«Сникерс»

Дәулет 7 жаста. Інісі Сәулет 5-те. Бір күні аналары екеуіне екі тал «Сникерс» кәмпитін әкеп берді. Сәулет кәмпитін бірден жеп қойды. Дәулет болса өз кәмпитін «ертең сабаққа барғанда жеймін» деп, үстел үстіне қоя салды. Сәулет үйде қалып, Дәулет далаға ойнауға шығып кетті. Біраздан соң үйге кірген Дәулет кәмпитінің орнында жоқ екенін көрді.

– Менің «Сникерсімді» сен жедің бе? – деді ол Сәулетке.

– Жоқ, жеген жоқпын, – деді Сәулет күмілжи.

Кәмпитін інісі жеп қойғанын сезіп қойған Дәулет неде болса оны мойындатқысы келіп:

– Сәулет, тағы да «Сникерс» жегің келе ме? – деді қулана.

– Жегім келеді. Бірақ анам екі-ақ кәмпит әкелді ғой. Енді басқа жоқ. Оны қайдан аласың? – деді Сәулет еш саспастан.

Мәшинеңіз неге жоқ?

 

Жеті жасар Шалқар мен әкесі мектептен жаяу келе жатты. Көше толы мәшине. Бұлардың қасынан зу-зу етіп өтіп жатыр. Соларды қызықтап келе жатқан Шалқар бір кезде:

– Әке, сіздің мәшинеңіз неге жоқ? – деді.

– Мәшине алуға көп ақша керек, балам. Сен жалқау болмай жақсы оқысаң, кейін жақсы маман боласың. Көп ақша табасың. Сонан соң мәшине сатып аласың, – деді әкесі ойында ештеңе жоқ.

– Сонда сіз жалқау болып, жақсы оқымағансыз ба? – деді Шалқар әкесіне қарап.

Әкесі не дерін білмей төмен қарай берді.

Дүйсен БЕК

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз