Бес жасар Гүлім әжесі екеуі сырғанаққа барды. Ол жерден балалар тұрғызған аққаланы көрді. Аққаланың мұрны – сәбізден, көздері көмірден жасалыпты. Басына шелек киіп алыпты. Гүлім аққаланың қасына барып, біраз қызықтап қарап тұрды.

– Әже! – деді бір кезде. – Аққаланың мұрны неге қызыл?

– Ол күні бойы аязда тұрады ғой! Әбден тоңып, содан мұрны қызарып кеткен, – деді әжесі.

Сырғанақта түс ауғанша жүріп, үйге келген соң әжесі:

– Гүлімтай, барып қарашы! Анаң бізге не тамақ әзірлеп қойыпты? – деді.

Асүйге кірген Гүлім сәбіз турап жатқан анасын көрді.

Дереу әжесіне келіп:

– Әже, анам аққаланың мұрнынан тамақ жасап жатыр! – деді.

Қардың «ашуы»

Қалада тұратын Аян мен Асқар ауылдағы атасының үйіне қонаққа келді. Келген бойда екеуі далаға асықты.

– Әй, байқаңдар! Бақшадағы қарды кешпеңдер. Оның ашуы жаман. Аяқтарыңды тістеп алады, – деді атасы оларға.

Онысы – қар кешіп, аяқтары су болмасын дегені еді.

Балалар аулада асыр салып ойнады. Ойынның қызығына түсіп, бақшаға қалай кіріп кеткендерін байқамай қалды. Беті қатқан қалың қарға табандары тигені сол еді, «сықыр-сықыр» еткен дыбыс естілді.

Басқан сайын күртік қар ойылып, одан бетер сықырлай түсті.

Қорқып кеткен Аян мен Асқар үйге қарай жүгірді. Есік алдында тұрған атасы екі немересіне күлімдей қарады.

– Әй, не болды сендерге?

– Ата, ата! – деді екеуі жарыса үн қатып. – Бақшадағы қарды басып едік, ашуланып кетті.

Бағдат МӘЖИТОВ
«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз