Ербол Серікбайдың есімі ғаламтор қолданушыларына кеңінен таныс. Бұрын жауабын таба алмаған сұрақты «Сұрақ-жауап» сайтына жіберетін едік. Бүгінде сайттың атауы «Baribar.kz» болып өзгерді. Қолданушылар саны да артты. Редакциямызға тәжірибе жинақтауға келген тілшілерге қосымша «бәрібарлықтардың» мекенжайын беретініміз жасырын емес. «Бәрібарды» жас журналистерге бағыт-бағдар беріп, бүгінгі медианың қыр-сырын үйрететін шеберхана десек, ешкім таласа қоймас. Қазақстан баспасөз клубы айына бес миллион адам пайдаланатын сайттың ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Интернет журналистикаға қызығып жүрген жас тілшілерімізге аға-әпкелерінің айтқан кеңестерін түртіп алдық.

Ербол СЕРІКБАЙ, «Baribar.kz» сайтының негізін қалаушы:

Жұмысқа жастарды ғана аламын

Күні кеше «Baribar.kz» жобасына сегіз жыл толды. Үшінші курс оқып жүргенде «Сұрақ-жауаптан» бастадым. Күн сайын қолданушылар мен сайтқа кірушілердің саны артты. Бұл маған шабыт берді. Кейін оқырманға сапалы контент ұсынуды ойладым. 2016 жылы ақпараттық-танымдық бағытқа өзгеріп, портал болдық. Атауы да сол кезде өзгерді. Мақсатымыз – оқырманға дұрыс және сапалы ақпарат беру болды. Ақпарат беру жағына көп көңіл бөлеміз. Өйткені адамның миы күн сайын түрлі ақпараттарды қабылдайды. Негатив тарататын ақпарат та көп. Сол олқылықтың орнын толтырғымыз келді. «Ұрып кетті», «соғып кетті» деген жаңалықты жарысып жазғаннан гөрі, еліміздің дамуына үлес қосатын жастар туралы жаңалықты бірінші болып жариялауды жөн көрдік. Осы жылдар аралағында түрлі жоба жасадық. Барлығы да оқырманның көңілінен шыққан, сәтті жобалар болды. Осыдан кейін сапалы дүниелердің қатары көбейе бастады. Күніне 150 мыңдай адам кіреді. Сонда мен сапалы ақпарат берудің қай кезде де сұранысқа ие екенін түсіндім. Оқырманға дұрыс ақпарат бергісі келетін журналистер қатарының көп екеніне көзім жетті. ҚазҰУ-ға барып жүргенде журналистика факультетінің оқытушыларымен сөйлесіп, интернеттің тілінде жаза алатын журналистерге іздедім. Әсел мен Ақжарқынды таптым. Үлкен командаға айналдық. Қазір ұжымда он бес қызметкер жұмыс істейді. Жастармен жұмыс істеген ұнайды. Келесі жыл – жастар жылы. Екінші курстан бастап студенттерге жұмыс істеуге кеңес беремін. Оқытушы бағыт-бағдар ғана береді. Қалғаны студенттің өзіне байланысты. Тегін болса да, өздеріне ұнайтын іспен айналысу керек. Өзім де сол кезеңнен өттім. Содан кейін жұмыс іздейтін студенттерге көмектесуді міндетім деп санаймын.  ІТ мамандары арасында білгеніңді кейінгілерге үйрету керек деген түсінік қалыптасқан. ІТ – қазір ең көп жалақы алатын мамандықтың бірі. Біліктілігі жоғары программист қашанда сұранысқа ие. Сайтта жұмыс істегісі келетін жастарды іріктейтін бас редакторымыз – Болатбек. Ал менің қызметім – сайттағы тәртіпті қалыптастыру және қолданушыларға ыңғайлы болатындай етіп мүмкіншілік жасау.

  1. Сайттың айлық қаралымы – 5 000 000.
  2. Baribar.kz – қазақ тіліндегі қолданушысы ең көп сайт. Сегіз жылда 60 мыңға жуық қолданушы тіркелді.
  3. Сайтқа күнделікті кірушілер саны 150 мыңға жуықтады.
  4. Baribar.kz – “Сұрақ-Жауап” платформасынан ақпараттық-танымдық бағытқа жылдам әрі сәтті көшкен прогрессив сайт.
  5. Zero.kz интернет-статистика сервисінде бірнеше жылдан бері алдыңғы қатардан көрініп келеді. Қазіргі таңда Baribar.kz 9000 сайттың ішінде 3-орында тұр.
  6. Интернет нарығында жарнама берушілердің талаптарына сай контент ұсынатын қазақтілді бірден-бір ресурс.
  7. Сайтта 15-тен астам айдар және арнайы жоба жұмыс істейді. Олар: «Түсіндірме», «Картотека», «Жас ғалым», «Әке мен бала», «Таным», «Болашақ чемпион» және т.б.
  8. «Сұрақ-Жауап» платформасында 110 мыңнан аса сұрақ қойылды, сол сұрақтарға 300 мыңға тарта жауап берілді.

Айжан КӘРІБАЙ, коммерциялық бөлімнің редакторы:

Оқырманды жалықтырмайтын жарнама керек

Алдағы уақытта бірнеше компаниямен бірлескен жобаларымыз бар. Сауалнама, ойын, тест, фоторепортаж контенттерін дамытып, компаниялармен серіктес болып жұмыс жүргіземіз. «Kcell», «BilimLand», «British Council» сынды алпауыт компаниялар қазақтілді сайттарға жарнамаларын іле бастады. Бұрын орыстілді ақпарат агенттіктерінен көретін едік. «Baribar.kz» бұл үрдісті бұзды. Қазақтілді аудиторияға да ірі компаниялар жарнама бере алатынына көз жеткізді. Ал одан түсетін қаржы да аз болмайды. Мейлінше мемлекеттік тапсырыстардан шығып, жарнама беруші компаниялармен жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Қазір біз коммерциялық ұсыныс жасаумен айналысамыз. Көп жарнама жасаушының басты қателігі – коммерциялық ұсыныс жасай алмауында. Ұсыныста жобаның аты, жарнама берушіге қандай пайда әкелетіні, біздің аудиториямыз қандай екені, компанияны жарнамаласақ қанша адам оқитыны, оқырмандардың жас ерекшелігі, жарнаманың қанша уақыт жүретіні, қанша материал шығатыны туралы толыққанды коммерциялық ұсыныс жасау керек. Оқырмандарымызға жарнама пайдалы ма, жоқ па, алдымен соған мән береміз. Оқырманды жалықтырып алмайтындай жарнама берудің әдіс-тәсілдерін білуге міндеттіміз.

Ақжарқын ҚЫДЫРХАН, коммерциялық бөлімнің редакторы:

«Төңкерілген пирамида» әдісімен жазуға кеңес беремін

Біздің тұрақты оқырманымыз оқушылар мен студенттер. Сайттан әр саланың мамандарын кездестіруге болады. Олар өздеріне қажетті ақпарат іздеген уақытта көбіне «Baribar.kz» сайтының көмегіне жүгінеді. Себебі қазіргі таңда қазақ тілінде ақпараттың тапшылығы байқалады. Сондықтан көп жастар сайттың мүмкіндігін қолданып, қажетті ақпартты басқа құрбы-құрдастары арқылы тауып алуға тырысады. Сонымен қатар, мыңдаған қолданушы сайтқа тікелей кіріп, қойылған жаңа сұрақтарға жылдам жауап беріп отырады. Ақпараттың көптігінен оқырман ұзын-сонар мәтінді оқығысы келмейді. Ғаламтордың тілінде мақала жазу үшін «төңкерілген пирамида» әдісін пайдалануға кеңес беремін. Басты жаңалық алғашқы сөйлемде-ақ көрініп тұруы қажет. Болашақта видео контент жасауды жоспарлап отырмыз. Жаңалықты бір минуттық видеомен қалай беруге болатынын ойластырып жатырмыз.

Жазып алған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан газеті», №42
16 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз