Туған жерге тағзым

«Бекеттің бел жайлауы жоннан əрі,
Созылып Ащыағар сай – ол қалады.
Бейнеуде қойтасы көп қорым жатыр,
Бейіті біздің елдің сол болады.

Барармыз бұйрықты күн болғанында,
Тұрар бір сағана там жолдарыңда» –
Тілегі қабыл екен анамыздың,
Мінеки, жатты келіп сол қорымға!

– Ертең көресіңдер, Бейнеудің зираты бөлек. Сосын Бекет атаның жерасты мешіттерінің бірі де сонда. Тасты жерді үгітіп, мешіт жасаған. Ішіне кіріп, оңаша қалсаң, жылап қоя бересің. Басыңа медитация келеді. Атамыздың мешітті жер астынан қаздырғанында гəп бар. Кəдімгі мешіттерде келімді-кетімді кісі көп қой, ал мұнда жалғыз қаласың…

Бейнеуге шығар күн бұрын көкеміз осылай деп қызықтырып қойған. Міне, дəм айдап, Бейнеудің топырағын басып тұрмыз. «Қойтасы көп қорымды» зиярат қылып жүрміз.

 

Аунайсың ба,
мəз болып күлесің бе,
Үкілі əлем өзіңнің үлесіңде.
Құлыншақ ем мен-дағы бір кездері,
Өйткені анам тірі еді,
білесің бе?

…Ол тіріде жүрегім тоңар ма еді,
Тоңар ма еді,
гүлдерім солар ма еді.
Бұл ауылға неге-дүр, құлыншағым,
Сирек келер болдым мен содан бері?!

Расында, бұл өлкенің бейіті бөлек екен. Əруаққа қылған құрметтің бір ғана көрінісі екенін əлден байқайсыз. Зиратқа келсе үлкендердің əдеті – сонау бір тұстан, көп бейіттің арасынан таныс жүз жылыұшырайды да, қалай жетіп барғанын өзі де білмей қалады. «Е, жарықтық…»

Қорымнан шыға орталыққа бет түзедік. Кешегі айтқан атаның жерасты мешітіне бұрылуға шама болмады, сірə. Анда ел күтіп қалды деді. 60 жас мерейтойына орай көкеміздің – Есенғали Раушановтың кеші өтпекші. «Атақоныс дегенім – ар-намысым». Келісіміздің мəні осы.

 

Күз де келді,
Ойдағы ел қарсы ап жатыр түздегі елді.
Беу, өлең, жарыққа шық, жекеленбей,
Көппенен көріселік біздер енді.

Ағайынның алғаусыз көңілі-ай! Ауылдың аядай мəдениет үйінің ішін ғажайып əлемге айналдырып-ақ жіберді. Өлең тек осы ауылға тəн өнер секілді құдды. Əсіресе, ақынның қанатты достары – құстар жайлы тамаша лирикалы композицияны орындап шыққан балапандар ертелі-кеш өлеңсіз өмір сүрмейтіндей. Оған қол соққан дүйім жұрттың ыстық ықыласын қосыңыз. Ғажайып сəт. Əлден уақытта ел алдына кеш иесі – ақынның өзі шықты.

– Жас деген солай болады екен. Кеше ғана бала сияқты едік. 60-қа келгеніме əлі сене алмай жатырмын.

Бейнеу бұрын кішкентай ауыл еді. Бүгінде 70 мыңға жуық халқы бар үлкен орталыққа айналыпты. Мен соған қуанамын. Осы елдің өсе бергенін қалаймын. «Есенғали орманы» деп атап жатырсыздар. Бұл сіздерге, ұрпаққа –осы елге арналып жасалған дүние. Тек біздің əулеттің ғана бағы емес. Сондықтан осы орманды сіз-дерге табыс етемін, – деп бақтың арнайы құжатын аудан басшылығына табыс етті.

Міне, ғажап дүние! «Есенғали орманы». Өз ауылыңызға үлкен орман табыс етіп көрер ме едіңіз. Тіпті, оған шамаңыз жетер-жетпесін ойлап көріңізші. Ол ормандағы шыбықтарды бір ғана жерден əкеліп отырғыза салмай, елдің əр түкпірінен жинаттырды. Бір Бейнеудің ішінде бүкіл Қазақстан бар. Бақ орталыққа кірер үлкен жолдың бір жиегін тұтас алыпты. 3 шақырымға жуықтайтын 6000 түп ағашы бар жас бақ жайқалып тұр. ИншаАлла, елдің игілігіне жарайтұғын мəуелі бақ болғай!

Əйтпесе бұл өлкеден жасыл желек табу қиын. «Ояна алмай манаураған қырды» құстардың да көптеп мекендеуі оңай емес. Бəлки, осы ниет мəуелі баққа айналар тұста қанатты достарымыз да сəнге сəн қосар. Əлде сағыныш сазын көкке тіліп жазған сайын бұл баққа да бір соғып тұрар. Қайткенде де құс-көңіл ақынның қанатты достары бұл мекенге де бір оралар…

 

Кеш қалып жеткен көштеймін,
Қара емен, кешір, жас шыбық…

 

 

Асылан БІРЖАНҰЛЫ
Алматы – Бейнеу – Алматы

«Ұлан» газеті, №49
05.12.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз