорезм шах әскерін дұрыс бөле алмау себебінен Моңғол әскерінен жеңілді. Осы шайқаста оның өзі ғана емес, тиындары да тарих сахнасынан кеткен еді.

Осы кезең мен Қазақ хандығы құрылғанның арасында Әмір Темір мен Шайбани әулетінің тиындары қолданыста болды. Әсіресе, ақша айналымы Шайбанилердің кезеңінде өте қарқынды дамыды. Өйткені, дәл осы кезеңде оңтүстіктегі ең үлкен қалалар бір хандыққа қарады. Самарқанд, Ташкент, Отырар сынды қалалардың барлығында дерлік біркелкі ақша қолданыста болды.

Қазақ хандығында соғылған алғашқы және соңғы тиын

ХV ғасырда шаңырақ көтерген Қазақ хандығында өз атынан тиын соқтырған хан болған жоқ. Бұл – Қазақ хандарының саудаға салғырт қарағанынан емес, апалаң-топалаң заманның кесірі.

Қазақ хандығы тарихында соғылған тиын болған. Бірақ, ол хан дәрежесіне ұлттық тұрғыдан көтеріле алмаған сұлтан соқтырған тиын болатын. Әңгіме өзін Ташкентке билеуші етіп қалдырған Есім ханға қарсы шығып, кейіннен қазақ тарихындағы «Қатаған қырғынына» себеп болған Тұрсын хан туралы. Иә, тақ таласы тоқтап, тұрақтала бастаған мемлекеттің бір бөлігін бөліп алып, заңсыз билікке ұмтылған Тұрсын хан Ташкентте өз атынан тиын соқтырып үлгерген еді. Бұл Қазақ хандығында соғылған тұңғыш және ең соңғы тиын болатын.

Міне, менің сіздердің жерлеріңізде қолданылған тиын-дар туралы айтқым келгені – осы. Сұрақтарыңыз болса…

Оқушылар қолдарын көтере бастады.

                                  Ең алғашқы тиын

– Тарихтың бір саласы ретіндегі Қазақстан нумизматикасының қазақ тарихына қосқан үлесі қандай?

– «Ілебалық» деп аталатын қалашықты естулеріңіз бар ма? Бұл қала жайлы деректер В.Рубруктың, М.Қашқаридың, М.Хайдардың еңбектерінде кездеседі. Осы деректер арқылы қаланың орнын табуға В.Бартольд, Ә.Марғұлан сынды атақты ғалымдар талпыныс жасады. Беріге дейін орналасқан жері былай тұрсын, болған-болмағаны белгісіз болып келген қаланың табылуы – нумизматика ғылымының еңбегі. Біз Дархан Ересеновпен бірігіп, Іле өзенінің бойындағы қалалардан табылған тиындарды зерттей келе ол қаланың шынында да болғанын дәлелдеп, орналасқан жерін толық анықтадық. Мақтанғандық емес, әрине (Ақ сақалды кісі бір күліп алды).

Қазақ хандығы мен Ресей патшалығы арасындағы байланыс ертерек басталғанымен, экономикалық қарым-қатынастар 1800 жылдарға қарай дамыды.

Бірақ, Қазақстан территориясынан орыс патшайымдары Елизавета Петровна мен Екатерина Екіншінің соқтырған тиындары көптеп табылып жатады. Қалайша?

Өздеріңізге белгілі, Қазақ хандығы қалмақтармен өте ұзақ уақыт соғысты. Тек Абылай хан тұсында ғана қалмақтарды толықтай күйреткен болатын. Ұзақ соғыс жылдарында Қазақстанның шығысында өмір сүретін қалмақтардың біраз бөлігі Ресей империясының территориясына өткені белгілі. Шығыстағы қалмақтар толықтай жеңіліс тапқаннан кейін, Ресей империясының территориясындағы халық өз еліне өту үшін Қазақ ханы Абылайдан жол сұраған еді. Еділден шыққан көш қалмақтардың атамекеніне ары тартса айшылық уақытта жетеді. Бірақ, бұл көш Қазақстан территориясын 8 ай жүріп өтті. Өйткені, халқын қан қақсатқан қалмақтарды қазақ рулары жай өткізе салған жоқ. Ал, жоғарыда айтып кеткен патшайымдардың тиындары сол қалмақтардан түсіп қалып, жоғалған тиындар болатын. Міне, осы тиындарды қуалай отырып, қалмақтардың қандай жолдармен жүріп өткенін де нумизматика ғылымы зерттеп шықты. Алматы маңындағы атақты «Қарқара» жәрмеңкесі барлығыңызға таныс шығар. Ол ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың бас кезеңінде Жаркент пен Пржевальск уездерінің арасында тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратын сауда саттық орталығы болатын. Сол жәрмеңкенің орнын бүгінгі күні тереңірек қазып, ғалымдар таң-тамаша қалуда. Өйткені, Қарқара жәрмеңкесінің орнынан ең ескісі V ғасырға тиесілі тиындар табылып жатыр. Сонда, бұл жер тек ХІХ ғасырдың ортасынан бастап емес, ежелден-ақ сауда-саттық орталығы болған. Бұл тарихи жаңалық та нумизматтардың еншісінде. Әрине, мақтанғандық емес (Ақ сақалды кісі тағы бір күліп алды).

               Жоңғар тиыны. Қалдан Церен

– Өзіңіздің коллекцияңыздағы ең құнды тиындар жөнінде айтып беріңізші?

– Мен қазір коллекционер емеспін!

Тиын мен тарих төңірегіндегі әңгіме мектептің асханасында жалғасты. Павел Николайұлына ойдағыны бүкпесіз айттық.

Мен орыс тарихын орыс болғаным үшін ғана оқимын

– Аға! Ұлтшылдықтың қан тулатар ауруымен ауыратын әдетім бар еді. Сіздің алдыңызда ұялып отырмын. Өйткені, біздің тарихты өзге ұлттың өкілі зерттеп жүр.

– Оған ұялатын ештеме жоқ. Бүгінгі жиналған оқушылар ішінен мен айтқан дүниеге қызығып, алдыма жиырмаға тарта оқушы келіп, әртүрлі сұрақтарын жаудырды. Солардың ішінен кем дегенде бір ғалым шығуы керек деп ойлаймын. Тіпті, оларды күтпей-ақ, Қазақстанда осы Дархан сияқты жас нумизматтар өсіп келеді (Қасымызға үстелді жайғастырып болып, Дархан Ересенов отырды).

– Неге дәл шығыс нумизматикасы қызықтырды?

– Шынына келер болсам, маған Еуропа тарихы аса қызық емес. Әбден тапталып кеткен тақырып. Ал, орыс тарихын мен тек өз ұлтым орыс болғаны үшін ғана оқимын. Одан ары тереңдеуге менде мүлде қызығушылық жоқ. 2005 жылы Қазақстанға алғаш келген кезімде мен қазақ халқын көріп таң қалдым. Ашық-жарқын, тап-таза. Саған ерсі көрінер, бірақ, мен осы топырақта өзімді әлдеқайда жайлы сезінемін. Тіпті, менің Отаным осы топырақ сияқты. Егер, адам өлгеннен кейін жаны өзге адамға қонады дегенге сенер болсақ, маған осы топырақта туып-өскен жанның жаны қонған шығар.

Коллекционерді музейге жұмысқа алмайды

– Сіз кездесудегі сұраққа: «Мен коллекционер емеспін», – деп жауап бердіңіз. Нумизматтардың негізгі жұмысы тиын жинау емес пе?

– Нумизматика – ғылым. Ал, нумизмат – сол ғылыммен айналысатын адам. Ол коллекционер емес. Иә, мен де бір кездері коллекционер болғанмын. Бірақ, бар коллекциямды сатып жібердім. «Коллекционерлерді музейге жұмысқа алмайды» деген түсінік бар. Олар, өйткені, өте құмарпаз келеді. Оларға ғылым мен тарихтан гөрі өз коллекциялары қызық. Қандай құнды тиын табылмасын, коллекционер өз коллекциясында қалдырғысы келеді. Ал, бұл жағдай өз кезегінде ғылымға берілуге кедергі келтіреді. Сондықтан, коллекционерлерді музейге жұмысқа алмайды…

Осы тұста әңгімеге Дархан Ересенов араласты:

– Мен де коллекциямның біраз бөлігін сатып жібердім. Тек ішіндегі сирек кездесетін әрі қазақ тарихына қатысы бар деген монеталарды ғана оқушыларға көрсету үшін алып қалдым. Түптеп келгенде бүгінгі қазаққа тиын жинаушы коллекционер емес, сол тиындардан тарихын тани алатын нағыз ғалымдар керек.

                           Отырар. 7 ғасыр

Екі нумизмат, бір журналист келеміз. Біз мінген көлік жолдарын жауын жуған Алматы көшелерімен ызғытып келіп, Қабанбай батыр көшесіндегі ескі ғимаратқа маңдайын тірей тоқтады. Павел Николайұлы осы жердегі бұрынғы археологтардың қонақ үйінде жатыр екен. Нумизматтар да бір жағынан археологтар емес пе? Таңдауы тамаша. «Қош, қош» айтысып, біз осыннан тарастық. Дархан Ересеновтің мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жүргені мені шын таңғалдырды. Расында да өз сөзінде тұрғаны ғой. Былтырғы кездесуде: «Мамандығым темірге қатысты болса да, тиын соғылған темірге қатысты емес екені анық. Сондықтан, биыл ғана Абай атындағы университеттің тарих факультетіне оқуға тапсырдым. Мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Ойлана келе, ұлтымыздың жастарын бұл салаға қызықтыруды мектептен бастау керек деп шештім», – деген болатын.

Бұл сөздерді қатардағы сұқбат барысында айтылатын жалынды сөздердің бірі шығар деп едім. Өйткені, сөз бен істің арасында қаншама тарамыс жолдар бар. Павел Николайұлының алдындағы өз тарихымызды өзіміз зерттей алмай жүрміз деген ұялуым осы жерде жым-жылас жоғалды. Мағжан сенген жастар енді өсіп келе жатқан сияқты.

Осы әңгімелердің әсері болар, көшеге шығып әркімнің бетіне қараймын. Бетін тот басқан тиын тауып алған жоқсыз ба? Ол жүзін шаң басқан тарих қой…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз