Алматы қаласындағы Ш.Уəлиханов атындағы №12 мамандандырылған мектептің тірлігі күндегісінен ерте басталды. Қазақтың мықты тұлғаларының табаны тиіп, білім алған қарашаңыраққа тағы бір тұлға кездесуге келе жатыр. Ол – Тоқтар Əубəкіров аталарың. Қазақтың тұңғыш ғарышкерін көруге біз де асығып, таңмен таласып жеттік. Осыдан бір жыл бұрын мектептің бақшасына отырғызылған шыршаға Тоқтар Əубəкіровтің есімі беріліпті. Айтқан уақыттан бір минут та кешікпей жеткен кейіпкеріміз бақшаға қарай бұрылды. Қолына күректі ала сап, талдың түбін қопсыта бастады. Шашбауын көтеріп жүрген ағалар сол сəтті кадрға ілмек болып, телефондарына үңіле бергенде, Тоқтар аға: «Мені суретке түсіргенше, қолдарыңа күрек алып, мына ағаштың жайқалып өсуіне еңбек етіңдер!» – деп əзіл-шыны аралас тыйып тастады. Ұялған тек тұрмас дегендей, əп-сəтте талдың түбі топыраққа үйіліп қалды. Тоқтар аға қолына шелек алып тұрып, адамға сөйлегендей: «Жолым түссе, тағы бір мəрте саған соғамын. Қурап қалмай, өсе бер!» – деді. Қалада тұрған адамдардың кірпияз келетіні бар ғой. Ал кейіпкеріміз күрек пен топырақ ұстаған қолын кəстөміне қаққылап кете берді. Ауылдың тазалығы аңқыған болмысына сүйсініп қалдық.

Ізінен аңыз ерген кейіпкермен жолығуды мектеп оқушылары ұзақ күтті. «Ғарыштағы кездесу» деген атауды да оқушылардың өздері қойғандай көрінді бізге. Акт залында ине шаншар орын болмады. Кездесу шымылдығы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылды. Екі мыңға жуық бала білім алатын мектептің басшысы: «Қазақтың тұңғыш ғарышкерін мектеп табалдырығын енді аттаған оқушы да таниды. «Əліппе» оқулығындағы «Ғ» əрпі мен дыбысын өткенде  «ғарышкер» деген сөз бен Тоқтар Əубəкіровтің суреті тұратын. Сол кезден бастап-ақ, оқушы қазақтың тұңғышғарышкерімен танысады. Еліміздегі білім реформаларына да бірнеше өзгеріс енгізіліп жатқанынан хабардарсыздар. Жаңа білім бағдарламасына байланысты біздің ғылымдар интеграцияланып жатыр. Қазіргі уақытта алдыңғы қатарға шығып отырғаны – жаратылыстану бағытындағы пəндер. Физика, биология, география, ғарыш, астрофизика. Біздің түлектердің арасында да ғарыш əлеміне қызығатын оқушылар бар. Тоқтар ағаны сол үшін де шақырдық. Өмір жолыңыз келер ұрпаққа үлгі», – деді Рахима апай.

Тоқтар аға: «Кездесудің басы да, соңы да мен жайлы болатыны белгілі. Бірақ көп мақтай бермеңдер! Ғарыш саласы – менің мамандығым. Жас күнімнен аспан əлемі қызықтыратын. Ғарышкер болуды тағдыр менің маңдайыма жазыпты. Сол үшін де бақыттымын! Балалардың сұрағына шынайы жауап берейін. Өтірік сөз болмасын», – деп көпшіліктің  алдында уəдесін берді. Осы сөзден кейін залда еркіндік орнады. Оқушылардың қарша бораған сұрағына кейіпкеріміз асықпай жауап берді. Бала Тоқтардан дана Тоқтарға дейінгі өмірі кейіпкеріміздің көз алдынан лента секілді жүріп өткендей көрінді. Ағамыздың аузынан шыққан əр сөзінің мұртын бұзбай, қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

БҰЛ – ҚАЗАҚ БАЛАСЫНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ НАМЫС

– Жетi айға толар-толмас шағымда əкем дүние салды. Қазіргі таңда əкемнен қалған шеберхана бар. Құрал-саймандары, тұрмыста пайдаланған бұйымдарының барлығын жерлес бауырларым жинақтапты. Табанды болуды, мақсатпен өмір сүруді анам үйретті. «Жолдасыңа жақсылық жаса, қайтарымы болады» деп жиі айтып отыратын. Өте тəртіпті бала болып өстім. Қатарластарымнан оқшау жүретінмін. Еңбекке де ерте араластым. Қиын заман біздің отбасын да айналып өтпеді. Үйде нан мен май, қара судан басқа ештеңе болмайтын. Бесіншіге барып жүргенде-ақ ауыр жұмыстарды істедім. Анам аздап сырқаттанып қалған еді. Вагондарға жүк таситынмын. Оқуды да ақсатып алмауды ойлайсың. Бала болып елпеңдеп жүгіріп кете беретінбіз. Сол қиыншылық бізді ерте есейтті. Оқу үлгеріміңнің төмендеп қалуынан артық ұят жоқ еді. Сонда да үлкен кісілердің қасынан қалмай, əртүрлі жұмыстарды істей бердім. Иə, мен де жігіт болдым. Қыздарға қырындап, би кештеріне де бардым. Бірақ, жұмыс пен оқуды естен шығарған жоқпын. Бəрі де жанбағыстың қамы. Жастығыма қарамай, үйдегі орындықтарға дейін өзім құрастыратынмын. Анамның алдында өзiмнiң ер жiгiт екенiмдi көрсеткiм келдi. Бұл – əр қазақ баласының бойындағы намыс. Бала күнімдегі көріністерден ерекше жадымда жатталып қалғандары да көп. Ауылымыздың іргесіне санитарлық ұшақтар жиі қонатын. Екі-үш бала күтіп отырып, ішіне кіруге асығатынбыз. Бірде қызықтап мініп те көрдік. Сол кезде-ақ ұшқыш болуға аңсарым ауа бастады. Соғыс кезінде асқан ерлік көрсеткен Нұркен Əбдіров, Талғат Бигельдинов сынды қазақтың батырларын жақын таныған сайын менің арманым мақсатқа ұласа бастады. Не керек, жүректің қалауымен Армавирге барып оқуға түстім. Елу жылдан бері ғарыш саласының адал қызметкерімін деп мақтана аламын. Жалпы, мен өзімнің жүріс-тұрысымды, əрекеттерімді зерттеп үйренген адаммын. Қай жерде мүлт кеттім? Нені дұрыс істедім, нені дұрыс істемедім? Байқасам, қазіргі жастар оған мəн бере бермейді. Үйде шешенің қолындағы жалғыз болған соң, өзіме есеп беруім керек болды. Балалық шағым Кеңес өкіметінің дүрілдеп тұрған шағында өтті. Сол кездің саясатымен орыс тілін ана тілімнен де артық игердім. Сыныптастарым мен достарымның барлығы өзге ұлттар болды. Студенттік жылдарым да орыстардың арасында өтті. Ана тілімдегі өте жеңіл деген сөздерді ғана білетінмін. Жоғарыда айтып кеткен намысты осы жерде де қайталағым келіп тұр. «Ғарышкерлердің арасында жазылмаған Гагариннің «заңы» – «поехалиді» бұзып: «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» – дедіңіз. Ғарыш кемесі көтері-лер сəттегі дəстүрлі сөзді ана тіліңізде айтқаныңыздың өзі неге тұрады?!» деп таспаға жазылғанды алдыға тартып мақтайтындар бар. Елбасына да қазақ тілінде: «Сапарға дайынмын!» – деп рапорт жасадым. Бір уақытта санау басталды. Ұшуға бір минут қалды. Зымыранға барып отырдым, люктардың бəрін тастай бекітіп, жауып тастады. Командир «Кеттік!» дегенде, «Ал қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!» – дедім. Дəл қазір де осы сөзді айтар едім. Талай мектеп оқушыларымен кездесулер болып жатыр. «Атаның жасына келсеңіз де ұшар ма едіңіз, дəл қазір?» деген сұрақтар қояды. Мен: «Əрқашанда дайынмын!» – деп жауап беремін. Менімен бірге күллі қазақ елі ғарышқа сапар шекті. Сапарымның сəтті болуы – халқымның тілегі мен қолдауы. Мен өзімді ғана емес, елімнің намысы мен ар-ұятын арқалап кеттім. Халқым үшін ұштым, сол үшін құрметке бөлендім. Қай жерге барсам да, «батырымыз келді» деп қарсы алады. Сол жұрттың риясыз көңіліне дəн ризамын, – дейді халықтың батыр ұлы.

ШОПЫР БОЛСАҢ ДА…

Тоқтар аға сұхбаттарында ұшқыш болуға анасының келісімін ала алмағанын айтады.  «Сен жалғызсың, ұшқыштар училищесіне жібере алмаймын», – деп көнбепті. Біраз уақыттан кейін: «Балам, мен сенің қанатыңды қимаймын. Арманыңа жет!» – деп жылап отырып, ақ батасын берген көрінеді. Дəл осы сəтті мектептің 10-11-сынып оқушылары көрініс етіп қойды. Болашақ актерлердің өнері  батырдың жүрегіне жетсе керек, отырғандардың дені Тоқтар ағаның жанарына келіп қалған жасты байқап қалды. Сəл күрсіністен кейін ата-аналар қойған бала тəрбиесіне қатысты сұраққа да жауап берді.

– Екі ұлым да Ресей жерінде дүниеге келді. Алғашында оларды қазақша тəрбиелеу қиынға соқты. Себебі өзім де орысша ойлайтынмын. Танымал бола бастағанда тілден қатты қиналдым. Үлкен аға-əпкелерімнен қазақ тілін білмегенім үшін сын естідім. Намысқа тырысып, дереу ана тілімді үйренуді қолға алдым. Қазір қазақ тілін менен тəуір сөйлейтін адам жоқ (күліп). Қазақстанға келгенде, бəрі мені ерекше ықыласпен қарсы алды. Алақандарына салып аялады. Бірақ мен қазақ болып, орысша сөйлегеніме қатты ұялдым. Кеу демді намыс кернеді. Қазақша үйренуге кірістім. Қазақ радиосын тыңдап, қазақ газеттерін көп оқыдым. Білмейтін сөздерімнің əуелі орысшасын ұялмай сұрап алатынмын. Қиындығына мойымай үйреніп алдым. Екі балам да қазақ тілін жақсы түсінеді. Оларды қанаттандырып өсірдім. Екінші ұлыма көңілім толмаған кездер болды. Əкесін жүре тыңдап, тентектеу болды. Жасаған тірліктеріне, бұзықтығына «қарным ашып», ашуланған сəттерім көп болды. Бірақ ұрып-соққан емеспін. Санасына жеткізіп, миына құйып айтамын. Ерте кезде ұлы бұзақылық жасаса, əкесі арқасынан осып жіберген ғой, сол секілді мен сөзіммен балаларымды тəртіпке салып отырамын. Біз өмір сүретін ғасыр – технология мен техниканың заманы. Осы екеуін өмір бойы игерсең де аздық етпейді. Ағылшын тілінің «құлағында ойнайтын» балаларымды көргенде бөркімді аспанға атып қуанамын. Ағылшын тілі – ғасырдың тілі. Сондықтан балаларымнан білімді болуды талап етемін. Шопыр болсаң да, сол кəсіптің жілігін шағып, майын іш, – дейді ғарышкер əке.

БІРІНШІ РАЗРЯДТЫ ВОЛЕЙБОЛШЫМЫН

Жасы жетпістің екеуіне келсе де кейіпкеріміздің жүрісі ширақ, денесі мығым. Əдемі қартаюдың символы дерсіз. Төлқұжаттағы сандар ақпарат үшін ғана керек. Адамның көңілі жас болып, жүрегі тыныш болса ғана əдемі қартая алады екен. Оны Тоқтар ағаның мына сөзінен аңғардық:

– Спорт – денсаулық кепілі. Ауылдың балалары спортпен айналысады. Қаланың балалары спорт үйірмелеріне баратын шығар. Ауылда бұзау қуып, атқа мінгеннің өзі спорт. Бала күнімде боксқа қатты қызықтым. Арқаның қазағы болғаннан кейін, сегіз ай қыста коньки теуіп, аяғыңа шаңғы байлайтының анық. Осының өзі спортпен айналысқанмен бірдей. Бойымның ұзындығы волейболды жақсы ойнауыма көмегін тигізді. Бірінші разрядты волейболшымын десем, сенесіздер ме?!. Қазір үйімнің ауласында жаттығу жасаймын. Көп қимыл-қозғалыс дененің етін ұстап тұруға көмектеседі. Бокстан кеткенде қатты қиналдым. Алған жарақаттарыма қарамай, барып жүрдім. Мен бала күнімнен ұшқыш болуды армандаған адаммын. Ол үшін ең басты талап – мықты денсаулық. Сондықтан арманыма қол жеткізу үшін бокстан ерте кеттім. Ғарышкер болғысы келетін жастарға айтарым да осы, спортпен шұғылдану арқылы мақсаттарыңыз орындалады. Ауылдық жердегі спорт саласының жағдайына алаңдаймын. Мектептегі дене шынықтыру пəніне көңіл бөлу керек. Кейбір жерлерде еңбек, бейнелеу, дене шынықтыру сияқты пəндерге екінші кезектегі пəн ретінде қарайды. Бұл дұрыс емес. Əр пəн өзінің деңгейінде өтуі керек. «Ел азаматтары өздерінің туған жерлеріне спорт кешендерін тұрғызып берді» деген ақпаратты естісем, қатты қуанамын, – дейді спорт жаңалықтарын үзбей бақылап жүретін ғарышкер.

Кездесу барысында мектеп оқушылары республикалық жарыстарда топ жарып, «үздік ғылыми жұмыс» атағын иемденген ғылыми жұмыстарымен де  бөлісті. Болашақтағы қазақ елінің экологиясы, ғарышты игеру туралы  сұрақтар да Тоқтар ағаны айналып өтпеді.

– Қазақстан ғарышты игеруге қадірі жететін мемлекеттердің қатарына кіреді. Əлем, халықаралық қауымдастық бізді технологиясы дамыған ел ретінде таныды. Ешкімнің көмегінсіз ғарышты зерттей бастадық. Əуелгі зерттеу жұмысым Теміртаудың түтінінен басталды. Зерттеуімнен кейін Теміртау қаласындағы ірілі-ұсақты зауыттардың мұржаларына себеттер орнатылды. Сенсеңіздер, Теміртаудың түтіні Тынық мұхитына дейін шұбатылып жететінін білдік. Аралдың табанынан ұшқан тұз сонау Қиыр Шығыстағы мұзарттарға түсетінін анықтадық. Зерттеулердің нəтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аумағына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Қазақстан аумағында атмосфераның қалай таралатынын көрдік. Осы дүниелерді зерттегеннен кейін барып, ғарыш кеңістігіне қол салдым. Қоршаған ортаны қорғау əр шаңырақтан басталады. Табиғатты бүлдірмеу, жерді көгалдандырудың барлығы адам баласының міндеті. Болашақта еліміздің экологиясы жақсаратынына сенемін. «Жасыл энергия» деп жатырмыз, оның да жақсы жақтары бар екенін білу қажет, – деді Тоқтар аға.

Кейіпкерімізбен үзеңгілес дос болған есімі белгілі азаматтар құрметті қонақтар қатарында болды. Талғат Сүлейменов  ғарышкер туралы «Тұңғыш» деген кітап жазыпты, мектептің кітапханасына сыйлады. Қалған кітаптарды отырғандар кейіпкердің қолтаңбасымен үлестіріп алды. Жазушы-журналист Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ əдебиеті» газетіне «Батыр қазақ» деген атпен  ғарышкер туралы тұңғыш қазақ тілінде мақала жазған екен. Қонақ келсе қой сойып, иығына шапан жабатын салтымыз бар емес пе. Алайда Тоқтар аға иығындағы шапанына да, кəде-сыйына да риза болып: «Бұның бəрі маған екені белгілі. Мен алып кетсем, үйімде əйелім екеуміз ғана көреміз. Естуімше, мектептің жанынан ашылған мұражай бар екен. Сол мұражайға менің қосқан үлесім болсын. Шапанды да, естелік сыйлықтарды да халқымның көзінше сол жерге өткіземін. «Тоқтар Əубəкіровтің шапаны» деп жазып, іліп қойыңыздар! Болашақта балалар көрсін!»деп отырғандарды дəн риза қылды.

P.S: Құрмет пен қошеметті көтере алатын ел ағаларының қатары сирек. Атақ пен абыройға мастанбай, тазалықты сақтап қалу Тоқтар Əубəкіров секілді арда азаматтардың ғана қолынан келетінін айтсақ, ешкім дауласа қоймас. Суретке түсе алмаған оқушылардың көңілін қимай, теле-арнаға сұқбат беріп болғаннан кейін, залға қайтып кіріп: «Келе қойыңдар, бұл күн де тарих. Сендермен суретке түсіп алайын», – дегені көңілсіз болып қалған балалардың жүзіне бірден қуаныш үйірді.

Газеттік нұсқасын дайындаған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №18
1 мамыр 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз