Көптен күткен жаз да басталды. Балалар да, олардың ата-анасы да асыға күтетін мезгіл. Жаз – қыдырумен тынығу, сапар мен саяхат мезгілі. Демалысын алдын ала жоспарлайтындар шет мемлекеттерге сапар шексе, енді біразы отандық туризмді дамыту мақсатымен еліміздің көрікті жерлерін аралайды. Осындай сапарлар кезінде әуе тасымалын пайдаланатындар да аз емес. Оның үстіне, балаларға арналған түрлі жеңілдіктер, алдын ала алынатын билеттердің арзан болуы да ұшақпен саяхаттайтындарға қолайлы жағдай туғызып отыр. Ересек адамдар ұшаққа міну ережесін жақсы білгенімен, балалардың көпшілігі одан бейхабар болуы мүмкін. Ал ұшақта қандай қауіпсіздік ережесін сақтау керек? Нені ескеру қажет? Балаларға қандай жеңілдіктер бар? Іш пыспас үшін не істеуге болады? Қандай тағамдар ұсынылады? «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясының өкілдері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында осы және өзге де сауалдарға жауап берді. Отбасылық демалыс орталығына тек ата-аналар ғана емес, балалар да шақырылды. Оларды бұл күні ерекше сый күтіп тұрды.

ЖЕУГЕ БОЛАТЫН ҰШАҚ

Ең алдымен, балалар дөңгелене отыра қалып, өз қолдарымен ұшақ жасады. Бұл ұшақтың ерекшелігі – оны жеуге болады. Иə, иə, ол «тəтті» ұшақ. Өйткені, ермексаздан немесе басқа материалдан емес, мастикадан жасалды. Балалар, туған күндеріңде торттың бетінде неше түрлі əдемі кейіпкерлер

болады ғой, міне, ұшақ та сондай тəтті мастикадан жасалды. Сосын əр бала өзінің «ұшағын», яғни билетін көрсетіп, «ұшаққа мінді». Сөйтіп, аспан əлеміне «Сиқырлы саяхат» жасады. Бүлдіршіндер өздерін шынайы ұшақта кетіп бара жатқандай сезіну үшін арнайы инсталляция жасалыпты. Үлкен ұшақтардағыдай орындықтар екі қатар болып қойылды да, əр бала өз орнына жайғасты. Дəл ұшақтағыдай қауіпсіздік белбеуін тағып алды. Содан кейін қауіпсіздік ережелерімен танысты. Ал бұл ұшақтың капитаны кім екенін білесіңдер ме? Əйгілі цирк əртістері, əкелі-балалы Кəрім жəне Мұрат Мұтырғановтар!

Цирк əртістері балаларға ұшақтағы қауіпсіздік ережелерін айтумен ғана шектелген жоқ. Қызықты ойындар ойнатты. Сондай-ақ, шеберлік сабағын өткізді. Балалар цирк өнерінің кейбір құпияларын біліп алды. Ал Кəрім Мұтырғановтың фокустары балаларды ғана емес, ересектердің өзін де таңғалдырды. Қарапайым қағаз майлықтың ортасынан қалай «гүл өсіп» шығатынын көрдік. Жіптің қалай «үзіліп», қалай «жалғанатынын» үйренуге тырыстық. Сондай-ақ, шеңберлермен, доптармен түрлі фокустар көрсетілді. Балалар мəз-мейрам болды. Ал одан кейін бүлдіршіндерді дəл ұшақтағыдай дəмді тамақ пен сусындар күтіп тұрды.

БАЛАНЫҢ ІШІ ПЫСПАСЫН ДЕСЕҢІЗ…

Балалармен жолға шығу қашанда қиын. Мейлі ол ұшақ болсын, мейлі пойыз болсын, тіпті, қаланың ішіндегі қоғамдық көлік болса да. Өйткені, баланың аты – бала, ойнағысы келеді, жүгіргісі келеді, шөлдейді, қарны ашады, əжетханаға барғысы келеді… Алыс рейстерге ұшатын ұшақтарда тіпті қиын. Иллюминатордан ақша бұлттардан басқа ештеңе көрінбейді. Ал баланың іші пысады. Мұндайда не істеу керек?..

Танымал блогер Əсел Сапақованың төрт баласы бар. Жылына кемінде екі рет төрт баламен саяхатқа шығады. Мұндайда Əсел дайындықты алдын ала бастайтынын айтады. «Дайындық үйде басталады. Балалармен жүргеннен кейін əуежайға ертерек келген дұрыс. Əртүрлі ойындар ойнаймыз. Бір орында отыра бергеннен баланың шыдамы таусылады. Сондайда əрі-бері жүру үшін, «қонаққа бару» үшін орындарды бір жерден емес, ұшақтың əр жерінен алуға тырысамыз. Балалармен жүргенде орынды мейлінше адам көп жиналмайтын тұстан алған жөн», – дейді тəжірибесімен бөліскен Əсел.

«Эйр Астана» əуе компаниясы ұзақтығы 3 сағаттан асатын рейстерде балаларға арнайы сөмке үлестіреді. Сөмкенің ішіндегі заттар баланың жасына қарай əртүрлі. Мəселен, 5 жастан асқан балаларға берілетін сөмкенің ішінде «Əлемді бірге шарлаймыз» деп аталатын ойын бар. Карта түріндегі бұл ойында 10 елдің жалауы, сол 10 елдің аты жəне 10 астананың атауы жазылған. Бұл бір жағы балалардың танымын арттыратын болса, екінші жағынан уақытты өткізу жағынан да пайдалы. Шағын əрі пайдалануға қолайлы бояйтын, қиыстырып жасайтын ойындар да бар. Балаларға естелікке қалатын кішігірім ойыншықтар да қарастырылған. Сонымен бірге, ұшақта міндетті түрде балаларға арналған қорапша болады. Егер ұшақта мазасы кете бастаса, бортсеріктер арқылы осы қобдишадан журналдар, кітаптар немесе басқа да қызықты ойындар алуға болады. Ұшақта балаларға берілетін құлаққаптарға дейін «көңілді». Бұл да балалардың уақытты қызықты өткізуі үшін жасалған дүние.

Мультсериалдар мен фильмдердің де түр-түрі бар. Электронды ойындар ойнауға да болады.

«БАЛАҒА ДА БИЛЕТ КЕРЕК»

Əуе компаниясының қызметкерлері балалармен саяхаттайтын ата-аналарға ақыл-кеңестерін ұсынды. Соның ішінде ең біріншісі – балаға билет алу. Міндетті түрде! Тіпті, жаңа туылған бала болса да, оған билет алынуы керек. Көптеген ата-аналар 2 жасқа дейінгі балалар тегін ұшады дегенге кішкентай сəбилеріне билет алуды естен шығарады. Бұл дұрыс емес. Ұшаққа мінетін əр жолаушының, мейлі ол бес айлық бала болса да, билеті болуы керек. Ел ішіндегі рейстерде баланың туу туралы куəлігі жеткілікті болса, халықаралық рейстерде міндетті түрде төлқұжат қажет.

6 жастан 14 жасқа дейінгі балалар жалғыз да ұша алады. Бірақ, ол үшін тиісті құжаттары түгел болуы керек. Əлбетте, балаға көп зат керек. Дегенмен, жүктің мейлінше аз болғаны жақсы. Бөлек-салақ сөмкемен жүру қолайсыздық тудырады. Ал салонға ең қажетті деген дүниелерді ғана алу керек. Бала болғаннан кейін үстіне су төгіп алуы мүмкін, сия жағып алуы мүмкін дегендей, сондықтан, сулы жəне құрғақ майлықтарды көбірек алғанжақсы. Ұшақта да болады, дегенмен өзіңізде болғаны да қолайлы. Жеңіл тіскебасарлар, жолда балалар жейді-ау деген тағамдарды да салып алыңыз.

Өзіңіз де, балаңыз да шаршамасын десеңіз, сапарды қызықты ойынға айналдырыңыз. Баланың сүйікті ойыншықтарын алып алыңыз. Кішігірім тосынсый жасау да маңызды. Балалар үшін тамақ ішу де демалыс іспетті. Айтпақшы, алдын ала тағамға тапсырыс беруге болады. Онда балаңыз ұшақта «көңілді» бутерброд жейтін болады. Кішкентай сəбилер үшін езбелер, шырындар да қарастырылған. Ең бастысы, саяхаттың сəтті болу сапардан басталатынын естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, балалар ұшаққа тек саяхаттау мақсатымен ғана мінбейді. Кейде ауыр науқасқа шалдыққан балалар шет мемлекеттерде емделу үшін əуе тасымалын пайдаланады. «Эйр Астана» əуе компаниясы жүрегінде сырқаты бар, қатерлі дертке шалдыққан балаларға тегін билет беретінін ескерте кетейік. Сондай-ақ, Қазақстанда емі жоқ кей сырқаттар бойынша шет мемлекетте ем алатын балалар болса, тиісті құжаттарын өткізсе, əуе компаниясы тегін билет ұсынады. Бұл да болса, балаларға жасалған қамқорлық. Ал ең дұрысы – балалар ауырмасын жəне ұшаққа тек саяхаттау мақсатымен ғана мінсін деп тілейік!

Жұлдыз ƏБДІЛДА
«Ұлан» газеті, №23
6 маусым, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз