Мәскеуде оқитын сіңлім демалысқа келгенде байқағаным, тоғыз айдың ішінде әжептәуір есейіп қалыпты. Денесін тік ұстап, қаздаңдап жүретін сияқты ма, қалай? «Бойың өсіп кеткен бе?» дедім әзілдеп. Сіңлім сәл жымиып: «Жо-о-қ, тәте! Менің иығым өскен. Денешынықтыру сабағында жүзуді үйрендік. Шынын айтсам, үйренбесіме қоймады. Талап солай, тәртіп қатал. Содан кейін иығым шығып, киімдерім сөлпиіп тұрмайтын болды», – деді. Сонда барып, оның иығына мән беріппін. Бұрын бүкшиіп жүретін сіңлім еңсесін тік ұстайтын болыпты.

Интернеттен жүзу туралы ақпараттарды қарап отырып, есіме сіңлімнің жаңағы сөзі түсті. Қазақстандағы жоғары оқу орындарының сайттарынан денешынықтыру факультеттерін ашып қарай бастадым. Белгілі университтеттердің сайттарын шарлап шықтым. ҚазҰУ-де бассейн мұнда ғана салыныпты. Спорт және туризм академиясы мен арнайы спорт мектептерінде болмаса, бассейн, жүзу деген «кілт» сөздер арқылы ешқандай дерек кездестіре алмадым.

Университеттің өзінде жоқ бассейн мектептерде қайдан болсын? Жалпы бассейн салу, суын таза ұстап тұру соншалықты қымбат тұра ма? «Сырдарияның жағасында тұрып, жүзуді білмейді екен, иә?» деп бір әзілкеш айтпақшы, Қазақстан соншалықты су тапшылығын көріп отырған жоқ.

Биыл суға кеткен адамның санынан жаңыласың. Соның бәрі сіңірі тартылғаннан суға кетіп қалмаған шығар. Яғни жүзе алмаса да, жәй шомыламын деп барып, суға кетіп отыр емес пе? Ал жауапты қызметтегілер судың жағасындағы бетонға «суға шомылуға тиым салынады» деп жазғанымен мәселе шешіліп жатқан жоқ.

Бұл мәселеге басқа қырынан қарайтын болсақ, халықты жүзуге үйрету керек шығар, бәлкім. Биыл өзіміз суға барғанда байқасақ, ата-аналар шомылғаннан гөрі, «қай кезде балам суға құлап кетеді екен?» алаңдап жүр. Естияр болып қалған балалар әке-шешесінің мойнына жабысып, «батып кетем» деп шыр-пыр болады. Ал бессейнге баратын баланы бірден байқайсың. Өзін суда еркін ұстайды. Олай да, былай да жүзіп, малтып өте шығады. Қазір жекеменшік бассейндердің бағасы айына 10 мың теңгеден кем емес. Оған бір үйдегі төрт бала бірдей бара алмайтыны анық. Егер бұқаралық спортты дамытамыз десек, суда жүзуді де мектеп жасындағылардан бастап үйреткен жөн болар.

Жүзудің пайдасы орасан зор. Омыртқа, жүрек қан тамырлары ауруларының алдын алады. Иммунитетті көтереді, тыныс алу жолдарын ашады. Тәнмен қоса жаны да сергиді, мидың жұмысы жақсарады. Ал өсіп келе жатқан бала аптасына 2-3 рет суға жүзіп тұрса, дені сау ұрпақ деген сол емес пе? Мектептердегі денешынықтыру сабағынан не көріп жүрміз? Қырық минут бойы жалғыз допқа таласып, қара терге түскен баланың қайтып сабаққа зауқы соғады? Әрине, доп ойнамасын деп жатқанымыз жоқ. Бірақ оқушыларға волейбол, баскетбол, футбол, жүгіру, секіруден бөлек, жүзуді де үйретсе, еш артық болмас. Сонда Баландин жалғыз болмас та еді.

«Баламызға құрлықта көмектесе алғанымызбен, суға кетсе көмектесе алмаймыз. Сондықтан алдымен жүзуді үйретуіміз керек» деген қағида ұстанатын елдер бар. Біле білсек, Қытай, Нидерланд секілді мемлекеттер суда жүзуді оқу орындарында міндетті пән ретінде оқытады. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Өмір болған соң, бәрі де болуы мүмкін. Балаға жүзуді үйретсең, ол күтпеген қатерден аман қалады және басқа адамның өмірін де құтқаруы мүмкін. Әсілі өмірлік көзқарас пен принциптің қалыптасыуына спорт тікелей әсер етеді. Кейде біздің кері кетіп жатқанымыздың себебі осы спортты еріккеннің ермегі деп түсінгенімізден бе екен деп ойлайсың.

P.S. Айтпақшы, сіңлім сөзінің аяғында: «Ендігі оқу жылында бізге шаңғы тебуді үйретеді. Киімді де, шаңғыны да өздері береді», – деп қызықтырып қойды…

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №8.
Тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз