Латын қарпіне көшу – күн тəртібіндегі өзекті мəселе. Айту оңай болғанмен, əліпбиді ауыстыра салу оңай шаруа емес-ау. Сөйтіп жүргенде, «Қазақстан» телеарнасы бір-ақ сəтте «Qazaqstan» боп өзгерді. Ұлттық арнаның жаңа маусымдағы өзгерісі бұл ғана емес екен. Көрермен əдеттегідей 20:50-де теледидарын қосса, «Айтуға оңай» жоқ. Оның орнына «Қарекет» деген бағдарлама шығыпты.

Жүргізушісі – бұрынғыша Бейсен Құранбек. Уақыты мен жүргізушісі ауыспағанына қарап, ə дегенде «е, атауын өзгерткен болар» деп ойласа керек көп көрермен. Байқаса, хабардың мазмұны өзгерген. Мұң-мұқтажын, шешілмей жүрген мəселесін айтып келген кейіпкерлерге жүргізуші мен бағдарлама ұжымы басқаша көзқараспен тіл қатады. «Ал осы мəселеңізді шешу үшін өзіңіз не істедіңіз? Қайда, кімге бардыңыз?» деп, жауапкершілікті өздеріне артады. Ақырында əлгі кейіпкерлер өз мəселелерін өздері реттейді. Қысқасы, бұрынғыша «айтуға оңай» деп отырмай, əркім өзі қарекет етеді. Пайдалы журналистика деген осы болса керек.

Ұлан: «Қарекеттің» алғашқы қадамына көрермен тарапынан жылы пікірлер айтылып жатқанын əлеуметтік желілерден байқадық. Дегенмен, көптің көкейіндегі «Айтуға оңай» неге жабылды?» деген сұраққа жауап алсақ?..

Б.Құранбек: Шындығын айтсақ, «Айтуға оңайды» ешкім жапқан жоқ. Дұрысы – «Айтуға оңай» аяқталып, келесі кезеңге өтті. Бұл бағдарлама эфирде бес жыл жүрді. Біздің елде осылай жылдан жылға сəтті жалғасқан хабарлар некен-саяқ. Осы бес жыл ішінде «Айтуға оңайда» көтерілмеген тұрмыстық-əлеуметтік тақырып қалмады десек те болады. Кей тақырып тіпті, екі-үш реттен əбден қаузаланды. Мұндай форматтағы бағдарламалар əлемнің өзге елдерінде он-он бес жыл бойы эфирде үзіліссіз жүре береді. Бірақ, оларды таразылап көрер болсақ, көп жағдайда кейінгі жылдардағы тақырыптары майдаланып кеткенін байқаймыз. Осыны ескере келе, «Айтуға оңайды» аяқтауды жөн көрдік. Екіншіден, ұлттық арна биылғы күзден бастап жаңа кезеңге аяқ басты. Өзгеріс сыртқы ребрендингтен бастап, іштегі хабарларға да əсер етті. Біздің ұжым да жаңару үрдісінен қалғысы келмеді. «Айтуға оңайдың» форматы ток-шоу болғанымен, біз көбіне «елге көмегімізді қалай тигізсек», «мына мəселелердің шешімін қалай тапсақ болады» деген сауалдарға жауап іздедік. Содан да болар, хабарымыз елдің жайын айтып қана қоймай, сол мəселелердің шешімін іздейтін хабарға біртіндеп айналып бара жатты. Бұл өздігінен «Қарекетке» ұласты деуге болады. Қазіргі «Қарекеттің» форматы бұрынғы еш хабардың көшірмесі емес. Бұл – синтезделген, жаңарған, журналистикаға жаңаша көзқарас-тағы бағдарлама.

«БІЗГЕ ДЕ ҮЙ ӘПЕРІҢДЕР» ДЕП ХАБАРЛАСТЫ

Ұлан: «Айтуға оңай» танымал, рейтингі жоғары бағдарлама ретінде көптің есінде қалды. Бағдарлама ұжымы атқарған игі істердің біразын атап өтсек?

Б.Құранбек: Оның бəріне көрермен өзі куə. Соңғы жылдардағы екі-үш мысалды айтайық. Жадын жоғалтқан Асан деген жігітке арнайы үш хабар арнадық. Оның ДНҚ-сы арқылы қырғыз ұлтынан екенін анықтап, анасымен қауыштырдық. Көп болып үйлендірдік те. Он жылдай адасып жүрген жігітті сөйтіп өз үйіріне қостық. Құжаты да жоқ, Астанада адасып жүрген, туған-туысын білмейтін бойжеткен қыз Айдананың кім екенін анықтадық. Құжаттарын жасап бердік. Басқа да мəселелерін барынша реттеп бердік. Айымгүл есімді оралдық келіншектің екі бірдей баласын өзбек күйеуі Өзбекстанға алып кеткен. Содан ұзақ жыл қос қызын көрмеген. Балаларын қайтарудың жолын білмеген. Біз заңгерлер мен басқа да тілектес жандардың көмегіне жүгініп, балаларды аналарымен қайта табыстырдық. Биыл ораза айы қарсаңында «қандай сауапты іс жасасақ?» деп ойландық. Сол күндері пакет сатып, бес баласын асырап жүрген қылтамаққа шалдыққан ананы біздің қыздар көріп, ертіп келді. Тағы бір күйеуі тастап кеткен көп балалы, қиын жағдайда жүрген ана туралы естіп, оған да көмектескіміз келді. Кəсіпкерлерді іздестіріп, екі анаға да бес-бес бөлмелі үй алып беруге себеп болдық. Айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі жандардың мəселесін ең көп көтерген хабар болдық. Мəселелерін айттық, шешуге тырыстық. Ең бастысы, оларға деген қоғамның көзқарасын өзгерткіміз келді. Сол мақсатпен арасындағы мықтыларды көрсеттік, өзгелерге үлгі еттік.

Ұлан: «Айтуға оңай» мұқтаж жандарға көмектескен сайын өзге қаншама жан «бізге де солай көмектес» деп хабарласқан шығар?

Б.Құранбек: Көп балалы екі анаға үй алып берген соң, бізге жүздеген адам хабарласып, «ана кəсіпкерлерді тауып беріңіздер, бізге де үй керек» деді. Оның бəріне күшіміз қайдан жетсін?! «Балаңа үнемі балық аулап берме, қолына қармақ бер» деген нақыл бар емес пе? «Бұлай бəріне бірдей қайырымдылық жасай алмаймыз ғой, өздеріне қалай қармақ ұстатсақ болады?» дегенді ойландық. «Қарекетке» көшуіміздің тағы бір себебі осы еді.

«ҚАРЕКЕТ» ПЕ, «ӘРЕКЕТ» ПЕ?

Ұлан: «Айтуға оңай» алғаш эфирге шыққан жылдары «қазақта мұндай тіркес жоқ» деп сын айтқан еді, енді «Қарекет» шығып еді, «қазақ «əрекет» дейтін еді ғой» деп тағы да атауын сынға алып жатқандар бар…

Б.Құранбек: Рас, қазақ «айтуға оңай» демейтін, қазақ «айту оңай» немесе «айтқанға оңай» деп айтады. Ал қазір «айтуға оңай» деген ауызекі тіркес қалыптасып кетті. Бұл атауды кім қойғанын білмеймін, бірақ осы атау таңдалған. Ал «қарекет» деген жақсы сөз қазақта бұрыннан бар.

«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін,

Көптің қамын əуелденТəңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп, Иең сүйсін», − дейді Абай атамыз. Тағы бірде Абай атамыз бай қазақтың кедей қазаққа айналғанын былай деп сынайды:

«Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей,

Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,

Ол немене жоқтықтың əсері емей?» − дейді.

«Еріншек таза жүре алмас,

Кір-қоңын жуа алмас.

Қарекет жоқ, ғылым жоқ,

Өз бойынан ұялмас», – деп сын айтады. Мінекей, Абай «қарекет» деген сөзді өз өлеңдерінде, қара сөздерінде көп қолданған. Адамға керегі сол «қарекет» екенін ерекше екпінмен айтқан. Бұл туралы Шəкəрімнің өлеңдерінде де көп кездестіреміз:

«Үйде отырып салғанмен сары уайым,

Тілегенің тұра ма саған дайын.

Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең,

Қарекеттің білесің сонда жайын», − дейді. Бұл жерде Шəкəрім іскерлікті «қарекет» дейді. Абай, Шəкəрім сынды дана бабаларымыздың айтуынша, «қарекет» деген – ізгілікке, игілікке бағытталған іс-қимыл. Ал «əрекет» ұғымына қатысты Абай былай деген:

«Қу тілменен құтыртып,

Кетер бір күн отыртып,

Қызмет қылған кісісін

Құрытуға таяйды.

Қылып жүрген өнері:

Қарекеті – əрекет.

Өзі оңбаған антұрған

Кімге ойлайды берекет?».

Қазір көпшілік келіспеуі мүмкін, бірақ Абайды оқысақ, ізгі іс-тірлікті «қарекет», теріс болса «əрекет» деген ұғыммен берген. «Əрекеттің» бəрі бірдей жаман ұғымда болмаған да шығар. Ал қазіргі таңда «қарекет» ұғымы жойылды да, тек «əрекет» сөзі қолданыста қалған. Қазақта бұл сөз жоқ болса бір сəрі, бар сөзді қайта қолданысқа енгіздік. Жаңа бағдарламаның атауын ойластырғанда, «Айтып қана қоймайық», «Сөзден – іске!» деген тəрізді түрлі нұсқалар да айтылды. Сол шақта Омар Жəлел деген ғалым ағамыздың «Қарекет» деген философиялық кітабы жарыққа шықты. Кітабында осы «қарекет» ұғымы, мал табу философиясы туралы талдап жазған. Дəл осы атаудың біздің хабарға сай келетінін біліп, ол кісімен кездесіп, рұқсатын алдық.

«СОҚЫРҒА ТАЯҚ ҰСТАТҚАНДАЙ…»

Ұлан: Екі бағдарламаның айырмашылығы туралы айтсаңыз?

Б.Құранбек: «Айтуға оңайда» кейіпкерді бірден студияға шығаратынбыз. Ол туралы сюжет жасайтынбыз. Содан кейін онымен əңгімелесіп, мəселесін өзінен сұрайтынбыз. Кейіпкер келетін, мұң-мұқтажын студияда айтып беретін, жылайтын… Сосын біз соған ұқсас жағдайдағы екінші, үшінші кейіпкерді шақыратынбыз. Оның да жайын тыңдайтынбыз. Студияға арнайы мамандар шақырып, кейіпкерлердің мəселесін қалай шешуге болатынын сұрайтынбыз. Аяғында хабарды «Айтуға оңай…» деп аяқтайтынбыз. Хабарлардың дені осылай болатын, кейбіреуінің мəселесін шешіп, қолдан келгенше көмектесетінбіз. Ал «Қарекетте» кейіпкерді бірден студияға əкелмейміз. Біз оның өзіне қарекет жасатамыз. Мəселесінің шешу жолдарын нұсқап, «бұл мəселеңізбен мына жерге барыңыз, көріңіз, сөйлесіңіз, өзіңіз қарекет етіңіз» дейміз. Ол кісінің жанында біздің журналистер куəгер ретінде жүреді. Бұл бағдарламада журналистік зерттеудің де, арнайы репортаждың да элементтері бар. Кейіпкер өз мəселесінің шешімі үшін өзі жауапты болады, қысқасы. Бұрын кеңестік кезеңде «үкімет өлтірмейді» дейтін ұран болған. Ал бүгінгінің адамы өз өміріне өзі жауапты екенін түсінбесе, көп нəрседен құр қалады. Кей кісілер «анау істеп бермеді», «мынау мен үшін сөйте қоймады» деп арыз айтады. Шын мəнінде, мемлекет барлық заңдық платформаны қалыптастырып қойған. Əр азаматтың мүмкіндігін анықтап берген. Яки, əр адам өзі қарекет жасау арқылы өзі шеше алады. Біз осының жолдарын көрсетеміз. Бағдарлама сайын негізгі екі кейіпкер болады. Бірі өзі істейді, ізденеді, екіншісі соның атқарған ісін бақылап отырады. Əр хабарымызға келген кейіпкер арқылы «соқырға таяқ ұстатқандай», қай істі қалай шешуге болатынын баяндаймыз. Осы күнге дейін оншақты хабарын түсірдік қой, сонда көпшіліктің ойында «ой, анау жақын арада бітпейді деді ғой», «олар ақша сұрайды екен ғой»… деген сықылды кері ұғымдар қалыптасып қалғанын байқадық. Біз сол қалыптасқан «қамалды» бұзсақ дейміз.

Ұлан: Ендеше, «Қарекет» түбі берекет болсын дейміз!

Сұқбаттасқан
Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан» газеті, №39
26.09.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз