Біздің жасөспірім шағымызда күнделік жазу – қылмыс істегенмен тең көрінетін. Көкейіңдегі мазасыз ойды қағазға түсірген күні жан-жағыңа алақтап, ешкім оқып қоймаса екен деп, өз-өзіңнен қорынып жүретінсің. Егерде ғайыптан тайып күнделігің сыныптастардың қолына түсіп қалса, нағыз клоун боласың. Бәрі сені көрсе қолын шошайтып, мазақтайды. Күнделіктегі сенің сөздеріңді айтып, «түріңе қарамайсың ба?» деп келеке қылады. Егер күнделігің анаңның қолына түссе таяқ жейсің, мұғалімің оқып қойса жиналысқа салады. Бұл ішкі мені қалыптаспаған, санасы енді жетіліп келе жатқан жас жеткіншек үшін ауыр соққы екенін не ата-ана, не мұғалім түсінбейді. Иә, күнделік жазуды бұзылғандық деп есептейтін кезең болды. Тіпті күнделік жазғаны үшін құрбымызды анасы шашынан сүйреп, төмпештегенін де көрдік.

Ал қазір ше? Сана жетілді, көзқарас қалыптасты, ойлау жүйесінің аясы кеңейе түсті. Бірақ баласының күнделік жазғанына қырын қарайтындар әлі де көп. «Күнделік жазғанша сабағыңды оқымайсың ба?» деп қайтарып тастайды бірден. «Күнделік жазбай-ақ адам болдық қой» дерсіз. Алайда күнделік жазған адамның сіздікінен жақсы әдеттері, дағдылары болатынын білесіз бе?

Ол қандай дағды? Тізбелеп көрейік:

Эмоциясын игеруге көмектеседі. Яғни оны мазалаған ойлар қағаз бетіне түскен соң, айтарлықтай жанды ауыртатын дүние емес екені белгілі болып қалады. Ал күнделікке жазған ойлары мен сезімдерін қайталап оқып шықса, әрекеттерінің қисы-нын, яғни логикасын түсінеді.

Өзіне деген сенімі оянады. Жасөспірімдер ылғи өз-өзін іздеп жүреді. Әрқашан өзін құрбысымен салыстырады. Ал күнделік бала-ның тұлға ретінде дамуына үлкен септігін тигізеді.

Күнделік жазатын адамның жазу машығы қалыптасады. Ол ойын қысылмай, ашық, қатесіз жаза алатын болады. «Эссе жазып берші» деп ешкімге жалынбайды. Тіпті өзіндік стилі қалыптасып, болашақта дара тұлға болып кетуі де ғажап емес.

Күнделік жазу қылмыс емес, біреудің күнделігін ашып оқыған қылмыс десек, артық айтпаған болар едік. «ХХІ ғасыр – психология ғасыры» деп бекер айтылмаса керек. Қолбасшы болу да, жолбасшы болу да, тіпті жақсы ата-ана болу да психологиялық сауаттылықты қажет етеді. Егер өтпелі кезеңде жүрген балаңызбен тіл табыса алмай жүрсеңіз, оған күнделік сыйлап көріңіз.

Б.МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз