Ақан Сатаев Серік Сəпиев туралы кино түсіретін болып, оған актер іздеп жатыр. Бірақ əуелі Бекзат туралы кино түсіріліп бітуі керек еді. Өткенде Бекзат туралы сериал шығайын деп жатыр деді. Бірақ Бекзат туралы киноның толғағы пісіп-жетілмей жатқанына қанша уақыт… Бекзат туралы көркем фильм түсіру үшін Бекзат тірі болып, парламентте депутат боп отыруы керек пе?

Бекзат қаншама жасөспірімге үлгі болатын тұлға еді. Оның өмірі киноға сұранып тұр. Сол киноға Бекзаттың гитарамен əн салатыны, домбыра шертетіні, география пəнін қызыға оқитыны, гүлді жақсы көретіні де қосылса жақсы еді. Мысалы, Сатаев көше арасындағы төбелес туралы кино да түсірді. Көше арасындағы төбелестің көкесін сол Бекзаттар көрген шығар. Түркістанның ана басы мен мына басына жаттығуға жүгіріп барып келуі де жасөскінге үлгі. Бекзат арқылы тəуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қазақ отбасыларының, қоғамының қиын жағдайын да көрсетуге болады. Əттең, қайда кетпей жатқан ақша Бекзатқа келгенде жетпей-ақ қойды. Егер Сəпиев: «Бекзаттың киносы түсірілмей, мен туралы кино шыққанын қаламаймын» десе, сең қозғалар ма еді.
Шіркін-ай, қазақтың жігіттері бір-бірін қолдап жүрсе ғой дейсің.

19 жылда Бекзат туралы киноның түсіріліп бітпеуі ұят қой, былай қарасаң. Америкалықтар, үндістер жылт еткен спортшысы шықса, керемет кино түсіріп тастайды. Аузың ашылып отырып көресің. Оны көрген бала спортпен қалай айналыспасын?! Ал бізде кассалық комедияларды түсіріп, қазақ киносын дамытып жатырмыз дейді. Ішінде сабақ алар түк болмаса да кинотеатрға барып көреміз. Өмірі дайын кино адамдары туралы кино түсіруге келгенде қурап қаламыз!

Осы жазбаны бір апта бұрын Фейсбук желісіне жаздық. Бөлісушілер де, оқушылар да, пікір айтушылар да көп болды. Осыдан 5 жыл бұрын Бекзат туралы кино түсіруді режиссер Ермек Шахмет қолға алған болатын. Басты рөлге Асылхан Төлеповті бекіткен. Интернетке трейлері де шыққан. Алайда 5 жылдан бері 2 минуттық триллерден басқа ештеңе жоқ. Аяқталмай қалған фильм мен жаңадан түсіріліп жатқан сериал туралы Бекзаттың ата-анасы Сейілхан аға мен Сырлыкүл апай не дейді?

– Ермектер сол күйі фильм түсіруді тоқтатып қойды ғой. Қаражат болмай қалыпты. Оның өзіне қанша жыл өтіп кетті. Одан кейін «Хабар» агенттігіненбіз деп жігіттер келді. Кино түсірмек екен. Рұқсат сұрады. «Жарты жолда тастап кетпесеңіздер болды. Бекзат біздің ғана баламыз емес, бүкіл қазақтың баласы ғой, сондықтан бізден рұқсат. Түсірілсе, қуанамыз», – дедік. Желтоқсан айының жиырмаларына Түркістанға келіп түсіру жұмыстарын жүргізді. Оның алдында Алматыда, Таразда түсірген екен. Бекзаттың рөлінде Самат деген жігіт ойнайды екен, – деп бастады əңгімесін Сырлыкүл апай.

– Актердің фамилиясын айтасыз ба?

– Соны білмейді екенбіз, қызым. Сценарийін оқып көрейік деп сұрағанбыз. Режиссер: «Менің бір қағидам бар еді. Түсіріліп жатқан кезде оқытпай-ақ қояйын. Біткесін бір-ақ көресіздер ғой» деді. «Жарайды» дедік. Бұл жаққа Бекзаттың жастау кезін түсіруге келді ғой деймін. Түсіріліп жатқанда, «Бекзаттың андайы бар ма, мындайы бар ма?» деп көмек сұрап тұрды.

– Атын да ұмытып қалдық (Телефонның ар жағынан үй ішіндегілерден сұрап еді, олар да нақты жауап айта алмады. –Ред.).

– Сонда ол кісілер сериал түсіреміз деп келді ғой?

– Иə, «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін 5 бөлімді сериал түсіреміз деді. Облыс əкімдігі де көмектесеміз депті. Балалар риза болып айтып жатқан. Сериал жақсы шығып жатса, кинотеатрда көрсетілетін толықметражды фильм жасамақ ойлары да бар екен. Айнұр деген қыз да Бекзатқа сценарий жазып жатқан. Оны да режиссерге айттық. «Бəріңіз бір салада жүрген əріптессіздер. Ол қызға да хабарласып, сценарийін көріңіздер», – дедік. Жалпы, Бекзат туралы халықаралық деңгейде ұялмай көрсететіндей фильм түсірілсе дейміз.

– Ал режиссер Ермек Шахметтің командасы сол күйі хабарласқан жоқ па?

– Ермек хабарласқан жоқ. Асылхан ойнайтын болып еді ғой ол фильмде. Рая деген қыз хабарласты телефонмен. Сол фильмді халықтан ақша жинап, жалғастырмақ екен. Мен бұл сөзге ренжіп қалдым. «Бекзат қазақ елінің тұлғасы ғой. Халықтан жылу сұрап, ақша жинап кино шығармай-ақ қойыңыздаршы. Өздері демеушілік жасап шығарамыз деп жатқан азаматтар болса, бізден рұқсат. Ал халықтан ақша жинап шығаруға қарсымыз», – дедім. Содан кейін қайта хабарласпады.

– 19 жылда Бекзат туралы фильм түсіруді «Қазақфильмнің» тізіміне енгізуге де болар еді ғой…

– Соны айтамын. «Халықтан жылу жинауды ойлағанша, неге ойларыңызды «Қазақфильмге» айтып, ұсыныс жасамайсыздар?» дедік. Шетелдіктер өздерінің
спортшылары туралы неше түрлі кинолар түсіріп жатыр ғой. Соларды қызығып отырып көреміз. Бекзатқа да сондай кино түсірсе ғой деп армандаймыз. Бекзаттың қазір көзі жоқ. Оған қандай фильм түсірсе де жарасар еді. Рая деген қыз қарсы болғаныма ренжіп қалды-ау. Бірақ мен аналық зарымды айттым. Бізде қазір Мəдениет жəне спорт министрлігі бар. Қанша кинолар шығып жатыр. Қалай десек те Бекзат қазақ елінің тарихына еніп кетті. Қалайша Бекзат сияқты тұлғаға ақша бөлуге болмайды деп ойлаймын.

Қызым, өздерің айтпақшы, Бекзаттың өмірін шынайы көрсететін толықметражды фильм түсірілсе дейміз. Тілдерің де бар, қолдарың да ұзын. Айтып, жазыңдаршы. Кейде «өлдің, өштің» деген осы ма деп ренжіп қалам. Анамыз ғой. Бар жұбанышымыз – Бекзат туралы айтылған əр жақсы сөзге қуану.

Өмірде ананың зарынан ащы, ананың аманатынан киелі ештеңе жоқ. Сырлыкүл
апамызбен сөйлескен сайын жүрегіміз елжіреп тұрады. Егер Саттархановтар отбасы «Бекзатқа кино түсіреміз» деп əр есікті қағып, ақпарат құралдарын шулатып жүрсе, «баласының атымен ақша табуды ойлап жүр» деп жазғырар
едік. Сырлыкүл апамен қоштасып жатсам, Сейілхан ағамыз телефонды алып:
«Қызым, Бекзаттың рөлінде ойнайтын Самат деген баланың нөмірін таптық. Жазып аласың ба? Режиссерін, сериалдың түсірілу барысы туралы сол баладан сұрап аларсың», – дейді. Əке жүрегі де чемпионға лайық құрмет көрсетілмей жүргеніне назалы. «Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені бар. Тек сыртында ғана қалқайып аты жазылып тұр. Құжат жүзінде ешқандай заңдастырылмаған. Спорт кешенінде Əбдісалан Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебі жұмыс істейді», – дейді.

Самат ƏЗІМҚҰЛОВ, актер:

«Бекзат шыққан газеттерде қиып алып жинайтынмын»

Сейілхан аға берген нөмірге хабарластық. Бекзаттың рөлінде ойнайтын актердың аты-жөні Самат Əзімқұлов екен. Астана мюзикл театрының актері.

– Бекзат ағамыздың 15-20 жас аралығындағы рөлін сомдаймын. Ағамыз чемпион болғанда, 2-сынып оқушысы едім. Қалай чемпион болғаны, алтын медаль алып жатқан сəті əліге дейін көз алдымда. Содан кейін боксқа деген қызығушылық пайда болды. 2000 жылдан 2010 жылға дейін бокспен айналыстым. Кикбокстан спорт шеберімін. Бекзат Саттарханов – менің кумирім. Бала кезден Бекзат туралы кино шықса, басты рөлде ойнаймын деп жоспарлағам. Қатты ұқсағым келгесін бе, бəрі маған Бекзатқа ұқсайсың деп жататын. Оқушы кезде Бекзат туралы газеттерге шыққан материалды қырқып алып жинайтынмын. Олимпиададағы ойындарының видеосын жинап, сақтап жүрдім. Ол кісінің бокстағы техникасына қызығып, рингте солай жүруге тырыстым. 2014 жылы алғаш рет Инстаграм желісіне тіркелдім. Бекзат ағамыздың аты өшпесін деп, Инстаграмға видеоларын, суреттерін жүктеп жүрдім. Көп адамда жоқ суреттерін тауып алдым.

Бір күні жұмыстан келсем, телефоным шырылдайды. Көтерсем, ар жақтағы дауыс өзін «Мұрат Бидосовпын» деп таныстырды. Ол кісіні сырттай білемін ғой. «Боксқа қатысқансың ба?» деп сұрады. «Иə» деп едім, «Кешке кездесйік, ақылдасатын шаруалар бар» деді. Кездесуге барғанда, Бекзат туралы сериал түсірілетінін білмедім. Бірақ бірден Бекзат туралы кино түсірілсе, сол рөлді ойнағым келетінін, қанша демеушілердің есігін қаққанымды айта бастадым. Өйткені мен қай жерге барсам да Бекзат туралы кино түсірілуге мүмкіндік болса деп жүретінмін. Ол кісілер бір-біріне қарады да, «біздің де ойымыз Бекзат туралы сериал түсіру» деді. Солай жұмыс басталып кетті.

– Бойыңыз, салмағыңыз Саттархановтікімен шамалас шығар?

– Негізі түсірілім тез басталып кетті. Бір аптаның ішінде Алматыға шақырды. Тым болмағанда, 1-2 ай жаттығу залында жүйелі дайындалуым керек еді. Соңғы рет 2009 жылы украиналық боксшымен ринге шығып, көзімнен қатты соққы алғам. Содан кейін бокспен айналысуға дəрігерлер рұқсат бермеді. Бойым Бекзат ағамен бірдей. Қазір салмағым 62 келі. Бекзат ағамыз 57 келі салмақта өнер көрсеткен. Сериалға түскенде сол салмақта болмай қалдым. Салмақ қууға уақыт болмады. Бірақ ұсқынымыз, пластикамыз ұқсайды.

– Бекзат спортшы ғана емес, гитарамен де əн салған, домбыра шерткен екен.
Сериалда сол жағы қамтыла ма? Сосын Түркістанда сол кезеңде жасөспірім балалар көше төбелесіне қатысып, мықтылықтарын дəлелдеп жататын…

– Түсіру жұмыстары осы айдың 15-іне жалғасады. Сценарийде гитарамен əн салатын жерлері бар екенін естідім. Кезінде «До-мажор» тобында əн салдым. Сол кезде Бекзат ағаның киносын түсіру туралы ойымды Сəкен Майғазиев ағамызға айтқам. Ол кісі мені қолдап, демеуші де тауып берді. Солай біз 2014 жылы Бекзаттың үйіне бардық. Ата-анасының рұқсаты мен батасын алдық. Ол кісілер қуанып қалған. Алматыға келсек, интернетте «Асылхан Төлепов Бекзат Саттархановтың рөлінде ойнайды» деген ақпарат қаптап тұр екен. Содан кейін жолды бердік. Бірақ оларда бір айдан кейін түсірілім тоқтап қалған. Сонымен Бекзат аға туралы фильм күйіп кетті.

Түсірілім кезінде Түркістанда екі аптадай болдық. Күніге сыныптастары, курстастары, əскери кафедрада бірге оқыған жолдастары келеді. Бекзат аға
туралы естеліктер айтады. Бекзат ағаның 1-сыныптан бері досы болған Серік деген азамат бар екен. Сол кісі Бекзаттың əбден ескіріп кеткен, жыртылып, тігілген бокс қолғабын сыйлады. Түсірілім алаңына келіп, «Бекзатты көргендей болдым» деп жылап қалып жүрді. Досының айтуынша, Бекзат ағамыз жасөспірім кезінде бұзықтау болыпты. Топпен көше төбелесіне қатысып жүріпті. Балалармен бірге базарға барып, қарбыз ұрлап та жеген екен. Ұлттық құрамаға алынғаннан кейін бірден өзгеріпті. Бес уақыт намаз оқыпты.

Саматтың Инстаграм парақшасына ашып көріп, шынымен Саттархановты кумир тұтқанына риза болдық. Бекзаттың небір видеолары, сұқбаттары, суреттері
алдымыздан шыға келгенде, қазынаға тап болғандай болдық. Айтпақшы, сериалдың режиссері Мұрат Бидосовқа да қоңыраулаттық. Ол кісі түсірілім барысы, сценарийдің ау-жайы туралы бір аптадан кейін айтуға уəде етті. Негізінен сериал Бекзаттың спорттағы өмірін қамтиды екен. Саттархановтың ата-анасы ешкімнің Бекзат туралы жаман сөз айтпайтынына сенеді. Біз де Бекзат туралы сериалдың жаман болмайтынына сенейік. Ал көркем фильм түсіру мемлекеттік қолдауды қажет ететін-ақ мəселе!

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №3
15 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз