Бала кезімде Ғабит Мүсірепов жайлы көп естуші едім. «Қыз Жібек» фильмін көргенде де, алғаш Алматыға келіп театрға барғанда да таныс есім көңіліме жақын жүретін. Бір күні қолыма «Кездеспей кеткен бір бейне» түсті де көзімнің бар нұры соған ауды. Сол күндерде Еркебұлан жайлы көп ойлаушы едім. Еркебұланның ақындық болмысы, бейнесі, жан-жанары қыз-қиялымда биіктеп, көз ілер шақ үміт пен ұмтылыстың құшағында қалдыратын.

Әрине, қалам ұстағанның бәрі қаламгер, жазғанның бәрі жазушы емес. Нағыз жазушы соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жазар. Сондықтан оның жаны да, жазуы да, мінезі де, мұңы да сұлу болады. Әлгінде сөз басын «Кездеспей кеткен бір бейнедегі» Еркебұланнан бастадық қой. Сол Еркебұлан – Ғабең әдебиетке енді бет бұра бастаған шағында Мәскеуде қамқор болып, аядай үйінде тұрғызған Сәкен Сейфуллин. Ғабеңе қалам ұстатқан Бейімбет ағасымен арасындағы ағалы-інілі достығы 1928 жылдан басталған. Бейімбет ініні сынап та, сыбап та алған. Тұңғыш «Теңіз тепкісінде» әңгімесін көрсетпек болып, Биағаның алдына үш рет келіп кері қайтқаны, әдебиетке кешеуілдеп келген Ғабиттің көңілін бір түсіріп, бір көтергені ақиқат. Ол кезде Ғабең араға он жыл салып қазақтың тұңғыш толықметражды «Амангелді» фильмінің сценарийін Биағасымен бірігіп жазамын деп ойламапты. Ал бүгін оның шығармалары дүниежүзінің 34 тіліне аударылып, бір орыс тілінің өзінде 525 туындысы мен мақаласы жарық көріп отыр.

«ҚАРА МАДОННА»

Ғабит Мүсірепов туралы жазбамызды өзі тұрған үйден бастадық. Музейге жиғанын түгендеуге емес, қол тиіп, көз сүйсінген заттарын көрмекке келгенімізді ескертіп кірдік. Үй іші жып-жинақы, көзтаныс заттарға толы. Дәліздің ортасында Ғабеңнің бильярд таяқшасы, жонған ағаштары тұр. Жазушылар одағы ғимаратының үшінші қабатында фойеде жасыл матамен тысталған бильярд үстелі пайда болып, оған бес-алты кий беріліпті. Алайда, Ғабең бұл кийлердің бірін де қолына алмаған. Ғабеңнің қорабы бар өз кийі болған. Міне, біздің алдымызда тұрған ұзын қара жолақ түсті кий сол болса керек. Ол кезде Алматыда үш-ақ жерде бильярд болса, оның екеуі ақылы да, мұндағысы тегін болыпты. Ғабеңнің бірде жеңіп, бірде жеңіліп өте сақ ойнайтын қарсыласы қаламгер Сафуан Шаймерденов болыпты. Сафуан ағаның да өз кийі болған екен.

Музей қызметкері жазушының қолөнер туындысын да көрсетті. Әдемілеп жонған кәдуілгі ағаш. Кезінде мәрттік танытып, достарына сыйға тартқан көрінеді.

Ғабең туралы естелік айтқандардың дені аңшылығын қоса айтады. Бірі таңданып жатса, бірі қисық сөйлеп, күлдіріп айтады. Аңшылыққа жаны құмар жазушы: «Көпшілігіміздің жанымыз аңшы, өзіміз аңшы емеспіз. Біздің жан-тәніміз дала баласы екенімізді ұмыттырмайды. Біздің аңшылығымыздың өзі у-шуы, иіс-қоңысы жоқ таза даланы сағынумен байланысты екені даусыз», – дейді. Қырағы қаламгердің мергендігі үш мылтықты қатар ұстағанынан-ақ көрініп тұр. Бірі – кәдімгі көне бесатар, екіншісі – жапондық мылтық, үшіншісі – монопулька. Осы үшеуінің ішінен моно-пулькасын көп қолданған екен. Дәлізді бойлай Ғабеңнің жұмыс бөлмесіне де жеттік. Бүгін, ертең келіп орнына жайғаса кетердей терезе алдында жұмыс үстелі қаз-қалпында тұр. «Оянған өлке» ашылған беті қалыпты. Үстінде Ғабеңнің көзілдірігі тұр. Рұқсат еткен соң кітапты тоқтаған жерінен кері қарай парақтап көрдім. Қолымдағы кітап «Оянған өлкенің» орыс тіліндегі нұсқасы. Қаламгер кітап бетін қайырмай, тек қарындашпен белгі салып отырыпты. Сызылған сөйлемдерге әрлі-берлі көз жүгірттім. Жазушы әлденені түзегісі келген секілді. Қарындаш сия сияқты емес, өшіргішпен өшетін, түзеуге келетін нәрсе. Алайда бір қызығы, сия уақыт өте келе ұшып кетсе, қарындаш өңін жоғалтпайды. «Оянған өлкенің» бетінде тұрған көзілдірікті ұстап көруге музей қызметкері рұқсат етпеді. Дегенмен, әйнегі өте үлкен әрі ауыр екені байқалып тұр. Көзілдіріктің мөлшерін сұрағанымызда, «бұл туралы дерек жоқ» деп қысқа қайырды. Жауапты көп өтпей Сағат Әшімбаевтың «Азаматтыққа адалдығынан» таптық. Ғабең онда: «Дәрігерлер оқуға рұқсат етпей жүр, мына әйнек те минус тоғызға жетті», – деп ақтарылыпты. Бұл жазушының жетпісті алқымдаған шағы. Көз дәрігерінің айтуынша бұл жаста қалыпты жағдай. Сөренің төбесінде тұрған қара нәсілді әйел бейнесіне назарым ауды. Ғабең мұны 1963 жылы Чикаго қаласынан алып келген екен. Сол сапарында Карл Гаев атты фототілші өзінің фотосуреттерінен көрме ұйымдастырып жатады. Қырағы жазушының көзі қара нәсілді баласын құшақтап тұрған әйелдің картинасына түсіп, сатып алады. Ғабеңе ерекше әсер берген картинаның аты – «Қара Мадонна».

«ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРУДІ ЖАПОН ХАЛҚЫНАН ҮЙРЕНУ КЕРЕК»

Ғабең көзі тірісінде жапон халқынан өмір сүруді үйрену керек дейді екен. Соның бірі – гимнастикамен айналысу. Таңертеңгісін серуенге шығар алдында бос шөлмекпен иығы мен жауырынын ысқылаудан бастайды. Денесі шып-шымыр болып жүрген. Ал екіншісі – түрегеп тұрып жазу. Жазу үстелі де осы аядай ғана бөлме ішінде. Қартая бастаған шағында қаламгер белі ауырмас үшін әрі адамның сымбатына, ойлауына оң әсерін беретіндіктен осы үстелді арнайы тапсырыспен жасатыпты. Шығармашылық адамының сүйіндіріп, сүйсіндіріп, емірентіп, егілтіп, күлдіріп, жұбатып жаза алуының негізінде оның көңіл-күйі астасып жатады ғой. Сондықтан ол жай іздейді, күй іздейді. Жазушы өз естеліктерінің бірінде айтқанындай шабыты тасқындағанда, он сағатқа дейін жұмыс үстелінен қозғалмастан жазады екен. Ол үшін қарындаштарын бір күн бұрын ұштап, дайындап, өшіретін резеңкесін даярлап қояды. Үстел үстінде қарындаштары да үшкір қалпын бұзбай, ұзынды-қысқалы күйінде сап түзеп тұр. Ғабең жаны кітапқұмар болғанмен, кітап жинауды сән көрмеген жазушы. Мыңнан аса кітапты ауыл кітапханасына табыстап кеткен. Музей туралы жазып отырып қаламгердің оймақтай ойы сөзімізге тұздық бола түскендей болды. Онда Ғабең: «Қайсыбір үйлерге бара қалсаң, көз тұнатын әсем жиһаз, қымбат бұйым, асыл тастарды тәптіштеп жинап қойған. Музей сықылды. Абайсызда бірдеңесін қағып құлатып кететіндей рабайсыз отырасың. Тіпті, сол үйлерде тұратын ел тағдырын ойлайды, үлкен істің ортан қазығы болады деп үміт күткен азаматтар бәрін жинастырып қойып, сол асыл заттарының тағдырын, сыры кетіп, сынып қалмауын күйттеумен күйбеңдеп жүріп күн өткізетін сияқты», – дейді. Бір биікті көтеру үшін, бір биікті аласартудан аулақпыз. Әйткенмен, осы үйдің қатарлас қаламгерлер музейлеріне қарағанда жұпынылау екенін есіктен ене бере аңғарғанбыз. Мұнда бәрі керек, нақпанақ заттар. Есебі артық ештеңе жоқ. Бұл үйде жанымызға медет еткен, біз күткен, аңсаған, біз іздеген жазушының еңбектері мен жанына сая заттары ғана тұрақ тапқан. Ғабең де осы үйде қуанып күлді, жадырады, жабықты, жар құшты, бала сүйді. Оқырманы күткен өшпес туындыларды ақтарыла айтып, көсіле жазды. Бұл мекен сонысымен ыстық, сонысымен құнды. Ғабең мұражайының жұпыны болатын бір себебі, заттарының көбі отбасылық кикілжіңнен талан-таражға түсіп кеткен деушілер де бар.Қалай десек те, келер жол, кетер аяқ іздеушісі бар жазушының жұмбағы ашылмай жатқанына көңіл күпті, көз куә болған жайымыз бар.

ҚҰСНИ, РАИСА ҺӘМ ҒАЗИЗА

Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апай естеліктерінің бірінде: «Ғабең сол үйдің ерке баласы сияқты. Ешуақытта әйелге есеп берген кісі емес. Келем деген уақытында келеді, кетем деген уақытында кетеді. Құсни Ғабеңнің еш ісіне араласпады, отбасына, ас-суына ғана ие», – деген екен. Құсни апамыз аспаздығымен, қонақжайлығымен, мәдениетімен ақылы дария ана, жансүйеу жар бола білген. Ғабеңнің құрдастары «Құсни ерінің шалбарына әтір сеуіп үтіктейтін» деп сүйсініпті. Құсни апамыздан кейін қаламгер талантты актриса Раиса Мұхамедияровамен бас қосады. Раиса жас әрі көрікті әйел. Талантты актрисаның айтуы бойынша, Ғабең өте талғампаз әрі кірпияз кісі болған. Тағамнан ащы қуырдақты, қазы-қартаны, балқаймақты өте жақсы көрген. Досшыл ердің қонақтары түн кірпігін ілдірмей жиі-жиі келіп тұрған. Алайда, арадағы көп түсініспеушіліктен ыстық-суықты бір көруге серттескен отбасының жылуы сегіз жылдан аспапты.

Бұл туралы Раиса Мұхамедиярова былай деп жазады.

«Менің кінәм жоқ. Ғабеңді о баста шын сүйіп, құлай берілгенімді сізге айттым. Қыздарым жас, бала-шағамды ойламайтын миғұламын ба? Оның үстіне, әлі тұғырдан тайып тұрған Ғабең жоқ. Өзі ғой бәрін бүлдіріп, ту-талақай еткен. Менің басты кінәм Ғабеңді тыңдамай, театрда жұмыс істегенім болса, оны мойындаймын. Ертелі-кеш жөн сөйлеуден қалып, нілдей бұзылмады ма? Ешқайда бірге бармаймыз, бірге жүрмейміз. Бәрін былай қойғанда, үйге әлдебір әйел келіп жүретін болды. Аты-жөні – Ғазиза Бисенова».

Ғазиза Бисенова бұл уақытта «Үгітші блокнотында» терімші еді. Ғабеңнің арабшасына кез келген терімші бара алмайтын. Ғабең  Ғазизаға жазған хаттарында сөз басын «тәтесі», сөз соңын кейде «көкесі» деп аяқтайды екен. Алайда, бұл хаттар махаббат хаттарынан гөрі қызметтік құрмет хаттарына ұқсайтын. Ғазизамен бас қосқан жылдарында жарын өзіне серік етіп, досындай сырласқанын үзеңгілестері көп айтыпты. Дегенмен, Ғабең Раисаны бір сәтте ұмытпаған. Оған қызына жазған үздіксіз хаттары дәлел болып тұр. Бірде бір отырыста Ғабең былай депті:

– Шайың үйде қайнамаса, шөлің қанбаса, шабыт іздеп шарқ ұра көрме, сол күні шығарма тудырам деп талпына көрме. Хозяйкаңның қабағы келіспеген күні қалам қаңтарулы тұрады. Бұл ежелден солай!… Сенің үйіңде қаламың қаңтарылмайтынын сезем! Қалам қаңтарылмасын, Ақын аңтарылмасын!…

Бұл Ғабеңнің Ғазизамен бірге келіп, басқа меймандардың көзінше сөйлеген тілек-тостынан үзінді. Иә, жазушының мұны жанымен сезініп айтқаны сөзсіз. Ғазиза апайымыздың Ғабеңді қалай қарағаны туралы кейбір жайттар жан ауыртады. Әйткенмен, Ғабеңді бақытсыз ғұмыр кешті деуден аулақпыз. Оның қайсы әйелі болсын үй жағдайына, қас-қабағына, жазу режиміне, жайлылығына қараған. Рас, көзкөргендер мүлдем басқаша әңгіме айтады.

«БЕЙІМБЕТ – ТОЛСТОЙ, МЕН – ГОРЬКИЙ»

Әдебиет әр қаламгерді әрқилы тағдырмен сан түрлі соқпақпен сынайды. Алдымен ұстаз, аға, дос болған Бейімбет Майлиннің Ғабит өмірінде орны ерекше. «Бейімбет –Толстой, мен – Горький»  деп бір-бірін биік көтеру тек сөздің емес, істің де міндеті. Бейімбеттің басынан бақ тайғанда: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген баяғы бозбала. Ағасы інісін қанатының астына алған күннен қорғай білді, еркелете де білді. Ғабең мінезі қатаң, шатақ болғанмен достар қалжыңына қалып, ақкөңілденіп алдана кететін сәттері де аз болмаған. Алыс ауданға іссапармен барған Бейімбет пен Ғабитті аудан басшылары ауыл сыртындағы бір үйге апарып күтіпті. Қонақасынан кейін екеуі сол үйде түнеп қалады. Түн ортасы ауғанда  есік-терезе тарсылдай бастайды. Есікті ашса, арбамен толғатқан әйелді әкеліп тұрған біреу екен. Сөйтсе бұл үй мейманхана емес, әйелдер босанатын үй екен. Бейімбет пен Ғабит әлгі әйелді босандырып алып, баланың есімін Ғабең «Биаға» деп қойыпты. 1938 жылы Бейімбет Майлин «халық жауы» боп атылып кеткенде, Ғабең оның балаларына қамқор болып қарайласып жүреді. Бейімбеттің ұлы Маулиха Майлин 1966 жылы 22 қаңтарда ағасы Ғабитке хат жазады. «Қымбатты, Ғабит ағам! Біздің папамыздың тойын жақсылап өткізгеніңізге көптен-көп рақмет. Бүкіл отбасымызбен сізге алғыс айтамыз. Мамам жиі айтып отырады. «Бейімбет әкең өлсе де, Ғабит ағаң білдірткен жоқ» деп. Бәріміз де сізге ризамыз», – дейді.

Тағы бірде былай жазады:

«Ғабит аға, Мереке көп жылады. Соны қамқорлығыңызға алып, ақылыңызды айтсаңыз. Біз семьямызбен сізді ағамыз деп білеміз. Өйткені папамның жақын жолдасы болдыңыз. Қашанда аман болыңыз, Ғабит аға».

«ЖАМАН ЖАЗБАСАҚ ЕКЕН»

«Мансапқа менің өкпем жоқ. Кәдімгідей лауазымды қызметтерде болдым. Мүшелік, депутаттық дегеннен кенде емес едім. Атақ та бар. Бірақ соның бәрі өткінші. Өткінші емес бір нәрсе – жазу. Жазушы қай күні қаламы тоқтаса, оның өлген күні сол. Одан кейін жасамаса да болады».

Ғабең өзгеге айтар ақылды ең алдымен өзі орындап, өзгеге артар жүкті өзі көтере алған жазушы. Сөз тазалығына қатаң қарап, көңілі көнши кетпейтіні де содан. Хас талант жазушылар тіліндегі қателіктерге ескертпе жасайды. Мәселен, «қайдам» емес, «қайдан білейін», «сосын» сөзінің «содан соң» екенін айғақтап, сөз этимологиясының бұрмаланбауын талап етеді. Біз айтып жүрген Солтүстік, Оңтүстік сөздері шын мәнінде Солтұстық, Оңтұстық болуы тиіс дейді. Мән беріп, мазмұнына үңіле кетсек, кілт етпе қателіктің құпиясын көреріміз хақ. Ғабең, осы қағидаларды өз шығармаларында қатаң ұстанған сөз зергері. Ол Сәбит Мұқановқа былай деп хат жазады:

«Сәбит-ау!

Біз, шалдар, жазбай отыра алмаймыз ғой. Тек бір ғана тілек айтқым келеді – жаман жазбасақ екен. Біздің жаман үлгіміз жастар үшін жақсы үлгі болып көрініп жүрсе, бізге бұдан ауыр кінә болмау керек». «Мына бір бет таза материал алу үшін екі-үш бет жазылып, өшіріліп, ақыр соңы жыртылады. Мен өзім «жазбауға болмаған жағдайда қолыңа қалам ал, сонда ғана жүректен шығады» дейтіндерді қолдаймын».

ЕРКЕБҰЛАНҒА ӘЛІ ҒАШЫҚПЫН

Жазушының қаламы қатты, жазбасы тәтті, жолы ауыр келеді. Ол жанның, жүректің арашашысы. Өзі елеусіз қалса да, өзінен шыққаны еленбей қоймайтын биіктік. Оның әрбір әрпі жаныңды жұбатар, санаңды оятар құдіретке ие. Әрине, Ғабит Мүсіреповтің туындыларын тізбелей беруге болар, бірақ «теңізді тамшысынан» деген тәмсіл бар. Балауса шағымда сырлас болған, сәби көзімде оқылған қып-қысқа қиын тағдырлы «Кездеспей кеткен бір бейне» туындысының өзі Ғабеңнің жан айнасы секілді көрінді маған. Мен сондағы Еркебұланға әлі де ғашықпын. Кітаптың жасын жүрегіме мөлт еткізген сол бір батыл да жаны аяулы жазушыға мәңгі ғашықпын. «Мәңгі» деген сөзді осы уақытқа дейін ешкімге айтып көрмеппін. Жылдар сандарын өзгертсе де санаңды өзгерте алмайтын, көңіліңде мекендеп, ешқашан кірлемес бір бейнелер болады екен. Сол «кездеспей кеткен бір бейнем» – бүгін оның өзі. Ол қазақтың – Ғабиті, ол – менің Мүсіреповім. Сіз де оны оқыңыз. Ғашық болыңыз. Ол жаныңызды күйретпейді, сүйрейді. Өйткені, оның өзінен бұрын жүрегі, болмысы, бейнесі – Қазақ.

 

Сәуле НЫСАНБЕК

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018

2 ПІКІРЛЕР

  1. Менин Габеңе бір жерім ұқсапты. Оқыған кітаптарымның бетін қайырмаймын. Көзім -3 шал болғанша 9 жетеді. Енді әйел алу қалды.

  2. Бұл кітапты қалай тапсақ болады? Мен де оқығым келіп кетті. Басы мен аяғын қайта-қайта оқыдым мына мақаланың

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз