– Қарным ашты,– деді Арай біраздан кейін.

– Қазір… – Асқар үйге кіріп, палаудан салып əкеп берді де, өз бетінше ойнап кетті.

– Асқа-а-р, – деді Арай тағы да бірдеңе айтқысы келіп.

Ағасы жүгіріп келді:

– Не болды?

– Сен шақырдың ба?

Асқар түкке түсінбеді:

– Кімді?

– Мына… шыбындарды… – деді Арай тəрелкені айнала қонған екі шыбынды нұсқап.

– Жо-оқ, оларды шақырып қайтем?

– Онда олар менің тамақ жеп отырғанымды қайдан білді?

– Төбеңнен ары-бері ұшып жүргенде көрген шығар.

– Торғайлар да көрді ғой. Олар неге келмейді?

– Олар қорқады.

– Шыбындар кішкентай болса да, торғайдан батыр ма?

– Əрине. Қорықса келер ме еді. Торғайдан гөрі  батыр болғаны ғой.

Арай  ары қарай «неге олай?»  деп сұрауға намыстанып, кідіріп қалды. Тəрелкеге қонған шыбындарды ұшырып жіберген ағасына Арай:

– Шыбындар ақылды екен, – деді тамсанып.

– Оны қайдан білдің?

– Менің жегенімді көріп, олар жемей қойды. Тек иіскеді.  Басқаның тамағын жеуге ұялады ғой деймін.

– Олардың аузы титтей. Жегені көрінбейді.

– Иə, саған!… – Арай үстелдің шетіне жарты қасық палау салды. – Əне, қарашы. Екеуі де палаудың үстінен ары-бері жүрді. Бірақ жемеді.

– Иə, «біз жеп қойсақ, Арайға не қалады» деп ұялды ғой деймін, – деді Асқар кекетіп.

– Ақылы бар екен, – деді Арай құптап.

– Иə.

– Олар менен де ақылды ма?

– Сенен ақылды емес. Олар – кішкентай, сен – үлкенсің.

– Мен торғайдан да ақылдымын ғой, иə?

– Иə, – деді Асқар қарындасының көңілін көтергісі келіп, басын изеп.

– Торғайлар шыбыннан үлкен, ал неге ақылы аз?

– Торғайдың ақылы шыбыннан аз деп кім айтты саған?

– Сенбейсің бе? – Арай көп білетін Асқар ағасының соны да  білмегеніне таңданды: – Қарашы, – деді сосын қасығымен толтыра палау алып. Тəпішкесін сүйрете тырп-тырп  етіп барып, қораның алдында жатқан легеннің түбіне тамақты төкті.

– Ал енді тығылып тұрып қарайық, – деді ағасына қарап.

Кешікпей торғайлар жапырлап келіп, легеннің шетіне қона бастады. Əп-сəтте күріштен  бір түйір де қалдырмады.

– Əне, көрдің бе, торғайдың ақылы жоқ. Ұялмай, тамақты жеп қояды. Біздің қарап тұрғанымызды да байқамады. Ал шыбындар ақылды. Бізге қалдырады, – деді Арай үлкен  жаңалық ашқандай.

«Сенікі дұрыс емес» дегісі келсе де, Асқар үндемеді. «Өкпелеп қалар» деп ойлады.

Тамаққа тойған соң, Арай жан-жағына көз салды. Іші пысып, ауланы аралады. Өзі көңілді. «Енді айтуға болар» деп ойлады Асқар.

– Сен шынымен-ақ шыбындар торғайлардан ақылды деп ойлайсың ба? – деді қарындасына қарап.

– Иə, бəрін көрдік қой! – деді Арай жаңа ғана көзі жеткен шындыққа ағасының күдіктенгеніне таңданып.

–  Олай емес, – деді Асқар басын шайқап. – Торғай шыбыннан ақылды. Өйткені ол үлкен. Мен сенен үлкенмін, демек, мен сенен ақылдымын.

–  Иə, саған! Сенен мен ақылдымын, – деді Арай бұл жолы өжеттеніп.

– Жарайды, сен-ақ ақыл ды бол, – деді Асқар қарындасын жылатып алам ба деп қауіптеніп. – Бірақ торғайлардың шыбыннан неге ақылды екенін айтайын ба?

– Иə… айт! – деді Арай дауысын əндете созып.

– Шыбындар лас жерге қонады. Сосын келіп біздің тамағымызды былғайды. Ол тамақты жеп, біз ауырамыз. Сондықтан біз шыбынды қондырмаймыз, ұрып өлтіреміз.

– Неге өлтіреміз, жылай ды ғой ол, – деді Арай жаны ашып.

– Жарайды, – деді Асқар тағы да қауіптеніп. – Ұшырып жібереміз. Шыбындар өзін өлтіріп тастайтынын білмейді, қомағайланып ұшып келеді. Ал торғайлар адам өз тамағына қондырмайтынын біледі. Соны ойлауға ақылы жетеді. Ал шыбынның ақылы жетпейді. Кір-кір аяқтарымен тамағымызға қона кетеді.

– Ой, рас, ақылсыз екен, – деді Арай қабағын шыта иланып.

– Əне, көзің жетті ғой, – деді Асқар енді дауысын сəл көтеріп. – Ақылсыз болғандықтан, ұятсыз.

– Егер шыбын торғайдан үлкен болса, ақылдырақ болар еді, – деді Арай қиялдап. – Асқар десе, піл сен екеуімізден де, папам мен апамнан да үлкен. Сонда ол бəрімізден де ақылды болды ғой?

Асқар бұл сұраққа жауап беруге білімі жетпейтінін сезіп:

– Арай, өзің ойлашы. Ойлай берсең, ақылың көбейе береді. Мен асығып

тұрмын… – деді тұра қашуға ыңғайланып.

Арай ағасының жауап беруден қашқанын сезіп, соңынан күле қарап тұрды.

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз