Туған күн

Мұғалім Ғазизаны орнынан тұрғызып:
– Былтыр туған күніңде сен неше жасқа толдың? – деп сұрады.
– Жеті жасқа толдым, – деді Ғазиза жалма-жан.
– Ал келесі туған күніңде сен неше жасқа толасың?
– Тоғыз жасқа толамын.
– Күнделігіңді әкел. Саған «екі» деген баға қоямын, – деді мұғалім дереу ашуланып.
– Қызықсыз ба, апай, – деді Ғазиза жыламсырап. – Бүгін менің туған күнім ғой.

Бес құрлық

– Ғазиза, Жер шарының бес құрлығын аташы, – деді мұғалім.
Ғазиза:
– Бір, екі, үш, төрт, бес…

Қайсысы көбірек ұнайды?

Мұғалім Ғазизаға Крыловтың Абай аудармасындағы «Қарға мен Түлкі» деген мысалын оқытады. Мысал оқылып болған соң:
– Саған Қарға мен Түлкінің қайсысы көбірек ұнайды? – деп сұрады ол.
– Маған Қарға мен Түлкіден гөрі ірімшік көбірек ұнайды, – деп жауап берді Ғазиза.

Дайындаған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

Редакциядан: «Балалы үй – базар» дейді қазақ. Ол «базарда» небір қызықтар болады. Таңдайы тақылдап тұрған баланың айтпайтын сөзі болсайшы. Әсіресе, кішкене балалар көп нәрсені тауып айттым деп ойлайды. Рас, кейде тауып айтады да. Бірақ көп жағдайда олардың айтқаны бізді күлкіге көміп жатады. Ол – балалы үйдің бәрінде де болатын жағдай. Сондықтан жоғарыдағыдай балаларыңыз айтқан әзіл, күлдіргі, қызық әңгімелерді «Балдырғанның» мекен-жайына «Бала тілі – бал «деген атпен жолдауды ұмытпағайсыз. Сіздің кішкентайыңыздың әңгімесі басқаларға жақсы көңіл-күй сыйласын!

«Балдырған» журналы, №2
Ақпан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз