Күн сəрсенбі. Оқу жылының аяқталуына аз қалған. Түс көрдім. Жо-жоқ, түс емес-ау, өңім. Кəдімгі күнделікті жалғасып жатқан мектеп өмірі. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, емтиханға дайындалып жүргенбіз.

Мектепке барлық оқушылар келуі тиіс деген мектеп басшы-сының бұйрығын естіп, бəріміз жиналдық.

Мектеп ішінің тіршілігі күндегіден қауырт. Аула есігінен мектеп табалдырығына дейін ұзын кілемше төселген. Бастауыш сынып оқушылары төселген кілемшенің екі жағына сап түзеген. Əдетте соңғы қоңырау мерекесінде болатын көріністі бүгін көріп таңғалдық. Сірə, мектепке қонақ келетін сияқты…

…Иə, айтқанымдай, қонақ жеңіл көліктен түсіп, сəл бөгеліп, мектепке тағзым еткендей басын иіп, айналасына назар салды. Аты-жөні белгісіз қонақ  əйел адам екен. Оқушылар алма-кезек Отан, мектеп, туған жер туралы өлең-тақпақтарын мəнерлеп айтып, бейтаныс қонақ тарапынан: «Бəрекелді!», «Жарайсыңдар!» деген лебіз естіп жатты.

Кіреберіске  жақындаған сəтте мектеп директоры  сəлемімен бірге кісі бойындай алқызыл гүлді қонағымызға  ұсынды.

Кім де болса жай адам емес, не қоғам қайраткері, не осы мектепке қатысы бар кісі. Айтқанымдай, бұл кісі қырық бес жыл бұрын біздің мектепті бітірген түлек екен. Сəлден соң бəрі де анық болды. Аты-жөні – Маржан Бектұрсынқызы Пірімбетова. Апта бұрын мектеп кітапханасының қорына жүздеген құнды кітап беріп жіберген. Өзі де  қаламгер, ғалым, публицист, журналист-педагог болып шықты. Отыздан аса кітаптың авторы.

***

Мектеп кітапханасының алдындағы кең орынға көрме жасалып, суреті ілініпті. Мектепке келген басқа да қонақтар мен оқушылар, ата-аналар жоғары сөреге қойылған қонақтың авторлық кітаптарын, атап айтқанда, «Маржан ойлар», «Қазақ тілі» оқу құралдары, «Қазақ заңгерлері», «Жазба жұмыстарының түрлері», «Зерде баспалдақтары», «Мəтіндер жинағы», «Қазақ заңгерлері» сияқты көптеген кітапты парақтап жатты.

Барша қонақтар мен ата-аналар, мектеп оқушылары мектептің кең залына жиналды. Келген қонақ пен ол кісіге елу бес жыл бұрын «Əліппені» үйреткен алғашқы ұстазы Айман Əбдіғалиқызы құрметті қонаққа арналған орынға шақырылды. Есімі бірінші аталғанмен ұстазын алдына салып, қолтығынан демеп, сексен жасқа таяған алғашқы мұғалімін төрге отырғызды. Қонақ бүлдіршіндерге бауырсақ үлестірді. Сонымен қатар, оқушыларға дəптер, қалам таратты.

***

Сөз кезегі қонаққа берілгенде, залда отырған барша көрерменді көзімен бір шолып өтіп, біреуді іздегендей болды.

Ол Елбасының осы жылғы Қазақстан халқына дəстүрлі Жолдауынан үзінділер келтіресөйледі. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы жəне  ұлттық код жайында атап өтті. Сосын Бейтаныс досына арнаған толғаныс-эссесін əсерлі үнмен оқып шықты:

«Бейтаныс досым, сəлеметсің бе?! Сен Қазақ деген жаратылысында қайсар, еркіндікті аңсаған, Ұлы дала қызысың! Сенің  бақытың – Туған жердің киелі топырағында құлын-тайдай ойнап, ең жақын адамдарың мен достарыңның  жанында, өзін аямайтын, өзгенің баласын аялайтын аяулы Ұстаздарыңның  алдында  есейіп келесің! Сен Тəуелсіз елдің ұрпағысың! Сен қазір он алты жасқа аяқ бастың, тоғызыншы сыныпты бітіріп, келесі сыныпқа көштің. Талабың зор, сен арманшыл оқушысың, білімге құштарсың! Иə, білім деген – ғажап дүние, нұрлы əлем. Алайда, ғалым болу міндет емес, жақсы адам болу мақсат!

Пəндер бойынша жинаған білім қорың сені алысқа саяхат жасауға, яғни ғажайып терең  білім мен саналуан ғылымның сырын ұғуға ойша жетелейтін болар… Сен болашақта кім болатыныңды болжап, тіпті, жүрегің қалайтын бір мамандық туралы армандап жүрген шығарсың немесе əлі шешпеген  боларсың.  Ол шешімің  маған беймəлім»…

Осы сөздердің  маған арналғанын мен кеш түсіндім…

«Адам  үшін болғым келеді деген – Болжам, боламын деген –Мақсат, ал болатын шығармын деген – Күмəн жəне Сенімсіздік! Саған айтарым: қашанда алыстағы Арманға, жақындағы Мақсатыңа жету үшін  Сеніміңді серік ет! Ішкі «Менің» – сенің қаруың, рухани тірегің, өмірлік жол серігің, күш-қайратың, жігерің мен мақсатшылдығың! Сен таңертең мектепке келе жатқанда немесе үйге қайтып бара  жатып, небір таңғажайып өмірді, жақсылардың, өнегелі тұлғалардың өмірлері жайлы толғана ойлайтын шығарсың?! Тарихта болған қазақ қыздары туралы да көп оқыған боларсың? Сен қазір өзің сияқты жасөспірімдер арасында отырсың. Менің өзіңе деген сəлемімді мұқият тыңдап тұрып, бұл кісі кімге жанашыр дос, рухани демеуші болады екен деген сұрақ туындауы заңдылық.  Екеуміз бір-бірімізді əлі танымаймыз. Алайда бірер минутта екеуміз жақын жандарша қауышамыз, Алла соны нəсіп етсін! Жас досым, сенімен танысу үшін мен Астанадан арнайы келдім!»

Кімді іздеп келді екен деп қоямын ішімнен…

…Мен туралы білгің келе ме? Мен де өзің сияқты осы білім шаңырағының астында білім алып, есейдім. Жоғары білім алуды, одан əрі оқу керектігін  жадымнан шығармадым. Солай, он жеті жасымда Алматы шаһарына арман жетектеп оқуға бардым. Өзімнің жүрегім қалаған  мұғалім мамандығын алып шықтым. Сол кезде мұғалімдер:  «Адам болыңдар!» – деді. Олардың сөзі –болашаққа деген Аманат еді», – деп ойын бір түйіндеді. Ол тағы да сөзін сабақтап, ойын жалғастырды:«Сенің де алыстағы армандарың мен жақын жоспарларыңа, айқын мақсаттарыңа  жету жолында рухани демеушің болғым келеді. Біз əлі талай сырласамыз, пікірлесеміз, хат алмасамыз. Еліміздегі талай шəкірттер орта мектепті бітірген соң өзі қалаған мамандыққа қол жеткізе алмай, толыққанды ақпарат жетпей, болашақ жолын таңдай алмай жатады. Қыз балалар көбіне əртүрлі жағдайда отбасы, ошақ қасында қалып қояды. Жастар қиындықтан қызық іздеу керек, бақыт шынайы еңбек жолында кездеседі.

Менің бейтаныс досым, екеуміздің достығымызға басқосуға жиналған барша қонақтар, 55 жыл бұрын  осы мектепте маған алғашқы əріпті үйреткен Айман апайым мен Менің жəне сенің сыныптастарың мен ұстаздарың куə болғалы тұр. Ендеше, қане, кел! Екеуміз танысайық! «Демеу» стипендиясының иегері Ахметова Нұрай – менің болашақ досым! Ортаға шық, маған жақында!» – деген кезде орнымнан қалай ұшып тұрғанымды білмей де қалдым. Жан-жағыма қарадым, менен басқа Ахметовалар болғанмен, Нұрай есімді оқушы тек мен ғана. Сахнаға көтеріліп келе жатып, мені айтты ма деген күдік пен қуаныш ой-санамды билеп, бейтаныс қамқоршыма қалай жеткенімді білмей де қалдым. Бұл кісі менің əкемнің жоқ екенін, анамның жазылмас сырқат екенін біледі екен-ау деп қоямын ішімнен. Маған құшағын жайған бей-таныс қамқоршым маңдайымнан сүйді, жүрек тұсына біраз басып тұрды. Жүзі де, жүрегі де мейірімге толы екен өзінің. Бұл кісі мен оқитын мектепті осыдан 45 жыл бұрын бітірген түлек екен. Қазір Астана қаласының тұрғыны. Қазақ Гуманитарлық заң университетінің доценті, қазақ тілі пəнінің оқытушысы.

Бұл күн менің есімде мəңгі қалатын ерекше сəт болды. Сыныптас құрбыларым «өмірде жақсы адамдар көп қой» деп қояды. Бейтаныс қамқоршым сыйлаған, сырты қалың  күміс түстес металмен қапталған дəптерге бүгіннен бастап күнделік жазуды қолға алдым. Бұл менің алғаш рет газетке жолдап отырған сезімге толы сырым. Күнделігімде бұдан былай да осындай жағымды əсерлер көп болса екен деймін.

Нұрай АХМЕТОВА,

№148 орта мектептің

оқушысы.

Шиелі ауданы,

Қызылорда облысы

 

«Ұлан» газеті, №34

22.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз