Балалар мейрамы күні тамаша кітап жарық көрді. Кітап болғанда да ойыншық-кітап. Ондайды кім көріпті? Біз көріп, қуанып қайттық. Себебі ол кітаптың балаларға берері көп екен. «Бақытты жанұя» деп аталатын кітаптың авторы – Жанар ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ. 

Ойыншық-кітап «Орхон» баспасынан жарық көріпті. Тұсаукесер рəсімі Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтті. Жиынға журналистер мен өнер адамдары да қатысты. Кітапта, яғни оның ішіндегі бір отбасында сегіз адам бар. Ата-əже, əке-ана, екі ұл мен екі қыз. Кітапты оқушы
бала олардың бəрін тапсырма бойынша жайғастырады. Қай киімнің қай адамға тиесілі
екенін, дастарқан басында қай адам қай орында отыру керек екенін үйренеді. Сонымен бірге кітапта даналардың нақыл сөздері, жаңылтпаштар мен жұмбақтар, əндер де бар. Бояу кітапшасы да бар. Ең бастысы, ерекше кітап бүлдіршіндердің телефонға тəуелділігін тоқтатуға көмектесетін көрінеді.


– Мамандығым суретші емес, бірақ сурет салуға қызығамын. Бала кезімде суретті сызып, өз қиялымдағы бақытты жанұяның суретін салатынмын. Он жылдан аса уақыт өткеннен кейін мұны інілерім мен сіңлілеріме жасап бергім келді. Одан кейін неге барлық балаларға жасап көрмеске деген ой туды. Кітаптың ерекшелігі – онда толыққанды отбасы
бақытты ғұмыр кешеді. Балалардың кітапқа ынтасын арттыру мақсатында ішінде неше түрлі тапсырмалар берілген. Бала дегенің кітапты бірден оқып кете қоймайды. Сол себепті ойын мен кітапты бірге жүргізгім келді. Яғни ойнау арқылы кітап оқуға шақырамын. Іші ұлттық нақышта бейнеленген. Əрбір отбасы бақытты болса деген ниетте жасадым.
Кітапты дайындау барысында ең бірінші бүлдіршіндермен тікелей жұмыс істедім. Сосын психолог, редактор, суретші сияқты біраз мамандармен кеңестім. Суретші барлық суретті
ойымдағыдай салып берді. Болашақта бұл кітап жалғасын табады. Себебі қазақ халқы туған-туысқа, салт-дəстүрге баймыз, оның бəрін бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес, –
дейді кітаптың авторы Жанар Қуандыққызы.
– Жаңа бағытта кітап шығарғаны бала түгіл мені қуантты. 4 жасар немерем бар, компьютердің алдынан шықпайды. Соларға мына кітап үлкен көмек. Ойнайды əрі кітап оқиды. Балаларға кітаптың əдемілігі, сұлулығы керек. Одан əрі көркемдей түсу керек, –
деді кітаптың тұсауын кескен химия ғылымдарының докторы, профессор Хабиболла
ата Оспанов.


– «Бақытты жанұя» арқылы үлкен кітаптар қалыптасады. Тіпті мұнымен үлкен компаниялар да айналыса бастауы мүмкін. Игі бастаманың соңы үлкен дүмпулер туғызатынына сенемін. Жанардың бұдан да үлкен идеялармен жұмыс істеуіне тілекшімін, –
деп пікір білдірді жас жазушы Қанат Əбілқайыр.
Кітап əзірге əлеуметтік желілер арқылы сатылып жатыр екен. Ерекше кітапқа қызығушылардың көп екенін байқадық.
– Мұндай кітаптар жоқ еді, сынығымыз бүтінделгендей қуаныш болып отыр. Енді ары қарай жалғасын табу керек. Жанарымыз бала тəрбиесіндегі кемшін тұсымызды байқап, дер кезінде қолға алған екен. Жұмыстан шаршап келгенде балалар миымызды ашытпас
үшін қолына смартфон бере қоямыз. Ал балалардың ол жақтан не қарап жатқанында
шаруамыз жоқ. Интернет желілерінде балаларды өзіне-өзі қол жұмсауға дейін апаратын сұмдық видеолар бар екен. Балаларымыз соларды көріп жүр. Баланы виртуалды əлемнен жұлып алуымыз керек. Балаларымызға көп уақыт бөлейік. Балаға махаббат телефон арқылы емес, тірі қарым-қатынас арқылы беріледі, –
деді журналист Сəуле Əбединова.

Жанардың əкесі – елге белгілі актер, «Бауыржан шоу» театрының əртісі Қуандық
Шəкіржанов. Қуандық аға қызының тырнақалды туындысына жаны қалмай қызмет етіп, жүгіріп жүр.
– «Көш жүре түзеледі» дегендей, қызымның əлі үйренері көп. Басты ерекшелігі – баланы қазақшаға үйрету, ұялы телефоннан ажырату. Бала кітаптағы кейіпкерлерді қозғалта алады. Атасы мен əжесіне көмектеседі. Шаршаса, төсекке жатқызады. Сол арқылы ата-əжесі барын сезініп өседі. Ата-əжесімен, ата-анасымен көркем сөйлесуге үйретеді,
– деді
Жанардың əкесі.

Балалар мейрамы күні тамаша тарту болған кеште кітапхана іші бір сəт балалардың ойын-күлкісіне, əншілердің əсем əніне бөленіп тұрды.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз