Әкесі бүгінгі айтулы ақын, ал анасы қазақы тәрбие алған отбасыны білемін. Тұрмыс-тірлігі де, сауаты да қазақи отбасының баласы қазақшаны да шатып-бұтып сөйлейді, тілі орысша шығады деп ешқайсымыз ойламадық. Оның себебін таппай олардың өздері біраз әуре болды. Тағы бір жақсы журналист ағамыз бар. Оның да отбасында ағылшынша тұрмақ, орысша сөйлейтін ешкім жоқ. Бір күні балаларымен мегапаркке барады. Барса, кішкентай ұлы қайта-қайта «айскрим» деп жылайды дейді. Ағамыз бен жеңгеміз оның не сұрап тұрғанын білмей, ақырында «қане, көрсетші» дейді. Баласы қолдарынан сүйрелеп, балмұздақ сататын дүкеннің алдына апарған екен. Сөйтсе, ұлы «icecream», қазақшаласақ «балмұздақ» деп тұр екен. Ата-анасы үйде бір ауыз өзге тілде сөйлемесе, бала ол сөздерді қайдан үйреніп алған? Үйреніп алып қана қоймай, онысын күнделікті қолданып жүр қазақшаның орнына. Ал жабылып кеп себебін іздейді. Сөйтсе, бәріне кінәлі Youtube каналдары болып шықты.

Мамырда Алматы қаласында «Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы InternetCA-2018» атты тоғызыншы орталықазиялық интернет форумы өтті. Форумның биылғы тақырыбы – «БАҚ, мемлекет, қоғам: цифрлық қауіпсіздік пен медиа сауаттылық». Интернет форумда El.kz сайтының бас редакторы Бэлла Орынбеттің көтерген пробелмасы көңілімізге қонды. Тақырыбын «Әлеуметтік желідегі қазақстандық 16 аудитория» деп алғанымен, мектеп жасындағы оқушылардың жиі қарайтын Youtube каналдарына көбірек тоқталыпты.

Жастар көп отыратын Вконтакте желісіндегі контент Youtube-тан алынады. Қазіргі аудитория мәтін оқығаннан гөрі  видео қарағанды ұнатады. Астанада біреуді ренжіту, көңіл-күйін түсіру немесе намысына тию үшін технологияларды, әлеуметтік желіні пайдаланатын кибербуллинг саласы бойынша сауалнама жүргізіп жатырмыз. Соның ішінде «Егер кибербуллинг бола қалған жағдайда бірінші кімге хабарласасыз?» деген сауал бар. Ата-анам, психолог, досым, ешкімге, тағы да басқа жауаптар тізбесін көрсеткенбіз. Жауап беруші жастардың көп пайызы «ешкімге» нұсқасын таңдапты. «Ата-анама» дегендер бес пайыз ғана. «Досыма» нұсқасын таңдағандар 20 пайызға жетеді. Неге олай жауап берді екен деп ойлап, сауаланаманы өзімнің балама бердім. Ол да осы сұраққа «досыма» деп жауап беріпті. Оған: «Менің кибербуллингті зерттейтінімді білесің ғой. Балалардың алдында лекция да оқып жүрмін. Неге досыңа айтасың?» дедім. Сөйтсем, балам:«Бізге кәсіби білімнің керегі жоқ. Бізді тек түсіну қажет»,– деді. Сол себепті біздің балалар не көреді екен деп осы тақырыпты екі айдай зерттедім. Ол үшін балаларға арнап арнайы сауалнама жасап, мектептерге жібердік. Тек Астана қаласының оқушылары ғана қатысқандықтан, Қазақстан бойынша толық картинаны бере алмайтынын айтып өткен жөн. Шамамен, 400-500 бала қатысты. Алдымен Youtube-тағы біздің балалар көп көретін үздік бес каналға тоқталайын. Қазақстандағы 13-16 жастағы жасөспірімдер үшін Иван Рудскойдың EeOneGuy каналынан артығы жоқ. Бестіктің көшін бастап тұрған да осы канал. Иванға жазылушылардың саны қазір 13 миллионнан асып барады. Жасы 21-де. Бар болғаны өзінің күнделікті қайда барғанын, не істегенін, не ұғынып, не үйренгенін айтып отырады.

Қаралымы 218 мыңнан 25 миллионға дейін жетеді. Оның видеолары 3-10 минут арасында. Монтаж  бен видео-анимацияны өте жақсы меңгерген. Көрерменді де тартатыны монтаждың кәсібилігі сияқты. Бірақ Иван соңғы бір жылда видео салмай кетіпті. Сондықтан қолданушылары ескі видеоларды қанағат тұтып, ашынғанда арасында «видео сал!» деген пікір қалдырып жүр. Иванның танымалдылығы сонша, видео салмай кеткеннен кейін ол туралы фейк ақпарат көбейген.

– PewDiePie каналы екінші орында тұр. Оған жазылушылар саны 63 миллионнан асып жығылады. Каналды көргенде, шынымды айтсам түкке түсінбедім. Жүргізіп отырған жігіт әркімнің дауысын салады, анау-мынау жеңіл нәрселерді айтып отырады. Өзгелер видео-анимацияны пайдаланатын болса, PewDiePie-да оның бірі жоқ. Бірақ балалар осыны көреді. Контент ағылшын тілінде, айтпақшы. Максим Голополосовтың «+100500» деген каналы жалпы Интернеттегі қызықты контенттердің жақсы-жамандығын ажыратып көрсетіп отырады. Яғни балалар ең «хайп» деген тақырыптарды осы каналдан көріп жүр.

«+100500» каналы AdamThomasMoran деп те аталады. Қазір 9,2 миллион жазылушысы бар.

– Біздің балалар көретін Юрий Маштаковтың Frost каналы түрлі ойындарды қалай ойнау керек, қалай жеңу керегін үйретеді. Сонан соң «Әлемдегі шағын қалалар» сияқты тақырыпта қызықты фактілерді айтып отырады. Он миллионнан аса жазылушысы бар Юрий Янивтің Slivikishow каналы алғашқы бестікті аяқтайды. Ол Интернеттегі, телевизиядағы ең мықты роликтерге, әншілерге, фильмдергі бағасын беріп, өзінің контентін ұсынып отыр.

Сонымен қатар Slivikishow түрлі заттарға байланысты лайфхак ұсынады екен. Мәселен, «Музыкаға арналған 10 лайфхак», «Маркерді қолданып жасалатын 20 ғажайып лайфхак» деген тақырыптағы видеолары 340 мыңнан 7 миллионға дейін қаралым жинаған. Иә, лайфхактар өте өтімді тақырып.

Осымен Youtube-тағы бестікті бітірдік. Енді Қазнеттегі бестікке келейік. Қарағандылық Антон Бурняков есімді жігіттің Saspens каналы Қазақстанда жасөспірімдердің жиі қарайтын каналы. Антон танымдық контент ұсынады.

– Қазнетте екінші орында тұрған «Аминка Витаминка» каналы. Негізгі контентті 7 және 5 жастағы екі қыз жүргізеді. Кішкентай тағы бір сіңлілері бар. Олар ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынасты көрсететін үлкен кісілерге арналған контент ұсынып отыр. Оның жастарға неге қызық екенін түсінбедім.

Аминка Витаминканы Инстаграм қолданатын барлық бала таниды. Олардың орысша контентті жиі тамашалайтын себебі, каналды жүргізетін Әмина мен Адияға ұқсағысы келгеннен сияқты. Іні-қарындастарым соларға еліктеп өздерінше вайн түсіріп жүреді. WhatsApp арқылы туыстарға жіберіп те жүр.

– Эдуард Кравченконың Our Vidos Tv каналы отандық және әлемдік телевизиядағы шоуларды ұсынады. Ұсынып қана қоймай, көрген шоуына өзі шоу жасап отырады. Илиар Азимовтың SKELETIKJ каналы өте қызықты. Олар салыстырмалы түрде сапалы видео жасайды. Анимациялық құралдарды, мультипликаторлық кадрларды көп қолданады. Күні бойы басынан кешкенін видеоға түсіріп, каналына салып отырады. Илиардың 457 мыңнан аса жазылушысы бар. Семейлік Ақылжан Алдрахимовтың Aklzhan 777 каналы компьютерлік ойындарды қалай ойнау керек, қандай ойындар бар, соның бәрімен таныстырып отырады. Жасөспірімдер жиі қарайтын қазақтілді жалғыз канал, ол – Алмаз Уәлиевтің каналы. Ол «Блогер болу оңай емес», «Қандай камера алсам болады?!» деген тақырыптарда сұрақтарға жауап беретін видео түсіреді.

YouTube-тағы қазақстандық нарық бос тұр

Қарап отырсақ, қазақстандық влогерлердің жазылушылары да, видеоларының қаралымы да ресейліктермен салыстырғанда өте аз. Шетелдіктер үшін ең төменгі қаралым 1-2 миллион болса, біздікілерге ол үлкен қаралым саналады. Оның себебін Бэлла ханым влогерлдердің маркетингтік сараптама жүргізбейтінінде дейді. Яғни олар контентінің нақты аудиториясын білмейді. Жас ерекшелікке бөлмей ұсына береді. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Youtube жас балаларға арналған контенттерді бұғаттай бастады. Балалар көретін видеоларда ешқандай зорлық-зомбылық көрінісі болмау керек. Көбіне авторлық құқықтар қорғалмайды. Мысалы кино туралы контент ұсынатын влогерлер «контентім жоқ боп кетті» дейді. Олар авторлық құқық туралы білмейді де, кинодан үзінділерді автордың рұқсатынсыз ала береді. Қазақастандық каналдарда танымдық контент өте аз. Тағы бір пробелма – тұрақсыздық. Бір канал жүргізе бастаса, бірнешеуін салғаннан соң тастап кетеді. Youtube-тағы қазақстандық нарық бос тұр. Балалардың тілінде сөйлейтін қазақстандық канал жоқ. Шетелде балаларға арналған каналды балалардың өздері жүргізіп жатады. Әдетте, «ойыншықты қалай құрастыру керек, мына ойынды қалай ойнайды?» тақырыптары айналасында. Балаға сол қызық. Біз мораль оқып, үйретуге көп көңіл бөліп кеткенбіз. Олар жеңілірек нәрсені ұнатады. Мысалы, Вконтактідегі ең жиі оқитыны «Смех и приколы» деген группа.

Бэлла апайдан «ал балаңыздың не көретінін, қандай каналдарға жазылғанын білесіз бе?» деп сұрадық.

Балам 16 жасқа толмаған. Фейсбукке өзі тіркелді. Мен оған, ол маған достық ұсынбадық. Оның себебі «өзі көріп, өзі үйренсін» дедім. Тек негізгі ережелерді түсіндірдім. Бұл желіде не істеуге тыйым салынған, егер бейтаныс адам мессенжеріңе хабарлама қалдырса не істеу керек деген сияқты жайттарды айтып бердім. Фейсбукке тек 16 жастан бастап тіркелуге болатындықтан, оның заңды бұзғанын да айттым. Ол жасқа толмаса gmail поштасын да аша алмайды. Өйткені тіркелер кезде «Он алты жасқа толғансыз ба?» деген терезе ашылады. Сондықтан Youtube-ке тіркелу үшін, лүпіл басу үшін олар менің поштамды қолданады. Олардың қандай каналға жазылғанын, іздеуге не жазғанының бәрін көріп отыра аламын. Балаларға арналған Kiddle деген іздеу жүйесі бар. Оған не сөз жазсаңыз да сүзгіден өтілген ақпаратты ұсынады. Балалардың не қарайтынын қадағалап жүргейсіздер және оларға қауіпсіз контент тауып беріңіздер.

Жазып алған Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз