Зияуддин деген жігіт Тур Пекайдың көркі мен көркем мінезіне ғашық болды. Ғашық жігіт аруына өлең жазып, хат жолдады. Бірақ ол қыз хат танымайтын еді. Иә, өткен ғасырдың аяғында түрлі мемлекеттерде әйелдер ғалым болып, докторлық диссертацияларын қорғап жүргенде, Пәкістан сынды елдерде әріп танымайтын да қыздар бар еді. Тур Пекай өзінің сауатсыздығына қарамастан, жігіттің азаматтығы мен таза жүрегіндегі іңкәрлігін ұғынады. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екеніне осы қос жастың тарихы шүбәсіз сендіргендей.

«Мен олардың махаббат оқиғасын тыңдаудан еш жалықпаймын. Біздің дәстүрімізде үлкендер жастардың тілегімен, сезімімен санаспай, өз қалағанына қосады. Бірақ менің ата-анамды махаббат табыстырған», – деп еске алады Малала. Малала – өз елі, әлем берген барлық ат, атақ, анықтамадан бұрын ең алдымен махаббаттан туған қыз.

 МАЛАЛА ЮСУФЗАЙ (Malala Yousafzaі):

  • Ғаламдық мәселеге үн қосқан кішкентай күрескер;
  • Дүниежүзіндегі білім ала алмай жүрген балалардың құқығын қорғаушы;
  • Әлемдегі ең жас Нобель сыйлығының иегері.

ШЕЖІРЕ КІТАПҚА ЖАЗЫЛҒАН ҚЫЗ

Малала 1997 жылы 12 шілдеде Пәкістанның Мингора қаласында туған. Ол өмірге келгенде көп адам асыр салып қуанбады. Бірақ бұл тек Малаланың басындағы жағдай емес, мың-миллион пәкістандық қыз бала өмірге келгенде болатын оқиға. Өйткені қыз – олар үшін тек кәмелетке келмей жатып өзі қаламаған адамға күйеуге берілетін және тамақ пісіріп, бала күтумен ғана айналысатын адам. Алайда оның немере ағасы Джехан Шер Хан Юсуфзай Малаланың әкесін қызы дүниеге келуімен құттықтап әрі сыйлыққа ақша алып келеді. Ағасы ақшамен ғана емес, арғы ата-бабасынан бастап, осы күнге дейін өмірге келген тек ұл балалардың аты жазылатын әулетінің шежіре кітабын қоса әкеледі. Кітапшаны ашып, Зияуддин (Малаланың әкесі) жазылған жерден бір сызық шығарып, оған «Малала» деп жазып қояды. Сөйтіп ағасы таңғалдырады, ал Малаланың әкесі бұған еш қарсылық танытпайды. Ол Малаланың өмірге алғаш келген күнінен-ақ оған айрықша сүйіспеншілікпен қарағанын мойындайды. Әкесі «мен оның ерекше бала екенін бірден түсіндім» деп, ұл балалар туғанда ғана жасалатын құрметті көрсетіп, жоралғысын жасап, Малаланың бесігіне кепкен жемістер, тәттілер мен тиындар салуды сұраған.

Әкесі қызының есімін Ауғанстанның ұлттық батыры Малалайдың құрметіне қойған. Малалай – пуштун халқының Жанна д’Аркі. Ауғанстандағы көптеген қыздар мектебі соның есімімен аталады. Малаланың атасы – теолог және ауылда имам. Ол ұлының әрекетіне: «Бұл – қайғылы есім, қайғыға батырылады деген мағына береді», – деп қарсы болған. Бірақ ұлы оған дес бермеген.

Кішкентай күнінде әкесі Малалаға атақты ақын Рахман Шах Саидтың сөзіне жазылған мына бір әнді жиі айтып беретін (еркін аударма):

О, Майвандадан шыққан Малала!

Пуштундар ерлік әнін тыңдасын, қайта тіріл.

Сенің рухты сөздерің әлемді оятты.

Өтінем сенен, қайта тіріл!

Пуштундарда сәби дүниеге келгеннен 7 күннен соң Вома (жетінші деген мағына береді) деп аталатын той болады. Туыстар, достар мен көршілер нәрестеге барлық жақсылықты тілеуге жиналады. Малала дүниеге келгенде ата-анасы мұндай тойды жасай алмаған. Өйткені оларда қонақтарға беретін ешкі еті мен күріш сатып алуға ақша болмады. Ал атасы оларға қыздың туғанына қуанудың қажеті жоқ деп санағандықтан көмектеспеген. Малаланың артынан інілері туғанда атасы той жасауға ақша бергісі келген, бірақ әкесі: «Қызым үшін бермеген екенсің, енді ұлдарыма да берудің қажеті жоқ», – деп оны алмаған.

Малала кішкентай күнінде Құдайға былай деп хат жазған: «О, Құдай! Сен бәрін көріп тұрасың, мен оны білемін. Бірақ сен кейде кейбір нәрселерді байқамай қалатындайсың. Мәселен, Ауғанстанды бомбалап жатқанын. Егер балалардың қоқыс төгетін жерде өмір сүріп жатқанын көрсең, сен қуанбайтын едің. Жаратқан, маған күш пен батылдық берші, мені кемеліме келтіре көрші, себебі мен мына әлемді жақсартқым келеді».

ҚЫЗ БАЛА – ӘКЕНІҢ ЖҮРЕГІ

Бір жыл бұрынғы жазбамда осылай деген екенмін. Бұл сөздің астарында талай тағдыр, қаншама мән, әрі-беріден соң ғылыми зерттеулердің нәтижесі жатыр. Қыз бала бойындағы бар қасиетті көбінде әкесінен алатыны ғылымда дәлелденген. Қаншама қыздардың жеңісі – әке махаббатының жемісі екеніне көзім жеткен. Соның бір дәлелі – мен үшін Малала. Жоғарыда айтқанымыздай, Малала – әлемдегі қорғансыз балалардың қолдаушысы, ал Малаланың қолдаушысы – оның әкесі. Қаршадай күрескер қыз туралы әлем баспасөзі өте көп жазған. Бірақ барлығы дерлік оның танымал кезінен бастайды. Алайда, алып бәйтеректің де тамыры бар, ол содан нәр алады. Осы жобамыздың өткен санындағы кейіпкер Адора Свитак мені Малаламен таныстырғаннан бері «Бұл қыздың бойына осыншама қайраткерлік қайдан келген?» деген сұраққа жауап іздедім. Бұл оның тегінде екен. Оны маған Малаланың «өзі айтты». Ол «Мен – Малаламын» деген кітап жазған.

Малаланың әкесі кекеш болған. Бір сөзді айту үшін бұзылып қалған пластинка сияқты бір буынды бірнеше рет қайталайтын. Бірақ ол мұғалімдерінің және туған әкесінің сенімсіз сөзіне, еш қиындыққа қарамастан жігерімен, қайсарлығымен тіліндегі мүкістігін жеңіп шыққан. Малаланың бойындағы бірбеткейлік алдымен әкесінен келген.

Зияуддин – қыз балалардың болашақ ана, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын адам ретінде білім алуына ерекше мән беріп, оны кез келген ортада ашық білдірген қоғамдық белсенді. Сөзі мен ісі қабысқан азамат өзі отбасын жаңа құрғанына қарамастан несие алып, балаларға мектеп ашқан. Пәкістандағы алғашқы жекеменшік мектептердің негізін қалаған да осы адам. Өз өмірін қоғамға арнаған қайраткерлік Малалаға әкесінен берілген.

Малала әке мен ананың бір-біріне сүйіспеншілігіне қанық. Ата-ананың балаға деген мейіріне қанып өскен. «Анам өте сұлу, әкем оны дәл морт кететін фарфор вазасындай алақанына салып ұстайды. Көп еркектерден айырмашылығы – ешқашан әйеліне қолын көтермейтінінде.

…Әкем мені джани мун (парсы тілінен аударғанда «өз жаным» деген мағынаны береді), ал анам марғауым деп еркелетеді», – дегенінен осыны айқын аңғаруға болады. Кез келген кедергіні, конфликтіні сыйластықпен, бейбіт жолмен шешуді ол отбасынан үйренген.

«Анам құстармен тілдескенді жақсы көретін. Үйдің кіреберісіне әйелдер жиналатын.  Біз олардың аш келетінін білетінбіз, сондықтан анам артығымен тамақ дайындап, оларға тарататын. Ал бірдеңе қалса, оны құстарға беретін». Малаланың осы естелігі бойындағы қамқорлық, ізгілік, мейірімділік қасиеттердің кең жүректі анасынан дарығанын дәлелдейтіндей.

«Біздің көшеде Сафина есімді менімен қатар қызы, Бабар және Базит атты інілеріммен жасты ұлдары бар отбасы тұратын. Біз көшеде немесе шатырда бірге крикет ойнайтынбыз. Бірақ мен өскенде басқа барлық қыздар секілді Сафина екеумізді де үйдің тірлігіне жегіп тастайтынын білетінмін. Біздің міндетіміз – тек үйді тазалау, тамақ пісіру және әкеміз бен аға-інілерімізге қызмет ету. Ұлдар мен еркектер қалада еркін қыдырып жүруге хақылы, ал әйелдерге 5 жасар ұл болса да, әйтеуір өзінің ер туысынсыз аулаға шығуына болмайды. Осындай дәстүр. Мен бұл дәстүрді сақтағым келмейтінін өте ерте түсіндім. Әкем әрдайым «Малала құс секілді еркін болады» деп айтатын».

Иә, Малаланың бойындағы еркіндігі әке сөзіне шексіз сенгенінен еді.

НЕГЕ МЕН ӨЗ ҮНІМДІ ЕСТІРТПЕУІМ КЕРЕК?

Талибандар (діннің атын жамылып, күшпен адамдарды бағындыруды көздеген радикал топ) Суат аймағына (Пәкістан) 2004 жылдары келді. Малаланың айтуынша, Суат – өте көркем, табиғаты тамаша, суы таза, сондай сұлу жер. Оның бір сұқбатында: «Мен тек екі жұмақтың бар екеніне сенемін. Бірі – өмірден өткеннен кейінгі, екіншісі – біздің Суат», – дейтіні содан. Сұлу Суатқа көз тіккен талибандар террорлық әрекеттерін 2007 жылдары бастаған. Алғашында олар жұртты жақсылыққа сендіргісі келген. Дінді бұрмалап алып, өз көзқарастарына көпшілікті үгіттеген. Бірақ халық көнбегендіктен күштеп бағындыруға көшкен. Елде адам өлімі көбейе бастаған. Талибтер ең бірінші бүкіл Мингола қаласын электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұрған генераторда жарылыс ұйымдастырған. Қасиетті Рамазан айында. Су құбыры электр энергиясымен жұмыс істейтіндіктен тұрғындар су іше алмайтын жағдайға жеткен. Минголада (қала) ықпалды болған Малаланың әкесі мектепке электр тогын тартып, сумен қамтамасыз еткен. Бірақ халық сонда да қатты қиналып жатқан еді.

Мұнан кейін талибтер әйелдердің еркіндігіне қол сұға бастаған. Қыз-келіншектердің бәрі дүкенге бара алмайтындай болып қалған. Қыздардың білім алуы мүмкін болмай кетеді. Өйткені терроршылар бас-аяғы 400-ден аса мектепті жарып жіберген. Адамдарды атып өлтіре бастаған. 2009 жылдың наурыз айларында әр түні кем дегенде 3-4 адам өлетін болған. Біз ашық аспан астында күн кешкенде, олар XXI ғасырдың ең азапты айуандықтарын бастан өткізген.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегенді қазақ қалай тауып айтқан десеңші… Біздің білім алуымызға барлық жағдай жасалған. Бірақ соның қадіріне жетіп жүрміз бе? Пәкістандық балалардың білімге деген құштарлығына қайран қаласың. Олар мектебін өртеп жіберсе де, оқуын жертөледе жатып жалғастыра берген.

Би-би-сидің Пәкістандағы тілшісі Абдул Хай Хакар (Abdul Hai Kakkar) талибтердің әрекеті кезінде қыздарға мектепке баруға тыйым салынып, мектептерді қиратқанын журналистерден бұрын сол қысым көріп жатқандардың өзі жазса дұрыс болатынын айтады. Бірақ ешбір қыз бұған келіспейді. Қыздар қарсы болмағанымен, ата-анасы рұқсат етпейді. Ақыр аяғында 11 жасар Малала осы жүкті арқалауға бел буады.

Осындай оқиғалар кезіндегі күйін, ой-сезімін Малала былай суреттейді: «Сол кезеңдерде маған «Неге мен өзім үшін басқа біреудің бас көтергенін күтіп отыруым керек? Неге мен мемлекеттің немесе оның әскерінің көмегін күтіп, қол қусырып қарап жатуым керек? Неге мен өз үнімді естіртпеуім керек? Неге біз өз құқығымыз жөнінде айтпаймыз?» деген ой келді. Содан мен өз ойымды барлық платформада айтып, жұртқа жеткізе бастадым. Күн сайын күнделік жазумен болдым. Мен Суаттағы жағдай туралы барлығына айтуға тиіспін деп ойладым. Әлемге Суаттың терроризмнен зардап шегіп жатқанын жеткізуім қажет болды. Біз терроризмге қарсы соққы беріп, онымен күресуіміз керек деп шештім».

Ол бүркеншік атпен Би-Би-Сиге 2009 жылдың қаңтарынан бастап урду тілінде күн сайынғы жағдай туралы күнделік жазып тұрды. Оны медиакорпорация қызметкерлері ағылшын тіліне аударып, жариялап жатты. Кішкентай қыздың қорғансыз қалған кезді суреттеген әрбір жазбасы әлемнің түпкір-түпкіріндегі оқырмандардың жүрегін қозғайды. Халықаралық ұйымдар бас көтере бастайды. Сол жылы жазда «Нью Йорк Таймс» (New York Times – халықаралық ықпалды БАҚ) журналисі Адам Елик (Adam B. Ellick) Пәкістандағы жағдай туралы деректі фильм түсіреді. Сол фильмде Малала өз атымен жарыққа шықты. Би-Би-Сидегі блоктың авторы осы бір қаршадай қыз екені бәріне белгілі болды. Ал жыл соңында қоғамдық мәселеде бас көтерген белсенділігі үшін Пәкістан үкіметінің атынан ұлттық сыйлыққа ие болды әрі Халықаралық балалардың бейбітшілік сыйлығына ұсынылды.

 «ӨЛІМНІҢ ӨЗІ МЕНІ ӨЛТІРГІСІ КЕЛМЕДІ»

Малаланың әлемде ең көп айтылатын афоризмінің бірі – осы сөз. 2012 жылы әкесінің жанында отырған Малалаға бір әйел келіп: «Ғаламтордағы видеоны көрдің бе, Гуглдан атыңды теріп көрші, тәліптер саған қоқан-лоққы көрсетіп жатыр», – дейді. Бірақ ол видеоны көргеннен кейін де Малала өзі үшін де, әкесі үшін де қорықпайды. Себебі тәліптер соншалықты кішкентай баланы өлтіретіндей қатігез болып кетпеген шығар деп ойлайды. Өйткені сол кезде ол небәрі 14-те еді.

Бірақ қатігездіктің бала жүрегіндегі сенімін көретін көзі болмайды екен. 2012 жылдың 9 қазанында Малала қос құрбысымен үш қыз болып мектеп автобусында әдеттегідей сабаққа бара жатады. Бетін бүркеген біреу автобусты тоқтатып ішке кіреді. Оған қару кезенген екіншісі қосылып: «Іштеріңде кім Малала? Тез айтыңдар, әйтпесе бәріңді өлтіреміз!» – дейді. Қос құрбысы бірден Малалаға қарайды. Олар Малаланы бірден танып, сол сәтте басына оқ атады. Оқ оның басы мен иығын тесіп өтіп, қасындағы қыздарды да қоса жаралайды.

Сансыз адам, ислами ұйым өкілдері, көптеген балалар қолдарына Малаланың айтқандары мен өздерінің қолдау сөздері жазылған плакаттарын ұстап көшеге шықты. Оны атқандарға қарсылығын ашық көрсетті. Жаратқаннан оның өмірін алып қалу үшін жәрдем сұрап, шырақ жақты. Дәрігерлер Малаланың өмірімен ұзақ күресті. Оның есін жиюы мүмкін емес хәлге жетті. Жағдайы бір қалыпқа келген соң, Пәкістан үкіметі оны Ұлыбританияның білікті дәрігерлеріне тапсыруды өз мойнына алған. Ол 2013 жылдың 4 қаңтарында ғана Ұлыбританиядағы ауруханадан шығарылды. Осыдан соң, дүниежүзіндегі ықпалды тұлғалар, алпауыт елдердің президенттері, халықаралық ұйымдар атсалысып, Суат аймағы талибтерден тазалана бастаған.

Малала сол жылы өзінің 16-шы туған күнін БҰҰ Штаб пәтерінде өткізді. Бұл күн «Малала күні» болып жарияланды. Сондағы сөзінде ол бүй дейді: «Бисмиллаһир раһманир раһим! Алдымен Аллаға, сонан соң менің тезірек сауығып, жаңа өмір бастағаныма шын жүректен қуанып жатқан баршаңызға алғысым шексіз! Малала күні – менің күнім емес, бұл – өз құқығы үшін үнін естірткен әр әйел, әр ұл, әрбір қыздың күні. Тәліптер мені ғана емес, достарымды да жаралады. Олар оқ бізді үнімізді шығармауға, істеп жатқан әрекеттерімізді тоқтатуға мәжбүрлейді деп ойлады. Алайда олар қателесті. Осы тыныштықтан мыңдаған дауыс естілді. Террористер мені мақсатын өзгертеді, амбициясын өлтіреді деп ойлады. Бірақ осының барлығына қарамастан ештеңе өзгермеді. Тек бір-ақ нәрсе өзгерді: өзіммен бірге әлсіздік, қорқыныш, үмітсіздік өліп, оның орнына күш, жігер, батылдық өмірге қайта келді. Мен әрбір баланың білім алу құқығын айту үшін осында тұрмын. Егер сол жерде қару менің қолымда болып, ол менің қарсы алдымда тұрғанда, мен оны атпас едім. Оған білімнің әрісі Мұхаммед пайғамбардан, берісі қаншама тарихи тұлғалар мен қайраткерлерден бізге қалған мұра екенін, бұған Құранның өзі қарсы еместігін айтатын едім. Тіпті мені атқан тәліптің өзін жек көрмеймін. Сол тәліптер немесе террористер балаларының білім алу құқығы тапталмауына да қызмет етемін. Біз қаншама миллион баланың мектепке бармағанын ұмытпауға тиіспіз. Бізге қаламсап пен кітаптарымызды жинауға рұқсат етіңіздер, олар – бәрінен де қуатты қару. Бір бала, бір мұғалім, бір кітап және бір қаламсап әлемді өзгерте алады!»

Ол отбасымен Ұлыбританияға біржола тұрақтап, өзінің қоғамдық істерін жалғастыра берді. Соның бір дәлелі – Малала қорын ашуы. Ауғанстан, Бразилия, Индия, Нигерия, Пәкістан, Сирия аймағындағы қыз балалардың білім алу құқығын қорғау және қамтамасыз етуді мақсат еткен қор қазірде қанша миллион балаларға көмектесіп үлгерген.  Бірнеше мектеп ашылған. Бұған дейін қаншама халықаралық сыйлық, атақтың иесі атанған ол осы еңбегінің, ерлігінің өлшеуі ретінде 2014 жылы Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алды. Осыдан соң Малала АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обамамен кездесті. Жүздесу туралы жазған Малала: «Ақ үйге бардық. Кездесу өте салмақты болды. Біз білімнің маңызы туралы сөйлестік. Мен Обамаға терроризмге соғыспен емес, біліммен тойтарыс беру керектігін айттым», – дейді.

МАЛАЛАНЫҢ АРМАНЫ

Малала қоры зерттеушілерінің мәліметінше, әлемде мектепке бармаған 130 миллионға жуық қыз бала бар. Малала бастаған топ алда үлкен міндет тұрғанын сезінеді және оларға дүниежүзіндегі кез келген тілеулес адаммен бірігіп көмектесе алатынына сенеді. «Мен – Малаламын» кітабында: «Бізге сансыз хаттар келеді. Бір рет Жапониянның көп жасаған қариясынан хат алдық. «Мен кәрі және кедей адаммын, бірақ бәрібір көмектескім келеді»,– деп жазып, хатқа қоса 10 000 иен (иен – жапон волютасы, бұл шамамен 30 000 теңге. – А.Ш.) қалдырыпты. Өкінішке қарай, біз алғыс айта алмадық, себебі ол кері байланыс үшін мекенжайын көрсетпепті», – деп жазады.

Бүгінде Малала Оксфорд университетінде философия, саясат және экономика бағыты бойынша білім алып жатыр. Ол туралы анимациялық фильм және «Ол мені Малала деп атаған» деген трейллер түсірілген, көптеген қылқалам шебері портретін салған. Малала өзіне шексіз сенген әкесінің және оны қолдаған, шын ниетпен тілектес болған барша адамның және оған арқа сүйеген әрбір қорғансыз баланың үмітін, сенімін ақтады. Әкесі «Ted talks» сахнасында сөйлеген сөзінде: «Бұрын Малала менің қызым еді, қазір мен – Малаланың әкесімін», – дейді зор мақтанышпен. Бүтін бір мемлекеттің, тіпті әлемдегі сансыз адамның түйінді мәселесін шеше алған қаршадай қыз әлі де көптің аманатын арқалап жүр. Ол қазір халықаралық ұйымдардың қорғауында, ол қазір әлемдегі ең ықпалды адамдардың бірі, ол қазір беделді, атақты, абыройлы. Алайда оның да арманы бар, ол – туған жерге оралу. Әлемге деген махаббаты алдымен өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктен туған.

Ол бұл туралы: «Әкем Пәкістан елшілігінде білім беру жөнінде дипломатиялық қызметкер және БҰҰ жағынан ғаламдық білім беру бойынша кеңесші болып жұмыс істейді. Көптеген пәкістандық жастар мұндай жұмысты қалар еді. Бірақ сізді әкеңіз, атаңыз және жүздеген жылдар бойы бабаларыңыз өмір сүрген Отаныңыздан шеттетсе, бұл өте ауыр. Сіз туған топырағыңызды ұстай алмайсыз, өзеннің сарқырағанын естімейсіз. Сәнді сарайлар мен зәулім ғимараттар туған үйіңдегі сезіміңді алмастыра алмайды. Менің жалғыз арманым – Отаныма оралу», – дейді.

Ол екінші өмірін бастағаннан кейінгі жазған кітабын: «Мен – Малаламын. Менің әлемім өзгерді, бірақ мен қаз-қалпында қалдым», – деп аяқтайды. Әлеміңді, тіпті әлемді өзгерткен жақсы, алайда о бастан бойға біткен болмысыңды жоғалтпау – ғажап нәрсе.

Мақаладағы материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден оқи аласыздар және әлемдегі бестселлер (best seller сөзі ағылшыннан аударғанда ең көп сатылған деген мағына береді) кітаптардың қатарына қосылған автобиографиялық кітабын (3-ші қатардағы сілтеме) тегін жүктеуге болады:

https://www.youtube.com/watch?v=3rNhZu3ttIU

https://www.bbc.com/news/world-asia-29565738

https://www.google.kz/search?q=I-am-Malala-PDF-book-by-Malala-GrowPK.com_.pdf&oq=I-am-Malala-PDF-book-by-Malala-GrowPK.com_.pdf&aqs=chrome..69i57j69i60.2168j0j7&sourceid=chrome&ie=UTF-8

https://www.nobelprize.org/nobel_prizes/peace/laureates/2014/yousafzai-facts.html

http://www.malala.co.uk/

https://www.npr.org/sections/thetwo-way/2012/10/09/162573135/taliban-say-they-shot-14-year-old-pakistani-girl-who-exposed-their-cruelty

https://obamawhitehouse.archives.gov/blog/2014/10/10/president-obama-congratulates-malala-yousafzai-and-kailash-satyarthi-winning-2014-no

https://constitutioncenter.org/blog/malala-yousafzai-receives-liberty-medal-in-philadelphia

https://thelede.blogs.nytimes.com/2012/10/11/pakistani-girl-airlifted-to-military-hospital/?hp

https://www.malala.org/malalas-story

https://twitter.com/malala

https://www.businessinsider.com/nobel-prize-winner-malala-yousafzai-left-jon-stewart-speechless-2014-10?utm_content=buffer40a02&utm_medium=social&utm_source=facebook.com&utm_campaign=buffer

https://www.goodreads.com/quotes/tag/malala

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Ұлан, №34
21 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз