«Құлтемір боп кетеміз»

Таңғы асқа Санжардың анасы қарақұмық ботқасын дайындады. Балалардың тəрелкесіне салып берді де:
– Асап, асап жеп алыңдар! Қарақұмық дəруменге бай. Əсіресе, темір көп. Мықты боп өсесіңдер, – деді.
Сонда кішкентай Санжар:
– Мен оны жемеймін! – деді тыжырынып.
– Неге? Анамыз пісірген тамақты ұнатпайсың ба!? – деп əпкесі сөзге араласты.
– Ұнатам ғой. Бірақ темір қосқан тамақ жесек, құлтемір боп кетеміз!? – деді Санжар аузы бұртиып.

Түсіп қалған кәмпит

Төрт жасар Əлидің анасы қонаққа дастарқан жайып, үстелдің үстіне əртүрлі тағамдар қоя бастады. Əдемі ыдысқа салынған кəмпит те келіп үстел үстінен орын алды. Осының бəрін көріп отырған Əли:
– Анашым, кəмпит жесем бола ма? – деп анасына еркелей қарады.
– Жей ғой! – деді анасы еміреніп.
Əли уыстап бірнеше кəмпитті бір-ақ алды да, сыртқа шығып кетті. Көп уақыт өтпей қайта келіп:
– Тағы да алайыншы! – деді.
– Жаңа ғана алып едің ғой! Жеп қойдың ба? Кəмпитті көп жеуге болмайды! Болды! Алмайсың! – деп анасы даусын қатайтты.
– Олар түсіп қалды, – деді Əли.
– Қайда түсіп қалды?
– Аузыма! – деп Əли тағы кəмпитке қолын соза берді.

Бекен ДАТҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз