Бауыржан Момышұлының «Менің әжем» әңгімесі 1977 жылы «Жалын» баспасынан шыққан екен. Бұл әңгіме батыр-жазушының «Ұшқан ұя» кітабындағы тараудан ықшамдалып алынған. Араға 40 жыл салып, «Ақ желкеннің» оқырмандарына жол тартып отыр.

Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы тоқсан екі жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момынәлі екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен.

Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен.

Әкем отыз үш жасында Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Ол кісі мен үш жасқа толар-толмаста қайтыс болған. Анамның қандай кісі болғанын тек әжем мен әкемнің әңгімелерінен ғана білемін.Қайран әжем өле-өлгенше Рәзия келінінің қазасына қайғырып өтті.

– Жатқан жерің жаннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен періштем, Рәзия! – деп өзінен-өзі отырып, көзіне жас алып қайғыратын. Сөйтіп, Рәзиядан қалған немерелерінің басынан сипап, маңдайымыздан сүйетін.Рәзияның тұңғышы Үбіш, онан кейінгілер Үбиан, Сәлима, Әлима, кілең қыз бала болады.

Момыш әкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып әкеме де хабаршы жіберіпті.

Біздің ауылдың Байтоқ деген кісісі алпыс шақырым Әулиеатаға ат сабылтып жетіп, әкем жатқан үйге кіріп келіп, бір ауыз сөз айтуға дәрмені келмей, Момышты құшақтап жылай беріпті. Әкемнің қарындасының үй іші үрпиісіп, бір жаманат хабар жеткен екен деп қорқып қалады. Ақыры бәрі Байтоқты жұлмалап: «Не боп қалды? Айтсаңшы», – деп тақақтағанда ғана  Байтоқ:

– Жеңешем ұл тапты! – депті.Үрейден үрпиіскен жұрт енді мәз-мәйрам болып, қуаныштары қойындарына сыймай, Байтоққа сүйіншісін беріп аттандырыпты.

* * *

Мен туғанда әкем елуді еңсеріп қалған кісі екен. Әжем жарықтық әкемді балаларымның ішіндегі еті тірісі осы болды деп отыратын. Әкем өз бетінше талпынып жүріп, ескіше сауатын ашып алыпты.

Содан өле-өлгенше оқып-тоқыған адам. Есеп-қисапты тәуір білетін. Тіпті, орыс алфавитін де ежіктеп шығара беруші еді. Жас күнінде ағаш ұста болыпты, етікші де атаныпты, тәуіпшілдігі де бар екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген.

Әкем ат жалын тартып мініп, бозбала халге жеткенде Имаш бабам шаруа билігін соның қолына беріпті. Ауылдағы келін-кепшікті бір шыбықпен айдайтын адуынды Қызтумас әжемнің өзі де:

– Момыштан сұраңдар, Момыш біледі, – деп отырады екен.

Ағайын-туған арасындағы алыс-беріс, көші-қон мәселесі, ас-той, дау-дамай, бәр-бәрі Момыштың араласуынсыз шешілмеген. Әлдеқайда жол жүріп кетсе, сапардан қайтып келгенше тірлікті соған қаратып, жолын күтіп отыратын болған. Имаш бабамның көзінің тірісінде өзінде біздің шағын ауылды «Момыш ауылы» дейді екен.

Шаруамыз шап-шағын еді. Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді-енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Ешкімді жалдамаған, ешкімге жалданбаған.Жас кезінде әкемді әйелдер жағы «Молда бала» дейді екен, кейін «Ұста бала» дейтін болыпты. Ал әжем оны «Қара қатпа» деуші еді. Әкем орта бойлы, арық қара кісі болатын. Маңдайы жап-жазық, қасы қалың, көзі шүңгіл. Сол арықтығына қарамай, керемет күшті болатын. Әжем оны «Тарамыс» деп те атайтын. Сол күштілігіне бола атаса керек. Мен бірде әжеме:

– Неге «Тарамыс» дейсіз? – деппін, әкемді кемсіткен екен деп.

– Не десе де шешемнің еркі, – деп күлді әкем.

– Қарай гөр, мына жаманды, әкесіне болысып жатыр-ей, – деп әжем өтірік ашуланған болды.

Әлі есімде, бір рет әкемнің Момышқұл дейтін інісі әжеме:

– Қойшы, апа! – деп дауыс көтеріп қалып еді, әжем тарс кете жаздап:

– Сен тұрмақ, Момыш маған осы күнге дейін бетіме тік қарап сөйлеген емес. Сен қайдан шықтың, жоғал, көзіме көрінбе! – деп үйден қуып шықты.

– Не боп қалды? – деп әкем кіріп келді. Әжем оны аймалап, арқасынан қағып:

– Анау інің көргенсіздеу боп бара жатыр. Жөнге сал туысқаныңды, – деді.

– Мақұл, апа, сазайын тарттырайын. Бірақ ұрмай-ақ қояйын, мақұл ма, апа, – деді.

– Мейлің, – деп күрсінді әжем.

Момынқұл көкем сол түні қой қорада түнеп шықты. Таңертең әкем жақсылап ұрсып алып, оны басқа бір ауылға бір аптаға аттандырып жіберді. Сол екі ортада әжем енді Момынқұлын сағынып:

– Әй, әлгі тентек неме қашан келеді? – деп қайта-қайта сұрай берді, жарықтық.

Аспанмен тілдескен ақбас шоқылар есімде. Күн шығып келе-жатса керек. Ақ шоқылар алаулап көз қарығар алмастай жарқырап ала жөнелді. Күнде бұл уақытта киіз үйде пырылдап ұйықтап жататынмын, әлдеқалай оянып кетсем керек, әлгі күннің таушоқыға асыла шығып келе жатқанын көргенде, дүниенің бұл кереметіне түсіне алмай тұрып қалдым. Тау бөктерінің таңғы самалы тіс сақылдатады. Мына күннің шығып келе жатқан суретіне қадала қарап қалған қалпымды салқын самал да бұза алмаған болар.

Ойпаңда қаз-қатар киіз үйлер. Бөктерді жағалай қой өріп барады. Қойтас екенін, қой екенін біліп болмас, тау бөктері толы мал. Күн көтерілгенше шығыстағы шоқының ұзын көлеңкесі шатқалды көлегейлеп жатып алады. Күн көтеріле көлеңке де қысқара береді. Шатқал алтын нұрға малынып, дүниенің бір шалқыған шағы басталады.

– Ойбай-ау, мына күшіктің әлден тұрып кеткені несі? – деп киіз үйден апам шығады. Әжемді мен апа деймін. – Кішкентай ғана құлыным менің, ерте тұрып кеткенің қалай? – деп апам мені қолымнан жетектеп алады. Мен тырмысып, үйге басқым келмейді. Әлгібір күн шоқыдан шығып келе жатқан шақтағы ғажайып суреттен айырылғым жоқ.

– Жүр, қымыз құйып берейін, ақыры ерте тұрыпсың ғой, – дейді апам. Мен жалаң аяғымды тасқа тіреп, тыртысып бағамын. Сөйтсем кәрі апам:

– Жүрмесең мейлің, қымызды түк қалдырмай өзім ішіп қоямын, – деп үйге кіріп кетеді. Сонда барып мен бақыра жылап апамның соңынан тұра жүгіремін.

Қайран, балалық-ай десеңші! Алыста қалған арайлы адал таңдарым менің. Онда мен кіп-кішкентай сәби едім. Ал айнала таулар да, үйлер де, қойтастар да, жылқылар да, бәрі-бәрі үлкен болатын. Адамдардың бәрі «айналайыннан» басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін… Қария кісілердің сақалынан қасиет-қадір белгісі көрініп тұрар еді маған. Ер мінез жігіттердің кесек тұлғаларынан, қақбаулары сылдыраған қыз-келіншектердің жүріс-тұрысынан адамзаттың асқақ сұлулығын түйсіксіз байқағандай болармын. Солардың бәрі мені аймалап сүю үшін жаратылған жандар сияқты сезілуші еді.

Ол ол ма, анау асқар таулар, етектегі еңісті шексіз дала, көгілдір аспан, түнде жымыңдаған жұлдыздар, толықсып туған ай, жасыл жайлау, бәрі-бәрі тек маған ғана елжірей қарап, мені ғана аймалап әлдилейтін сияқты еді. Дүние сенің сәби кезіңде көргендегідей өмір бойы қайырымды, аспаны – күмбез, желі – жібек, әдемі ертек болып тұра берсеші.

Тек оқта-текте ауылдың үстін, тау бөктерін тұнжыр бұлт торлайтын. Бұлт сонда үн-түнсіз шаруақор әкеме ұқсайтын. Ал күн күркіресе апамның ересек балаларына бақырып-зекіргені есіме түсіп, жым боламын. Жаңбыр жауса – жас баланың көз қасындай, кімді аяйтынымды білмеймін, әлдекімге жаным ашып, жылағым келетін. Биелер шұрқырап, құлындар құтырып, ауылды айнала шауып еріксіз елеңдетеді. Алақұйын айдалаға сен де жүгіре жөнелгің келеді. Енді бірде аспанға аң-таң боп қарап қаласың. Буда-буда бұлттар жалы желбіреп шауып бара жатқан асау айғырлар сияқты. Кейде шөгіп жатқан түйелер сияқты. Кішкентай қолдарыңды созып, сол керемет дүниеге ұшып барып, әлгі қанатты тұлпардың жалынан сипалағың келеді. Баланың бақытты шағы сол кереметке сенгеніңде шығар. Кейін есейе келе әлгі бұлттың су екенін, күннің қызуымен бу болып ұшатынын білу қандай қатал. Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам.

Ал менің кәрі апам Қызтумас ертекті, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі құлағымда тұр. Бөстекке отырып алып, басымды бауырына қысып, кәрі алақанымен арқамнан томп-томп қағып қойып:

– Балам менің қайда екен?

– Қыздарменен тауда екен.

– Тауда неғып жүр екен?

– Алма теріп жүр екен.

– Алмасынан кәнеки?

– Жаңа теріп жүр екен.

– Қызыл алма қолында

– Қыз-бозбала соңында, – деуші еді-ау.

Кейде қиястықпен қыңқылдап мазасын ала берсем, алдына алып отырып:

«Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Жілігінің майы жоқ,

Жіпке тағып берейін.

Көк сиырдың сүтінен

Көже жасап берейін.

Оның тұзын кім татар?

Жыламайтын ұл татар», – деп мәпелейтін еді. Сол кезде әдемі әнге елтіп жатып, балбырап ұйықтап кетер едім.

Онда мен бесте ме, әлде алты жаста шығармын. Әжеммен бірге жатушы ем. Әже құшағы қандай ыстық, қандай мейірбан десеңші. Көзім ұйқыға кет-кенше әжем айналып-толғанып арқамнан қағып жатқаны. Еркелеп жатып қалғып кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың. Бір күні түн жарымында оянып кеттім. Орнымнан сездірмей тұрдым да, әжемнің төсегінен алыстай бердім. Ондағы ойым – қораның екінші бетіндегі әкем жатқан үйге бару еді. Екі үйдің ортасында иін тіресіп, мойындарын көкке сөзған күйі маңғаз түйелер жатыр екен. Жүндері үлпілдеп түнгі самалға желпілдегендей сезілді. Түйелердің арасымен жүріп келе жатып мен мамық жүнді ақ ботаның қасына еріксіз тоқтадым. Осы жерде отырып жұлдызды аспанға телміріп ұзақ қарағаным есімде. Ай мені еркелете күлгендей сезілді. Ал қаз тізілген түйелердің өркеші тау жоталарындай көлбеңдеп көрінгендей еді. Түннің тымықтығы сонша, мен боталардың баяу демін айқын естіп тұрдым. Әкеме келе жатқанымды ұмытып, осы жерде таңырқап тұра беріппін…

Ертеңіне үйдегілер мені екі ботаның ортасында ұйықтап жатқан жерімнен тауып алды. Әкем мейірлене күліп алды, ал әжем қатты ашуланды. Содан бастап әжем үйдің есігін бекітіп алатын болды…

Сөйтіп, мен бес жаста едім. Ауылымыз Алатаудың Ақсай және Көксай шатқалынан төмен ауып, жаз жайлаудан Мыңбұлақ ойпаңына келіп қонып жатқан. Бұл жер шөбі шүйгін, айналасы ашық, жалпақ жазық. Сол жазыққа аулымыз жағалай үй тіге бастады.

Ерте күздің еріншек күні қоңырқай жылуын себелейді. Ел іші көші-қоңнан әлі басыла алмай абыр-сабыр. Көз жеткен жердің бәріне мал қаптап, жағалай жайылып жатыр. Үлкендер қамқор тірліктің қамымен жүргенде біз емін-еркін ен жазықта жалықпай ойнаушы едік-ау. Өстіп жүріп есейе бергенімізді де аңғармай қалыппыз. Даланың «дарқан бала бақшасынан» қол үзер сәт жақындай беріпті…

Әкем маған жастайымнан қазақша жыл қайыруды, күн мен ай аттарын, жыл аттарын жаттатты. «Тышқан жылы, сиыр жылы, жылан жылы, жылқы жылы, мешін жылы, тауық жылы, доңыз жылы, қоян жылы, қой жылы, барыс жылы, ит жылы, ұлу жылы» деп жаттаушы едім. Алайда, әкем сол жылдардың мәнін, неліктен осылай аталатынын түсіндірген емес.

Бірде әкеме жаттағандарымды жаңылмай айтып бердім. Ол мені мақтап арқамнан қақты. Осы мақтауға массаттанып, әжем отырған үйге жүгіре жөнелдім. Сондағы ойым – білгенімді тақпақтап, олардан да құптау сөз

есіту еді…Үй іші қоңыр салқын екен. Әжем қос сабаумен тулақты кезек-кезек тарсылдатып жүн сабап отыр. Сабау дыбысына құлаң тоссаң, әлдебір әуен сазын ойнағандай сезіледі. Екі әкпем мен жиен қызы-мыз біреуі жүн тасып, екіншісі тулаққа төсеп, үшіншісі ұршық иіріп, көмектесіп жүр… Мен дүниені көшіріп жіберердей ентелей келіп, әжемнің иығынан сілкілей беріппін.

– Әже, әже, тоқташы! Не үйренгенімді айтып берейінші.

– Құлыным-ау, сабыр етші. Мен жүнімді сабап болайын. Сонан соң асықпай тындаймын ғой, – дейді әжем еркелетіп.

Енді менің екпінім бәсеңдеп, әжемнің қасына отыра кеттім де, жүн шашып ойнай бастадым. Кіші әкпем түйдекті жұлып алып, итеріп жіберді. Қатты ызаланып мен оны «маймылсың» деп келемеждедім. Әкпем өкпелеп жағымнан тартып жіберді.

– Неге маймыл дейсің?

– Өйткені сен маймыл – мешін жылы туғансың.

– Ал онда сен доңызсың. Өйткені сен доңыз жылы туғансың! – деп әкпем маған тілін шығарып келеке етті.

Мен шыдап тұрайын ба, ызаға булығып, әкпеммен жұлқыса кеттім.

Әжем мейірлене күліп, екеумізді арашалап жүр.

– Құрманкүл қай жылы туған? – деп сұрадық біз.

– Тауық жылы, – деді әжем.

– Құрманкүл тұлымы желбіреген жіп-жіңішке нәзік қыз еді. Бәріміз енді оны «жүнін жұлған тауық» деп мазақтадық, Құрманкүл сөз таба алмай жылап жіберді…

Сонда ғой, әжемнің бәрімізді отырғызып ыстық күлше үлестіргені. Сөйтіп өзі ортаға отырып алып әдемі аңыз айтып еді-ау.

– Балаларым, құлақ салып тыңдаңдар. Көңілге түйіп, ұғып алыңдар. Жаппар ием жарық дүниені, Күн мен Айды, жарық пен қараңғыны жаратарда күнге, аптаға, айға және жылға ат қоюды ұмытып кетіпті… Жер бетіндегі тірі дүниенің бәрі, жан-жануар күн санауды, уақыт өлшеуді білмей бейберекет жүре берген екен. Ақыры дүниенің жас екенін ажыратудан қалыпты. Жасты бойға қарап өлшейтін болыпты. Кімнің бойы ұзын болса, үлкені сол деп есептеліпті. Қытымыр қыс қашан түсіп, көгілдір көктем қай кезде келерін, жадыраған жаз мөлшерін, берекелі күз кезеңін ешкім де ажырата алмайды екен. Сондықтан қой мен түйенің жүні түлемей сабалақ боп жүріпті. Адамдар болса қойдың өлі жүнін, күзем жүнін қырқуды да білмепті. Жаратушы ием, осы сан-сапалақ сапырыласқан тірлікке зер сап тұрып дүниеге көңілі толмайды. Сондықтан да адамдарды саналы тірлікке үйретпек болады. Адамдар уақытты өлшей білсін, уақытпен санаса білсін, уақытты қастерлей білсін, ол үшін айды аптаға, аптаны күндерге, ал жылды он екі айға бөлу керек деп түйіпті тәңірі. Сонда адамдар мал төлдеп, аққа ауызы жетер кезді біледі, жүн қырқып, киіз басатын уақытты біледі, жаз жайлауға шығатын шақты сезетін болар депті. Сөйтіп тәңірі әр айды жыл мезгілімен атайтын болыпты. Ал Айға адамдардың көмекшісі бол, жүзінді ашып-жауып тұрып есеп жүргізуге көмектес депті. Жұлдыздар күн райының хабаршысы болады деген екен.

Осылайша адамзат ұзақ жыл өмір сүріпті. Күндердің күнінде жыл мезгілдері қайтадан ауысып кетіп, адамдар жаңылысып қалады. Бір жыл бір жылға ұқсас, көктемнен көктемнің, қыстан қыстың айырмасын аңғара алмай адамдар аңтарылып отырыпты.Сондықтан да олар өткені ізсіз, болашақтан бейхабар қала берген екен…

Осы сәтте үйдің шаңырағынан бір қарлығаш ұшып кірді. Мұны сезген ұядағы шақа балапандар ауызын ашып қорек тілей бастады. Бәріміз де төбеге қараппыз. Қарлығаш төбедегі ұясының шетіне жайғасты да, балапанда-

рын кезектеп жемдей бастады. Алғашқы шақалақтың аузына жем тастап жіберген қарлығаш қайта ұшты. Қарлығаштың аспанға тік атылып, қанат қақпай қайтадан төмен құйылғаны шаңырақтан айқын көрініп тұр. Көп ұзамай ол екінші балапанға жем әкелді. Осылайша қалқып ұшып, қайта кіріп, қанаты талды ма, ақырғы балапанын жемдеген қарлығаш енді ұя аузында отырып тарана бастады. Шіркіннің сүйкімдісі-ай!

– Фью-ю! – деп ысқырып жібердім де, әжемнің сабауын ала салып, қарлығашқа сілтеп үркіттім.

– Е-е, жаман бала болмасаң етті! Бұзақының тірлігі ғой мынауың, – деп әжем қолымнан ұстай алды. – Қарлығашқа неге тиесің? Бұл киелі құс екенін, адамның досы екенін білмеуші ме ең, сен бейбақ? Балапанын емін-еркін ұшырып, бақытын тапқанша бұл құс менің үйімнің төріндегі ең кадірлі қонағым ғой… Қонағыма қол көтергенің – мені де сыйламағаның емес пе, шұнағым, – деп ұялтып тастады.

Қыздар мені мұқатқанына мәз болып күліседі.

Сонда әжем мені бауырына тартып, мандайымнан иіскеп, былай деп еді:

— Қоя қой, құлыным. Кел, алдыма отыршы, мен саған қарлығаштың құйрығы неге айыр болғанын, масаның тілі неге жоқ екенін айтып берейін.

Мен қуанып кеттім. Өйткені, әжемнің әңгімесі ерекше баурап, жанымызды жайлап алатын.

… Өнегелі сөздері мені бірде ғасырлардың шыңырауына сапар шектірсе, бірде құс қанатындай демеп ілгері ұмтылдырды, биікке самғатты…

«Ақ желкен», №8

Тамыз, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз