Алпамыс пен Шыңғысты көкесі мен апасы мейірленгенде «Алпан, Шәкен» деп еркелетеді. Былтырғы оқу жылын үздік аяқтағандары үшін әкесі екеуіне аквариум алып берген. Аквариум болғанда, қандай дейсің! Ішінде бірінен бірі өткен әдемі бес-алты балығы бар аквариум!

Биыл Алпамыс төртінші, ал, Шыңғыс үшінші сыныпты үздік бітірді. Осы жетістіктері үшін екеуіне кеше кешкісін көкесі тордағы тотықұс сыйлады. Жұмыстан келе жатып, аквариумдағы балықтарға жем алайын деп, зоологиялық дүкенге кірген.  Қараса, дүкенде қызылды-жасылды керемет әсем тотықұстар сатылып жатыр екен. Қызығып кетіп, ұлдарын қуантпақ ниетпен тотықұстың біреуін сатып алады. Әкесінің базарлығын бірінші көрген Алпамыс:

– Алақай, көкем маған тотықұс әкелді! – деді қуанышы қойнына сыймады.

– Маған қайда? – деп бұртиды Шыңғыс.

– Екеуіңе біреу, – деді көкесі.

– Неге біреу? Велосипед біреу, доп біреу, аквариум біреу… Ал сіздің ұлыңыз екеу емес пе?! – деп өрекпіді Шыңғыс.

…Кіші ұлының өкпе-ренішіні орынды деп есептеген әкесі ертеңіне түр-түсі тура кешегідей тағы бір тотықұс алып келді. Екеуі егіз бөпе секілді бірі-бірінен аумайды.

– Шыңғыс, тотықұсымызға ат қояйық, – деп аяқасты бастама көтерді Алпамыс.

– Не деп қоямыз?

– А-а-а, таптым! – деп қуана дауыстады сәлден кейін Алпамыс, – Менің тотықұсымды Алпан, ал сенікін Шәкен дейік.

– Олай болмайды.

– Неге болмайды?

– Сол…

– Неге сол?

– Ауылдан ата мен әже хабарласқанда Алпан мен Шәкен ауырып қалды десе, біз екен деп ойлап қалады.

– Тотықұстар ауырмайды.

– Ауырады.

– Оны кім айтты саған?

– Өткенде ауылға барғанда төбелесіп жатқан екі әтешті мен кесекпен ұрып айырғанда атам айтты. Құстарды ұрма, бір жерін ауыртасың. Жаны бар нәрсенің бәрі ауырады деген.

– Енді не деп қоямыз?

– Білмеймін, сен емес пе ат қояйық деген…

– Енді ат қоймасақ тотықұстарымызды шатастырып аламыз ғой. Екеуі біп-бірдей.

– Иә, біп-бірдей.

– Не деп қойсақ екен, а?

– Білмеймін…

Екі ұл тотықұстарына лайықты ат таппай, бірінің айтқаны екіншісіне ұнамай, біраз дағдарды.

– Таптым! – деді бір кезде Алпамыс жерден жеті қоян тапқандай қуанып.

– Не деп қоямыз?

– Чук пен Гек!

Белгілі балалар жазушысы Аркадий Гайдардың «Чук пен Гек» хикаятын Шыңғыс жақында ғана қызыға оқып шыққан болатын. Оның мазмұнын інісіне де айтып берген. Сол себепті ағасының бұл ұсынысына інісі де бірден келісе кетті….

Орал қаласы

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз