«Астанаға көктем кеш келеді» киносы естеріңізде ме? Кəсіби тұрғыдан мықты болмаса да, ауылдағы бойжеткен мен бозбаланың Астанаға қарай ұмтылуына сеп болған фильмдердің бірі еді. Бүгінгі кейіпкерімізді алғаш сол кинодан көріп ем. Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының сахнасында М.Əуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңлікті, «Айман-Шолпанында» Айманды, Ұ.Есдəулеттің «Зересінде» Ұлжанды жəне басқа да образдарды сомдап жүр. Көктемнің алғашқы күндерінде «Серпер» жастар сыйлығының иегері Сая Тоқманғалиевамен сұқбаттастық.

Сая: Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Көкбай ақынның ауылында дүниеге келгем. Осы өлкенің əрбір тумасы бес жасынан бастап Абайдың, Шəкəрімнің, Көкбайдың өлеңдерін жатқа айтып жүреді. Мен де солай бала кезден поэзияға құштар болып өстім. Тіпті бес күннің ішінде Абайдың жиырма бес, Шəкəрімнің жиырма өлеңін жаттап, жарысқа қатысқаным есімде. Мектеп бітірген соң Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы саз колледжіне түсіп, ұйымдастырушы-педагог бөлімін 2003 жылы тəмамдадым. Актерлікті оқымаған соң арманыма жетпедім-ау деп, іштей қанағаттанбадым. Дипломды əкелген соң, үйде туған-туыс жиналып, қуанышты бөліскен күні өзімнің актриса болғым келетінін, Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға тапсыратынымды жайып салдым. Анам ұстаздық жолында жинаған шкаф толы көрнекіліктерін көрсетіп:  «Қой, ертең сен жын қуып кетесің. Мынаның бəрі кімге қалады?» – деп мені райымнан қайтаруға тырысты. Қайтпас қайсарлығыма салып, актриса болам деп дегенімнен қайтпадым. Үлкен əпкем газеттегі хабарландыруды көрсетіп, Астанада актерлік бөлімнің ашылғанын айтты. Екеуміз Астанаға келдік. Таңғы бесте пойыздан түсіп, қаладағы тіршілік басталсын деп вокзалда күтіп отырдық. Сөйтсек, Астанада тіршілік біз пойыздан түскенде-ақ басталған екен. Осылайша 2003-2007 жылдары Қазақ ұлттық музыка академиясында білім алдым.

Өмірде жолы болған адамның ұстазы мықты болады. Қазір бір сахнада ойнайтын халық əртісі Гүлжан Əспетова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов менің жақсы актриса болуым үшін тер төкті. Гүлжан апа эмоцияны көрсетуге бейімдесе, Болат аға істің адамы еді. Екеуі қосылып əдемі тандем болды. Осы екі кісінің берген тəрбиесі өнердегі өмірлік азық болды. Студент кезімде Қаллеки театрына келгенде: «Қашан мен осылай сахнаға шығамын? Қашан мен осы кісілермен əріптес боламын? Ана рөлді мен ойнағанда жақсы шығар ма еді?» – деп ішімде қыз-қыз қайнаған, бұлқынған сезім болатын. Сахнаға шын шыққан кезде кішкентай эпизодтың өзін ойнау қандай еңбекті қажет ететінін түсіндік.

Ұлан: Ал Қаллеки театрына қалай келдіңіз?

Сая: Дипломдық спектакльді ойнаған соң, ұстаздардың ұсынысымен «Мен» театрындағы жастармен бірігіп, «Жастар» театрын құрдық. «Жастардың» құрамында «Қуыршақ» театры да болды. Рөлі жоқ актер-актрисалар сол Қуыршақ театрында жұмыс істедік. Бір күні бізді фестивальге жіберетін болды, сол кезде жұмыстан шыққым келетінін айттым. Сонда Ғани Құлжанов ағамыз басу айтып, жас кезде ойланбай əрекет етпеу керек екенін ескертті. Төрт жыл бойы драма актрисасы болуды армандаған басым ешкімге қарамай, жұмыстан кеттім. Еңбек кітапшама алғашқы жұмыс орным ретінде «Жастар театры» жазылған. Өзім армандаған Қаллеки театрына жұмысқа кіргім келіп, үш ай жүрдім. Ермек Аманшаев ағамыздың демеуімен, сенім білдіруімен театрдың сол кездегі директоры Оразалы Ақжарқын мені жұмысқа алды.

Ұлан: Өнер мектебінде сабақ беріпсіз…

Сая: №2 өнер мектебінде сахна тілі, актер шеберлігінен сабақ бердім. Балаларға үйретіп жүріп, өзім де үйрендім. Қазір олар да менің əріптесім болған. Анда-санда көріскенде өзімнің балалығымды айтып қояды. «Көйлек сатып алып, «мынау қалай?» деп бізге көрсететінсіз», – дейді. Өзімнің есімде жоқ қызық сəттерді сол балалардан естіп жатамын. Ата-анадан бөлек, баланың өміріне мен де жауаптымын. Жауапкершіліктен сескеніп ол жұмысты қойдым. Кезінде анама «өлсем де педагог болмаймын» деп айтып ем. Бірақ болашақтағы жоспарым ұстаздықпен байланысты.  Өмір дегенің осы екен. Ешқашан алдағы өміріңе қатысты өйтпеймін, бүйтпеймін деп айтуға болмайды екен. Қазір де мектеп оқушыларын əртүрлі конкурстарға дайындап жүрмін. Өнер өлмеуі тиіс. Ұстаздарыма шексіз алғыс айтамын. Олар Сəбира Майқанова, Бикен Римова сияқты сахна майталмандарының тəрбиесін алып, бізге жеткізді. Келер ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.

Ұлан: Алғашқы рөліңіз қандай болып еді? Қай рөліңіз арқылы театрдан өз орныңызды таптыңыз?

Сая: Ұстазым Болат Ұзақовтың режиссерлігімен қойылған «Күшік күйеу» қойылымындағы Алма – тұңғыш рөлім. Комедия жанры болғандықтан қатты қиналғам жоқ. Режиссер Нұрлан Жұманиязов комедия жанрындағы «Үйлену» деген қойылым қойды. Бұл жерде орамал тағып, иманжүзді боп көрінетін, сырты бүтін, іші түтін адамның рөлін ойнадым. Театрда өз орнымды таппай, үлкен кісілерден қысылып жүргенде, осы рөлден соң əріптестердің көзқарасы өзгере бастады. Ұстазына қарап, шəкіртін бағалайды. «Ой, Əспетова құсап қабағын түйіп…» – деп жататын. Мені қабылдаулары қызық болған. Оқып жүргенімізде «режиссер қалай тартса да кете беретін, пластилин сияқты болуың керек» деп үйретті. Сондықтан комедия, драма болсын кез келген жанрда ойнай білу керек. Ж.Ануйдың «Жалын жұтқан Жанна д’Арк» қойылымында Жаннаны сомдағанымда бастан-аяқ бір деммен үзіліссіз ойнайсың. Спектакльден соң бар күшіңді сығып алғанын көрерменнің екі минуттық қошеметі ұмыттырып жібереді.

Ұлан: 2009 жылы түсірілген «Астанаға көктем кеш келеді» киносында Жұлдыздың рөлін сомдадыңыз. Киноға қалай келдіңіз?

Сая: Еркін Рақышев негізгі құрамды Алматыда таңдап қойған. Айнұр Жүгінісова əпкемнің ұсынуымен кино түсіру алаңына бардым. Менің орныма түсетін қыз болмағандықтан, мені ешқандай сынақсыз қабылдады. Бұл киноға түсуім осылайша кездейсоқ болды.Қай рөлді алсаң да, оңай дүние жоқ. Сенің бүкіл миың, ойлауың сол рөлмен өмір сүруі тиіс. Əрбір рөл туған балаңдай. Тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатып, «ууф»деп босанып, əр рөліңе жан-тəніңмен кірісесің. Арманым – Əлия, Мəншүк секілді батыр қыздардың образын сомдау.

Ұлан: Рөл сомдауда актрисаларарасындағы бəсекелестік бар ма?

Сая: Əрине, онсыз болмайды. Десе де, өмір мен өнерді араластырсаң, екінің бірі бəсекелесің болады. Яғни кəсібилік үшін өзара бəсекеге түсуіміз тиіс. Ал өмірде жақын дос болу – парыз.

Ұлан: Дубляж саласында да жүрсіз. Бір емес, бірнеше адамды дыбыстау оңай емес шығар?

Сая: Дубляж – бардың, айттың, қайттың емес. Сериалдағы кейіпкердің басындағы өмірді жүректен өткізу оңай емес. Бір күнде төрт сериал жазып шыққан кезде шаршағаныңды байқайсың. Тісқаққан, машықтанған актриса болсаң дыбыстау оңай. Дубляж саласындағы тоғыз жылымда «Моана», «Джунгли кітабы», «Өрмекші адамның хикаялары» мультфильмдерін қазақша сөйлеттік. «Көліктердегі» Круз Рамирезті дыбыстағаным қызық болды. Кинотеатрға барып, балалармен отырғанда олардың көрсеткен қошеметін көріп, ерекше əсерлендім. Бірақ қазақша сөйлеген мультфильмдердің кинотеатрларда көп көрсетілмейтіні қынжылтады.

Анам қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болған. Интернатта оқитын бұзық ұлдардың өзі анамды сыйлайтын. Сондай бұзық болған  Қуаныш деген баланың оқуға ынтасын ешбір ұстаз оята алмады. Сол бала анамнан ғана ығатын. Анам болса: «Əй, Əкемиев, сендер бір атадан екеусіңдер ғой. Сенің əкең Əділжан, мынау Берікжанның əкесі, сол екеуі тұрлаулы жəне тұрлаусыз мүше», – деп сабақ түсіндіретін. Сабақты осылай түсіндіргенде Қуаныш ертесіне бəрін жаттап келетін. Біздің үйге мектеп, дүкен, əкімдік жақын болатын. Сонда анау-мынау сатып келетін бейтаныс адамдарды үйге əкеліп, шəй беретін. Үлкен əпкелерім жуас болған. Құдайы қонақ туралы дым демейтін. Ал мен жақтырмай сөйлейтінмін. «Құдайдан қайтады. Жолдағы адамға шəй-тамағын беру мұсылмандықтың белгісі», – дейтін сонда анам. Таныс та бейтаныс адамдарды қонақ етіп шақырудан шаршамайтын. Ұлдардың арасында жалғыз өсіп, анадан ерте айырылған анам Тұраргүл жеті баланың тамағын дайындап, мектептегі жұмысын жүргізіп, күйеуінің бабын тауып, соның арасында қонақ күтуге де үлгеретін…

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет!

Сұқбат барысында актриса анасының, студенттерінің, тіпті балалардың рөліне кіріп, тəнті етті. Қаншалықты кəсіби болса, соншалықты қарапайым екен. Журналисті балаша күтіп алып, шығарып салды. Астанаға көктем кеш келсе де, осындай гүл қыздарымыз барда бізде əрқашан көктем ғой! Өзі де көктемдей жылы қыз екен.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №10
6 наурыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз