Қабдыкәрім аталарың – «Өмір гүлі», «Саяхатта», «Ол кезде он үште едік», «Үйелмелі-сүйелмелі», «Жасырынбақ», «Ел жатса да Жасырынбақ», «Ел жатса да енекем жатпайды» сынды балаларға арналған көптеген кітаптардың авторы. 

Сонымен қатар, Ян Дрданың «Май күндерінде» хикаятын,
О.Гончардың «Қоңырау» романын, Гарсиа Лорканың «Қасіретті қайыңдар», И.Куприяновтың «Вьетнам жұлдызы» пьесаларын, А.Пушкин, М.Лермонтов, К.Хетагуров, Н.Хикмет, М.Луконин өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
Биыл ақын аталарыңның туғанына 90 жыл толып отыр. Мерейтой үстінде сендер өздеріңнің сүйікті қаламгерлеріңнің бір топ өлеңін оқып, ғибратын ойға түйе отырыңдар.

ЖАҢБЫР

Аспан көк долданып,
Ашуын шақырды,
Бір шатақ болды анық –
«Мылтықтар атылды».

Найзағай көлденең
Бұлттарға шаншылып,
Майысып желменен
Теңселді тал шыбық.

Қораға тығылды
Қозы-лақ маңырап.
Үлкендер жүгірді,
Бұзаулар жамырап.

Шатақтың ақыры
Кім білген мұндай деп,
Сабалап шатырды,
Ақ жаңбыр құйды-ай кеп!

Көл-көсір сел ақты,
Қызыққа кенелдік.
Түріп ап балақты
Жүгіре жөнелдік.

ОЙЛАН, ТАП!

Кел, балалар, ойнайық,
Ойнайық та ойлайық.
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық.

Кәне, әуелі тыңдаңдар,
Асығыстық қылмаңдар.
Асықпайық деп жүріп,
Бөгеліп те тұрмаңдар.

Қасқыр, қорқақ қоянның,
Бақа, балық, шаянның
Бар белгісін тез танып,
Тауып айта қояр кім?

Қияр, қарбыз, қауынды,
Бұршақ пен қар, жауынды,
Тапшы біздің жұмбақтан
Күнді, айды, дауылды.

Бәрің жақсы тыңдаңдар,
Асығыстық қылмаңдар.
Жұмбақта бар аспан көк,
Ұшақпен де зырлаңдар.

Жұмбақта бар өзен, көл,
Пароходпен жүзіңдер.
Айдын суға шомылып,
Ақ шабағын сүзіңдер.

Ал кел, достар, ойнайық,
Ойнайық та ойлайық.
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық.

ҚОЛ ШАНА

Әйда, шана, қол шана!
Жолдас болдық қаншама.
Бұралаңдап, бұлданбай,
Ер соңымнан, шаршама!

Сен төменге зырлап ақ!
Мен төбеге шығарам.
Сенің жолың қып-қысқа,
Менің жолым шұбалаң.

Сен зытасың ықпенен,
Мен шығамын жүкпенен.
Әйда, кеттік бөгелмей,
Шаруа көп бітпеген.

Сөзге құлақ сал, тыңда,
Шегіншектеп тартынба.
Тізгініңді босатсам,
Құлар едің артыңа.

Жоқ,
Одан да, қол шанам,
Кезімде тез шаршаған,
Өзің ала жөнелші,
Құлайыншы мен саған!

ЕРІНШЕК

Ертең, ертең, ертең деп,
Жүрер дәйім селтеңдеп.
Ертеңінде кездессең,
Төмен қарар мөлтеңдеп.

ӨКПЕШІ

Берген асты азырқанып,
Ашуланып, ішпейді.
Ас соңында бос құр қалып,
Бас бармағын тістейді.

АСПАЗ

Біздің гүл бақшада,
Бар әсем асхана.
Бар онда аспазшы,
Ақ көңіл, жақсы аға.

– Өмірбек, Темірбек,
Келіңдер тезірек!
Не керек, айтыңдар, –
Дейді ол әзілдеп.

Әлде май құймақ па?
Борщ па, сорпа ма?
Әлде бал, қаймақ па?
Тұрады ортада.

Бассалып «талаймыз»,
Мәз болып тараймыз.
Ағайдың қолынан,
Тойдық-ақ талай біз.

Тәп-тәтті тағамы,
Ағай ас маманы.
Пісіре білгенге,
Астың жоқ жаманы.

ҚАП, ҚАП, ҚАРМАҒЫМ!

Жағасында өзеннің,
Көп отырып, төземін.
Отырамын, тосамын,
Балық келер кезеңін.

Қап, қап, қармақ, қаба ғой,
Балық іздеп таба ғой.
Балық іздеп таппасаң,
Су түбінде қала ғой.

Судың түбін мекендеп,
Жүр ғой бәрі секеңдеп.
Мен тосамын жағаға,
Жүзіп келер ме екен деп.

Қап, қап!
Қайран, қармағым!
Неге мұнша алдадың?
Кешке дейін отырып,
Бір де балық алмадым.

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2018

1 ПІКІР

  1. Құрметті «Балдырған» журналының редакциясы!
    Сіздер жасайтын жұмысыңыз үшін алғыс білдіретім келеді. Балдырған журналын осыдан бұрын 30 жыл шамасында бала кезімде қазақ тілін тез арада оқып алу мақсатымен оқыдым.
    Қазіргі кезде жұбайым журналды қызымызға арнап жазғызып отыр. Ол арқылы баламызды жас кезінен үш тілде сөйлеуге ұйретеміз.
    Бірнеше күн бұрын журналдың қазан айындағы шығарылымын қызым Шарлоттамен бірге оқып Қабдыкәрім Ыдырысовқа арналған бетті кездейсоқ әлде кездейсоқ емес ашып қойдық. Мен оның немересі болып табыламын, Шарлотта — тиісінше шөбересі. Осы кезде қатты таң қалдық. Шарлотта өз атасын үйіміздегі портреттері бойынша танып алды. Шыңында мен де атамды порттреттері және шығармалары бойынша және әже мен әке сөздерінен ғана білемін, себебі өте ерте дүниеден кетті.
    Одан әрі 20 жылдай өмір сүрсе балаларға әлі талай өлеңдер жазатын еді.
    Мен өзім әдебиеттен алыс қызметпен айналысам, бірақ балам туғанда оған арнайы дербестікке тәрбиелейтін әңгімелер қазақ тілінде жазуым келді. Бала кезімде жануарлыр туралы әңгімелерді жақсы көретін едім. Атам маған үлгі болып бірнеше қысқа кішкентай жалғыз қонжық туралы шытырман оқиғалар орыс тілде әңгімелерін жаздым. Қазіргі кезде осы жазбаларым еске түскенде оларды хобби ретінде бос уақытым келгенше, шабыт болғанда жазып отырамын.
    Сіз мамандар болып табыласыздар, осыған орай Сізден маманды көмек сұрауға бола ма екен? Пікіріңізше менің шығармаларым Балдырған немесе басқа журналдарда күн көре алатын мүмкіндік, шанс бар ма екен? Менің мақсатым осы әңгімелер арқылы балаларға мықты дербес тұлға болып өсуге қарапайым көмек көрсету, ешқандай табыс алатын ойым жоқ, әңгімелерді тегін жариялауға дайынмын.
    Құрметпен, Ержан Қабдыкәрім

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз