Балалар, біз өткендегі (№1, 2018) уәдеміз бойынша өздеріңе арналған шығармашылық бәйгемізді жариялап отырмыз.  Бәйге журналдың 60 жылдық мерейтойына орай өткізіледі.

Бәйгенің тақырыбы – «Менің досым – «Балдырған».

Бәйге екі салада өткізіледі. Біріншісі – шығарма жазу. Екіншісі – сурет салу.

Бірінші сала бойынша сүйікті журналдарың жайлы шығарма жазасыңдар. Онда журналмен қалай дос болғандарың, оның сендерге тигізіп жатқан пайдасы, өздеріңе ұнаған жанрлар мен шығармалар, болашақта «Балдырғанның» қандай болғандығын қалайтындықтарың туралы жазылуы керек. Сондай-ақ «Балдырған» жайлы өздерің жазған тақпақтар да бәйгеге қатыса алады.

Екінші сала бойынша бәйгеге жіберілген суреттердің тақырыбы да «Балдырғанға» қатысты болуы керек. Қандай сурет салу керектігін өздеріңнің ой-қиялдарың білсін. Біз тек журналда жарияланған кейбір шығармалардың мазмұнына қатысты суреттер салуға болатынын ескертеміз.

Сонымен журналдың барлық оқырманын бәйгеге қатысуға шақырамыз.

Бәйгеге тек 1,2,3,4,5-сынып оқушылары ғана қатыса алады. Шығармаларды 1 қыркүйекке дейін Jurnal-baldirgan@mail.ru электронды поштасына немесе конвертпен жай пошта арқылы жіберуге болады.

Қазылар алқасы іріктеп алған жеңімпаздар сыйлықтармен, мақтау қағаздарымен, алғыс хаттармен марапатталады. Ал  ең таңдаулы деген 3 жеңімпаз журналдың мерейтойы аталып өтетін қазан айында, Алматыда республикалық жас тілшілер форумына арнайы шақыртылатын болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз