Бұл оқиға былайша өрбіген: Биылғы 5 мамыр күні Қазталов ауданына қарасты Қошанкөл ауылында тұратын 6-сынып оқушысы Нұрдəулет Айболатов кешкі сағат жетіден кете өрістен қайтатын малды қарсы алу үшін ауыл маңындағы тоған жаққа барады. Сол кезде тоғандағы судың ішінен кішкентай баланың екі аяғын көріп қалады да, Нұрдəулет шешінбестен суға қарғып, баланы алып шығады. Əлі үшке де толмаған сəбидің есінен танып, талықсып кеткенін байқаған Нұрдəулет іле-шала алғашқы көмек көрсетуге кіріседі. Оның еңбегі еш болмай, көп ұзамай балақай есін жияды.
– Суға кетіп қала жаздаған балам Аршат – үйдің кенжесі. Өзінен ересектеу екі балаға еріп (үлкенінің өзі 1-сыныпта оқиды), тоғанның жағасына келіп ойнаған көрінеді. Əлгі екі бала өздерімен өздері ойнап жүргенде, Аршат суға құлап кетсе керек. Қайта дер кезінде Нұрдəулет барып қалып, үш жасар бейкүнə ұлымды Құдай сақтады! – дейді əлі үшке де толмаған Аршаттың əкесі Медет. Ал Нұрдəулеттің мектепте қызмет істейтін анасы Гүлжан Сисенова қаршадай ұлының суға батып бара жатқан сəбиді құтқарған əрекеті үшін мақтанатынын жасырмады. Батыр баланың өзі есінен танып қалған Аршатқа мектеп қабырғасында ілулі тұрған төтенше жағдайларда алғашқы жəрдем беру қағидасына сəйкес көмек көрсеткенін айтады. Осыдан бірер күн бұрын Қазталов ауданының əкімі Абат Шыныбеков суға батып бара жатқан үш жасар сəбиді құтқарған Ғ.Беғалиев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Нұрдəулет Айболатовты ата-анасымен бірге қабылдады.


– Бар болғаны алтыншы сыныпта оқитын Нұрдəулеттің еш асып-саспай үш жасар сəбиді ажалдан арашалап қалуы – үлкен-кіші бірдей үлгі тұтарлық іс-əрекет. Келешекте үлкен азамат болып қалыптасатын осындай жеткіншекті тəрбиелеп отырған сіздерге аудан халқы атынан алғысымыз шексіз! Нұрдəулет баламыздың болаша ғы жарқын болсын! – деген əкім нағыз қазақы ауылдың қайсар қарадомалағына Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгіновтің атынан жəне өз атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Қабылдау кезінде Нұрдəулеттің ата-анасы Асқар мен Гүлжан ұлдарының ерлігін елеген аудан басшысына ризашылығын білдірсе, Қазталов аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков Нұрдəулетті Алматы облысына қарасты Қапшағай қаласындағы балалардың жазғы лагеріне демалуға жіберетінін айтты. Қабылдаудың соңын ала аудан əкімі Нұрдəулетке жергілікті ел-жұрттың атынан су жаңа велосипед сыйлады.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН
Батыс Қазақстан облысы

«Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз