Азаматпен әзіліміз жарасқан доспыз. Көрген жерде аман-саулық сұрасамыз, ақжарқын жігіт шынайы көңілімен әңгімесін айтады. Ол қоғамдық іс-шаралардан қалған емес, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы. Ал Азаматтың анасы Сейсенова Алмагүл апаймен кейіндеу таныстық. «Ұланнан» екенімді айтқанымда, «Уәлихан Қалижан ағайдың кезінде, сонау 80-жылдары «Қазақстан пионері» газетінің «жас тілшісі» атанған едім, белсенді авторлардың қатарында болдым. Бүкілодақтық «Артек» лагерінен арнайы мақалалар дайындап, жолдаушы едім. Әкем Дәулетқазы Сейсенұлы – белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңірі бойынша талай жыл жеке тілшісі болды, облыстық және республикалық бірнеше басылымда қызмет етті. Әкемнің жолын қуғым келген еді, сол кісінің кеңесімен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітіріп, осы мамандық бойынша 1998 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым», – деп әңгіменің тиегін ағытты Алмагүл апай. Бір байқағаным – Алмагүл Дәулетқазықызы Азаматтың ғана емес, білім алуда ерекше қажеттіліктері бар барша баланың анасы сияқты, себебі барлығына мейірімін төгіп, аналық қамқорлық танытып жүр. Қанша жылдан бері түрлі бұзылыстары бар балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүр, арнайы білім беру саласында ғылыми зерттеулермен айналысады. Заңгер ретінде ағартушылық жұмысты атқаруда. Еліміз бекіткен халықаралық құжаттар мен отандық заңнаманы алға тартып, республикамыздың барлық аймақтарында «инклюзия» ұғымын түсіндіруде. «Өзгеше жаратылыс» иелерінің құқығын қорғайтын қоғам белсендісі болды. Мақсаты – білім алуда ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларды ортаға кіріктіріп, инклюзивті қоғам қалыптастыру. Инклюзивті білім беру туралы Алмагүл апайдың әңгімесін ықшамдап беруді жөн көрдік.

– Өкінішке орай елімізде «инклюзия» деген ұғымға қатысты нақты анықтама мен ортақ түсінік қалыптаспай отыр. Көп жағдайда жаңылыс ойлар мен қате пікірлер әлі де бар. Журналистердің «мүмкіндігі шектеулі бола тұра…» деп басталатын мақалалары маған да, Азаматқа да ұнамайды. Әрине, нормативті құжаттарда бекітілген термин-атаулар болғандықтан журналистерге кінә артудан аулақпыз. «Азамат әлеуеті» Жеке Қайырымдылық Қорын бір отбасының мүшелері, яғни Азамат пен оның ата-анасы құрылтайшы болып, құрған едік. Негізгі мақсатымыз – білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер, түрлі бұзылыстары бар азаматтардың әлеуетін көтеріп, молынан мүмкіндік беріп, барлық құқықтарын жүзеге асырып, толыққанды азамат ретінде қалыптасуына ықпалдасу. Оған дәлел – Азаматым, себебі ол кез келген жұмысқа бір кісідей атсалысады, Қорымыздың атынан болатын іс-шаралардың ұйымдастырушысы, ақыл-кеңес айтып, өз идеяларымен бөліседі. Қазір инклюзивті білім беру мәселелерімен қатар ресми құжаттардағы кемсіту мағынасындағы терминдермен де жұмыс жасап жатырмыз. Анайы не құлаққа жағымсыз естілетін сөздерді «зейіні зақымдалған», «тірек-қимыл аппараты бұзылған», «ақыл-ойының бұзылысы бар», «зағип жандар», «талма сырқаты бар» секілді терминдермен алмастыруды ұсындық. БҰҰ-ның ЮНИСЕФ Қорының қолдауымен отандық заңнамада бар қазақ және орыс тілдерінде қолданылатын атауларды іріктеп, дұрыс әрі нақты баламаларын бердік, олар еліміздің мүгедектігі бар тұлғалардың өмір сапасын жақсарту бойынша Мемлекеттік Бағдарламаның тармақшаларының бірі ретінде Үкімет тарапынан бекітілді. Арнайы мекемелердің атауынан да кемсіту терминдерін көріп қаламыз. Қандай ата-ана «менің балам кемтар балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды» деп мақтана алады?! Ұлымның арқасында көп нәрсені үйрендім. «Инклюзия» әлеміне енуіме себепші болған да – Азамат, – дейді Алмагүл апай.

 

Қазір Алмагүл апайлар түрлі тақырыптарда семинар-тренингтер ұйымдастырып, ел өңірлеріне шығуда. Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін мектепте жұмысты қалай ұйымдастыру керек? Ерекше баланы білім беру үдерісіне кіріктіру үшін мұғалім ең алдымен неге көңіл бөлуі керек? Оқушылар мен ата-аналар арасындағы ахуалды қалай реттеуге болады? Міне, осы сауалдарға жауап беріп, сұқбат құрады. Семинарлар мен тренингтер өткізеді. Балалар шығармашылығын дамыту мақсатында «Азамат әлеуеті» Қорының негізінде арнайы шеберханалар құрып, тігін ісі, қолөнері, ағаштан түрлі бұйымдар жасау, аспазшылық т.б. салаларда жастардың әлеуетін көтеріп, көрмелер ұйымдастырып, өткізеді. Кейде олардың қолынан шыққан бұйымдарға өзге түгілі, өздерінің ата-анасы да қайран қалып жатады.

Батыс елдері ақыл-есі бұзылған балаларды еңбек терапиясымен емдеп, қоғамға бейімдейді. Оларға қонақүйлер мен тамақтану орталықтарынан жұмыс тауып беріп, қоғамның толық мүшесі ретінде сезінуіне жағдай туғызады. Біздің елде ерекше балалар көлеңкеде қалып жатқан сияқты. Бұл туралы Алмагүл апайдың айтары аз болмай шықты:

– Жүйке жүйесі зақымдалған және ақыл-есінде бұзылыстары бар жандарды мамандар үш топқа бөліп қарастырады. А тобына ақыл-есінде жеңіл түрде бұзылысы бар адамдар жатады, олардың бойында нақты икем мен дағдыларды дамытса, белгілі бір жұмыстар түрлерін істей алады. В тобындағы адамдарды бала кезінен бір іске баулыса, оны меңгере алады. Ал С тобындағы жандарда ғана мүмкіндік аз, оларды үнемі көмек көрсетіп, жанында қолдау болу керек. Бірінші топтағы балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту мүмкін. Олар осы арқылы өмір мен қоғамға бейімделеді. Оларды бала кезден қоғамнан шеттетіп тастауға болмайды. Арнайы мектепті аяқтағаннан кейін кәсіби деңгейде білім алуы үшін колледждерге құжат тапсырады, бірақ көбі оқуын аяқтамай қалады. Аяқтағанның өзінде жұмысқа орналаса алмайды. Мұндай жандар жұмыс мамандықтарын меңгеріп, қоғам мен өзіне пайда келтіре алады деп сенімді түрде айта аламын.
Алмагүл апайдың маман ретінде де, ата-ана ретінде де шырылдауы тектен-тек емес:

– Әкесі екеуміз оқығанымыз бен сауатты болғанымыздың арқасында баламызды қатарынан қалдырмадық. Қазір Азамат Жеке Қайырымдылық Қорымыздың негізінде жасаған еңбегіне қарай жалақы да алады. Барлығы ұлымның диагнозы туралы сұрайды. Денсаулығындағы ақауларына қарамастан қалыпты жағдайдағы адамдар қатарында, бөліп-жарудың қажеті жоқ. Аяушылық танытып, мүсіркегенді де ұната бермейміз. Азамат секілді балалар кез келген өңірде, ауыл мен қалада жетіп жатыр. Бойындағы өзгерісінен кейін жақындары не сырт адамдар «бұл енді адам болмайды» деп тағдырын шешіп тастайды. Азаматымды жаныма ертіп алып, сондай балалардың талайымен кездестік, бүгіні мен болашағы туралы әңгімелестік. Шетелдегі балалар және жастармен де кездесулер ұйымдастырдық, сондай шаралардан кейін біздің елдің балаларының толыққанды өмір сүріп, құқықтарының жүзеге асуы Сіз бен біздің іс-әрекетіміз және толеранттылық танытуымызға қарай болатынын айта аламын. Азаматтарымыздың әлеуеті жоғары, мүмкіндіктері молынан болып, қоғамға кірігуіне өз үлесімізді қоса берейік! – деп әңгімесін аяқтады Алмагүл апай.

Қазыбек АРТиШОК театрының әртісі

Алмагүл Дəулетқазықызымен АРДИ-де кездесетінтболып келіскенбіз. Ерте барып алыппын. Ауладағы əткеншекте отырғам. «Сəлем! Менің атым – Қазыбек. Сенің атың кім?» – деген дауыстан селк еттім. Атымды айтып, өзімді таныстырдым. Екеуміз бір-бірімізді бұрыннан білетін адамдардай тез тіл табыстық. Қазыбекті іздеп жүрген анасы Жанат ханым да əңгімеге араласып кетті. Азамат пен анасын күтіп отырғанымды айттым. «Азамат пен Қазыбек жақын дос. Бала күнінен бері осы орталықта қатар өсті. Қазір кетуіміз керек еді. Ертең сағат 12-де кинотеатрға барып, «Суперотбасы-2» мультфильмін көреміз.

Қаласаңыз бірге жүріңіз, содан кейін əңгімелесерміз», – деді. Ертесі күні келіскен жерге барғанымда, кинотеатрдың алдынан Қазыбектің өзі күтіп алды. «Келмей қала ма деп қорықтым. Келгеніңе рақмет! Қатты қуанғаннан жылағым келді», – деп балаша мəз болды. Сəл кешіккенімнің себебін түсіндіріп ақталып жатырмын. Анасы да: «Сізді киноға шақырғалы қатты уайымдады. Түнімен ұйықтай алмай шықты. Барын киіп, дайындалды. Қазыбектің жасы – 24-те. Қатарластары отбасын құрып жатқандықтан, бұл да қыздармен жақсы араласқысы келеді. Телефоныңызға тыным бермей, мазаңызды алып жатса, түсіністікпен қараңыз», – дегенді айтып қалды. Кинодан кейін əңгімемізді Жанат ханыммен
жалғастырдық.

–АРДИ-ға келіп жүргенімізге он екі жыл болды. Бес балам бар, он немеренің әжесімін. Қазыбек қана «күн сәулелі» болып туылды. «Экологиядан болуы мүмкін» деген болжам бар. Екі жақта да бұл дертпен ешкім ауырмаған. Қазыбекті отыз жасымда дүниеге әкелдім. Ол тоғыз жасқа толғанда ағайын-туыс, бауырларды тастап, Алматыға қоныс аудардық. Ұлымның болашағын ойладым. Мектепке қабылдамағасын, қимылдауға тура келді. «Сау балалармен оқуға жарамайды. Мектептің бағдарламасын игере алмайды» деп кесіп айтқандар да болды. Олардың сөзіне құлақ аспағанымызға әлі күнге дейін қуанамыз. Баламның бойында патриоттық сезім басым. Қазақша әндерді көп тыңдайды. Сүйікті әншісі Қайрат Нұртаспен кездескенін әлі күнге ұмытпайды. АРДИ-ға келгелі өміріміз күрт өзгерді. Қазыбектің екінші әлемі пайда болды. Жаңа достар тапты. Санкт-Петербордан келген театр режиссері Қазыбек секілді жаратылысы «өзгеше» балалардың жаңа қырын ашу мақсатында спектакліне актер ретінде шақырды. Алты айдан бері актер мамандығын игеріп жатырмыз. Күзге қарай АРТиШОК инклюзивтік балалар театрында сахналанады, – дейді Жанат ханым.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №27
3 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз