Осыдан бір апта бұрын мәселе қайта көтерілді. Қайтадан дейтін себебіміз, 2014 жылы Алматы қаласының Ақжар ауылындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектептің атауы өзгеріп, жазушы есімі алынып қалған. Содан бері «№188 жалпы білім беретін орта мектеп» деп қана аталып жүр. Оған себеп – бір құжаттың табылмауы.

«1992-1993 жылы 1 қыркүйекте қазақ орта мектебі болып ашылды. 1993 жылы №9-362 шешімі бойынша балалар жазушысы, классик Б.Соқпақбаевтың есімі берілді. 03.07.2014 жылы Алматы қаласының әкімі А.Есімовтың 3/539 қаулысы негізінде мектептің аты «№188 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Сыйымдылығы 1200 орынды. Бүгінгі таңда мектепте 1388 оқушы оқитын 52 сынып комплектісі бар». Мектеп дәлізіндегі тақтада осылай деп тұр. Мәселені анықтау үшін бұл іске қатысы бар адамдарды әңгіме тарттық. Мектепке де бас сұқтық.Базаргүл МӘУЛЕНОВА, мектеп директоры:

Құжатты әлі де іздестіріп жатырмыз

– Мектеп бұрын Алматы облысының аумағына қараған болатын. 2014 жылы Алматы қаласының аумағы кеңейгенде, мектеп қала аумағына өтті. Міне, осы кезде мектеп атауы өзгерген. Оған себеп – мектептің Бердібек Соқпақбаев атында екенін дәлелдейтін құжат, яғни 1993 жылғы шешім табылмаған. Содан кейін тек «№188 орта мектеп» болып қана қалған. Ол құжаттың қайда қалғанын ешкім білмейді. Облысқа, мұрағатқа қаншама хат жазып іздестіргенмен, табылмады. Әлі де іздестіріп жатырмыз. Сол құжатсыз-ақ мектеп атына классиктің атын қалдыру жөнінде жоғарыға, жан-жаққа хат жазып жатырмыз. Мен мектеп басшылығына атау өзгертілгеннен кейін келдім.

Әлеуметтік желілерде «ол мектепке әкесінің атын бере ме» деп жатқандар бар екен. Ол менің намысыма тиді. Қараңғылық қой. Бердібек Соқпақбаевқа жаны ашитын адам болса, мән-жайды білмей жатып олай жазбас еді.

Ал жағдай оң шешіліп, мектептің атауы біз ойлағандай өзгерер болса, біз балалар жазушысын насихаттауға, классиктің атына жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Ондай жұмыстар бұған дейін де жасалған.

Самал СОҚПАҚБАЕВА, жазушының қызы:

Мектеп атауын өзгерткен адам ел алдына шықсын

– Қай жылы, қандай қаулы қабылданғанын анық білмеймін, бірақ оншақты жыл бұрын сол мектепке қызым екеумізді шақырған. Сонда әкемнің шығармашылығына арналған салтанатты жиын өтті. «Мектеп Бердібек Соқпақбаевтың атында болғаннан кейін мұндай шараларды жыл сайын өткізіп тұрамыз, шақырғанда келіп тұрсаңыздар» деп айтқан болатын. Солай келіскенбіз. Одан кейін ондай жиын болған жоқ, ешкім ештеңе демеді. Ал өзімнің көптен орындай алмай жүрген арманым бар. Мектептің алды үлкен ашық алаң. Сол жерге «Менің атым Қожадағы» кейіпкердің мүсінін орнатып қойса қандай тамаша болар еді! «Менің атым Қожа» кітабы да, оған түсірілген фильм де қазақ атын әлемге әйгіледі. Сондай оймен жүргенде маған біреу: «Самал, сен естідің бе, ол мектептен әкеңнің атын алып тастаған», –­ деді. Мен оған сенбедім, бос сөз шығар деп ойладым. Өзім Жазушылар одағының мүшесімін. Сол жаққа хабарласып, мән-жайды анықтауын сұрадым. Олардан да ешқандай хабар болмады. Сондықтан ол мектепке немесе әкімшілікке барып, сұрастыруды жөн көрмедім. Өйткені ресми адам емеспін. Білгендері сол шығар деп, қойдым. Бұл мәселені қайта көтеріп жатқандарыңыз дұрыс. Бұл атауды өзгерткен мектеп әкімшілігі емес қой. Сондықтан жоғары жақтан осындай шешімді қабылдаған адам елдің алдына шығып жауап беру керек. Қандай оймен қабылдады, кімнің ұсынысы болды – істеген ісіне жауап берсін. Бұл біздің мәдениетіміздің деңгейін көрсетіп тұр. Ұят нәрсе!

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, ақын, білім беру ісінің құрметті қызметкері:

Шешімді қайта қабылдаса, ауырлық етпейді деп ойлаймын

– Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп екенін дәлелдейтін талай құжаттарға мөр басылды. Ал мөрді алу үшін оны дәлелдейтін құжаттың болуы міндетті ғой. Мектеп бірінші Қаскелең ауданына, сосын Қарасай ауданына, Одан Әуезов, Наурызбай аудандарына ауысты. Осындай кезде құжат бір қалтарыста қалып тұр ғой. Іс басында отырған адамдардың рухының төмендігінен болар, Бердібек Соқпақбаевтың кім екенін білетін болса, мектептің атауын өзгертер кезде өшірмей, қайта екі есе үлкейтін жазып жіберер ме еді деп ойлаймын. Жарайды, ол шешім жоғалған екен, ауыс-түйіс кезінде қалтарыста қалған екен, ол кездегі адамдар ауысып кеткен екен, енді қазақ әдебиетінің тарихи тұлғасы, классик жазушылардың бірі Бердібек Соқпақбаев атындағы мектеп болса, қандай артықтығы бар?! Сондықтан қайтадан бір жиналыс ашып, қоғамдық пікірлерді ескере отырып, қайта шешім қабылдаса ауырлық етпейді, меніңше.

Кезінде мектептің атауы түсіп қалған кезде Жазушылар одағына барып, сол кездегі төраға Нұрлан Оразалинге жағдайды айтқанмын. Ол кісі облыс әкімшілігіне хабарласып, шешім туралы құжатты сұратты. 1993 жылы 15 қыркүйекте шыққан №135 шешім деп айтқан болатын.

Біз құжатты қалай іздедік?

Міне, мән-жай осындай. Бір қызығы, Сағатбек Медеубекұлы айтқан шешімнің нөмірі мен мектеп тақтасындағы мектептің атауын өзгерту туралы шешім екі түрлі. Яғни бірінде – №135, енді бірінде – №9-362. Қайсысына сенеміз?! Істі ары қарай өз бетімізше жалғастырғымыз келді. Облыстық архивке тарттық. Алматы облысының мемлекеттік архиві қала іргесіндегі Алмалыбақ деген ауылда екен. Архивке кірген кітапханаға кіргеннен қиын екен, аталған құжатқа қол жеткізу үшін қаншама қағаз толтырдық. Басшылыққа өтініш жаздық. Оны күту де әжептеуір уақыт алды. Телефон, артық затсыз өзіңіз ғана кіресіз. Түстен кейін ғана сарғайған қағаздардың папкісі келе бастады. Бірінен соң бірін аудардық. 1993 жылы облыстық білім басқармасының шығарған шешімдері, қол қойған құнды құжаттар. Өзіңмен «құрдас» қағаздар алдыңнан шыға келгенде үміт ұлғая түседі екен. Келесі қағаз шығар деп бірін қалдырмай тексердік. Нөмір бойынша да, белгіленген мерзім бойынша да іздедік. Одан бөлек 1993 жылғы барлық құжатты аударып-төңкердік. Ұшты-күйлі жоқ. Бірақ үміт үзілмек емес.

Айтпақшы, бір құжаттан Бердібек Соқпақбаевтың есіміне көзім түскенде, ентігіп барып басылдым. Басқа құжат екен. 1993 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған Бердібек Соқпақбаев атындағы балалар әдебиеті қауымдастығының төрағасы, жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың Алматы облысының әкімдігіне жазған өтініш хаты екен. Хатта балалар әдебиетін дамытуға, қауымдастық жұмысын арттыруға әкімдіктен көмек сұрапты…

P.S. Бұл істің аяқсыз қалатынына сенгіміз келмейді. Әлеуметтік желілерде қоғам белсенділері бас көтере бастады. Құжат табылмаған күннің өзінде мектепке жазушының атын беру туралы шешім жариялансын деп дабыл қағып жатыр.

Ал бізге сол құжат архивтің бір бұрышында жатқандай сезіледі…

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №34
21 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз