Аядай көше балалардың жарқын күлкісіне тұнып тұр. Бұл Жетісу ауданына қарасты №51 бөбекжай-балабақшасы. Балалалардың ойыны қызып жатыр екен.

– Енді сенің кезегің…
– Қап, шік түсті!

– Алақай!  Алшы түсті…

Асық ойнаған балаларды көріп, ішім жылып қалды.

– Менде ойнасам бола ма? – дедім қиылып.

– Әрине, келіңіз.

Лақтырған асығым тым алысқа кетті.

– Сіз дұрыс көздемедіңіз.

– Апай, оң аяқты сәл алдыға шығарып, деміңізді ішке тартыңыз…

Ойын енді қыза бастағанда балаларды түскі асқа шақырды. Ал біз әңгімемізді балабақша меңгерушісі Фарида Қызырханқызымен жалғастырдық.

– Балаларға оқу мен жазуды үйретуде әртүрлі педагогикалық әдістемелерді қолданамыз. Осы әдістемелердің түп-тамыры қайдан шыққан? Бәрі шетелдің өнімдері, қазаққа түк қатысы жоқ.  Мысалы, «Көгілдір орман», «Монтесорри»… Абай мен Ыбырайдай ұлы тұлғаны тәрбиелеген қазақтың әдістемесі қайда? Осы сұрақтың төңірегінде ұзақ ойландым. Есіме асық түсті. Асық арқылы баланы жан-жақты дамытуға болады. Бұл орыс балабақшасы, қазақтан бөлек 25 ұлттың балалары бар…

Ұжымға жиналыс ашып, қазақтың ұлттық ойыны асықты таныстырдым. Оқу бағдарламасына кіргізетінімді айттым. Әр ұлттың өкілдері болғасын әртүрлі пікір болады. «Исі шығады, балалар жұтып қояды, зиян» деді. Күресуге тура келді. Арнайы зертханаға өткізіп, «балаға ешқандай зияны жоқ» деген рұқсат алдық. Өйткені асық табиғи. Бала жұтып қоятындай кішкентай емес. Екі сағат арнайы қоспада қайнатылған. Залалсыз бояумен боялған.

«Балам сабақты жақсы оқымайды, ештеңеге зауқы жоқ» деп жиі айтамыз.  Баланың қабілеті 2-3 жасында ашылады екен. Осы жаста барлық нәрсені тез қабылдайды. Мысал ретінде үш жасқа енді толатын баламды айтсам болады. Сөзді анық айтып, сөйлем құрайды. Балақайдың саусақпен көп жұмыс істегені дұрыс. Саусақ жиі қимылдаса, ми да белсенді болады. 2-3 жасында саусақ бұлшықеттері жақсы жұмыс істесе, жақсы мен жаманды тез қабылдайды.

Ата-бабамыз асықты ойын ретінде қолданған. Ал біз баланы жан-жақты дамытудың көзі ретінде ұстадық. Мәселен, асықпен, қағазбен құмға сурет салады, құрастырғыш ретінде ойнайды. Асыққа әріп пен санды жаздық. Ойнайды. Әрі сөзді буынға бөліп оқиды, есеп шығарады. Екі жастағы бүлдіршіндер асықты жіпке өткізеді. Еліміздің бірнеше қаласына асықты түсіндіріп, үйрету үшін бардым. Таяуда Тараз қаласынан 15 балабақша меңгеруші келеді. Оларға асықпен жұмыс істеуді көрсетеміз.

Аяғын дұрыс баспайтын, жалпақ табан балалар өте көп. Табан астында мидың жұмысына әсер ететін нүктелер бар. Арнайы денсаулық жолақшасын жасадық. Баланың аяқ өлшемін алып, оған асықты орналастырдық. Бала асықтың үстінен өткенде табан нүктелеріне тиіп, тітіркенеді. Денсаулық жолақшасы барлық топта бар. Шахмат тасын асықпен алмастырдық. Шертпе деген ойынды да асықпен ойнаймыз. Бас бармақтан кішкентай бөбекке дейін қозғалыста болады.

Балабақшада балаларды жасына қарай топқа бөлеміз. Асықты да баланың дамуына байланысты жасадық. Яғни, үлкен топтың балалары асықпен сурет салады, әріп таниды. Кіші топтың бүлдіршіндері құмда асықпен ойнайды. Қазір балабақшада үш жарым мың асық бар. Асықты бір жылдан аса уақыт жинадық.

Фарида апай іс-тәжірибе алмасу үшін Жапониядағы атақты «Фудзи» балабақшасына барыпты. Асықты көріп, жапон халқы таңдай қағыпты. Беларусь елінен келген профессор таңдай қағып, еліне шақырыпты.

–«Фудзи» әлемдегі құрылысы ерекше балабақшаның бірі. Олар ұлттық тәрбие беруге тырысады екен. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшасын көрдім. Бақшаға 6 айдан бастап барады. Бөлмеге кірсең жарықтың өзі жанады, қолың тисе су ағады. Балаға ең алдымен амандасуды үйретеді. Таңертең міндетті түрде ата-анасымен амандасады. Балабақшаға кіргенде аяқ киімнің ізі бар әдемі шкаф тұр. Баланың етігі берілген ізден шығып кетпеу керек. Қақ ортасында тұру керек. Ол неге тәрбиелейді? Баланы тиянақты, ұқыпты, айтқанды орындайтын, тазалыққа тәрбиелейді. Мұғалімге деген құрмет, ізет ерекше екен. Өйткені ол баламен жұмыс істейді, болашақ ұрпақты тәрбиелеп отыр деген түсінік қалыптасқан. Еңбекақысы өте жоғары, үй-жаймен қамтамасыз етіледі. Жастар тәрбиеші, мұғалім болуға таласады екен. Себебі құрмет көрсетіледі, барлық жағдай жасалады.

Балабақшада балалар сүрініп құлайтындай жайсыз бұрыштар бар. Себебін сұрағанымда, «Балаға жақсы тәрбие бергіңіз келе ме? Олай болса, балаңызға мәселе тауып беріңіз. Қиындықпен күресуді үйренсін. Құлап қалса, қайта тұруды білсін», – деді меңгеруші. Перде, төсек деген артық заттар жоқ. Тек баланың ойыншықтары мен тәрбиешінің көркемдік құралдары. Жапон балақайлары күніне алты шақырымда жаяу жүреді.

Әжемнің «Жетіге келгенде жерден 70 рет таяқ жейсің» деген сөзі есіме түсті. Біздің елде тәрбиешіге қойылатын талап өте күшті. Бала ойнап жүріп құласа, жауапқа тартуға асықпыз…

–Балалардың қолынан телефон түспейді. Техниканың тілін білген жақсы. Бірақ денсаулықты, қоршаған ортаны естен шығармаған жөн. Бала асық ойнағанда бүкіл денесі қозғалады, бүгіледі, иіледі. Ең бастысы, ми жұмыс істейді. Балалармен сөйлеседі, бір-бірін сыйлап, күтуді үйренеді. Бұл шыдамдылыққа шыңдап, ұжыммен жұмыс істеуге тәрбиелейді. Жеңіп алу, ұту, алға ұмтылу деген сезімді сезіндіреді. Көздің көруін жақсартады. Баланы физиологиялық, психологиялық жағынан дамытады. Бұл асықтың құдіреті.

Тұрғындар біз үшін асық жинап жатыр. Жиналған 600 асықты өңдеуге жібердік.  Асықтарға латын қарпін жазып, балаларға оқытудың жолын бастаймыз.

Әке балаға дұрыс көңіл бөлмейді. Өйткені жұмыстан босамайды. Балабақша бұл тығырықтан шығудың жолын тауыпты. Әкесі мен баласына арналған «АсықParty» ұйымдастырыпты.

–Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мектепке дейінгі білім беру орындары асықты оқу бағдарламасына енгізуде. Мысалы, Атыраудағы балабақшаның бірінде балаларға қазақтың ұлттық ойыны асық атуды үйретеді екен. Асық ойнаған бала епті, ширақ келеді. Ойлау қабілетін дамытады.

Әкелер арасында асық ату ойыны қызықты өтті. Әкелер жұмыстан кейін балаларымен бірге дайындалды. Бір қызығы, ұлты неміс пен орыс әкелер жеңіске жетті. Әке де, бала да риза болды.

Орта топтың балалары асық арқылы ою-өрнекті таниды екен. Ғазиза апай ою басылған кілемшені жайып, Әмина мен Арсенді шақырды. Дорбадағы түрлі-түсті асықты шашып жіберіп, қызыл түсті қошқар мүйіз бен сары түсті ирек оюды табыңдар деді. Арсен жылдам қимылдап, қызыл асықты жинап, оюдың бойына жинай білді. Бұл ойын баланың тіл байлығын дамытады екен.

Балабақшадан ерекше көңіл-күймен шықтық. Көп ұлттың басын қосып, оларға қазақтың ұлттық ойынын үйретіп отырған ұжымға риза болдық.

Тәрбиеші Ғазиза «Алғыр» деген ойын құрастырыпты. Ойын ережесі оңай екен. Ойнап көруге кеңес береміз.

Ойынға 5 адам қатысады. Ортаға асық шеңберлене тізіледі. Қызыл, көк түске боялған екі ерекше асықты Хан асық дейміз. Әрбір ойыншының алдына төрт асықтан беріледі. Ойынның құрылысы бес тас ойынына ұқсайды. Ойыншы өз асығын жоғарыға лақтыра отырып, ортадағы асықты құлатпай жинауы керек. Егер асық уысынан шығып кетсе, ортаға өзінің асығын қосады. Ал хан асықты алса, әрбір ойыншы бір-бір асығын береді. Ойыншылар хан асықты алуға асығады. Себебі ұпайы көбейеді.

 

Гүлфарида Зейнуллина

“Ұлан” (№16, 17 cәуір 2018).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз