Жан мен тән

Жүрек ауруы жас талғамайды. Кез келген сәтте адамның өмірін өзгертіп жібереді. Жүрек ауруларының алдын алу жөнінде кардиохирург-дәрігер Бауыржан Рақышев кеңес берді.

– Туабітті жүрек ақауы қандай себептен болады?

– Туабітті жүрек ақауы бар балалар көбейіп кетті деп айта алмаймын. Қазір ауруды алдын ала тексеру, анықтау әдісі жақсы жетілген. Құрсақта жатқан баланың жүрегі төртінші аптадан бастап дамып, қалыптаса бастайды. Осы кезде сырттан және іштен нәрестенің жүрегінің жетілуіне ықпал ететін факторлар бар. Туабітті жүрек ақауы тұқымқуалаушылықтан, экологиядан, анасына салмақ түсуінен, инфекциядан, тағы да басқа көптеген себептен пайда болады.

– Адамның сезімталдығы жүрегіне әсер ете ме?

– Сезімтал деген – кең түсінік. Мысалы, біз медициналық тұрғыдан «стресс» деген жағдайды алсақ, оның түрлерімен қатар, сатылары да бар. Ол адамның жеке қарым-қабілетіне байланысты. Кейбір жағдайларды әлдекімдер ауыр қабылдаса, ал өзгелерге бұл дым да әсер етпейді. Әрине, адам көп күйзелетін болса, ол кейіннен жүрек қан тамырлары ауруына шалдығуы әбден мүмкін.

– Кей кезде кеуде тұсы шаншыған кезде, «жүрегім ауырып тұр» деп ойлайтындар бар…

– Адамның көкірек немесе жүрек тұсының шаншуын жүрек ауруы деп қабылдауға болмайды. Міндетті түрде жергілікті жердегі терапевт немесе кардиолог дәрігерге қаралу қажет. Кейде асқазанның ауруы да жүрек ауруы сияқты әсер етуі мүмкін. Сондықтан, ең абзалы, білікті мамандарға қаралу қажет. Анализ тапсырған соң, нақты диагноз қойылады.

– Жүрек алқынып соғып тұрғанда не істеуге болады?

– Мысалы, жүйке жүйесінің, жүрек қан тамырларының және гормондардың жетілуіне байланысты кейде жүректің қағуы қалыпты болып есептеледі. Кей жағдайда жүрек жай соғуы мүмкін немесе жүректің соғуы жиілейді, кейде жиілігі бәсеңдеп тұрады. Ал жүректің қағуы шошынғаннан немесе уайымдағаннан болса, онда бұл ешқандай жүрек ауруы емес. Бұл – қарапайым сыртқы ортадан тітіркенген рефлекция. Егер жүрек себепсіз алқынып соғатын болса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

– Жүрек күтіміне қандай дәрігерлік кеңес бересіз?

– Әрине, алдымен салауатты өмір салтын ұстану қажет. Әрдайым қозғалыста болу, ұйқының қанық болуы мен уақтылы тамақтану, қоршаған ортаның зиянды факторларынан қорғану, темекі шекпеу, ішімдік ішпеу, тағы да басқа зиянды әдеттерден аулақ болу. Ал екінші кезекте дене еңбегі көп көмектеседі. Жүрек жүргенді, жүгіргенді, ылғи қозғалыста болғанды жақсы көреді. Солайша өзінің биологиялық ырғағын қалыптастырады. Сонда ішкен асыңыз да қорытылып, жүрекке салмақ түспейді. Бұл айтылған кеңестер тек жүрек емес, адамның барлық мүшесіне қатысты.

– Дәрігер болсам деушілерге сіздің өмір жолыңыз да қызық болса керек. Дәрігерлер ұзақ оқиды дейді, мысалы, сіз қалай оқыдыңыз?

– С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетіне түсіп, қызыл дипломмен бітірдім. Осында «Денсаулық сақтауды басқару және саясаты» деген мамандық бойынша магистратураны аяқтадым. 2009 жылы «Болашақ» бағдарламасына құжаттар тапсырып, Мәскеу қаласындағы А.Н.Бакулев атындағы ғылыми кардиохирургия орталығынан екі жылдық клиникалық ординатураны оқыдым. Сөйтіп, 2012 жылдан бері Сызғанов атындағы кардиохирургия орталығында кардиохирург болып жұмыс істеп келемін. Сонымен қатар, Чехия, Түркия қалаларында тәжірибеден өттім. Әртүрлі халықаралық конференцияларға қатысып тұрамын.

– Кардиохирургия саласы елімізде қалай дамыған?

– Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз экономикадан бөлек, медицина саласына да ерекше көңіл бөлді. Оның ішінде «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» бағдарламалары қарқынды жұмыс істеп келеді. Осы бағдарламалар аясында облыс орталықтарында кардиохирургия орталықтары ашылды. Павлодар, Шымкент, Алматы қалаларында кардиохирургия орталықтары күндіз-түні халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Негізгі мақсат – халықтың өлім- жітім деңгейін төмендетіп, өмір жасын ұзарту. Өйткені, жүрек қан тамырлары аурулары адамды мүгедектікке шалдықтырады. Еліміздің халықаралық деңгейдегі негізгі көрсеткіші – орта өмір жасының ұзақтығымен, мүгедектердің саны аздығымен және ана мен бала өлімінің аз болуымен өлшенеді. Осындай мақсаттарды қолға ала отырып, елімізде кардиохирургия саласы бойынша бағдарламалар іске қосылды. Біздің орталығымызда кардиохирургияның тарихы 50 жылдан асқан. Бүгінде еліміздегі кардиоxирургия саласында Юрий Владимирович Пя деген мықты маман бар. Еліміздің бас кардиоxирургы. Көптеген шетелдерде тәжірибеден өткен. Ол кісі жас кардиоxирургтарды тәрбиелеп жатыр. Мысалы, Қазақстанда жүрек трансплантациясын жасауға, жасанды жүрек қарыншасын ауыстыруға мүмкіндік бар және бұл мемлекеттік квота арқылы тегін жасалады. Мұндай оталарды дүниежүзінде көптеген елдер жасай алмайды. Қазақстан кардиохирургиясының дамуы, жасалып жатқан оталардың әртүрлілігі және ауырлығы жағынан дүниежүзінде алдыңғы отыздыққа кіреді. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Ресей секілді елдермен терезесі тең бұл тұрғыда. Әрине, біз өзіміздің жасап жатқан шаруаларымызды көп жарнамаламаймыз. УДЗ арқылы құрсақтағы балалардың жүрегін тексеріп, денсаулығын бақылаудан өткіземіз. Егер баланың жүрегінде ақау болатын болса, ондай әйелдерді кардиохирургиясы бар орталықта босандырады. Сөйтіп, балаларға бірден ота жасайды. Кейбір балаларға туыла сала ота жасамаса, шетінеп кетуі мүмкін. Жүрек ақауының түрлеріне байланысты отаны да әртүрлі уақытта жасайды. Соңғы кезде технологиялардың дамуына және аурудың түріне байланысты кейбір оталарды көкіректің қақ ортасынан кеспей, жүрек тұсындағы қабырғаны тіліп жасайтын болдық. Протез қою, шунттау сияқты отаны қабырға арасын 5-7 сантиметр етіп тіліп, бейнекамераның көмегімен жасай береміз.

– Бір отаға қанша адам қатысады?

– Бір отаға 3 хирург, анестезиолог, анестезиологтың көмекшісі, перфузиолог, перфузиологтың көмекшісі, медбике, санитар қатысады. Жүрек ауыстыру отасын жасағанда кемінде 30-40 адам жұмыс істейді. Мұндай операцияның бағасы да өте қымбат тұрады. Жүрек ауыстыратын операцияны жасайтын мемлекеттің жағдайы да жақсы деген сөз.

– Өзіңіз осы уақытқа дейін қанша ота жасадыңыз?

– Шынымды айтсам, қанша ота жасағанымды санаған жоқпын. Біраз ота жасап, бірталай науқасты аман алып қалдым.Оған өзім шексіз қуаныштымын. Негізі кардиохирургиялық отаның жеті деңгейлі түрі бар. Бірінші деңгейге жеңіл оталар жатса, жетінші деңгейге тым ауыр оталар жатады. Ол алдымен, дәрігердің тәжірибелік деңгейіне, отаның күрделілігіне қарай ауысып отырады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Назым САПАРОВА,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың студенті.

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз