Қазақстан Андорраны ұтты. Бұған да қуанатын болдық. Себебі осының алдында тең түсіп қалғанбыз. Бұл Ұлттар лигасының аясындағы ойын.

Бапкер Станимир Стоилов Андорра мен Латвиямен тең тарқасқаннан кейін Астанадағы кездесудің алдында құрамаға өзгеріс жасады. Көпшіліктің сынына ұшыраған Алексей Щеткин, Дмитрий Шомко, Роман Мұртазаев, Сергей Малый секілді ойыншылар қосалқы құрамда қалды. Исламбек Қуат сары қағаздарының көптігіне байланысты матчқа қатыса алмады. Олардың орнын жас жұлдызымыз Еркебұлан Сейдахмет, «Тобылдың» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек және «Қайраттың» қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев басты.

Матч аса жоғары жылдамдықта басталған жоқ. Қонақтар тіпті қарсы шабуыл ұйымдастырып, біраз тайталасып бақты. Дегенмен жерлестеріміз бірте-бірте қарқындарын үдетіп, көсіле шапты. Әсіресе сол қапталда ойнаған Бауыржан Исламхан Андорра қорғаушыларын әбден састырды. Бірінші гол да капитанның әдемі пасынан кейін соғылды. Оның авторы Еркебұлан Сейдахмет.

Ресейдің «Уфа» клубында ойнайтын отандасымыз 21-минутта бойының қысқалығына қарамастан «Мессидің стилінде» баспен қадады.

Осы гол жігіттердің еңсесін кәдімгідей көтеріп тастады. Әрі қарай ойын біздің қолда болды. Үзіліске дейін Бейсебеков–Сейдахмет–Тұрысбек үштігінің оң қапталдағы өзара пас алмасуы сәтті жемісін беріп, соңғысы есепті 2:0-ге жеткізді.

61-минутта сол қапталдағы Бауыржан Исламхан екі қорғаушыны алдап өтіп, қақпаға көлбеулетіп тепкен. Ал Жозеп Гомес допқа ие бола алмай, өз қақпасына кіргізіп алды.

Сосын матчтың нүктесін Роман Мұртазаев қойды. Бахтиер Зайнутдиновтың орнына шыққан ол сол қапталдан Ғафуржан Сүйімбаевтың асырған добына бірінші жеткен болатын. Қорытынды есеп – 4:0.

Қазақстан – Андорра – 4:0

Голдар: Сейдахмет, 21 (1:0). Тұрысбек, 39 (2:0). Гомес, 61-автогол (3:0). Мұртазаев, 74 (4:0).

Ескертулер: Тұрысбек, 90+1 – Алаес, 63. Ребес, 73.

Алаңнан қуылды: Алаес, 64 (екінші ескерту).

Қазақстан: Эрич, Сүйімбаев (Вороговский, 82), Логвиненко, Постников, Бейсебеков, Жуков, Мұжықов, Исламхан, Сейдахмет (Федин, 77), Зайнутдинов (Мұртазаев, 72), Тұрысбек.

Андорра: Гомес, Сан-Николас, Ильдефонс Лима, Льовера, Чус Рубио (Марк Гарсия, 84), Валес (Морено, 79), Ребес, Сервос, Родригес, Алаэс, Пухоль (Ферре, 89),

Төрешілер: Бойко, Беккер, Войтюк (бәрі де – Украина).

«Өлгенде көрген бір тойымыз» демекші, Қазақстан 3 жылдан бері ресми ойындарда жеңіске жетпеген екен. Сол серияны бұзып, қарсылас қақпасына 4 гол соқты.

Оның үстіне, ұлттық құрама футболшылары ресми ойында өз жерімізде қарсыластан басым түспегеніне 5 жыл болған. Соңғы рет 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойынында сырт алаңда Латвияны ұтқан (1:0). Ал Астанада 2013 жылдың 6 қыркүйегінде Фарер аралдарын қапы қалдырған (2:1).

2013 жылдың қыркүйек айынан бергі өз алаңымыздағы ресми ойындардың нәтижесі мынандай:

06.09.2013 ж. Қазақстан– Фарерские аралдары – 2:1 (ӘЧ-2014 іріктеу кезеңі)

10.09.2013ж. Қазақстан – Швеция – 0:1 (ӘЧ-2014 іріктеу кезеңі)

09.09.2014ж. Қазақстан – Латвия – 0:0 (ЕЧ-2016 іріктеу кезеңі)

13.10.2014ж. Қазақстан – Чехия – 2:4 (ЕЧ-2016 іріктеу кезеңі)

28.03.2015ж. Қазақстан – Исландия – 0:3 (ЕЧ-2016 іріктеу кезеңі)

12.06.2015ж. Қазақстан – Түркия – 0:1 (ЕЧ-2016 іріктеу кезеңі)

10.10.2015ж. Қазақстан – Нидерланды – 1:2 (ЕЧ-2016 іріктеу кезеңі)

04.09.2016ж. Қазақстан – Польша – 2:2 (ӘЧ-2018 іріктеу кезеңі)

11.10.2016ж. Қазақстан – Румыния – 0:0 (ӘЧ-2018 іріктеу кезеңі)

10.06.2017ж. Қазақстан – Дания – 1:3 (ӘЧ-2018 іріктеу кезеңі)

01.09.2017ж. Қазақстан – Черногория – 0:3 (ӘЧ-2018 іріктеу кезеңі)

08.10.2017ж. Қазақстан – Армения – 1:1 (ӘЧ-2018 іріктеу кезеңі)

06.09.2018ж. Қазақстан – Грузия – 0:2 (УЕФА Ұлттар лигасы)

16.09.2018 ж. Қазақстан – Андорра – 4:0 (УЕФА Ұлттар лигасы).

Өкінішке қарай, Грузия да дәл осы күні сырт алаңда Латвияны жеңіп, біздің топтың жеңімпазы атанды. Қазақстанның Ұлттар лигасында жолы болған жоқ.

Станимир СТОИЛОВ, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– УЕФА-ның Ұлттар лигасы турнирінің алғашқы үш ойыннан кейін нәтижесі көңілден шыққан жоқ. Бірақ біздің ойын өрнегіміз келісті болды. Ал бүгін соның екеуі де қолымыздан келді. Негізі бұдан да жақсы ойнауға болушы еді. Меніңше, осы команданы әріқарай дамытуды жалғастыру керек. Есеп 4:0 болғанына қарамастан бәрі керемет деп айтудан аулақпын. Әлі де күшейтетін тұстарымыз жетерлік. Келесі матчта біздің команда бұдан да жақсы ойнайды деп үміттенемін.

– Екінші таймда Андорра бапкерімен сөйлесіп жатқаныңызды байқап қалдық. Не туралы әңгімелестіңіздер?

– Мен Андорра құрамасының көп фол жасап жатқанын айттым, төреші оны байқаған жоқ. Ал Андоррадағы ойында керісінше болған. Мұжықов екі рет қарсыласқа қарсы тәртіп бұзып еді, алаңнан қуып жіберді. Бірақ төрешілердің жұмысына баға бергім келмейді. Бұл екі бапкердің өзара әңгімесі деп біліңіздер. Біздің топта ешкім мұндай есеппен жеңіске жеткен жоқ. Бірнеше ойыншымен қорғанатын Андорра секілді командаға қарсы гол соғу өте қиын. Дегенмен, бүгін біздің ойын жүріп, сәттілік те біздің жақта болды.

Бірінші таймда екі гол соғылды. Ал үзілісте екінші 45 минутқа қандай жоспар құрдыңыз?

– Мен өз жоспарымды өте сирек өзгертемін. Біз допқа бақылау жасауды әрі қарай жалғастыру туралы шештік. Қонақтар уақытты көп созуға тырысты, ауттың өзін ұзақ лақтырды. Бұл маған ұнамайды. Қазақстан футболшыларының әрекеттері өте жылдам. 60-минуттан кейін жігіттердің екінші тынысы ашылып, тағы екі гол кіргіздік.

Бауыржан Исламхан бүгін өзіне тән емес сол қапталда ойнады. Бұдан кейін осылай жалғаса бермек пе?

– Біз бұл тактиканы Андоррадағы алғашқы матчта ойластырғанбыз. Қаптал арқылы бос кеңістік табуға болады. Маған өзінің жеке шеберлігі мен дриблингінің арқасында допты жақсы әуелетіп және дұрыс пас беретін ойыншы керек. Бүгін Исламхан қапталда өз міндетін жақсы атқарды, нәтижелі пас та берді.

Зайнутдиновті не үшін ауыстырдыңыз?

– Ол ойын кезінде бұлшық етін ауыртып алды. Маған оның ойыны көңілден шықты. Бірақ аяғын ақсаңдап басқан соң, тәуекелге бармай, 3:0 кезінде ауыстырдым. Өйткені маусым аяқталғанша әлі біраз ойын бар.

Еркебұлан СЕЙДАХМЕТ, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:

– Ресми ойында гол соқтым, бұл менің дебютім. Бізді қолдаған жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Осы қарқынымызды әрі қарай жалғастыруымыз керек. Бізде бәрі алда, өзімізді әлі көрсетеміз деп ойлаймын. Еуропада атой салатын кезіміз келеді.

Ойын туралы жалпы не айтасың?

– Қарсылас аса қатты мықты емес, орта деңгейлі команда. Допты көбірек ұстап, жиі шабуылдадық. Барлығы жақсы аяқталғанына қуаныштымын. Ең бастысы, жеңіске жетіп, жанкүйерлердің сенімін ақтағанымызға қуаныштымын.

– Негізгі құрамда алаңға шыққанның әсері қандай екен?

– Негізгі құрамда шыққан кезде үнемі тек ойын жайлы ойлайсың. Маған сенім артқан бапкерлер штабына алғысым шексіз.

Қазақстанның көп шабуылы Исламхан арқылы өрбіді. Бас бапкер қаптал арқылы шабуылдауды тапсырды ма?

– Былай айтайын: Исламхан – команданың моторы. Ол қазір ­­­Қазақстанның ең үздік ойыншысы. Біз одан көп нәрсе үйренеміз. Бала кезімде Бауыржанның ойынын қарап өстім, соған жанкүйер болдым. Қазір екеуміз бірге ойнап жүрміз. Бұған қуаныштымын. Демек, менде де өсу бар.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан газеті», №43
23 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз