Ақын Жақсылық Сəтібековтің «Таңсəріде», «Сырлы қайың», «Даладағы дастан», «Фосфорлы қала», «Мойынқұм көктемі», «Бозқараған», «Əнші дала», «Айырөткел» атты жыр жинақтары жарық көрген.
Жақаң балаларды ерекше жақсы көретін. Оның бүлдіршіндерге арналған туындылары республикалық басылым беттерінде жиі жарияланып тұрды. Сондай-ақ ақынның «Бə-мү-жə» атты балаларға арналған кітапшасын да
балалар сүйіп оқыды. Жақаңның мерейтойына орай біз оның кішкентай оқырмандарға арнап жазған туындыларының бір тобын назарларыңа ұсынып отырмыз.

ЕР ЕРІК
– Ер Ерік,–
Деп едік,
Мақтанды
Елеріп.

Деп едік:
– Күшті Ерік!–
Қомданды
Тістеніп.

Мақтап ап
Бір ауық,
Деп едік:
– Жылауық,–

Кетті-ай бір
Сол шақта-ақ
Көзден жас
Моншақтап…
Ха-ха-ха!!!

 

ТҰРАДЫ АПАМ АУЫЛДА

Тұрады апам ауылда,
Ауыл қар ма, дауыл ма?
Əжетайым жүр ме екен
Сиыр сауып жауында?!

Сағындырмай келсе екен,
Майра қызын көрсе екен.
Ақ қоржынын ақтарып,
Құрт, бауырсақ берсе екен.

Балмұздақты жеп алып,
Жүрсек бақта демалып,
Қайтарда тек ауылға,
Кетпесе екен мені алып.

Мен кеткен соң шалғайға,
Шыдайтұғын хал қайда?
Ертелі-кеш мені ойлап,
Мамам жүдеп қалмай ма?

ЖЫЛҚЫЛЫ АУЫЛДА

Атам бие сауады,
Қос білегін сыбанып.
Жеңгем тартып қауғаны,
Тастайды ағам бұғалық.

Мен де қарап тұрам ба,
Қолғанатпын көп іске.
Міне салып құнанға,
Жылқы айдаймын өріске.

Үйге келсек болдырып,
Жұмыс істеп күнұзын,
Тостағанға толтырып,
Құйды əжем қымызын.

Айтайын ба шынымды?
Жоқ бұл сырға еш талас:
Бойыңа да сіңімді
Жұмыстан соң ішкен ас.

МАЙРА БІЗДІҢ БАТЫР-АҚ

Майра ауылға құмар-ақ,
Қыңқылдайды күн ара-ақ.
Шақыратын Майраны –
Ақ ешкінің айраны

Тойып алып айранға,
Шығады ойын «майданға».
Қорқады ол бірақ та
Ешкі түгіл лақтан.

МАЙРА БІЗДІҢ ІСКЕР-АҚ

Тұра сала орнынан
Майра бəрін істейді.
Əсіресе қолынан
Сыпырғысы түспейді.

«Тындырады» көп істі,
Біліп алған ол «жатқа».
Босағадан қоқысты
Сыпырады төр жаққа.
ОЛ НЕ? БҰЛ НЕ?

Көкке шаншып құйрығын,
Шауып келді жүйрігім…
Ол не?
– Жібек тұлымды
Білемін ғой ……….  

Кетпейді ұзап өңірден,
Жайылуға ерінген…
Ол не?
– Айыр жоталы
Білемін ғой ……….

Көзі ме əлде басы ма,
Таяп баршы қасына.
Ұшып кетті именіп,
Бұл қай жəндік?
– ……….

Менің атам бақты оны,
Үстінде бар ақ тоны…
Ол не?
– Төлдің бозымы
Білемін ғой ………..

Тынымсыз бір кəсіпқор,
Жібек жіптен есіп тор,
Жауына тұзақ кермекші,
Бұл қай жəндік?
– ………

Гүл ішінен қағып ал,
Көгі, қызыл, ағы бар.
Ұшпайды ол төбелеп,
Бұл қай жəндік?
– ………..

Шырылдайды, тынбайды,
Шілде жырын жырлайды.
Қағып алшы, секірт те
Бұл қай жəндік?
– ……….

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз