Балалар үйі туралы естіп-білгенім болмаса, онда жұмыс істеймін деген ой миыма кіріп шықпаған. Былтыр мектепке мұғалім болып орналасып, бес сыныпқа сабақ бердім. Мектебімізде оқитын оқушылардың жартысынан көбі №2 балалар үйінің тəрбиеленушілері екенін кейін білдім. Алғашында балалардың тəртібі, өзге сыныптастарымен қарым-қатынасы біртүрлі болып көрінетін. Өйткені олар тым «еркін» еді. Балаларды «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстау тек тəрбиешінің ғана қолынан келетін. Жасыратын несі бар, мұғалімдермен де жиі келіспей қалатын. Тəртіпке бағынбай кететін кездері жиі болатын. Бір күні сабағымда 6-сынып оқушысы бейəдеп сөз айтып, ашуланып қалдым. Тəрбиешісімен сөйлесейін деп балалар үйіне бардым.

Балалар үйі кіріп келгенде студенттік жатақханаға ұқсайды екен. Ұзын дəлізде улап-шулаған балалар асханаға қарай кетіп бара жатты. Оқушымның тəрбиешісімен сөйлесіп, уəдесін алып қайттым. Сол оқиғадан кейін балалар үйінің тəрбиеленушілерімен жиі араластым. Мектебіміз тиіп тұрғандықтан, жиі барғыштап жүрдім. Уақыт өте келе, балалармен қарым-қатынасым түзеле бастады. Мектептен кеткеннен кейін де əлеуметтік желіде сөйлесіп тұрдық.  Жақын арада балалар үйі жабылғанын естідім. Бір қуанып, бір мұңайдым. Қуанғаным белгілі, мұңаюым да себепсіз емес. «Енді балалар қайда барады?» деген уайым болды. Сөйтсем, Көктөбенің етегіндегі SOS Алматы балалар қалашығына 16 бала орналасыпты. Арасында менің оқушыларым да бар екен. Ал кеше сол қалашықты көзбен көріп, қонақ болдық. Ауызекі тілде «балалар үйі» дегені болмаса, үлкен отбасылық əулеттің аурасы бар. Оны аулаға кірген кезде-ақ байқадық. Шағын үйлерде бес-алты баладан тəрбиеленіп жатыр. Бір үйде тұрмыс құрмаған тəрбиеші болса, енді бірінде ерлі-зайыптылар алты-жеті баланы тəрбиелеп отыр. Бізді Нəзира есімді тəрбиеші күтіп алды. Балалардың біразы аулада қар тазалап, енді бірі сабақтан қайтып жатыр екен. Балаларға арналған ойын-сауық орталықтары мен спорт алаңдарымен таныстық. Мұнда тоғыз көпбалалы отбасы бар. Алматының қақ ортасындағы үш бөлмелі үйін тастап, осы қалашыққа балалардың өтінішімен келіп отырған Жанар Ахметова – солардың бірі. Алдымен Жанар апайды тыңдадық.

– Мұнда жұмысқа кіріскеніме жарты жылдан асты. Балалар қалашығын жиырма жылдан бері білемін. Ең алғаш тəрбиеші болып жұмысқа орналастым. Кейін тұрмыс құрып, декреттік демалыста болдым. Мектепте жұмыс істедім. Бəрібір өзіме ұнайтын кəсіпті таппадым. Қалашықтың көп жылдан бері істеген бас дəрігері ерлі-зайыптыларға арналған бос орын бар екенін айтып, мені шақырды. Жолдасым əскери қызмет істеп, зейнетке шықты. Ол кісіні көндіру оңай болмады. Үш бөлмелі үйімізді жауып, осы қалашыққа келдік. Балалар бірден жылы қабылдады. Бұл жердің басқа мекемелерден айырмашылығы – балалар  бір отбасында тəрбиеленеді. Өзімнің бір ұл, бір қызым бар. Димаш пен Медина. Тəрбиелеп жатқан балаларым бесеу. Ұлтына, нəсіліне қарап бөліп-жармаймыз. Қыздың үлкені – Света, ұлдың үлкені – Ерболат, 9-сыныптың оқушылары. Өзімнің балаларымды қалай жақсы көрсем, оларды да солай жақсы көремін, – дейді көпбалалы ана.

Бұл қалашықтағы балалар үшін ананың алақаны мен əкенің мейіріміне жетер бақыт жоқ. Міне, бір ананың бауырында қанша бала қаперсіз тірлік кешіп жатыр. Өздері шетінен дарынды. Біз əңгімелесіп отырғанда үйдің кенжесі Айбек пианиномен таныс əуендерді ойнай бастады. Үш жасында қалашық тұрғынына айналған бүлдіршін біріншіге биыл барыпты. 

– Менің баламды əлі талай сахнадан көретін боласыңдар! Өте қағылез болып өсіп келеді. Қызым Мединаны музыкалық орталыққа бергенбіз. Үйге келіп жаттығады, үйренген ноталарын қайталайды. Соны Айбек бірден қағып алады. Барлығын өз бетінше жасайды. Идеясы мен энергиясы тасып тұр. Қолым қалт етсе, балаларға көйлек тігемін, қыздарыма үйретемін. Айбек менімен жағаласып отырып, киім тігіп, құрақ құрайды, – деп кенжесін қанаттандырып қойды.

Барлық баланың спортпен шұғылданатыны көрініп тұр. Мектептен қайтқан бойда тамақтарын ішіп алып, қосымша үйірмелеріне асығады екен. Біз əңгімелесіп отырғанда Жанар ханымның ұлы Димаш бокстан үшінші орын алып келіп, анасы мен бауырларын қуантты. 

– Айбек көркем гимнастикаға қатысады. Мектепте шахмат үйірмесі ашылды. Балалардың көбі соны меңгергісі келеді. Барлық үйірмеге қатысу оңай емес. Салмақ салғымыз келмейді. Еркін өскендерін қалаймыз. Ерболат пен Света мектептегі сынаққа дайындалып жатыр. Балаларымның оқу үлгерімі жақсы. Жетеуінің де жиналыстарынан қалған емеспін. Жиналысқа кетуге дайындалып жатсам, «Анашым, барлығына дайын болып барыңыз» деп əзілдейді, – дейді апай.

Мен де көпбалалы үйде өскенмін. Əкемнің бауырларының балаларымен бірге өстік. «Кеше мен істегем, бүгін сен істе!» деп санасатыным есіме түсіп кетті. Мына балалардың арасында да ондай болуы мүмкін-ау деп қоямын. Ыңғайсыз болса да, Жанар апайдан сұрадық.

– Ондай түсініспеушілік барлық үйде бар. Біздің қарапайым отбасынан ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Ойыншыққа таласу, оқу-құралдарын бөлісе алмай қалу бізде де болады. Ондайда «сен үлкенсің, ол кішкентай, бере қой» деп көндіремін. Табиғатымда балаға дауыс көтеру жоқ. Өз балаларымды да ұрып-соққан емеспін. Бұлар менің тəрбиеме өтпей тұрып, басқа тəрбиешінің қолында болды. Ол кісзейнет демалысына шықты. Балалардың туған күнінде келіп, сыйлықтарын беріп кетеді. Қырық жыл бала тəрбиесімен айналысса да, дауыс көтермеген. Сол кісінің əдіс-тəсілімен тəрбиелеп жатырмыз, – деді апай.

Балаларға ананың аялы алақаны қандай керек болса, əкенің қатал тəртібі де солай керек. «Балалардың əкесі» туралы əңгімені Жанар ханым өзі бастады.

– Əкенің тəрбиесі барлық отбасында болуы керек. Жолдасымды осы орталыққа көндіру оңай болмады. Балаларым да қарсы болмағасын, ақыры алып келдік. Көп ешкімге соқтықпайтын, момын адам. Оның үстіне көп жыл əскери салада қызмет етті. Жұмыстан қайтқанда үйірмеге кеткен барлық баланы алып қайтады. Ұлдарым менен гөрі əкелеріне жақындау. Бірге қыдырады, сырласады. Ол жұмыстан келгенде мазасын алмауға тырысып, «көмек керек болса, ақырын айтыңдар» деп үнемі ескертемін. «Балаларға назар салып, маңдайынан сүйіп қой, арасында еркелетіп ал», – деп жолдасымның да есіне салып жүремін. Үйге келгенде алдынан балалар жүгіріп шығып, мойнына асылып, сырт киімін алады. Ұлдардың тəрбиесін əкесінің мойнына іліп қойдым.

 

Қыздардың тəрбиесіне өзім жауаптымын. Аяжан мен Медина 7-сынып, Əйгерім 6-сынып, Света 9-сыныпта оқиды. Балалардың барлығы №30 мектепте білім алады. Қатарының алды. Сынып жетекшісі қыздарым туралы жаман пікір айтқан емес. Мінездері əртүрлі. Əйгерім өте тұйық қыз. Осы қызымның қабілетін ашқым келеді. Адаммен көп араласа бермейді. Ұлдарыма қыздарды сыйлауды үйретіп жатырмын. «Ол сенің туған қарындасың, əпкеңді сыйла» дегенді айтып отырамын. Қыздарға аяқ көтеруге, бейəдеп сөз айтуға болмайтынын қатаң ескерткенмін. Ескертуім естерінен шықпаса керек, өз балаларым мен олардың арасында  келіспеушілік болған емес, – дейді отбасының берекесін кіргізіп отырған ана.

Бұл балаларды көруге туысқандары жиі іздеп келетін көрінеді. Кейбір балалар туысқан-дарымен кездесуге асықса, енді бірінің құлқы болмайды екен. Жанар ханымның сөзі бір оқиғаны есіме түсірді. Былтыр Артур есімді оқушымның туған күнінде əкесінің қарындасы іздеп келді. Көріп, қуанып қалдым. «Артур, əпкең келді. Сыртта күтіп тұр, шыға ғой» дегенім сол еді, ол қатты ашуланды. «Керек емессің! Келме енді! Көргім келмейді сені» деп айғайлап, ызаланды. Əпкесі інісін сол бойы көрмей, сыйлығын сырттағы тəрбиешісіне қалдырып кетіпті. Кейін Артурдан сұрағанымда: «Көргім келмейді оларды. Маған осы жер ұнайды», – дегені есімде қалыпты.

«Тұңғышы» Ерболат есік алдын тазалап, əкесіне қар тасуға көмектеседі екен. Оның  айтуынша, «көктемде тал еккеннен, қыста қар тазалаған оңайырақ. Қыздары ас үй жұмыстарына икемді көрінеді. Аяжан мен Света таңғы 6-да анасымен бірге тұрып, бауырларына таңғы ас дайындайды екен. Əйгерім барлық баланы оятуды өз міндетіне алыпты. Балалардың ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанын көріп, қуанып қайттық. Бір күні арнайы барып, балалармен бірге қыдыратын болып келістік. Айтпақшы, SOS балалар қалашығы елімізде үш-ақ қалада бар. 1997 жылы Алматыда, 2000 жылы Астанада жəне 2005 жылы Теміртауда бой көтерген. Ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арнап қалашық салу шетелдің меценаты Герман Гмайнердің идеясы екен. Жиған-тергенін сатып, Австрияда алғаш балалар қалашығын салады. Бүгінде əлемде олардың саны 450-ден асып жығылады. Ал мұндағы қалашықта қырық бір бала тəрбиеленіп жатыр.

 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №7
13 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз