Қазіргі балалардың талғамы тым биік. Өзіміз қызыға оқыған ертегілерге де сауалы көп… «Ол адам өмірде бар ма?», «Мыстанның үйі қандай, түрі кімге ұқсайды?» деп сұрайды.
Кейде ертегіні шынайы өмірден құрастыру керек-ау… Біз көпке үлгі болатын кейіпкерді таптық. Ол – сегіз жетім баланы (оның ішінде ауыр дертпен күресіп жүргендері бар) бауырына басқан Жанар Байжолдинова. Біреудің баласына қамқор болып, мейірім төгу – кез келген адамның қолынан келмейді. Ол үшін үлкен жүрек керек. Жанар апайдың мамандығы – заңгер. Қарапайым қызметкерден мекеме басшысы деңгейіне дейін көтерілген. Жұмыс орны балалар үйіне қарсы тұрыпты. Балаларды көрген сайын
«Шіркін, бауырыма бассам» деп армандапты. Тұрмысқа шығып, тұңғышы Аружан өмірге келеді. Ұлы Даниалды босанғанда жолдасы бөлек кете барыпты. Себеп – Даниалдың жағдайы…

– Дəрігерлер балама эпилепсия деген диагноз қойды. Қиын күндер басталып, күні бойы ауруханада жүретінбіз. Сол күндері «Алланың разылығын алу үшін не істесем болады?» деп ойладым. Балалар үйіне барып, ұлтына, жасына, денсаулығына қарамай, Дəрияны өз атыма жаздырып алдым. Оның жағдайы өте қиын еді. Біздің елде балалар үйіндегі тəрбие дұрыс жолға қойылмаған. Дамуы тежелген балаларды жеке мейірбике қарауы тиіс. Тамағы, жөргегі болуы керек. Ал бізде олай емес. Дəрия қатты жылағаннан кіндік жарығы үлкен болып кетіпті. Ұзақ емдедік. Бүгін ұлым ауырса, ертеңіне қызым… Өзіме ауыр жүк алғанымды сездім. Алақанымды жайып, «қандай сынақ берсең де шыдаймын, бұл қыз енді менікі» дедім. Мейірімім оянып, Дəрияға бауыр бастым. Ұлымды дəрігерге апарғанымда соңғы рет қашан ауырғанын сұрады. Қызығы сол, ауырған күнді есіме түсіре алмадым. Дəрігерлер баламның эпилепсиядан жазылғанын айтқанда өз-өзіме сене алмадым. Бірінші орында балаға деген махаббат емес, жауапкершілік болу керек. Бала бағу оңай нəрсе емес. Уақыт түк білінбей өтіп кетеді. Бала алдында өз қорқынышыңды жеңсең болғаны.

Осы оқиғадан кейін тұңғышы Аружан анасына тағы да бала асырап алуға қолқа салыпты.
«Алланың бергені» деп балалар үйі ұсынған баланы жетектепті. Таня Аружанмен қатар. Анасы ауыр қылмыс жасап, аналық құқығынан айырылған екен. Жанар апай Таняны өзіне тарту үшін көп ізденгенін айтады. Психологтармен кеңесіп, бірге дүкен аралап, үй жұмысын атқарыпты. Аружан екеуі тез тіл табысып, Жанар апайға «үйде ішіміз пысты, балалар үйінен төрт бала асырап алайық» деп өтініпті.

– Таняның əкесі қазақ екен. Оны өзі де, біз де кейін білдік. Анасы жұмыс істейді. Қызын арасында іздеп тұрады. Таня бізге 13 жасында келді. Оған жүрегіңді бер десең де дайын тұрады. Əкесінің тегін білгім келген. Оған анасы айтпай қойды. Мені туған анасынан кем жақсы көрмейді. Балалар үйінде Аделина деген құрбысы болыпты. Кейін оны да үйге алдық. Бала болса да ауыр жағдайды бастан өткеріпті. Анасы ішкілікке салынып кеткен. Есіне түскенде қызын іздеп, хабарласады. Аделина өте пысық, алғыр қыз. Қандай болса да анасын жақсы көреді. Қыздарды тəртіпке, еңбекке үйреттім. Қызым Аружан 11 жасынан еден жуды. Таня мен Аделина 15 жастан бастап шаштаразда жұмыс істеді. Еңбекке үйренген адамға өмір сүру оңай болады. Кəмелеттік жасқа толғасын өз жолдарымен кетеді. «Маған сендердің ақшаларың керек емес. Өмір сендердікі» дегенді жиі айтамын. Балалар үйінде «сендер ауылда шаштараз, балабақшада аспаз боласыңдар» дейтін көрінеді. Қыздарға көңілдерін түсіретін сөз айтқан емеспін. Керісінше: «Сендер «Хан шатырда» сұлулық салонын ашып, мықты маман боласыңдар. Мейрамхана ашып, халықтың батасын аласыңдар», – деп үйреттім.

Қазір қыздар Қытайда шет тілін оқып жүр. Қосымша жұмыс істеп, ақша табуды да ұмытпапты. Жанар апайға ақшасын қайда жұмсағандарын айтып, есеп береді екен. Жетім балаларға арналған оқу орны бар. Бірақ апай қыздарды ол жаққа оқуға жібермепті. Ақылы
болса да, өзі оқытыпты. Өйткені балалар үйіндегі балалармен қосылып, тəртібі, оқуы нашарлап кетеді деп қорқыпты. Соңғы екі курстың оқу ақысын төлеуге Мəдениет министрлігі көмектесіпті.

– Қыздардың өтінішімен бір отбасынан Мəриям, Миша мен Света, екінші отбасынан Захар мен Светаны алдық. Света жаны нəзік, өте сезімтал қыз. Одан адамдар не күтеді, ол соны істейді. Адамдарға ұнағысы келіп тұрады. Балаларға ислам дініне сай есім беру үшін мешітке бардық. Сонда Света имамға: «Томирис деп айтыңыз», – дегенін естіп, жылап қалдым. Сөз арасында тұңғышым Аружанның есімін Томирис деп қойғым келгенін, бірақ үлкендердің айтуымен Аружан қойғанымызды айтыппын. Света сол сөзді есіне сақтап қалыпты. Актерлік шеберліктен сабақ алған. Ақыл-есінде тежелу болғандықтан, оқумен қатар алып жүру қиын болды. 6-сыныпты бітіреді. Үйде бала көп болғасын ойнап, үйреніп кетті. Кіші Света Қарақаттай əнші боламын дейді. Аружан Астанадағы «Шабыт» колледжінде 1-курста оқиды. Шетелде оқуға ерте.

Жанар апай Дəрияны ғана өз атына жаздырыпты. Алғаш рет бала асырап алғандықтан заң талабын білмегенін айтады. Дəрия туған қызы боп есептелетіндіктен, мемлекеттен тегін үй берілмейді. Қалған балаларды патронатты қамқоршы ретінде асырауға алыпты. Балаларды асырап алғанда жеке бизнесі болыпты. Бар ақшасын жинап, үлкен үй алыпты. Өйткені көпбалалы отбасына пəтер жалдау қиын. Астана – қымбат қала. Балаларға ай сайын мемлекеттен бөлінетін қаражатты өздеріне жұмсайды. Былтыр жазда балаларды алып, Түркияда демалып келіпті. Жиһаздарын ауыстырыпты. Балаларды əдемі əрі еркін киінуге үйреткенін жасырмады.

Жетім бала асырап алғысы келетін ата-аналарға арналған клуб аштым. Алғашқы кездесулер үйде болды. Əр адамға 3-4 сағат түсіндіретінмін. Құқық жағынан заңгер ретінде тегін кеңес те бердім. Бірнеше ата-ана балалар үйінен бала асырап алды. Кейбір кісілердің асырап алған баласына беретін киімі, бөлмесіне қоятын жиһазы жоқ. Оларға киім жинап бердім. Сонда балаларым: «Мама, менде бес шалбар бар. Оның бəрін кимеймін ғой. Екеуін əлгі балаға берейінші», – деп біреумен бөлісуді, артық затын беруді үйренді.

Дəрия анасының құрсағында жатқанда дəрігерлер аурушаң болатынын айтыпты. Анасы
түсік жасатқанда тірі қалмайды деп ойлаған. Бірақ баласы аман қалса да, анасы одан бас тартады.

– Ол өте ақылды, көп ойланатын қыз. Екі жасында «Анам менің жақсы көретін қасиетім болмағасын тастап кетті ме? Демек мен жаманмын ғой. Онда сіз неге мені жақсы көресіз?» – дейтін. Бірде таңертең ұйқыдан тұрып, жаныма келіп: «Анам інімді емес, неге мені тастап кетті? Не үшін мені жақсы көрмейді?» – деп сұрады. Бала кезінде «Анаң сені мен үшін туған» деп жұбататынмын. Есі кірген сайын бұл жауапқа алданбасы анық. Жақында алты жасқа толады. Мəриямның оң көзі көрмейді. Сіңлісі Светаның дамуы тежелген. Томиристің бір құлағы естімейді. Захардың көзі өте нашар көреді. Балаларыма мүгедек деген құжат алған жоқпын. Өзімнің туған балама да. Олардың мүгедектер есебінде тұрғанын қаламаймын. Балаларым əлі-ақ жазылып кетеді. Алланың разылығын алсам, Даниалға шипасы тисе деймін… Балаларды бауырыма басқанда ештеңеден қорыққан емеспін. Бір Аллаға, балалармен далада қалмайтыныма сендім… Балаларым өмірден өз жолдарын тауып, бақытты болса деймін. Олардың бақыты үшін күресе беремін…

Жанар апайға жақсылық тілеп, жылы қоштастық. Он баласымен тұрмысқа шығыпты. Енді сəби күтіп жүр… Балаларының бақытын ойлаған ананың əрдайым жолы ашық болатыны анық…

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА 

«Ұлан» газеті, №21
22 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз