Балалар, биылғы жылан жылы сүйікті журналдарың үшін ерекше жыл болды. Осы жылдың тамыз айында «Балдырған» журналының шыға бастағанына аттай алпыс жыл толды. Ал қазан айының жиырма тоғызы күні журналдың алғашқы бас редакторы Мұзафар Əлімбаев аталарың да тірі болса, тоқсан бес жастың төріне шығар еді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеп келе жатқан «Балдырғанның» тарихын, жүріп өткен жолын Мұзафар аталарыңның өмірінен, шығармашылық жолынан бөліп қарауға болмайды. «Неге?» дейсіңдер ғой. Ендеше, абыз аталарың туралы аз-кем əңгімемізге құлақ қойыңдар.

Үлкен-кіші еркелетіп, құрметтеп Мұзағаң атап кеткен Мұзафар Əлімбаев аталарың Павлодар облысының табиғаты тамылжыған Маралды деген жерінде өмірге келген. Ол өзі жастайынан зерек, құймақұлақ болып өсіпті. Əкесі Аймағамбет мұғалім екен. Анасы Зейнеп те ауыл ақыны атаныпты. Той-томалақта өз жанынан өлең шығарып айтатын болған. Осындай ата-ананың тəлім, тəрбиесі арқасында Мұзағаң өлең-жырға ерте əуестеніпті. Бес жасынан хат танып, алты жасында мектеп табалдырығын аттапты. Көп-көп тақпақ жаттап, суретті де жақсы салыпты. Бірақ бұл балалық бал дəурен ұзаққа созылмаған. Сегіз жасқа келгенде аяқ астынан əкесі өмірден өткен. Бес жылдан соң анасынан айырылып, он үш жасында тұл жетім болып қалған.

Бір əңгімесінде Мұзағаң: «Мені ақын жасаған жетімдік» – деген болатын. Анасы қайтыс болған соң қайғыдан құса болып, бір күні қалам, дəптерін қолтықтап көл жағасына барады. Жападан-жалғыз отырып алып, жан анасына деген бар балалық сезімін дəптер бетіне өлең жолдарымен жаза береді, жаза береді. Кейін оқып қараса, тұп-тура 17 шумақ өлең жазыпты. Мұзафар аталарыңның бойындағы ақындық талпыныс осылайша басталған екен, балалар.

Ауылдағы əкесі салдырған жеті жылдық мектепті бітірген соң ол Павлодар қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Анасынан бойына ақындық қасиет дарыған Мұзағаң енді əке жолын қуып, мұғалім болуға бел буады. Бірақ бұл арманы да 1941 жылы басталған сұрапыл соғыстың салдарынан орындалмай қалды. Ол да қару ұстап майданға аттанды. Қан майданға бастан-аяқ қатысып, соғыстан кейін тағы үш жыл əскер қатарында болып, елге тек 1948 жылы ғана оралды. Енді оны бейбіт өмірде əдебиет майданы күтіп тұр еді. Мұзағаң алғашқы еңбек жолын орта буын балаларға арналған «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналынан бастады. Содан бастап Мұзағаңның ақындық жолы мен ұстаз
болғысы келген арманы бір арнада тоғысты. Содан бастап ол кісі бүкіл өмірін балаларға, балалар əдебиетіне, балалар баспасөзіне арнады. Ақындық қуатымен жазылған жырлары мен балалар баспасөзіне сіңірген еңбегі арқылы миллиондаған ұл-қызға ұстаздық етті. «Ақ желкен» журналында жеті жыл жұмыс істеген соң ол кісі екі жылдай «Қазақ əдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары болды. 1958 жылы елімізде бүлдіршіндерге арналған «Балдырған» атты журнал шығарылатын болды. Бұған дейін балаларға арналған өлең-тақпақтар жазып, таныла бастаған Мұзағаңды республика басшылығы енді осы журналдың бас редакторы етіп тағайындайды. Жаңа журналдың жаңа бас редакторы қасына Бердібек Соқпақбаев, Əнуарбек Дүйсенбиев,
Қадыр Мырзалиев, Оспанхан Əубəкіров сынды талантты ақын-жазушыларды алып, «Балдырғанның» алғашқы санын шығаруға
кірісіп кетеді. Сол жылдың тамыз айында түрлі-түсті суреттермен əсем безендірілген, мазмұны да көркіне сай айшықты журналдың алғашқы саны бүлдіршіндердің қолына тиеді. Содан бастап Мұзағаң тəй-тəй
басқан «Балдырғанның» аяғынан тік тұрып, балалардың қолынан түспейтін сүйікті журналына айналуы үшін аянбастан еңбек етті. Анау-мынау емес, табаны күректей 28 жыл бойы «Балдырғанның» тізгінін ұстады. Осы жылдар ішінде ол тек «Балдырған» ғана емес, жалпы қазақ балалар əдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Балаларға арнап қалам тербейтін біршама шəкірттер дайындады. Өзі де балаларға арнап əртүрлі жанрда көптеген тамаша туындылар жазды. Сонымен қатар
ол халқымыздың асыл сөздерін, нақылдарын, мақал-мəтелдерін жинады, оны зерттеді. Бірнеше том кітап етіп шығарды. Басқа халықтардың да көптеген мақал-мəтелдерін қазақша сөйлетті. Еңбекқорлық пен балаларға деген үлкен сүйіспеншілікті, адалдық пен адамгершілікті, нағыз азаматтықты өзіне серік еткен Мұзағаң 1986 жылы зейнеткерлікке шықты. Өзінің баласындай болып кеткен «Балдырғанын» ізбасар інісі, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің сенімді қолына тапсырып кетті. Содан бері тағы бір 32 жыл өтсе де Мұзағаң əлі өз биігінде тұр. Осы жылдар ішінде ол бір күн де қарап отырған жоқ. Үнемі жазумен болды. Жазғандары «Ұлан» газеті мен «Балдырғанда» үнемі жарияланып, өз оқырмандарын қуантып жатты. Ол кісі балалар басылымдарын үнемі қадағалап отырады. Ондағы жетістіктер мен кемшіліктер жайында да ағалық сөзін айтып отырудан еш жалыққан емес…

Дүйсен МАҒҰЛҰМОВ,
«Балдырғанның» бас редакторы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз