Таңғы уақыт. Ауыл іші абыр-сабыр. Аулада ақ тауық пен ала әтеш сап-сары, доп-домалақ балапандарын ертіп, жерден дән теріп жеп жүр. Бір кішкентай балапан аспанда ұшып жүрген қарлығаштарды көріп:

– Әкешім, қарашы, анау құстар биікте ұшып жүр ғой, ал біз неге ұшпаймыз?– деп сұрады.

Әкесі үндемеді.

Сәл уақыт өткен соң әлгі балапан үйден шығып келе жатқан мысықты көрді.

– Әкешім, анау мысыққа қарашы, үйге кіріп жүреді екен, ал біз неге  кірмейміз? – деді тағы да.

Әкесі үндемеді.

Бір кезде сол балапан сүзісіп жүрген лақтардан шошып, әкесіне қарай жүгіріп келді.

– Анау лақтардың мүйізі бар екен, ал бізде неге жоқ? – деп сұрады әкесінен.

Әкесі тағы үндемеді.

– Сен неге үндемейсің, әке? Сұрақтарыма неге жауап бермейсің? – деп балапан әкесіне қатты-қатты шиқылдады.

Сонда барып әтеш тілге келді.

– Ку-ка-ре-ку! Түс мезгілі болып қалды! – деп айғайлап жіберді.

Артынан баласына қарап:

– Айналайын, домалағым,  ……….  болма! – деп ақыл айтты.

Балалар, әтеш балапанына қандай ақыл айтты деп ойлайсыңдар? Қане, тауып көріңдерші.

Артынан сөзжұмбақты шешіп көлденеңінен шығатын сөзді жауаптарыңмен салыстырыңдар.

  1. Төрт түліктің бірі,

Қамбар  ата ұрпағы.

  1. Көшкенде жүк артатын мал.
  2. Суда жүзетін үй құсы.
  3. Үй жануары.
  4. Ұрғашы жылқы .
  5. Ешкінің төлі.
  6. Қошақан (синонимі).
  7. Үй құсы.
  8. …сыз да таң атар.
  9. Мал қамайтын орын

 

Бақшагүл НҰРАҚАЕВА

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз